Жуырда жел генераторының жұмысын көру мақсатында Галицкое ауылына бардық.
Бұл жобаға А.Касицын жылдар бойы дайындалыпты. Нәтижесінде, серіктестік жел генераторларын іске қосып, 10 жыл бойы шаруашылыққа қарасты суармалы алқаптарды суарып та келеді. Бұл шығынды азайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік берді. Баламалы қуат көздерінің тиімділігіне фермер осылай көз жеткізді.
Енді міне, жел генераторларының көмегімен электр қуатын өздері өндіре бастады. Қуаты әрқайсысында 1 МВТ болатын 2 жел генераторы орнатылған. Іске қосылған бір жел генераторының орташа тәуліктік энергиясы 9000 кВт құрайды.
– Біздің арманымызға қарай «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Қазір жобалардың бірін жүзеге асыруға кірістік. Инвестицияның көлемі – 390 миллион теңге. Өз күшімізбен Германиядан қондырғылар сатып алдық, – дейді А. Касицын.
Жалпы, «Галицкое» ЖШС 1998 жылы құрылған. Серіктестік еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына үлкен үлес қосуда. Бүгінде серіктестікте 400-ден астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Қазір мұнда 1000 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Былтыр 500 басқа арналған нысан қолданысқа берілсе, биыл тағы 500 басқа арналған ферманың құрылысы аяқталады. Күніне 600 сиырды сауып, 20 тонна сүт тапсырады. Серіктестік өз қаржысына құрылыс пен монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Тек құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 300 миллион теңге несие алып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы субсидиялады.
Серіктестік аумағында 3500 гектар бар, алқаптарында егіс, күздік егіс, басқа да дақылдар өсіріледі. Сонымен қатар «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында атқарып отырған игілікті істері де аз емес. Галицкое ауылында екі тұрғын үйді пайдалануға берді.
Алдағы уақытта А.Касицын тағы 16 үй салып, екінші деңгейлі банк арқылы тұрғындарға сату туралы жоспары бар екенін айтады. Бұл үшін мемлекет тарапынан құрылысшы компанияларға жеңілдіктер қарастырылып, 4 пайыздық мөлшерлемемен несие берілсе деген тілегі бар.
Кәсіпкер электр қуатынан үнемделген қаржыны шаруашылықты ұлғайтуға жұмсамақ. Қазір заманауи сүт сауатын кешеннің құрылысы аяқталып қалды. Арнайы ашылған зауыт мал азығын дайындайды. Серіктестік түгелдей неміс технологиясымен жұмыс істейді.
Мысалы, өзіміз көргендей 500 сиырды саууға 2 сауыншы жеткілікті. Өйткені жұмыстың барлығы автоматтандырылған.
– Біз күн сайын қалаға 15-18 тонна сүт жөнелтеміз. Алдағы уақытта «Карусель» сауу қондырғысымен тағы 1 мың басқа арналған тауарлы сүт фермасын салсақ деген жоспарымыз бар. Бұл мал санын 6 мыңға жеткізуге мүмкіндік береді. Оның 2 мыңы сауын сиыр болмақ, – дейді ол.
Ал жаңадан салынатын ферма толықтай баламалы қуат көздерімен жұмыс істейтін болады. Міне, біз ауыл шетіндегі алып жел генераторларының бірінің түбінде тұрмыз. Үздіксіз жел ағынын сезесіз. Айнала ақ қар, таза ауа. Ғарышқа ұшатын зымыран сияқты, түсі ақшыл, биік, ең жоғары басында айналма қанаттары тоқтаусыз айналып тұр. Серіктестік басшысының орынбасары Сергей Саламацкий алып құрылғының есігін ашып, алдымен баспалдақ арқылы өзі, сонан соң бізді ішке түсірді. Қондырғы іші кәдімгідей дөңгелек. Осы жерде жел қозғалтқыштың, электр тогы генераторының жұмысын басқаратын автоматты құрылғы орнатылған. Ал мұнараның биіктігі 75 метр болса, роторының диаметрі 93 метрді құрайды.
Желсіз күндері жұмыс істеуі үшін резервтік жылулық қозғалтқыштан, аккумулятор батареяларымен толықтырылады.
– Біздің серіктестік «Жасыл энергияны» пайдалану бойынша жел энергиясын қолдануды жүзеге асыруда. Бұл үшін жан-жақты зерттеу жүргізілді. Алдымен мамандар жел генераторы орнатылатын орын дайындады. Желден қуат көзін алуға мүмкіндік беретін қондырғылар орнатылды. Электр қуатын таратушы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілді. Тұтынушыға қуат көзін жеткізу үшін әрине, тағы да қосымша қондырғылар орнату қажет. Өйткені баламалы қуат көздерін пайдаланудың тиімділігіне көз жеткіздік. Шаруашылық пен ауылды қосқандағы қажеттілік 1,2 МВт, қалған 800 МВатт кәсіпкерлік аясын кеңейтуге қажет, – дейді С.Саламацкий.
Биік турбинаның іргетасына 22 тонна арматура тартылып, бетон құйылыпты. Айналмалы қанаттарды тексеріп қарап тұратын мамандардың киімдері де ғарышкерлердікі сияқты екен. Бәріміз құрылғының ішінен далаға шыққанда жел де күшейді, ғарыштан ұшып келіп капсуладан шыққан ғарышкерлердей әсер алдық.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы, Успен ауданы