Қоғам • 03 Сәуір, 2019

Өмірлік ұстазым немесе бас басылым туралы толғаныс

765 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тауман Төреханов 1947 жыл­дан бері «Егемен Қазақ­стан»(«Социалистік Қазақ­стан») газетін жаздырып алып оқи­тын тұрақты оқырманы. Басылымның жүзжылдық мерейтойы қарсаңында ардагер журналистің газет туралы толғанысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өмірлік ұстазым немесе бас басылым туралы толғаныс

Арда анамның айтуы бойынша, бай­ларды тәркілейтін жылы көктемде (1929 ж.) дүниеге келіппін. Ол заманда туған баланы тіркейтін ресми орындар болмаған. Кейін 1937 жылы ауылдық кеңес мені 1931 жылдың 15 наурызында туған деп жазыпты.

1937 жылы бірінші класқа бардым. Үш класты «өте жақсы» бағамен аяқтадым. Ұлы Отан соғысы басталып, мұғалімімізді майданға алып кетіп, мектебіміз жабылды. Бізді кол­хоз малшыларының жәрдемшісі етіп жіберді. Кейінірек майданға тұз ке­рек деп, Кішкене тұз көлінен ас тұзын шығаратын шахта ашты. Мен көлден тұз оятын сүйменші болып, Орынбор теміржолының Шалқар станциясына өгіз арбамен тұз тасып, оны ашық платформаларға тиеп, майданға жіберетін едік. Соғыс аяқтала  сала, колхоз  басшылығы мені аңшы етіп Ұлықұмға жіберді.

Соғыспен ұрланған балалық өмір осылай басталды. Өгіз мінген пош­­ташы Балдай әжеден газеттерді сұрап алып, сайын далада, малшы, тұз­шы, аңшы болып жүрген «тағы бала» газеттерді ежелеп оқып танысамын. Солардың ішінде «Социалистік Қа­­­зақстан» газетіне ерекше үңіліп қа­раймын, оқимын. Балаға бәрі қызық қой. Бұрын арифметиканың қосу, көбейту, азайту, бөлу кестелерін да­ладағы тақырларға бормен, құмға таяқ­шамен жазып, жаттайтын едім. Енді «Соцалистік Қазақстандағы» кейбір қы­зықты қысқа хабарларды құмға жазып отырамын. Қайта-қайта оқимын... Пош­ташы Балдай әжеден екі дәптер, қарындаш сұрап алдым. Газеттегі қы­зық оқиғаларды дәптерлерге жазамын. Бұл жазбаларды, оларға қоса өз ойыма келген кей­бір сөйлемдерді, оқи­ғаларды жазатын күнделік басталып кетті-ау. Иә, күн­деліктер осы­лай басталды ғой. «Социалистік Қазақстан» ұстазымның орнына ұстаз болды.

...Бір күні үйге  бір кісі келіп, «сені председатель Оспан Құдайбергенов жолдас шақырып жатыр. Тез! Бар!» деді. Ол кісінің атын аздап ести­тін­мін, аса мәдениетті, білікті басшы деп. Фуфайкімді киіп, жетіп бардым. Еңбекшілер депутаттары Шалқар қа­лалық кеңес атқару коми­тетінің жа­уапты хатшысы Әбен Досов үс­тіме  бір қарап, сәл қабағын шытып,­ қолымнан ұстап алып, «Оспан Құдайбергенов» деген жазуы бар есікті бір-екі қағып, ашты да, бірден «Жолдас председатель, міне, Төреханов!» деді. Құдайбергенов деген кісі жазу үстелінде жатқан «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетіндегі екі баға­­­налық мақаланы көрсетіп «оқы» де­ді. Жүрегім зырқ ете қалды. Еже­леп бас­тап, жүргізіп оқи бердім. Еке­уін­де де үн жоқ, тыңдап отыр. Қа­ра терге түсіп, фуфайканың жеңіне бе­тімді сүрте беріп едім, председа­тель «тоқта!» деді де, хатшыға қарап: «Жол­дас Досов, мына жігітті коми­тетке іс жүргізуші етіп алайық. Шешім жаз, үйрет», деді де, маған көзін тоқтатып қарап: «Төреханов, бұл газет Қазақ КСР-нің бас газеті! Осы га­зет­ті үзбей он жыл оқысаң, орта білім алып шы­ғасың. Мүмкін, бұл газет се­нің келешек тағдырыңды анықтар», де­ді де сәл кі­діріп, «боссыңдар, іске кірі­сіңдер» деді.

