28 Наурыз, 2019

«Дау мұраты – біту» дейді батысқазақстандық судьялар

722 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дауларды соттан тыс шешу жүйесінің қалыптасуы өте маңызды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов 2018 жылдың жұмыс қорытындысы туралы өткізген баспасөз мәслихатында атап көрсетті.

 

«Дау мұраты – біту» дейді батысқазақстандық судьялар

– Мысалы, еліміздің заңы бойынша автокөлікті масаң күйде жүргізгені үшін қарастырылатын жаза – екі жылға көлік жүргізу құқығынан айыру. Басқа баламасы жоқ. Сондықтан жүргізушінің мас болғандығы арнайы сараптамамен дәлелденсе, оның жазасын сот емес, өзге құқық органдары бекітсе де болады деп санаймын. Әрине, ол шешіммен келіспеген жанның сотқа шағымдануына еш кедергі болмауы тиіс» деді Б.Әметов баспасөз мәслихатында.

Әрине, жоғарыда айтылған мәселе қайткенде де сот жүктемесін азайту мақсатынан тумаса керек. Өйткені елімізде медиация, яғни дауларды сотқа дейін шешу мәселесі барынша қолға алынғалы соттың жүгі жеңілдеді деуге болмайды. Мәселен, республика соттары 

2016 жылы 1,4 млн, 2017 жылы – 2,6 млн, 2018 жылы – 4,5 млн іс қараған! Көріп отырғанымыздай, соттардың жұмысы көбейе түскен. Бірақ бұл ел ішінде дау-дамай көбейді дегенді білдірмейді. Бұл керісінше азаматтардың сотқа сенімін, түрлі дауды заң аясында, сауатты шешуге көшкенін көрсетеді.

Соттың міндеті – дауды шешу. Ал ең жақсы шешілген дау – екі тараптың мәмілеге келуі екендігі даусыз. 2018 жылы татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы 1 733 іс бітіпті. Мұның ішінде 1479 іс – медиация арқылы, 34 іс – партисипативтік рәсімдер тәртібімен бітсе, ал 220 іс бо­йынша бітімгершілік келісім жасалған.

2018 жылдың басында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап берген еді. Осы шаралардың басында «Мінсіз судья» жобасы тұр. Онда судьялыққа кандидаттарды жан-жақты іріктеу, баспасөзге олар жөнінде мәліметтер жариялау, кандидаттың кәсіби дайындығымен қатар, оның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беру көзделген.

«Үлгілі сот» жобасы сот жұмысын оңтайлы ұйымдастыру, сервистер сапасы, сот персоналы, материалдық-техникалық қамсыздандыру, жүктеме, ресурстарды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Осы орайда айта кетейік, Тасқала мен Қаратөбе аудандарындағы сот ғимараты және бір аудандық сот ғимаратына қосымша сот мәжіліс залы салынбақ. Ал Орал қалалық соты мен Зеленов ауданының №2 аудандық сотының ғимараттары жөндеуден өткізілді. «Әділ процесс» жобасы аясында сот практикасының әділдігі мен объективтілігіне қоғам тарапынан сенімсіздік туса, оның себебін анықтау, сыбайлас жемқорлық құбылыстарының алдын алу, судьялар қызметін бағалау үшін әр сот процесінен кейін тараптарға қысқаша сауалнаманың сұрақтарына жауап беру ұсынылады.

«Түнгі сот» қанатқақты жобасы да ең алдымен азаматтарға ыңғайлы уақытта, әкімшілік сот өндірісін жедел қамтамасыз ету ниетінен туған. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2018 жылы осы жоба аясында 415 іс қарап үлгеріпті. 

«Е-сот» немесе «смарт сот» дегеніміз – халық пен сот қызметкерлерінің ІТ қызметін жан-жақты пайдалануына жағдай жасау. Бұл жоба негізінде сот саласында электронды жүйелерді қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. «2018 жылы «Сот кабинеті» сервисі арқылы облыс соттарына 30 864 талап арыз, 899 жеке және заңды тұлғалардың өтініші, 15 564 әкімшілік іс пен материал түсті. Яғни, соттарға түскен барлық талап арыз бен өтініш, әкімшілік материалдар мен шағымдар 100 пайызға жуық «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған.

Өңірде күні бүгін 67 сот мәжілісі залы дыбыс-бейнежазу жүйесімен жабдықталған, бұл 100% қамтылды деген сөз!

Тараптардың сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігі де іске асты. Азаматтар үйінде, жұмыс орнында немесе шетелде жүріп-ақ сот мәжілісіне гаджет арқылы қатыса береді. Бейнебайланыс жүйесін қолдана отырып қашықтан сот отырыстарын өткізуге де мүмкіндік бар. Әсіресе, бейнебайланыс жүйесі барлық қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне орнатылған. Бұл қамау орнындағы сотталушыларды тасымалдамай, қауіп туғызбай, істі қарауға мүмкіндік береді. 2018 жылы осындай 826 сот отырысы өткізілген екен. 

Ал «Оңтайлы орта» бағдарламасы қоғам мен соттар арасында тиімді қарым-қатынас орнатуға арналған. «Сапалы нәтиже» жобасы аясында судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Отбасы мен кәмелетке толмағандардың мәселелерін терең талдау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Отбасылық сот» жобасы іске қосылды.

– «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы – барлық жаққа да тиімді әрі қажет. Дауларды сотқа дейін медиативтік келісіммен шешу аясын кеңейте беру керек. Орал қаласының №2 сотында «Татуластыру кабинеті» ашылды. Онда татуластырушы-судья жұмыс істейді. Кабинеттің негізгі жұмысы – жанжалды, тараптар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, жанжалды шешудің өзара тиімді жолын табу. Бәйтерек ауданы орталығындағы Достық үйінде де Татуластыру орталығы ашылды, – дейді Б.Әметов.

Облыс соттары 2018 жылы тараптардың татуласуына байланысты медиаторлардың қатысуымен 335 қылмыстық, 1479 азаматтық және 1366 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қысқартып, аяқтады.

Айта кетейік, өңірде Билер кеңесін құру туралы бастама қолдау тауып, 2018 жылы аймақтағы 108 ауылдық округте Билер кеңесі құрылды. Осы Билер кеңесінің араласуымен қазірдің өзінде 4 дау шешімін тапқан. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы