Сыбайластардың соңғы cағаты соғады
Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:23
Елбасының Жолдауына байланысты Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты айқындалып жатыр. Соның бірі сырты жылтыр, іші жемқор шенеуніктерге қарсы нақты майдан ашып пара берушіні де, пара алушыны да, бюджет қаражатын жегенді де, ұрлағанды да оңдырмай опындыратын жемқорлықпен күрестің бұрын-соңды болмаған стратегиясын жасау қолға алынды.
Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:23
Елбасының Жолдауына байланысты Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты айқындалып жатыр. Соның бірі сырты жылтыр, іші жемқор шенеуніктерге қарсы нақты майдан ашып пара берушіні де, пара алушыны да, бюджет қаражатын жегенді де, ұрлағанды да оңдырмай опындыратын жемқорлықпен күрестің бұрын-соңды болмаған стратегиясын жасау қолға алынды. Бұл мемлекеттің қаржысын билікті асыра пайдаланып сыбайласып сорған талай шенеуніктің соңғы сағаты соғатынын білдіреді. Міне, осы орайда халықтың ортақ қазынасынан сыбайласып ішерін ішіп, жегенін жеп, түк болмағандай талтаңдай басып жүрген арамтамақтардың жұлынын үзу үшін қазір қандай шаралар қолға алынып жатқандығы туралы білмек оймен Астана қалалық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ерболат Балғабаевпен әңгімелескен едік.
– Ерболат Темірболатұлы, Жолдауда айтылғандай, қаржы полициясының енді негізгі күші «көлкеңкелі» экономикамен, бюджет қаражатын ұрлайтындар және тамыры тереңге кеткен жүйелі жемқорлықпен күресуге бағытталуы тиіс. Бұл орайда тәуелсіздігіміздің жағасына жармасып келе жатқан жемқорлықты жоюдың жолы енді түбегейлі жасалады деп ойлайсыз ба?
– Иә, жасалуы тиіс. Өйткені, Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауында айтылған жаңа мәселелерді халық қазір талдап, біліп, енді соның орындалуын қалап отыр. Оның басты себебі, жыл сайынғы жолдауларда алға қойылатын тапсырмалар нәтижесі экономикалық жағдайымыздың жоғарылауына, еліміздің жақсаруына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының түзелуіне түпкілікті себебін тигізіп, жаңаша өмір сүруге жол ашуында деп білемін. Сондықтан халық Жолдауды асыға күтетіні рас. Өйткені, әр күннің, әр айдың, әр жылдың өзіндік талабы болады.
Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ел алдына, әр мемлекеттік орган алдына сол уақыттың үрдісіне сай өзіндік бір талап қойылғаны белгілі. Соның ішінде Елбасы құқық қорғау органдарына да әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты тапсырмалар бергені анық. Осыған орай құқық қорғау органдары еліміздің экономикалық жағдайының жақсаруына өзіндік үлестерін қосқаны да сөзсіз. Міне, осы бағытта алар болсақ, Елбасы биылғы Жолдауында да біздің салаға қатысты бұрынғыдан өзгеше талаптар қойып отыр. Бұл міндетті орындау үшін бізге сан емес, сапа қажет. Ал сапа болуы үшін, әрине, жұмыстың жүргенін көруіміз керек.
Осыған орай Қаржы полициясы агенттігінің Төрағасы Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков біздің ведомствоның алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды нақтылады. Қаржы полициясының жеке құрамына барлық күш-жігерін сыбайлас жемқорлықпен күреске, «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұруға және бизнес өкілдерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға жұмылдыру тапсырылды.
– Қаржы полициясы туралы жұрт арасында өзгеше пікір қалыптасқан. Бірқатар адамдар үрке қарайды. Әрине, олардың көбі жемқорлар болуы мүмкін. Дегенмен, қаржы полициясы жазалаушы орган емес қой?
– Иә, дұрыс айтасыз, қаржы полициясы жазалаушы орган емес. Ол елдің қамын ойлағандықтан құрылған. Сондықтан бізге, ең алдымен, жұрттың қорыққаны емес, халықтың сенімі керек. Сенім бар жерде жұмыс та жүреді. Ал сенім болу үшін ісімізден әділдіктің, адалдықтың исі аңқып тұруы тиіс. Өзіңді өзің жаттай сыйла дейді. Халық сенетіндей қызмет атқарылуы тиіс. Мұндай жұмыс қаржы полициясы беделінің артуына бірден әсерін тигізеді. Бірақ алдымен мұндай жұмысты атқара алуымыз керек, оны атқара алатындай мықты мамандар болуы қажет. Олар кімдер? Олар тәртіпті, адал, мәдениетті, өздерінің қызметімен бизнесті араластырмайтын білікті адамдар.
