Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

«Ауыл қамқоршысы» жобасы жалғасын таба алмай тұр

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясының патриархы, Қазақстаның халық жазушысы марқұм Қадыр Мырза Әлі ертеректе жазған өлеңдерінің бірінде: Ұмытып бара жатсаң борышыңды, Арала атамекен қонысыңды. Ажары қашқан ауыл еске салар, Халқыңа азаматша болысуды, -деп төгілдіре жазған екен. Арқалы ақын жырлағандай қазіргі кезде ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту ісіне кәсіпкерлік пен бизнестің басы-қасында жүрген жанашыр азаматтар мен туған топырағының төл перзенттері өз үлестерін қоса алатыны анық.

«Ауыл қамқоршысы» жобасы жалғасын таба алмай тұр


Осы орайда өткен жылы Ақтөбе облысында «Ауыл қамқоршысы» атты бірегей жобаны жүзеге асыру қолға алынған болатын. Сол кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер Палатасының өңірдегі бөлімшесі бастамашы болған жобаға Ақтөбе облыстық әкімдігі де әжептәуір қолдау көрсеткені ұмытла қойған жоқ. Сәтімен басталған ілкімді істің алғашқы нәтижелері де көңілге қонғандай еді. Бұған өткен жылы өңірдегі шағын және ірі деңгейдегі бизнес өкілдері 2 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсағаны толық дәлел.

Сондай-ақ қазіргі қолымызда бар деректер «Ауыл қамқоршысы» жобасын одан әрі жалғастыру үшін биыл облыс аумағындағы 199 елді-мекенде 344 жобаны іске қосу жоспарланғанын көрсетеді. Осы деректерге ауылға қаржылай қолдау көрсетеін бизнес өкілдері мен меценаттардың жалпы саны да көрсетілген. Нақты айтқанда олардың қатары 289 адам болып отыр. Яғни ауыл қамқоршыларының осынау үлкен тобы биылғы жылы облыстың елді-мекндерінде құны 2 миллиард 600 миллион тенгеге тең әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы нысандарды пайдалануға беруі көзделген. Міне, туған ай тураған етпен бірдей дегендей биылғы 2019 жылдың алашқы тоқсаны да артта қалып, күнтізбемізге сәуір айы да келіп орнықты. Осындайда бүгінгі нақты істің жай-күйі қандай деген сауал еріксіз туындайды. Біз көкейдегі ой-пікірімізді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер Палатасы Ақтөбе облыстық бөлімшесінің төрайымы Анар Даржановаға жеткізген едік. Ол қапелімде «Ауыл қамқоршысы» жобасына қатысты не деп жауап қайтарарын білмей, сәл тосылып қалды да, содан соң Палата бөлімшесінің бір отырысында бұл мәселе қаралғанын айтып берді. Әйтсе де, атамекендіктердің сол басқосуында нақты қандай шешім алынғаны да төрайым тарапынан айтылмай қалды. Жоғарыда айтылғандай ауылға қамқорлық көрсетуді көздеген 289 бизес өкілі қайда жүр? Санамызға қонақтаған сауалдың бір төркіні осындай болды. Сөйтіп, А.Даржановамен бірге олардың деректерін білуге талпыныс жасағанымызбен, бұл әрекетіміз де тиісті нәтиже бере қоймады. Арада тағы да бірнеше күндер мен апталар өтті. Осы уақыттың аралығында «Атамекеннің» аймақтағы бас өкіліне қайта-қайта сауал салумен болдық. Әйтеуір бір күні ол Темір ауданында Өмірбай Жайлышев деген ел азаматы 150 орындық балалар бақшасын салуға бел буғанын айтып берді. Анар Жаржанованың жөн сілтеуі бойынша оны Темір ауданы әкімінің орынбасары Марат Мұңайтпасов арқылы тауып алып, бастаған қадамына сәт-сапар тіледік.

Алайда Ө.Жайлышевтің мәлімдеуінше оған балалар бақшасы ғимаратын тұрғызу үшін бөлінген жер аумағы тарлық етеді екен. Сондықтан ол бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты деп айтуға болмайтынын жеткізді. Бұған жер мамандары мен сәулетшінің түбегейлі шешімі керек екен. Оның үстіне дәл осы жер телімі тұсынан «Қазақтелекомның» жерасты байланыс желілері өтетін көрінеді. Мен үшін мұның өзі де кәдімгідей қолайсыздық келтірп тұр дейді Өмірбай Жайлышев.

Әйтсе де осы арада «Ауыл қамқоршысы» жобасына орай оң мысал айтудың да орайы келіп тұрғандай. Яғни қазіргі кезде өңірге белгілі кәсіпкер, «Наурыз-СИН»  ЖШС-ның директоры Ибрагим Сәрсенбаев «Ауыл –ел бесігі» мен «Ауыл қамқоршысы» әлеуметтік жобалары шеңберінде шалғайдағы Ырғыз  ауданында балалар спорт кешенін салуды қолға алыпты. Бұл үшін ол өз есебінен 20,5 миллион теңге қаражат бөліпті. Әйтсе де қазіргі күні мұндай мысалдырдың саусақпен санап аларлықтай аз екені де айқын көрінеді.

Аталған жобалар жоғарыда айтылғандай ауылдық аумақтарды қайтадан жаңғыртуға септігін тигізе алуымен құнды. Тұтастай алғанда облыста өткен жылы қолға алынған «Ауыл қамқоршысы» жобасының қарқыны бәсеңдеп қалғаны қынжылтпай қоймайды. Ештен де кеш жақсы демей ме, халқымыз. Туған жері алдындағы қарызы мен парызын ұмытпай, туған топырағына жанашыр бола білетін азаматтар бұл іске тағы да бет бұрса -«Ауыл қамқоршысы» жобасы қайтадан тік тұрып кететініне ешқадай күмән жоқ.


АҚТӨБЕ    



Соңғы жаңалықтар