Жамбыл атасының тойына қапысыз қамданды. Атбегінің балаша мәпелеп күткенін қанаты да ұққандай. Күн асқан сайын кемеліне келіп, жілік майы толып, бауырынан жарады. Бұл кез тәжірибесінің әбден кемеліне келіп, жүйріктің жайын жадына тоқыған шағы. Бағы жанса болды, бабы қапысыз. Міне, үш жүзге жуық жүйрік қатысқан аламан бәйге де басталды. Әп еткен бетте 20-30 тұлпар оза шапқан, қалғандары арқан бойы кейін. Тіпті, одан кейін де бауырын жаза алмай кібіртектеп қалғандары бар. Ал жер танабын қуырған жүйріктердің алдында Ульфаттың «Змейка» атты жүйрігі жақтан суырылған жалғыз жебедей зырқырап барады. Алғашқы айналымда алдына қылқұйрықты салмады. Он сан көрермен Көкшетаудан келген жүйріктің құйын-перен шабысына дән разы болған. Олар да еріксіз жанкүйеріне айналғандай айқұлақтана айғай салып, дуылдай демеп тұр. У-шудан аспан айналып жерге түскендей. Міне, екінші айналым да аяқталды. Енді міне, үшінші айналым. Әр айналым үш шақырым. Бәйге жолы он айналым. Дәл осы сәтте қоянша құлағын жымқырып алып, зырқырап бара жатқан жүйрік қос өкпеден оқ тигендей омақасып құлаған. Жусанды даланың боз топырағы бұрқ ете түсті. Жұлдыздай ағып келе жатып құлайтын жөні жоқ еді ғой. Жоқ, рас екен. Жаманат дүниенің жалған болғаны бар ма еді?! Еті әбден қызып, екпініне екпін қосқан Змейканың артқы аяғы абайсызда алдыңғы жілікке тиген. Қуатты тұяқтың серпіні қоя ма, үзіп жіберіпті. Әй, сол жолы өкінгені-ай. Өзегі өртеніп кете жаздаған. Баяғы Ақан атасының Құлагерді жоқтағаны тәрізді жоқтау айтып, бағы жанбай кеткен ерен тұлпарының басына жетіп құлап түскені ғана есінде...
Жылқы баласына деген алапат құштарлық бала кезінен басталған. Төрт, әлде бес жасар кезі. Бұған дейін қазақтың жалпақ тілімен айтқанда мал көрмеген бала. Краснояр аулына қонаққа келген. Бұл жерде атасы тұрады. Айтпақшы айта кетелік, атасы «Черная колыма» романының авторы, белгілі жазушы Ибрагим Салахов. Сол атасын сағынып, аңсап келген жолы көше бойлап өтіп бара жатқан аттылы кісіні көрген. Жетіп барып, жалына қолы жетпесе де омырауынан, алқымынан сипамақ. Ат үстіндегі қазақтың қара шалы екі көзі жайнап, астындағы атқа ұмтылған баланың ниетін ұқса керек, қос қолтығынан көтеріп алып, алдына мінгізген. Тақымы атқа тиген кезде сәби көңілдің қалай шаттанғандығын айтып жеткізу мүмкін емес. Мынау жарық дүниедегі бар бақыт ат үстінде деп ұққан. Жан-жағына мақтана қараған. Содан бері ер қанаты атқа деген махаббаты оянды. Сол ұлы махаббат қаншама жылдар бойы жылқының жанынан сынық сүйем шығаратын емес.
Атқұмар бала үйде отырмайтын болды. Көзден сәл таса болса болды, атасының ауылына тартып отырады. Онда жас жаны сүйетін жылқы бар. Мінгізбесе де, жанына жақындап барғысы келеді. Үй ішіндегілердің дегбірі кеткен, қашанғы күзетіп отырмақ. Ақыры атасы ат сатып әперетін болды. Атасы мен немересі уәделескен, оқу жылын үздік аяқтаса, бәсірелі болады. Атасы сөзінде тұратын адам. Сол сеніммен енді жақсылап оқуға кіріскен. Күнделігіне бес деген баға түскен сайын үзеңгіге аяғын салып тұрғандай болып көрінетін. Сағыздай созылған оқу жылы да бітті-ау. Күнделік кілең бес, енді тұлпар қайда қашар дейсің?! Атасы айналып-толғанып жүріп, 350 сомға тай сатып әперді. Өзінің еңбекақысы 76-ақ сом. Екі студент оқытып отыр. Отбасын асырап отыр. Бала-шағаның аузынан жырып, атқұмар немеренің өтінішін орындады. Өз аты, өзінің тұлпары! Енді ешкімге көзін сатпайды.
