17 Наурыз, 2019

Мерейтой төл театрдан басталды

1014 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сахна саңлағы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейлі жасын тойлау соғыстың соңын ала беріп, өзі дүниеден өткенге дейін жарты ғасырдан астам уақыт табан аудармай еңбек еткен төл ұжымы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан бастау алды.

Мерейтой төл театрдан басталды

Салтанатты кешке жиналған қауымды театрдың барлық залдары мен дәлізіне қойылған Әмина Өмірзақованың шығармашылық жолы мен ғибратты ғұмырынан сыр шертетін қызықты көрме күтіп тұрды. Жетпіс жылға жуық сахналық ғұмырында 150-ге тарта спектакльде ойнап, 40-тан астам көркемфильмге түсіп, көрнекті театр және кино әртісіне айналған дара дарын иесінің мерейтойына арналған жиынды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. «Сонау соғыстан кейінгі қиын жылдары Әмина Өмірзақованың сомдаған образдары қазақ анасының болмысы мен мінезін көрсетіп қана қойған жоқ, оның шеберлікпен жасаған кесек бейнелері жалпы өнердегі ең бір шырқау шыңына жеткен озық образдар екенін біз бүгін мақтанышпен айтамыз. Әмина апамыздың «Ана туралы аңыз» фильмінде жасаған Ана образы Бүкілодақтық кинофестивальде «Ең үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алды. Әмина апамыздың осы жеңісін талай жылдар өткен соң өнерде өкшесін басқан сіңлісі Самал Еслямова қайталап, игі сабақтастықты жалғастырып отыр. Өмір бойы осы ұжымда еңбек етіп, туған театрымен бірге биіктеген актрисаның ғасырлық тойы өз  қарашаңырағынан басталып отырғанына біз де қуанышымызды білдіреміз. Мерейтой бұдан былай барлық өңірлерде жалғасын тауып, ЮНЕСКО қолдау білдірген ауқымды шараның қорытынды шарасы жыл соңына қарай Астанада түйінделеді», деді министр А.Мұхамедиұлы.

КСРО халық әртісі,  Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов өнерде қатар жүріп қызмет атқарып, фильмдерге бірге түсіп, фестивальдерде сапарлас болған Әмина Өмірзақова туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. «Әмина апам сахнаға шыға келгенде, халық дүр етіп көтеріліп, ду қол шапалақтайтын. Ол шын мәніндегі халықтың актрисасы болды. Комедиядан бастап трагедиялық образдарға дейін кең масштабтағы рөлдерді сомдаған диапозоны үлкен актриса еді. Осындай адамдар өмірден өткенде өкінесің, іздейсің, сағынасың. Бірақ Әмина апам мәңгі ортамызда. Оның дәлелі – бүгінгі кеш», деп көз көрген үзеңгілес әріптесі А.Әшімов қимастықпен есіне алды. «Әмина апаға деген құрмет – бүкіл анаға жасалған құрмет» дейді театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.  

Актрисаның туған жерінің сәлемін ала келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ел мақтанышына айналған аңыз ананың өнердегі даралығын Абай ауданының қасиетті топырағымен байланыстырып, жалпы қауымды сүйікті әртісінің мерейлі мерекесімен құттықтады.

«Ана туралы аңыз» атты салтанатты кештің мазмұнды өтуіне атсалысқан Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірінің, «Алатау» дәстүрлі өнер  театрының әртістерін, әншілер Сәкен Майғазиевтің, Ұшқын Жамалбектің, театрдағы жас таланттардың өнерін көрермен ықыласпен қабылдады. Қазақ кинематографиясы мен ұлттық театр өнеріндегі бірегей есімдердің бірі Әмина Өмірзақованың шуағы төгілген шырайлы бейнесін ел-жұрты сағынып-ақ қалған екен. Экран алыбы, сахна сайыпқыраны туралы түсірілген деректі фильмнен кеш қонақтары өздері үшін мол мәліметке қанықты. «Ана туралы аңыз» фильмінде актриса костюм суретшісінің дайындап тіккізген арнаулы киімін киюден бас тартып, фильм түсірілген ауылдағы мақта теріп, шөп шауып, диірмен тартқан қарапайым әйелдердің киімін сұрап алып киген көрінеді. Фильмдегі Ана бейнесінің жүрекке жететіндей шынайы болып шығуының бір себебі актрисаның ізденуден талмаған қасиетінде жатса керек. Әмина апайдың есімін алты Алашқа әйгілеп, ел есінде жатталған жарқын бейнелері таңбаланған фильмдердің үзінділері экраннан өткен сайын сол сағынышын қол соғып сездіріп отырды. Бірнеше буын алмасса да, өміршеңдігін сақтап қалған бұл фильмдер күні бүгінге дейін көрерменге ұсынылып келеді. Ол жасаған бүкіл образдар тізбесі – Аналар бейнесінің ұлттық сипаты мен мінезін айқындап тұрғандай.

Ұлттық театр өнерінің алғашқы қарлығаштарының қатарында саналатын актриса замандастарына – ерік пен жігердің үлгісін көрсетсе, ізбасарларына – талант пен талғамды танытты, кейінгі толқынға – парасат пен пайым, өнерге адалдық дәнін себе білді. Сол еңбегі арқылы ол өз заманында-ақ халықтың қалаулысына, ел ардағына айналды. «Ат адамның жолын ашады», балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады деген қазақы пайымға сүйенсек,  Әмина ардақты пайғамбарымыздың анасы болса, Әмина Өмірзақова қазақ киносының анасына айналды. Ал бұл есімнің күллі қазақ өнері көгінен самғап ұшып, ЮНЕСКО кеңістігінде қалықтауы – өнерді өмірім деп танып, артында өшпес із қалдырған тұлғаның есімін ұрпақ алдында дәріптеп, кеңінен насихаттау тұрғысындағы мүдделі істердің қатарындағы игілікті шара. Ұлт руханиятының көшбасшылар рухына тағзым ету мен қаһармандар есімдерін мақтан тұту мақсатында, «Ұлы даланың ұлы есімдерін» таныту үлгісіндегі өзекті елдік бастамалардың бір парасы, міне, осы – есімі ел жүрегінде жатталған аңыз актрисаның жарқын бейнесі уақытпен бірге биіктей бермек.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