
360 кәсіпорынға қолдау көрсетіледі
Қазақстан қазіргі таңда өндірістік тауарлардың, яғни киім-кешектің, құрылысқа қажетті материалдардың, түрлі жиһаздың 82 пайызын, азық-түлік өнімдерінің 23 пайызын шет мемлекеттерден сатып алады. Сол себепті Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ден қойып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сол арқылы импорттың үлесін азайтуға маңыз беріп отыр.
Таяуда орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкіметтен бөлген қаражат өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және қолдауға бағытталғанын айтты. Отандық өнеркәсіптегі күрделі мәселелердің бірі – шикізаттың өзге мемлекеттерден келуі. Ал сыртқы сауданың заңдылығына сәйкес, долларға сатып алынған шикізатты қанша жерден Қазақстанда өңдесек те, «отандық өнім» деп әспеттесек те, оның бағасы еселеніп сатылады. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бағдарламаның жол картасын әзірлемес бұрын шикізатты Қазақстанда шығарудың жолдарын талқылап, қандай мәселелер барын нақтылап алғанын айтады. Р.Склярдың сөзіне қарағанда, бөлінген қаражат есебінен қаржыландыруға 360 өндіруші өнеркәсіп іріктеліп алыныпты. Осы 360-тың ішінде құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс ошақтары, киім-кешек, аяқкиім, тұрмысқа қажетті химиялық өнімдер мен электроникалық заттар, жиһаздар, төсек жабдықтары, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар.
− Сырттан импортталатын, халық жиі қолданатын тауарлардың тізімін анықтап, ондай өнімдерді өзімізде шығарудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұл ретте халыққа дайын шикізатты ғана емес, қажетті шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерін қатар өндіруді қолдауға қаражат бөлінбек. Мысалы, «қант қызылшасы – қант – кондитерлік өнімдер», «жемдік дақылдар және ірі қара мал – жас ет және сүрленген ет – еттен тез дайындалатын тағамдар мен шұжық өнімдері» және тағы басқаларын шығару. Тізім осылай жалғаса береді. Балама ретінде азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауарларды да дамыту қарастырылып отыр. Мысалы оған «мақта – мата – киім-кешек» сияқты өнімдер жатады, − деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Министрдің айтуынша, аталған бағдарлама нәтижесінде 2025 жылға қарай барлық 365 өнімнің өндіріс көлемі 2,4 есе артып, нарықтағы импорттың үлесі 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендеуге тиіс. Оның ішінде 247 азық-түліктік емес өнеркәсіп өнімдері бойынша өндіріс 1,5 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін (немесе 2 есеге) өседі, импорттың үлесі 82 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр.
Жоғарыда аталған 360 өндіріс орны шығаратын тауарлардың тізімін анықтау кезінде оларға отандық шикізаттың қолжетімділігі, кәсіпорындардың технологиялармен жабдықталуы, қайта өндірудің болмауы, тауар сапасын бағалайтын сынақ базасының міндетті түрде болуы сияқты ерекшеліктер ескерілген. Айта кетерлігі, бұл өндіріс орындарының жартысына жуығы бұған дейін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар болса, қалғанын жаңадан ашу жоспарланып отыр.
Бұл ретте шикізатпен қамтамасыз ету үшін сапалы өнімдерді өндіруге қажетті шикізат базасын дамыту шаралары қарастырылып отыр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпте мақта, жүн өңдеу, жасанды және синтетикалық материалдарды өндіруді ынталандыру қолға алынбақ. Бұл бір жағынан өндірушілерге қолдау болса, екіншіден өнім бағасының да қымбаттамауына ықпал етуге тиіс.
Ұлттық банк қолдауы тиіс
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр импортты азайту үшін халыққа керекті тауарларды өндіруде Ұлттық банкті шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге шақырды. Оның айтуынша, бүгінде осы мақсатқа бағытталатын субсидиялардың шарттары да нақтыланып қойылыпты.