Біреулер арыздана келгенде солардың ісін дұрыс талдап, тиісті дәрежеде анықтап саралай алатын, екі тарапқа да заң талабына сай әділ қарайтын маман болғаны жөн. Өйткені, жәбірленген адамның құқығын заң талабына сай қорғау үшін мәселенің мәнін, оқиғаның көзін тап басып, ақты ақ, қараны қара дей алмасақ, қайтіп біреулерді жауапқа тартуға болады. Онда жәбірленушіні қорғау ауылы алыстай түседі. Сондықтан өзіміздің арамыздағы тәрбие жұмысын дұрыс жолға қою керек.
Бұл жағынан алғанда кадр таңдау мәселесі алдан шығады. Ал кадр бәрін шешеді деп текке айтылмаса керек. Бізге келетін жастардың көбі сонау мектеп қабырғасынан-ақ осы құқық қорғау органында істесем, еліме, халқыма пайдамды тигізсем деген ойда болатындығына шүбәм жоқ. Бірақ олар жоғары оқу орындарын бітіріп, барлық заңдарды жаттап келгенімен, енді мына істі терге деп бірден жауапты жұмысқа жүктей алмайсың. Жоғары оқу орындарын бітірген жас маманның білгенінен әлі білмегені көп екені белгілі. Міне, осы кезде нағыз тергеушінің қандай болатындығын оған үйрететін кім? Әрине, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тісқаққан мамандар. Егер олар жаңадан келген жастарға өзінің жүріс-тұрысымен, әдепті мінезімен, дұрыс ісімен өнеге көрсетпесе, кім үлгі болады?
Демек, біз агенттік төрағасының тапсырмасына сай өз арамызда тәрбие жұмысын бастап кеттік. Тәрбиелі тергеуші жұрттың көңілінде зіл қалдырмайды. Қаржы полициясының қызметкері неғұрлым қарапайым, адал бола түссе, ол соғұрлым заң талаптарына сай әрекет етеді. Арамызда арын сатып, қызмет бабын пайдаланып жүргендер жоқ деп айта алмаймын. Мұндай арамзалар қай мекемеде болса да кездеседі. Дегенмен, қаржы полициясында ондай теріс ойлы жандардың болмағаны дұрыс.
Сонымен бірге, агенттік төрағасының нұсқауы бойынша қаржы полициясы органдарында заңсыз тексеріс болған жағдайда, оны жүзеге асырған қызметкермен қатар оның басшысы да жазаланатын болады.
Қылмыспен заңсыз күресуге болмайды деген қанатты сөз бар. Бұл аталы сөзді қылмыскерлермен күрес жүргізгенде олардың құтылуына, айласын асыруына түрткі, себеп бермеуіміз үшін ұмытпағанымыз жөн. Жан-жақты білікті, ашық тергеу жүргізіп, бұлжымас дәлелді алға тартқанда сол қылмыскердің өзі де амал жоқ, шындыққа мойынсұнады. Мықты тергеушінің ақиқаты арқылы өзінің кінәлі екендігіне амалы жоқтан көнеді. Бұл соттың да негізгі шешімді шығаруына септігін тигізіп, қылмыскердің шындықтан жалтара алмауына көмектеседі.
– «Халық айтса қалт айтпайды» деген нақыл бар. Қазіргі күні кез келген мекемедегі қарапайым адамдар кімнің жемқор екендігін жақсы біледі. Бірақ бала-шағасы бар, алып отырған бір айлық жалақасынан айырылып қалмас үшін аузын аша алмайды. Әсіресе, мына бірқатар АҚ, ЖШС-лер, тіпті қайсібір мекемелер елге пайдалы шығарып жатқан түк өнімдері болмаса да оның басшылары мыңғырған жалған байға айналғандар. Бұлардың қызметінде жемқорлық көріністері жоқ деп ойлайсыз ба? Ондай жемқорлықты мүлде тоқтатуға болмас па еді?
– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Халық бәрін де көріп отыр. Біреулер нақты еңбегімен халыққа пайдасын тигізіп байиды, біреулер жатып алып жемқорлыққа жол береді. Енді, бұдан былай бюджет қаржатын қымқырғандар тайрандап жүре алмайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қай салада көбірек жол беріледі, әуелі соған баса назар аударып, мониторинг жасап отыру керек. Бұл бір шенеуніктің пара алған немесе бюджет қаражатын ұрлап қойған ісіне сәйкес оны тексеруге жан-жақты дайындалып баруымыз үшін қажет. Демек, сыбайлас жемқорлық көрінісін анықтауға барған қызметкерлеріміз тектен-текке тексеріс жүргізбеуі тиіс. Әрбір хабар үшін шапқылап, тексеріс жүргізе беру абырой әпермейді. Өзгенің толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келеді. Бірақ сыбайлас жемқорлық дерегіне сәйкес тексеріс жүргізілді екен, одан бір нәтиже шығуы да керек. Мәселен, ойын автоматтарын қолданбау туралы заң бар. Соған сәйкес қаламыз да бақылау жүргізе алмайтындай үлкен емес. Алайда, жасырын ойын автоматтары бизнесі тоқтар түрі жоқ. Ендеше неге оған біржолата тоқтам салынбайды? Міне, осы орайда біз қазір ондай жасырын ойын автоматтары анықталған орынның бәрін түпкілікті түрде мүлде жауып тастауға кірістік. Екінші рет, яғни қайтадан біз бұл мәселеге айналып келмеуіміз қажет. Жасырын ойын автоматтары бизнесін жойғаннан кейін ол жерде сыбайлас жемқорлық деген де жойылады. Сөйтіп, жасырын бірқатар бизнестің қамтамасыз етілуіне ешкім де көмегін тықпалай алмайды. Ал қай көшеде, қандай пәтерде жасырын ойын автоматтары саудасының жүріп жатқанын кез келген адам біледі. Демек, оларды анықтау да қиын емес. Бұған толықтай мүмкіндік бар. Заңсыздықпен заң шеңберінде ғана күресе білу керек.
– Ұжым басшысы ретінде қызметкерлерге қандай талап қоясыз?
– Әрине, үлкенді-кішілі қызметтерде басшылық орындарда жұмыс істедік. Бірақ әр қызметтің өзіндік ерекшелігі бар дегендей, қашанда қай жерде де жауаптылық бірінші орында тұру керек. Жақсы жұмыс жүруі үшін ұжымдағы ауа райының да нұр шашып тұрғаны дұрыс. Ол үшін әрбір қызметкердің жағдайын жақсы білгенім жөн деп ойлаймын. Оның отбасылық, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы, қандай шешілмей жатқан мәселелері бар дегендей, мүмкіндік болса оларды шешуге тырысқан жөн. Қызметкердің мұндай мәселелері шешілген соң одан жұмысты да қатаң талап етуге толық құқымыз бар. Өтірік айтылмау керек, өсек пен шындықты айыра білген дұрыс. Кез келген қызметкердің өзіндік ойлары бар. Олар күнделікті өмірде нақты мәселелермен тікелей бетпе-бет ұшырасып жүрген адамдар. Мен қызметке тағайындалған бойда әрбір қызметкерді шақырып, олардан егер осы лауазымда қызмет атқарсаң, жұмысты қалай бастап, не істер едің деген сұрақтар қойдым. Расында, олардың айталмай жүрген ойлары мен ұсыныстары көп. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік істе өзім білем деу әбестік, біздің бір-бірімізден үйренетініміз баршылық. Мұның бәрі ақыр аяғында, сыбайлас жемқорлықпен қайткенде тиімді күресуге болады деген сұраққа жауап іздеу, ақылдасып пішкен тон келте болмайды.
Жалпы, қаржы полициясы қызметкерінің әрбір ісінен де, сөзінен де заңдылықтың талаптары айқын білініп тұруы тиіс. Адам тілдескенше демекші, мәселен, сөйлескен кезде де ә дегеннен-ақ кімнің кім екені бірден байқалады. Бұл кезде мәдениеттілік, әдептілік, тәрбиелік, ізеттілік біздің қызметкерлеріміз үшін ауадай қажет. Ал кез келген бір істі тексеруге барған қызметкеріміздің міндеті өте ауыр. Оның тергейтін адамы қылмыскер ме, айыпты ма, күдікті ме, жәбірленуші ме, мейлі, кім болсын, бәрібір адам ғой. Мүмкін күдікті дегеніміз тексере келгенде судан ақ, сүттен таза адам болып шығуы кәдік. Ол адамдардың бәрімен бірдей мәдениетті түрде сөйлесе білу керек. Ал ондай сөздің басы, барлық қызметкерлеріме де қойып отырған талап, мейлі бір-бірімен сөйлескенде де «сіз» деп тіл қатудан басталғаны жөн. Бара сала қоқан-лоқы көрсеткен тергеушіден гөрі адамдық құқын таптамай жоғары мәдени талапта сөйлескен қызметкерімізге істі ашу жеңілге түсетіні анық. Біздің міндетіміз орын алған қылмысты ашу. Ал оны жазаға тарту, тартпау соттың ісі. Демек, біз әділдікті іздеуші яғни нақты қылмыстың болғанын және қалай орын алғанын дәлелдеушіміз.
