Әлем • 01 Сәуір, 2019

Түркиядағы сайлау: үш қаланың билігі оппозицияда

703 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Түркияда жергілікті сайлау өтіп, елдегі қалалардың, аудандар мен ауылдардың әкімдері, ақсақалдар және жергілікті кеңестердің мүшелері сайланды.

Түркиядағы сайлау: үш қаланың билігі оппозицияда


Сайлауға Түркияның сайлау беруге құқылы 57 млн 93 мың азаматтың, 83,70 пайызы дауыс берген. Бұл дегеніңіз 47 млн 784 мыңнан астам адам. Сайлаудың алдын ала қорытындыларына қарағанда билік басындағы Әділет және даму партиясы мен Ұлтшыл-халықтық партияның бірлескен «Халықтық альянсы» елдегі дауыс берушілердің 51,6 пайыздан астам дауысын алғаны белгілі болды. Дегенмен, дауыс санаудың толық аяқталамғанын ескерсек, бұл дерек өзгеруі мүмкін.

Жалпы, Түркиядағы жергілікті сайлауда 30 қала, 51 провинция  муниципалитеті, 922 аудан, 32 мың 105 махалла, 18 мың 306 ауылдың әкімдері мен жергілікті кеңестердің, ақсақалдар кеңесінің мүшелері сайланды. Сайлау барысында «Халықтық альянсқа»  қарсы Республикашыл-халықтық партия мен IYI Parti  деп аталатын партияның біріккен «Ұлттық альянс» коалициясы әрекет жасады. Сайлауға қатысқан 12 партияның ішінде алғашқы төрттіктен кейін Халықтардың демократиялық партиясы  мол дауыс жинаған. Кейбір аймақтарда Түркия коммунистік партиясының үміткерлері де біршама дауыс алды. Одан бөлек сайлауға 630 азамат өздерін-өздері үміткер ретінде ұсынған. Нәтижесінде, түрлі елдімекендерде сан қырлы қайраткерлер билікке келді.

Түркиядағы жергілікті сайлаудағы ең үлкен тартыс Ыстамбул қаласында байқалды. Сайлауға «Халықтық альянстың» үміткері, бұрыңғы Премьер-министр, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің экс-спикері Биналы Йылдырым мен «Ұлттық альянс» атынан қатысқан Экрем Имамоғлу арасындағы тартыс жоғары деңгейде болды. Түннің бір уағына дейін Түркияның орталық сайлау комиссиясы қос үміткердің жинаған дауыстарын 48,7 пайыз деп көрсетті. Бірдей дауыс жинағаны айтылды. Алайда, оппозиция өкілдері де, билік партиясының үміткері де өз есеп-қисабының  өзгеше екендігін алға тартты. Қазір республикашылдардың үміткері 0.05 пайыз артық дауыспен жеңгені жайлы ақпарат тарап жатыр. Алайда, Түркия орталық сайлау комитеті әлі нақты  мәлімдеме жасаған жоқ. Ал, Анкара қаласында оппозиция үміткері Мансұр Яваш 3,83 пайыз артық дауыспен жеңіске жетті. Измир қаласы бұрыннан республикашылдардың бейресми «қамалы» саналатын. Нәтиже өзгерген жоқ. Измирліктердің 58,02 пайызы республикашылдарды жақтады. Сөйтіп, Түркияның батыс бөлігі, дәлірек айтқанда Анталия, Адана, Измир тәрізді аймақтары, Жерорта теңізінің жағалауындағы аудандар «Ұлттық альянсты» жақтады. Ал, Анадолының ішкі аймақтары билік басындағы партия құрған альянсты қолдаған. Сонымен қатар, Халықтардың демократиялық партиясы да 7 ауданында жеңіске жетті. Кыркларелі ауданында тәуелсіз үміткер өзгелерден озық болса, Тунжеліде Түркия коммунистік партиясының өкілі тұрғындардың  көңілінен  шыққан. Газиаптеп, Айдын, Ван мен Сиирт қалаларын басқаруға әйелдер сайланған. Елде 1 миллион 395 мыңнан астам  бюллетен жарамсыз деп танылыпты. Бұл дегеніз берілген дауыстардың 3,2 пайызын құрайды.  Дауыс беру кезінде түрлі оқыс оқиғалар тіркелді. Сайлау заңдылықтарын бұзу, төбелесу, тіпті атыс-шабыс та тіркелді. Бірнеше азамат қаза тапты. Бірақ, бұл оқиғаларға қарамастан, сайлау салыстырмалы түрде тыныш өтті.

Дегенмен, осы жолы сайлау Түркия халқының билікке қатаң талап қоя бастағанын көрсетті. Яғни, елдегі экономикалық ахуалды жедел түрде түзетпеген жағдайда келесі сайлауда Әділет және даму партиясын бұқараның қолдамауы мүмкін екендігін байқатты. 16 жылдан астам  билікте болған партияның әлеуметтік-экономикалық және ішкі-сыртқы саясатына түркиялықтардың бірқатарының көңілдері толмайтыны аңғарылды. Әсіресе, ірі өндіріс орындары мен оқыған-тоқыған азаматтары мол, әлеуметтік жағдай өзге өңірлерге қарағанда салыстырмалы түрде жақсы саналатын, туризм орталықтарына айналған Жерорта теңізінің жағалауындағы аймақтар оппозицияны жақтады. Анкара, Ыстамбул мен Измирді, тағы бірқатар қалаларды басқаруға оппозициялық күштердің өкілдері келіп отыр. Мұның өзі елдегі халықтың саяси белсенділігін аңғартады. Сонымен қатар, сайлаудан кейін барлық саяси күштер елдегі экономикалық мәселелерге айырықша көңіл бөлуге бекінгендігін  мәлімдеген болатын. Яғни, сайлауға қатысушы тараптар өздерінің саяси-экономикалық бағдарламаларын жүзеге асыруға тырысады. Өйткені, елде бұдан кейін сайлау  тек 4 жылдан соң өтеді. Бұл партиялардың  күшеюіне де,  экономикалық реформалардың жүйелі жүргізілуіне мүмкіндік беретін уақыт.