Ұлттық дүниеге байланысты көп шаруаның қиюы қашқан кеңес заманында жылқы тұқымын асылдандыруға деген талпыныс бар еді. Краснояр селосының іргесіндегі №47 жылқы зауыты, Приречен селосындағы жылқы зауыты. Бұл зауыттарда Қостанай жылқысының тұқымы бағылатын. Ат зауыты кінәраты бар құлын-тайларын жекеменшікке сатуға хақылы. Сондай өз іріктеуінен өтпей қалған бір жабағының бұйырғаны. Ең алғашқы бәйгеге қосқан жүйрігі де сол.
Атқа деген құмарлық жер түбіндегі Воронеж қаласының маңындағы Хреновский ат зауытының базасындағы училищеге алып келген. Айтпақшы, бұл училищенің құрылғанына сол кездің өзінде 200 жыл толыпты. Тарихы тым әріде жатқан училищеде тірнектеп білім жинады. Жылқы тұқымымен, тарихымен танысты, болашағын бажайлады. Жалғыз Ресейдің ғана емес, әлемдегі жылқы атаулының өткені мен бүгінгісін саралады. Сөйтіп шабандоз-жаттықтырушы болып шықты. Сол кезде бар болғаны 16-ға жаңа толған.
Кейін арада көп жыл өткен соң, дәлірек айтсақ, 1993 жылы Краснояр ауылында ат спортын жандандыруға жанын сала кірісті. Өзінің айтуына қарағанда, осы жолда кілең жақсы адамдарға жолыққан. Соның бірі сол уақытта облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы болып жұмыс істеген, ұлттық өнердің жанашыры Қанат Ахметов, Көкшетау қаласының әкімі Асқар Хасенов. Кейін де жанашырлар табылып жатты. Атқа мінгісі келетін бала көп. Олардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың өрендері. Қайсысы келсе де, Ульфат Нығметұлы құшақ жая қарсы алады. Бірде Шағалалы өзенінің аңғарында балаларды атпен сейілдетіп жүрген. Күн желкем, өңмеңіңнен өтетіндей суық болатын. Шамасы өзен үстіндегі көпірмен өтіп бара жатып көзі шалған болуы керек, «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әлидар Өтемұратов атқұмарларға бұрылған. Бұл болса басқа лайықты орын жоқ екендігін, осылайша қысы-жазы амалдайтынын айтып жатыр. Атқұмар балаларға жаны ашыған болуы керек, Әлидар Болатұлы бірден көмек қолын созған. Ұзындығы 75 метр, көлденеңі 20 метр манеж салып берді. Бұл атбегі үшін көптен бері орындалмай келе жатқан арманы еді. Енді міне, атқұмар балалар қысы-жазы ат спортымен жаттыға алады.
–Бұрын осы ауылдағы ұлттық спорт мектебінде қызмет істегенмін,–дейді атбегі,– қазір өзім ұлттық спортты дамытуға үлес қосудамын. Жүйрік баптаймын, шабандоз дайындаймын. Біздің саладағы ең басты мәселе, тұрқы келіскен тұлпар табу. Қазіргі күні қазақ жылқысынан жүйрік шықпайды деген ұғым қалыптасып отыр. Оның өзіндік себебі бар, түбін қуып келсең, былайша түйіндеуге болады. Бағзы заманда қазақ жылқыны шамамен үш топқа бөліп бағалаған. Біріншісі, жабы тұқымдас жылқы. Бұл тек етті тұқым. Аталарыңызда «жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат тумас» дейтін сөз бар емес пе? Рас, жабының өзіндік қасиеті бар, ол қыстың суығына, жаздың ыстығына төзімді. Жыл он екі ай бойы қолға қарамайды. Сонысымен құнды. Мұны бір топ деңіз, екінші топ сән мен салтанатқа мінген жылқы. Алаш жұрты азуын айға білеп, мейманасы тасып тұрған кезде жігіт-желең, қыз-қырқын сәндікке мінген, бай-мырзалар салтанат үшін ұстаған. Қызды ауылдың қасынан жалтаң қаққызып жорға, жүйрік мініп өткен қандай ғажап, шіркін?! Ал үшінші топ желқуық жүйрік. Қазақ даласында өзінің төл малынан шыққан талай жүйріктің аты тарихта таңбаланып қалды емес пе? Менің атамның татар тілінде жазылған повесі бар. Ақан серінің Құлагерін сипаттаған және екінші бір жай – жылқының көптігі. Қазіргі емес, бұрынғы. Көп жылқының ішінен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығады емес пе?!
Астана қаласының тұсаукесерінде дүбірлі аламан бәйге өткізілді. Ат тұяғы жететін жерден небір жүйрік бәйге жолына шықты. Осы жолы да көкшелік атбегінің жүйріктерінің бағы жанды. Аламанда екінші болса, тоқ бәйгеде бірінші, жорға жарыста Бурабай баурайындағы Мезгілсор ауылының атбегі Амантай Мағзұмовтың Ботагөзі қара үзіп келді. Тұсаукесерде пайдаланылған атшабар Краснояр селосына көшірілді. Ұлттық спорт мектебінің еншісінде. Бұл да Ульфат Нығметұлының жүйріктерінің арқасы.
Атбегінің айтуына қарағанда, қазіргі күні бағы жанып тұрған жылқы – ағылшын жүйріктері. Қолы жеткендер ұстап бәйгеге қосып жүр. Баяғыда атқұмар бала қаланың іргесіндегі атасының ауылына аңсары ауып тұрса, бүгінгі атбегілердің аңсары мұхиттың арғы жағына ауып тұр. Өзі де талай рет барып ағылшын тұлпарларын әкелді. Қазақы жылқымен будандастырды. Тұқым жаңартпай болмайды, өйткені қолда барымыздан айырылып қалдық қой.
– Сараптап қарасаңыз, – дейді атбегі, – кешегі саяси қуғын-сүргіннің қара балтасы қазаққа ғана емес, қазақтың жылқысының да шекесіне тиген. Ақ қашып, қызыл қуған қырғында үдере көшкен елмен бірге, мың сан адам, сол адаммен бірге жылқы да ауып кетті емес пе?! Көшке жарайтын, тау асып, тас басқанда қажымайтын талай тұлпардың тағдыры сол тұста қуғын-сүргінге ұшыраған. Әрине, адам сияқты жылқының да қаны алмасып тұруы әбден мүмкін. Мысалы, осы төңіректе Қоянды, Атбасар жәрмеңкелері болды ғой. Ол жәрмеңкелерге Қырым мен Қытайдан саудагерлер ағылды. Жаяу келген жоқ, атқа мініп келді. Айдағаны кең құрсақты мама бие, арқыраған айғыр. Содан соң тұқым алмасу болмай тұра ма? Мысалы, ерен жүйрік Құлагердің түсінің құла болғандығын елдің бәрі біледі ғой. Ал құла түс араб жылқысына тән. Демек, Құлагердің қанында араб жылқысының қаны болуы әбден мүмкін емес пе?..
Қанша рет бәйге алғаны есінде жоқ, әдейілеп санамапты да. Отыздан астам халықаралық, республикалық аламан бәйгеде топ жарған. Кілең бірінші орын. Екінші, үшіншіні санап отырған жоқпыз. Үш ұлттық спорт түрлерінен спорт шеберлерін тәрбиелеген. Біреуі өзінің қызы – Румия Усманова. Қазір қызы атқұмарларға тәлімгерлік жасауда. Көкшенің баурайында ат спорты туризмін дамытпақ. Ең басты мақсат, қазақы жылқыдан қанатты тұлпар шығарсам дейді.
– Ағылшын, араб жылқысымен аламанда ат оздырғаныңмен, өз жылқыңдай өзегіңді жара қуанбайды екенсің,–дейді атбегі,–Құлагердің шабысын көрген елде сондай бір тұлпар тапсам арманым болмас еді!
Ақмола облысы