Бұл 1947 жылдың күзі еді. Сөйтіп, он алты жасқа жаңа толған шағымда мем­лекеттік жұмысқа қабылдандым. Күн­діз-түні тек қана газеттерді оқи­мын. Ұнаған мақалаларды  дәптерге жа­зып қоямын. Бір күні Әбен аға: «Сен, кө­ріп отырсың ғой. Күнде таң­ғы се­гіз­дерде пошташы газет, жур­налдар­ды әкеледі. Сол газеттердің ең үстіне «Социалистік Қазақстанды», со­нан-соң аудандық, облыстық, кейін «Правда», «Известия», «Казправда» га­зеттерді былай бүктеп, председатель келгенше кабинетіндегі жазу үстелінің үстіне қоясың» деді. Содан соң тағы «бүгіннен бастап қала тұрғындарының тізімін аласың. Алдымызда Қазақ КСР Жоғарғы Советінің сайлауы. Тізім сол сайлауға керек. Депутаттыққа канди­дат та белгілі. Ол Қонаев... Ертең те­мір­жол клубында жиналыс болады. Оған дейін ешкімге айтпайсың», деп 48 беттік екі дәптер, 3 қарындаш берді. «Тізім алуды Селиванов поселкесінен бас­тайсың».

Сонымен, теңіздей терең  халық ішіне кіріп кеттім. Селиванов поселке­сінің тұрғындары, негізінен, Ресейден келгендер. Кейбір үйлердің ішкі қабыр­ғаларында ілулі тұрған «қара қалпақ» қақ­сап сөйлеп тұрады. Қалада, тіпті мем­лекеттік мекемелерде бұл жоқ. Таң­ғаламын. Ойлана, ойлана келіп «СҚ»-ға (редакторы Аққұлов), «Қалада радио неге жоқ?» деген тақырыппен шағын мақала жаздым. Бірден газетке шыға келді. Қуанып кеттім. Іле-шала аупарткомның бірінші хатшысы Ғиният Төлеуішев, хатшысы Саттар Имашев, қалалық кеңес басшылығы Ақтөбеден «қара қалпақ» – радионың бірнеше жүзін алғызуға сауда орнына тапсырма берді. Арада ай өте көп радиоқабылдағыш – «қара қалпақтар» жеткізіліп, облыс орталығынан оларды орнататын монтёрлер келді. «Қара қалпақтар» көшелерге  қаз-қатар іліне бастады. Халық көшелерге жиналып, «қара қалпақтарды» тыңдады, мәз болып, күледі, сөйлеседі, халық кө­ңілденді. Содан кейін-ақ «СҚ»-ға ірілі-уа­қты мақалаларым, хабарларым шыға бастады.

* * *

Мұғалжар асуы – ашық түнелі заманында қысы өте қатты, боран, түйе құлататын қарлы жел, өткел бермейтін КСРО-дағы жалғыз қарлы-боранды асу болатын. Осы ашық түнелге бір мыңдай адам жаяулап, арқалағанымыз көлік, қол шаналар, ағаш күрек, арқан, т.б. құралдарды апардық. Екінші тәу­лік аяқтала түнелдегі пойызды қардан ар­шып алдық. Үш вагон. Ортадағы вагоннан басында түйір шашы жоқ, толық денелі бір ер адам шығып аудан басшыларымен амандасып болды да, оң қолын жүрегінің тұсына қойып, жұмысшыларға бас иіп, рахметін айт­ты. Ол адамның кім екенін ешкім біл­мейді. Қалаға жұмысқа келген соң Оспан Құдайбергенов аға: «ол шолақ пойыз Қазақ КСР-нің бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің отарбасы» деді. Содан әп-әдемі қысқалау материал жазып «СҚ»-ға жібердім. Хат келді редакциядан. Ол кісі туралы, оның пойызы жайлы оқиғаны газетке баса алмаймыз деп себебін түсіндіріпті де, жиі-жиі жазып тұр депті. Бұл сол 1947-1948 жылдардың қысы еді. Халық арасында «Шаяхметовтің шолақ пойызы» деген сөз өріс алды.

Бір күні Әбен аға шақырып алып «Сені Имашев жолдас шақырып жатыр, тездетіп бар», деді. Бардым, бір­ден қабылдады.

– Төреханов, сенің «Социалистік Қазақстан» газетіндегі радио туралы­ жазған мақалаңды райком жақсы қа­был­дады. Халық газетке алғысын жау­дырып жатыр. Ондай ойдың басыңа келгеніне рахмет! Айтайын дегенім, сені, Шалқар аудандық «Социализм туы» газетіне қызметке жібергіміз ке­ліп отыр. Радио торабын ашу жайлы ше­шім шығардық. Сол радио торабын да басқарып, халық алдында аптасына кеш­кілік үш рет сөйлейсің, аудан, ел жа­ңалықтарын халыққа жеткізесің. Бұл ұсынысты газет редакторы Шойғарин жолдас та айтқан еді. Ол бюро мүшесі ғой. Жарайды десең, ертең бюро, сонда сені бекітеміз, – деді.

