Білім • 18 Наурыз, 2019

Келешек кәсіп иесі мектепте қалыптасады

2020 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетіге жеткенше жерден таяқ жеп, ойыннан басқаны ойламайтын сәбиден оң мен солын таныған жалынды жасты жетілдіріп шығаратын мектеп – тәрбиенің тал бесігі екені даусыз. Мектептің мінсіз білімі, тұнық тәрбиесімен сусындаған жеткіншектер ғана болашақтың иесі саналатын саналы жасқа айналып, дүниедегі өз кетігін тауып, кірпіштей қаланады.

Келешек кәсіп иесі мектепте қалыптасады

Алматы облысының шалғай ауда­нын­­­да­ғы мектептермен тығыз жұмыс іс­теп келе жатқанымызға он шақты жыл­дың жүзі болды. Жақсы оқитын оқушы­ларға қалта­­мыздан немесе ауыл жігіт­терін ұйым­дас­­тырып шәкіртақы бере­міз. Ұлағатты ұр­пақ тәрбиелеу жобасы осы уақытқа дейін Алматы облысын­да 900-ге жуық оқушы­ға шәкіртақы ұсы­нып­ты. Ойымыз – оқушы­лар­дың білімге деген ынтасын одан әрі ұш­тай түсу ғой.

Жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Алайда барлығы ЖОО-ға түсіп, мамандық ала алмайды. Тіпті мамандық алғандардың өзінің бірден жұмысқа қабылдануы екіталай. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында елімізде мектеп бітірушілердің саны 147 мыңнан асқан. Ал жоғары білімі бар мамандар даярлауға 53 594 білім гранты бөлінген. Демек, былтыр мектеп бітірген жастардың кем дегенде тең жартысы ЖОО-ға түсе алған жоқ. Ендеше университетке түсе алмаған осы жастар қазір немен айналысып жүр? Өз тәжірибемізге сүйенсек, ауылдардағы әр мектептен мықтағанда 25-30 пайыз ғана оқушы жоғары оқу орны немесе колледж­дерге түседі екен. Ал қалғаны болашағын басқа бағыттан іздейді.

Сондағы тапқан жолы – қалаға барып қара жұмыс істеу. Ауылда қалып ауыл шаруашылығымен айналысуды қаламайды. Тіпті оған көбінің қыры да жоқ. Бәрі қала жағалап кетеді. Істейтіні күзетші, таксист, құрлысшы сынды жұмыстар. Жастардың тағы бір тобы екі қолға бір күрек таппай, қылмыс жолына түсіп кетіп жатыр. Осының бәрі мектепте дұрыс білім алмағаннан және мектептің оларды өмірге дұрыс бейімдей алмауынан.

Мектепте білім алып жатқан оқу­шы­­­ның бәрі ЖОО-ға түсіп, ақ жаға­лы қыз­меткер болмайтынын біле­міз. Біле тұра осы бағытта жұмыс істе­мей қол қусы­рып қарап отырмыз. Мәсе­лен, мектеп бағ­дар­ламасында бар еңбек кабинет­тері жұ­мыс істемей тұр. Егер еңбек кабинеттері то­лық жабдық­талып, жұмыс істесе әр оқушы өзі­не керек бір саланы біліп шығар еді.

Біздің елде «Жұмыссыздарға арнал­ған қайта даярлау курстары» бар. Онда шаш­тараз, аспаздық, электр маманы, дәне­кер­леу­ші, құбыр монтаждау­шы және ұста маман­дықтарын тегін үйретіп жатады. Тегін үйретіп қана қоймай, үйренушілерге мемлекет стипендия төлейді. Егер осы жұмыс­тарды мектеп кезінен қолға алғанда атал­ған жұмыссыздар да болмас еді. Бір өкі­ніштісі, біз үнемі себеппен емес, салдармен күресеміз. 

Осы жағдайды қорытындылай келе Білім және ғылым министрлігі тез арада мына шараларды қолға алуы керек деп есеп­­­­­тейміз.

Бірінші, еліміздегі мектептердің еңбек кабинеттері тез арада жаб­дық­тал­уы керек. Нәти­же­сінде ұлдар жағы жоқ дегенде жиһаз жасап сата алады, мықтылары болашақ инже­нерлер және конструкторлар болып шы­ғады.

Қыздардың еңбек кабинеттері тігін­ші­лік пен тамақ жасауды үйрететін асхана каби­не­ті болып жабдықталуы тиіс. Болашақ дизайн­ерлер мен тігіншілер мектеп қабыр­ға­сынан-ақ қалыптаса бастауы тиіс. 

Екінші, ауылдық жерлердегі мектеп­тер­де агротехника пәні өз дәре­же­сін­­де жүр­гі­­зіліп, оқу тәжірибелік ала­ңы түгелдей жаңар­­тылса, мектеп қа­быр­ға­сы­нан-ақ бола­шақ шаруа қожа­лы­ғының иелерін дайын­дау­­ға болады.

Үшінші, барлық мектепте «Робот­тех­ника және жаңа технология» сыныбы ашыл­уы тиіс. Жапо­ния сияқты жаңа технологиямен-ақ әлемді мойындатуға болады. Оған біздің оқушы­лар­дың қабілеті мен қарымы еркін жетеді. 

Мектепте осы үш бағыт қарқынды түрде жүргі­зілсе, еліміздегі жұмыс­сыз­­дық пен қыл­мыстың, ажырасудың дең­гейін азайтып қана қоймай, эконо­ми­калық өрлеудің ірге­тасы болып қаланатыны сөзсіз. 

Жәнібек САУДАНБЕКҰЛЫ,

«Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу» жобасының жетекшісі