Ізгілікті ізетпен үйлестірген
Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:35
«ДА» тұғырнамасын бүгінгі күні Қазақстанның зиялы қауым өкілдерінің арасында білмейтіні кемде-кем шығар. Дегенмен, бір-екі ауыз сөзбен оның тарихын еске сала кету артық болмас.
Тұғырнаманың түрлі тірліктері
Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:35
«ДА» тұғырнамасын бүгінгі күні Қазақстанның зиялы қауым өкілдерінің арасында білмейтіні кемде-кем шығар. Дегенмен, бір-екі ауыз сөзбен оның тарихын еске сала кету артық болмас.
Тұғырнаманың түрлі тірліктері
Түрік ойшылы Мұхаммед Фетхуллах Гүленнің ізгілікті идеясымен өмірге келген бұл тұғырнаманың мақсаты халықтық дипломатия негізінде үнқатысу арқылы зиялылық пен білімді тарата отырып, халықтар арасында түсіністік пен келісім орнатуға ықпал ету болып табылады. «ДА» деген сөздің өзі «Диалог Ауразия» (түрікше Еуропа – «Ауропа») деген екі сөздің бас әріптерінен алынған. Қозғалыс 1998 жылы өмірге келіп, халықаралық ұйым ретінде іргесі қаланды. Бүгінгі күні оның жұмысына ірі ғалымдар, танымал қоғам қайраткерлері, атақты жазушылар мен журналистер белсенді түрде атсалысады.
Тұғырнаманың төрағасы екі жылда бір рет ауысып отырады. Қазіргі сайланбалы төрағасы Украина өкілі, Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі жазушы Володимир Сергейчук. Оған дейінгі төраға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин болған еді. Ал ең алғашқы төраға атақты жазушы Шыңғыс Айтматов болды. Ал қазіргі тұрақты төраға белгілі түрік жазушысы, танымал журналист Харун Токак.
Тұғырнама қазір Еуразия құрлығындағы Түркия, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Эстония секілді елдерде белсенді түрде жұмыс істейді. Осы елдерде түрік-қазақ, түрік-украин, түрік-орыс, түрік-татар, т.б. лицейлер ашып, ондағы балаларға осы заманғы сапалы білім мен үлгілі тәрбие беріп жатқан да осы қозғалыс. Сондай-ақ Америка мен Еуропа елдерінің көптеген қалаларында осындай лицейлер ашылған. Олардағы тәртіп жақсы жолға қойылып, білім сапасы жоғары деңгейде екеніне көзі жеткен ата-аналар балаларын мұндай лицейлерге қуана-қуана береді. Мұғалімдердің көбі Ыстамбұл университетін түрлі мамандықтар бойынша үздік бітірген жастар. Олар сабақты ағылшын және түрік тілдерінде жүргізеді.
Сонымен бірге, қазір көптеген елдерде университеттер де ашылуда. Сапалы білім, саналы ақыл-ой егу арқылы түрлі халықтың жастарына түрік халқының ізгі ниетті адал жұрт екендігін еппен, ізетпен таныта отырып, оның халықаралық имиджін көтеру де бұл қозғалыстың басты мақсаты екені даусыз. Осынау лицейлер, университеттер арқылы қазір әлемнің жүздеген қалаларында түрік тілін үйрену, түрік мәдениетін тану істері қарыштап дамып келеді. Фетхуллах Гүленді 2008 жылы халықаралық Foreign Policу журналы әлемнің ең үздік интеллектуалы деп таныды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, қозғалыс 6 млн.-дай адамды қамтыған.
Тұғырнама 2000 жылдан бастап тоқсанына бір рет мәдени-интеллектуалды «ДА» журналын шығарып тұрады. Бір кезде татар оқымыстыларының жәдид қозғалысының қолдауымен татар-қазақ, татар-әзербайжан, т.с.с. мектептер ашылып, Ресей қол астына тараған еді. Соның арқасында мыңдаған адам татар грамматикасының негізінде білім алып, ислам мектептерінен гөрі жаңа сипаттағы білім орталығынан сауатын ашты. «ДА»-ның әрекеттері де сол қозғалысқа ұқсайды.
Қазір Қазақстандағы «ДА» қызметін үйлестіруге жауапты адам түрік азаматы Садриддин Чилик, оның Астана қаласы бойынша орынбасары белгілі ғалым, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы. Жуырда, қыркүйектің соңғы күндерінде осы азаматтардың ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Амантай Шәріп пен осы жолдардың авторы «ДА» тұғырнамасының бастауымен Украинаның Одесса қаласында болған «Қазіргі әлемдегі мұғалімнің миссиясы» атты ІІ Халықаралық конгреске қатысып қайтты.