− Қарыз алушылар үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ставкаларды субсидиялау есебінен номиналды сыйақы мөлшерлемесі 8 пайызды құрайды. Қарыз мерзімі – 7 жыл. Бұған қоса 600 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға бағытталады, – деді ол.
Министрдің айтуына қарағанда, «қарапайым заттар экономикасына» жататын салаларда негізінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шоғырланған. Олардың өндірістік қуатын қазіргі таңда белсенді деп айтуға ертерек.
− Осыған байланысты жедел өндірісті жүргізіп, ішкі нарыққа тауарларды тезірек шығару үшін қарызға берілетін қаражаттың 50 пайызы инвестициялық мақсатқа, ал қалған 50 пайызы айналымдағы қаражатты толтыруға беріледі. Бұл бағыттағы қадамдар кәсіпорындардың өндірістік қуатын толыққанды деңгейге шығаруға серпін береді. Осыған орай Ұлттық банктен ірі жобалармен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілерін қолдауды сұраймыз, – дейді министр.
Өзіміз өндірмесек, өнбейді
Кейінгі жылдары отандық жеңіл өнеркәсіп саласында сең қозғала бастағандай. Десе де, тұрмыстық қажеттілікке арналған өнімдерден гөрі, салалық бағытта жұмыс жүргізіп отырған кәсіпорындар үлесі басымдау. Өндіріске арналған жаңа бағдарламада ақсап жатқан тұстарымыздың орнын толтыруға қаншалықты көңіл бөлінгенін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен сұрап көрген едік. Оның айтуынша, әлі күнге дейін тұрмыстық заттар, иә болмаса көпшілікке күнделікті қажетті киім, аяқкиім сияқты өнімдерді жүйелі түрде шығару жолға қойылған жоқ. Есесіне, қорғаныс саласына әскери киімдер шығаратын, иә болмаса медицина қызметкерлеріне арналған киімдер тігумен айналысатын кәсіпорындар баршылық. Бұл орайда, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған бағдарламаға мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп келген компаниялар емес, жалпы халыққа арналған өнім шығаратын мекемелер қатыса алатынын атап өткен жөн.
− Институттардың зерттеулері нәтижесінде анықталған негізгі мәселе – шикізаттың тапшылығы. Осы проблеманы шешу үшін жол картасында салалық жобалар қолға алынып отыр. Бұған қоса, Қазақстан бұдан былай жүн, тері, былғары өнімдерін сыртқа экспорттауды тоқтатты. Ондағы мақсатымыз – шикізатты өзімізде қалдырып, Қазақстанда тереңдетіп өңдейтін жағдай жасадық. Саланың тізгінін ұстайтын кадрлар даярлау мәселесі де қолға алынды. Тағы бір айта кетерлігі, Қытайдан Алматыға келген тауарлардың басым көпшілігіне салық төленбейді. Бұл да баға айырмашылығына әсер етіп отыр. Биылдан қалмай, көлеңкелі саудамен күрес жұмыстары қатаңдатылады. Еліміздегі 20 кәсіпорын Қытайдан келетіне халық жиі тұтынатын тауарларды алмастыратындай деңгейде сапалы өнім шығарамыз деп білек сыбана кірісіп отыр. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, – деді А.Мырзахметов.
Қарапайым заттар экономикасын дамытуды қолға алған көрші Ресейде соңғы 5 жылда жеңіл өнеркәсіп 59,7 пайызға өскенін айта кетейік. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге де елдердің көрсеткіші бұл салада бізден көш ілгері екенін жасыра алмаймыз. Біздің осы саланы дұрыс дамыта алмағанымыздың кесірінен импортқа тәуелділігіміз жоғары болып отыр. Ал жаңа бағдарлама арқылы импортқа тәуелділіктен арылудың астарында ұлттық қауіпсіздік, баға тұрақтылығы, бәсекеге қабілетті болу сынды маңызды мәселелер бар. Киер киім, жатар орын, ішер тамақ өз елімізде өндіріліп, оның сапасы сын көтеретін деңгейге жетсе, қазынадан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғаны деп білеміз.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»