- Меніңше, маусым біз үшін сәтті өтті. Бұл бас бапкер ретіндегі алғашқы маусымым, сол себепті, алдыма қойған міндеттерді орындай алдым. Дәлел ретінде төрт бірдей ел рекордының жаңартылуын айтар ем. Оның екеуі Екатерина Айдованың еншісінде. Ал Дмитрий Морозов, Демьян Гаврилов пен Виталий Щиголевтер командалық сында рекордқа қол жеткізді.
Маусымдағы соңғы кезеңде Дмитрий Морозов 10 шақырымдық бәсекеде ел рекордына түзету енгізді. Айтпақшы, ол менің 2013 жылы орнатқан рекордымды бұзғанын ескеру керек.
Барлық спортшылар жарады. Маусым бойы қиындықтарға қарамастан, сәтті өнер көрсетті. Олардың көпшілігі үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы маусым еді. Сондықтан, әлемнің үздік спортшыларымен бір қатарда жарысу оңай болмағаны анық.
Келесі жылы өтетін әлем кубогі кезеңдерінде 1500 метр және 5 шақырымдық жарысқа қатысу үшін тағы қосымша екі орын ұтып алдық. Осылайша, халықаралық сындарға қатысатын біздің команда құрамы тағы да ұлғая түспек. Негізі, бұл өткен маусымға қойылған басты міндет болатын. Алайда, көптеген факторлар, әсіресе, жарақат алу қаупі кері әсерін тигізді.
Мәселен, Екатерина Айдова бүкіл маусым бойы тізесіндегі жарақатына қарамастан айдынға шықты. Әлем кубогі кезеңдерінің финалында ол нағыз бабында еді. Өзінің рекордын жаңартты, десе де, бұдан үлкен көрсеткішке қол жеткізу мүмкіндігі бар оның. Кейін Канаданың ашық кубогінде 1500 метрде топ жарып, Қазақстан рекордына өзгерту енгізді.
- Сіз ұлттық құрама тізгінін былтыр алдыңыз. Команданы дамытып, нәтижені жақсарту үшін уақыт жеткілікті болды ма?
- Біз алғашқы жарыстардан кейін-ақ өзімізге не қажет екенін түсіне бастадық. Бүгінде олқы тұстарымызды жетілдіріп, алдағы маусымға жоспар құрудамыз. Бізге өсу керек, даму керек. Маусым өткен сайын дами түсіп, медаль үшін бәсекелесе алатын жағдайға жету қажет. Әрбір турнирден соң жаттығу кезеңін саралап, нәтижені мейілінше жоғарылату үшін еңбектендік. Әзірге бұл міндетімізді ойдағыдай атқарып келеміз.
- Айдова үшін биылғы жыл сәтті өтті деп айта аласыз ба?
- Ақпан айында Голландияда өткен спринтерлер арасындағы әлем чемпионатында Айдова олимпиада жүлдегерлерін басып озып, 5-ші орынға тұрақтады. Ал 1000 метрлік сында қола жүлде алу үшін оған 0,8 секунд жетпей қалды. Биылғы бесінші орынның құны жоғары. Өйткені, Катя жылдамдықты арттырды. Бұл келесі маусымға жақсы көңіл-күймен дайындалуға серпін береді.
- Дмитрий, командадағы резерв мәселесі туралы не айтасыз? Көшбасшылардың ізін басатын жастар жағы ірі додаларға дайын ба?
- Жақында ғана бапкерлермен кеңес өткізіп, команда құрамы туралы сөз қозғадық. Әзірге, ұлттық құрамада жаңа есімдер жоқ. Команда қатарына қосылатын жастардың алдындағы мақсат басқа болмақ. Ересектер арасындағы турнирлерге қатысу үшін оларға белгілі бір уақытша лимитті орындау қажет. Осы тұрғыдан жұмыс істейміз.
Дегенмен, команда құраманың жаңаратыны сөзсіз. Алда Азия ойындары мен Олимпиада келе жатыр. Сол себепті, команданы жасартудан бас тартпаймыз. Бүгінде ҰОК және Федерация тарапынан қажетті қолдауды сезіп отырмыз. Сондықтан, тек алға басамыз.