Конгресс Одесса қаласындағы К.Ушинский атындағы Оңтүстік Украина ұлттық педагогикалық университеті бас корпусының мәжіліс залында өтті. Оған «ДА» қозғалысы белсенді әрекет ететін 14 елден басқа АҚШ, Израиль, Қытай секілді елдерден де өкілдер қатысты. Конгрестің жалпы отырысын университет ректоры, психология ғылымдарының докторы, Украина Педагогика ғылымдары академиясының академигі Алексей Чебыкин ашып, жүргізіп отырды. Жиынның маңызы мен деңгейінің жоғарылығы оған саланың аса танымал мамандары мен ғалымдарының көптеп қатысуынан көрінді. Атап айтқанда, конгреске Украина Білім және ғылым, жастар және спорт министрінің бірінші орынбасары Евгений Сулима, «ДА» платформасының қазіргі басшысы Харун Токак, Украина Ұлттық педагогика ғылымдары академиясының бірінші вице-президенті Владимир Луговой, Еуропа педагогикалық университеттері халықаралық ассоциациясының президенті, академик Виктор Андрущенко және т.б. қатысып, құттықтау сөздерін айтты. Ал педагогика ғылымдарының докторы, Мәскеудің білім беру жөніндегі қоғамдық палатасының мүшесі Яков Турбовский, Неджмедтин Ербакан атындағы түрік мемлекеттік университетінің профессоры Бюлент Тарман, Рига педагогика ғылымдары академиясының ректоры, профессор Даце Маркус, Әзербайжан Ұлттық педагогика академиясының проректоры Әлиакрам Абдуллаев, Грузияның халықаралық Жерорта университетінің проректоры Натела Дохганадзе, педагогика ғылымдарының кандидаты, «КСРО-ның халық мұғалімі», жазушы Николай Палтышев және т.б. баяндамалар жасады. Жалпы саны 300-ден артық ғалымдар, педагог-мамандар, сала бойынша қалам тербеп жүрген журналистер қатысқан форум үш күн бойы бүгінгі мұғалімнің мәселелері мен түрлі проблемаларын, білім беру ісінің жаңа қырларын, соны теорияларын, жаңа оқытушыларды дайындау ерекшеліктерін жан-жақты қарастырды. Жаңа инновациялық әдістерді ортаға салған жаңашыл мұғалімдер де болды.
Мұғалім – айрықша кәсіп иесі
Конгреске Адамгершіл педагогика халықаралық орталығының президенті, Ресейдің білім беру академиясының академигі, жаңашыл ұстаз Шалва Амонашвили де шақырылған екен, бірақ ол бір себептермен келе алмай қалып, оның сөзін өкілі оқып берді. Мұғалімнің адамдарға, соның ішінде жас ұрпаққа білім нұрын беру миссиясы еш заманда да, қандай уақытта да өзгермек емес. Мұғалім дегеніміздің өзі адамның жан-дүниесіне білім нұрын құюшы айрықша кәсіп иесі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әлем мұғалімнің бұл миссиясын ұмытып, оны қоғамда білім беру қызметін атқаратын қатардағы жан бағушының иесіне айналдырып жіберді. Егер мұғалімнің миссиясын келешекте де осы бағытпен қабылдай беретін болсақ, онда ұстаз деген ардақты ат арзан роботтарға айналады. Қол астындағы білім беру құралдары барынша жетілген болса да жүрегі мен жаны жоқ ондайлар өзін сүйіп, нұрға ұмтылған жас жеткіншектердің көкірек көзін аша алмайды, дей келіп, Шалва Амонашвили бүгінгі мұғалімнің негізгі міндеттерін атайды. Оның қатарында мұғалімді білімнің жаңа технологияларымен қамтамасыз етіп, оқушыларды мемлекеттік емтиханды аман тапсыруға әзірлей білуге емес, өзінің ең басты миссиясы – жас жеткіншекті үлкен жүректі адам етіп дайындауға бағыттауы ең алдыңғы орында тұру керектігі баса айтылған. Қоғам мұғалімнің мәңгілік міндеті – ұлы өмірдің қалыптастырушысы, адамзаттың жол бастаушысы бола білу екенін есіне салуы керек. Біз барлық тілдерде Ұстаз деген сөз Құдайдан кейінгі барлық сөздің басы болатынын ұмытпайық, деген екен Ш.Амонашвили өзінің сөзінде.
Украинаның педагогикалық білім беру мәселелері деген тақырыпта баяндама жасаған академик Владимир Луговой бүгінгі күні елдің білім беру саласында 1 млн.-ға жуық адам еңбек ететінін атап өтті. 2005 жылы Украина «Болон үдерісіне» қосылғанын айта келіп, шешен әзірге педагогикалық жоғары білім беру сапасы еуропалық талапқа сай еместігін жеткізді. Соның салдарынан мұғалім еңбегінің өнімділігі біздің елде дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлі де төмен, деді маман өз елінің білім беру сапасына шыншыл баға бере отырып. Мұғалімнің бүгінгі істері баланың болашағында көрінеді. Сондықтан да барынша бәсекелесті болып бара жатқан әлемде бұл саланың тиімділігін арттыруды біз өзіміздің басты міндеттеріміздің бірі деп санаймыз, деді шешен.
Мәскеу Педагогиканың теориясы мен тарихы институтының профессоры Яков Турбовской өзінің баяндамасын қазіргі білім беру үдерісін жаппай сынаудан бастады. Әсіресе, қазіргі білім беру әдістемесінің «не істеу керек» деген сұраққа ғана байланып қалғанын, ал ол «қалай істеу керек» деген сұраққа жауап бермейтінін атап өтті. Методика мен технологияның арасындағы байланыстың да мардымсыз екені көзге көрініп тұрады. Біз білім беру ісін жүйелі және айқын түрде анықтап алуымыз керек, дей келіп, шешен өзінің бір кезде «КСРО халық мұғалімі» атағын алған ұстаздармен тығыз байланысып, олардың тәжірибесін жаппай таратуға үлкен еңбек сіңіргенін айтты. Ал қазіргі жаңашылдардың тиімді әдістерін тарататын бір орталық жоқ, деді ол. Сонымен бірге, методикаға байланып қалған көптеген ұстаздар интонацияның рөлін тани алмайтындығын жеткізді. Бір хабарлы сөйлемді түрлі интонация арқылы оқушының тез меңгеруіне жағдай туғызуға болады. Ал методика мұны ескермейді. Өзінің ұзақ баяндамасын, негізінен, білім беру әдістерінің кемшін тұстарын қатты сынауға арнаған оның сөздері көбіне көп эмоциялы риторикаға бейім болды.
Психология ғылымдарының докторы, профессор Алексей Чебыкиннің де баяндамасы қазіргі ұстаздарды дайындау проблемаларына арналды. Мұғалімді ақпаратты таратушыдан білім құюшыға айналдыру факторы маңызды саналады. Мұның алғышарттарының бірі – мұғалімді білім берудің толып жатқан теориясымен қаруландыру. Оқу бағдарламасы, түрлі жоспарлар, практикалық курстардан аса алмаған мұғалім тыңғылықты білім бере алмайды. Өкінішке қарай, қазіргі көптеген мұғалімдер бар-жоғы екі-үш теорияны ғана біледі. Ал психология мен педагогика салаларында ғылыми еңбектердің үлкен арсеналы бар. Міне, соларды меңгере отырып, жүйелі теориямен дайындалған мұғалім ғана білікті новатор бола алады, деді ол.
«КСРО халық мұғалімі» атағы бар ғалым, жазушы Николай Палтышев өзінің сөзінде оқушы мен мұғалім арасындағы түсініктің қалыптасу мәселелеріне тоқталды. Өмірдегі тәжірибеден көптеген мысалдар келтіре отырып сөйлеген оның сөздері барынша ұғынықты және жылы қабылданды. Мәселен, ол 7 сыныпта орташа оқитын бір баланы мысалға келтірді. Барлық мұғалімдер мен сыныптастары оның орташа оқитындығына үйренген, сондықтан көңіл аударып, одан қандай да бір «өнер» күтпейді. Бірақ баланың түрлі приборлар, фотоаппарат сияқты заттарға немқұрайлы еместігін аңғарып қалған физика пәнінің мұғалімі оның осы қырларын жетілдіруге тырысып бағады. Ақырында сол бала өзі құрастырған аспаппен оқушылар олимпиадасында бірінші орын алып, айды аспанға бір-ақ шығарады. Осы күннен бастап бала жайнап сала береді. Кейін ол университеттің физика факультетіне оқуға түсіп, түрлі құралдар ойлап табады. Осы мысалды айта отырып маман ұстаз мұғалімдер оқушының бұғып тұрған қабілетін көре білуі және оны дамытуға көңіл аударуы керектігін атап көрсетті.
Бір қызығы, көптеген мамандар оқу үдерісінде тәрбиеге көңіл аударылуы қажеттігін атамады. Әсіресе, Еуропа елдерінен, Израильден келген мамандар мұғалімнің міндеті тек білім беру екендігіне қатты ден қойды. Израильде тіпті білім беру саласында тәрбие деген өз алдына түсінік те жоқ екен. Ал Литва өкілі Алгимантас Свентискас біз тәрбиеге көңіл аудармаймыз, біздегі мұғалімдердің мақсаты тек білім беру. Егер біз баланы тәрбиелеуге араласатын болсақ, ата-аналар бізді сотқа беруі де мүмкін деген сөздер айтты. Демек, әр елдің діліне орай бұл салада да қайшылықтар бар екені көрініп қалды. Біздің Әл-Фарабиден басталған Абай, Шәкәрім, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, т.б. ұлыларымыздың бәрі «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұстанымда екені белгілі. Бұл және жалпы мұсылман әлеміне ортақ ұстаным. Сондықтан тәрбиеге осы күнге дейін үлкен мән беріледі.
Конгресте жұрттың бәріне жағып, ұйып тыңдалған баяндаманың бірін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Амантай Шәріп жасады. Ол бүгінгі таңдағы мұғалімнің жалпы проблемасына тоқтала келіп, «мұғалім болуға жолы болмайтындар барады» деген сөзді бір фильмнен келтіре отырып, мұндай ой ғаламдық қоғамдағы адамдардың бір бөлігінің ұстазға деген позициясын көрсететінін айтты. Бірақ, қуанышқа орай, күннен-күнге жақсы мұғалімге деген сұранымның өсу үрдісі байқалады. Сондықтан да шығар, көптеген қалаларда мұғалімдерге арналған ескерткіштер тұрғызылуда. Мәселен, біздің Қазақстандағы, Қостанай, Павлодар қалаларында сондай ескерткіштер орнатылды.
Одан әрі мұғалім қызметінің маңыздылығына тоқтала келіп, шешен: «Қайда оқығаның, неге оқығаның маңызды емес, ең маңыздысы кімнен оқығаның» деген формула ешқашан күшін жоймақ емес. Ұстаздық – кәсіп емес, құдайдың кез келген адамға бұйырта бермейтін жан жылуы, биік өнер. Сондықтан да «барлық кәсіпті адам жасайды, ал ұстаз құдайдың қолымен жасалады» деген сөздің ақиқаты айқын, деді ол. Сонымен бірге, А.Шәріп мұғалім кадрларының жай-күйі жөніндегі әлемдік статистиканың мәліметтерін келтірді. Осы күні әлемде 57 млн. мұғалім бар екен, бірақ 2 млн.-дай мұғалім жетпейді. Тіпті жоғары дамыған АҚШ, Испания, Ирландия, Швеция сияқты елдердің өзі мұғалім кадрлары жетпейтін 112 елдің қатарына енеді, деді шешен.
Жиында Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ, Қытай Латвия және т.б. елдерден келген мамандар да өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, барлық баяндамалар топталып, арнайы жинақ болып шығатын көрінеді. Сонымен бірге, конгресс жұмысының шеңберінде «Чорноморский» түрік-украин лицейінің қабырғасындағы инновациялық әдістер таныстырылды. Бұл оқу орны Украинадағы озық мектептердің бірі саналады екен. Оның оқушылары барлық олимпиада, конкурстардың жүлдегерлері болып отырған көрінеді. Осындағы өнерпаз оқушылардың күшімен концерт те қойылды. Украин балалары мен қыздарының түрікше сызылтып салған әндері «құлақтан кіріп бойды аларлықтай» болды.
Конгресс қорытындысы бойынша қарар қабылданып, баяндама жасаған барлық шешендерге дипломдар тапсырылды. Осы күндері К.Ушинский атындағы университеттің 195 жылдығы да аталып өтті. Айта кететін жәйт, шараны ұйымдастыруға қаржылық тұрғыдан демеушілік жасаған Түрік әуе жолдары компаниясы екен. Ал осындай істерге ұйытқы болған «ДА» қозғалысына жұрттың бәрі де ризашылық білдірді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА – ОДЕССА – АСТАНА.