1949 жылдан бастап аудандық га­зетке жұмысқа орналастым. «Со­циалистік Қазақстанды», басқа да бір-екі газетті үйге жаздырып алғаныма екі жыл болды ғой. Үйіміз бір бөлмелі, жалғыз терезелі, саз балшықтан соғыл­ған үй. Отбасында жеті баламыз. «СҚ»-ны оқып болған соң бөлменің қа­бырғасындағы шегеге іліп қоямын. Оның қасына «қара қалпақты» да ілдім. Үй іші радионы тыңдап мәз болады. Кешкілік «СҚ» газетіндегі қызықты мақалаларды әке-шешеме, балаларға дауыстап оқып беремін. Осы 1949 жылдың күзінде, 30 қазанда Бал­зада Шәмшіқызымен шаңырақ құрдым. Балзада Шымкентте астық сапасын анықтайтын екі жылдық оқу орнын бітіріп келген еді. «Заготзерно» мекемесінде лаборант болатын. Бірде көңілденіп, «Социалистік Қазақстан» газетің, мына «қара қалпақ» мені са­ған жақындатты ғой» дегені бар-ды. Сол Балзада Шәмшіқызы дүниеге бес бала әкелді, оқытып, тәрбиеледі. Ба­ла­ларымыз Мәскеуде, Ленинградта, Алматыда жоғары білім алды.

Бір күні хатшы Саттар Нұрмашұлы Имашев телефонмен  хабарласып, келіп кетуімді сұрады. Бардым.

– Мен оқуға жүргелі отырмын. Төреханов жолдас, сен КазГу-ге оқуға бар. Қаламың қарулы, уытты. Елге танымал қаламгер боларсың. Меніңше, келешегің баспасөзде, – деп қысқа ғана айтты да қолын ұсынды.

Иә, Саттар Имашев кейін Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық Коми­тетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болды.

1950 жылы КазГу-ге оқуға түстім. Т.Тәжібаев, М.Әуезов, І.Кенесбаев, Н.Сау­ранбаев, Б.Кенжебаев, Е.Бал­маханов, Т.Бәсенов, Н.Жақсыбаев, Б.Сүлейменов, Ы.Маманов, О.Төле­генов, Ж.Аралбаев, арабтанушы Әжікеев  сияқты  білімді де атақты ұстаздардан  үлгі-өнеге, тәрбие, білім алдым. Факультет ком­сомол ұйы­мының хатшысы болдым. Арнаулы шә­кіртақы алып тұрдым. М.Шолохов, Л.Леоновтерді КазГу-ге шақырып, студенттермен кездестірдім. Универ­ситетті қызыл дипломмен аяқтадым. Бұл студенттік бес жылда да «СҚ»­ га­зетін киоскілерден сатып алып,­ тұ­рақты оқырманы болдым. Универ­ситет басшылығы Ленинград универ­ситетіне шығыстану кафедрасына ас­пи­рантураға жолдама берді. Жағдай жоқ,  бара алмадым. Елде, сол Шалқар аудан­дық газетіне ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Қалам қайта жанданды.

 

* * *

«Түтінсіз қала», «Құмдағы орман сыбдыры», «Шым кепеден шыны са­райға», «Аяққұм мал жайлымы» очерктерім, «Өсек өзін өртеді», т.б. фельетондар арқылы болар, «Социалистік Қазақстан» екі рет өзінің Кұрмет грамоталарымен марапаттады. Орталық партия комитеті менің газеттерді бас­қару, жоспарлау, шығару жөніндегі іс тә­жірибем туралы «Талап. Тәжірибе» атты кітапқа (1972 ж.) қосты. Бұл жылдары Темір, Ойыл, Байғанин аудандары және Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша шығатын Ақтөбе облыстық, селолық газеттерін ұйымдастырып, басқардым. Содан кейін табан аудармай отыз жыл Шалқар аудандық газетін ашып, бас редакторы болып­ жұмыс істедім. КСРО-ның талай­ жерінде болдым. Өмір бойы жазылған қойын дәп­терлерімнің саны екі жүзден асты. Турасын айтсам, «Егемен Қазақстан» менің ұлы да ұлағатты ұстазым болды. Қаламымды шыңдады. Терген, жинаған деректер, тарихи оқиғалар соңғы ширек ғасырда «Атамұра» баспасынан 16 кітап, 7 роман, 7-8 повесть жарыққа шығаруыма жеткізді. «Дала Геркулесі» тарихи романыма Сәбит Досановтың «Егемен Қазақстанда» (2009 жылы 25 ақпанда) рецензиясы шықты. Бұл кітап Нью-Йоркте көрмеге койылыпты.

Тағы бір дерек. «Дала Геркулесі» шығармама байланысты 2010 жылдың 13 қыркүйегінде Елбасынан хат алдым. Онда: «Өмірде көпті көрген қоғамда жүріп жататын күрделі процестерге сараптама жасай алатын көзі ашық кісінің келтірген деректері ретінде сіздің бұл жазбаларыңыздың өзіндік тарихи мәні бар деп есептейміз» деп жазыпты.

P.S. Бүгіндері 90-ның шыңын бағындыра отырып, «Егемен Қазақ­стан» газетінен Байқал Байәділ, Гүл­айым Шынтемірқызы және  Нәзира Жәрім­беттің мақалаларын, сондай-ақ бағана авторлары Сейфолла Шайын­ғазы, Анар Төлеуханқызы, Серік Неги­мов, Сұңғат Әліпбай, Жақсыбай Сам­рат, Сүлеймен Мәмет және Мирас Асанның жазғандарын Балзия Шәм­шіқызы екеуміз жарыса оқып, риза бо­лып қаламыз.


Тауман ТӨРЕХАНОВ,

журналист-жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері