Аймақтар • 04 Сәуір, 2019

«Atyrau Marathon – 2019» жарысына үш мың адам қатысады

934 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінге дейін мың жарым қатысушы жүгіруге тіркелді. Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Atyrau Marathon – 2019» жарысына үш мың адам қатысады

Биыл үшінші рет өткелі отырған дәстүрлі марафон кең көлемде болады және үш мыңға жуық қатысушы бақ сынайды деп күтілуде. Бүгінге дейін Қазақстанның ірі қалалары - Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудан желаяқтар бұқаралық жүгіруге қатысуға өтінім берді. Үшінші қайырмдылық жүгіру шарасындағы бес қашықтықтың біріне қатысуға шетел азаматтары мұнай компанияларының мамандары да ниет білдірген.

- Қатысушылардың таңдауына бес қашықтық 42 км, 21 км, 10 км, 3 км, 1,2 км (балаларға арналған) ұсынылады. Жеңімпаздар жастарына қарай 76 санат бойынша марапатталады. Жалпы жүлде қоры 5 млн теңге, - деді «Atyrau Marathon-2019» ұйымдастыру комитетнің вице президенті Юрий Пономарев.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, ең алыс үш қашықтыққа қатысу үшін ақшалай төлем жасау керек, түскен барлық қаражат қайырымдылық мақсатқа-жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жұмсалады. 3 және 1,2 км қашықтыққа жүгіруге қатысу тегін. Марафонның барлық қатысушыларына естелік медаль беріледі, ал жүлдегерлерді демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтар күтіп тұр. «Atyrau Marathon-2019» ҚР Тұңғыш Президенті жариялаған Жастар жылы аясында өтеді. Әр түрлі қашықтықтағы жүгіруге қала мен облыстағы жастар өкілдері қатысады.

- Жастар саясатын дамыту-қоғамдағы басты бағыттың бірі. Ел болашағы жастардың қолында. Қай салада болса да жоғары нәтиже көрсетіп, саламатты өмір салтын қолдап, спортпен шұғылдану керек. Сондықтан, біз өңір жастарын марафонға белсенділікпен қатысуға шақырамыз,- деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.

Марафонға қатысу үшін www.atyraumarathon.kz сайтында және Құрманғазы-12 мекенжайында орналасқан INFINITY FITNESS клубында тіркелуге болады. Бүгінге дейін 1,5 желаяқ тіркеуден өткен. Айта кету керек, марафонның барлық қатысушылары үшін апта сайын жаттығу өтеді. Сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-да Сұлтан Бейбарыс ескерткіші алдында, жексенбі 8.00 Х. Досмұхамедов атындағы АМУ стадионында. «Atyrau Marathon-2019» қайырымдылық марафоны 14 сәуірде болады. Мәре орны- Сұлтан Бейбарыс алаңы. Бұқаралық жүгіру уақытында орталық көшелерде қозғалыс шектеледі. Жиналу танғы сағат 6 - да.