Бұрын мұнда тіпті жұрт өзінің біреуге берген қарызын қайтару үшін де арызданған екен. Соның қарызын қайтаруға қаржы полициясы қызметкері араласыпты. Бұл мүлде дұрыс емес, өйткені, қаржы полициясы қызметкері біреудің қолшоқпары емес. Мұндай екі адамның азаматтық ісін қарайтын сот бар, соның алдына жүгінуі тиіс. Қазір мұндай істер бойынша шағым айта келген жандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ал ең бастысы, мұндай дауға араласпау арқылы біз қызметкерлерімізді сыбайлас жемқорлыққа себеп болуы мүмкін дерек көріністерінен сақтап қаламыз.
– Дегенмен, кез келген қызметкер сіздің сыбайлас жемқорлықпен қандай бағытта күрес жүргізу керектігін біле бермейді ғой.
– Сондықтан да бізде қазір тиімді күрес жүргізу үшін әдістемелік нұсқаулық жасалып жатыр. Сіз дұрыс айттыңыз, тергеуші яки жедел қызметкер қылмысты ашу барысына тек өз ойымен, жеке түсінігімен кірісіп кетпеуі керек. Сыбайлас жемқорлықтың, экономикалық қылмыстың түрі көп. Ал бұл жөнінде бізде бұрынғы қаралған істер бойынша үйренетін тәжірибелер баршылық. Солардың арасынан күрделі қылмыстардың ашылу жолдарын жиып, бір арнаға түйіп тергеушіге жол көрсететін, бағыт-бағдар беретін, тұйыққа тірелген сәтте не істеу керектігін түсіндіретін нұсқаулық дайындалуда. Мәселен, салықтың жетіспеушілігімен қалай күресуге болады, сол сияқты пара беру, пара алу, қызметтік уәкілеттікті асыра пайдалану, жалғандыққа бару, жасыру т.б. туралы әдістемелік нұсқаулық жоқ. Өйткені, қазір заңдар да көп, заман талабына сай жаңа түсініктер де көп. Оған сәйкес қылмыстың түрлері мен мазмұны да өзгере түсуде. Демек, аталған нұсқаулық жаңадан келген мамандарға айрықша көмек екені белгілі.
– Құлағым тыныш болу үшін сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен құртып жіберу керек дегеніңіз жүрекке жылы тиеді екен. Алайда, жемқорлар ұсталғанда, міне, менің жегенім деп бар қаражатын немесе дүние-мүлкін ұстата бермейтіні анық. Ол бар ұрлаған дүниесін тума-туыстарының атына жаздырып, зәулім сарайлар тұрғызып, қос-қостан шетелдік қымбат көліктер алдыртып мұртынан күліп жүре береді. Ұсталса құтылады, көп болса аз-кем отырып шығады. Сосын өзгенің атына түсірген орасан байлығына малшынып, рахаттана қайта тірлігін бастайды. Сонда қылмыскерді соттап қана қойғаннан ел не ұтады?
– Әрине, айтып отырғаныңыз шындық. Егер қылмыскердің жеке есебінде түк қаражат болмаса, ештеңе істей алмаймыз. Бірақ, жемқорлық көрінісі байқалған кезде-ақ, егер тәжірибелі тергеуші болса о баста жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында бәрін тап басуға болады деп ойлаймын. Мәселен, көзге самаладай жарқырап көрініп тұрған коттедждерді, кең сарайдай пәтерлерді, қымбат көліктер, құнды дүние-мүліктерді қылмыстық қаражат жолымен келгендігі туралы ақпарат түссе, анықтау қиын емес. Осы дүниелердің бәрін ол туысқанының атына жазғызып қойып, сол үйде өзі тұруы да немесе сол қымбат көлікті пайдаланып жүруі де әбден мүмкін. Ендеше, бұл қылмыстарды оп-оңай дәлелдеуге болады деген сөз. Ал дәлелденсе, мейлі кімнің атына жазылсын, түгін қалдырмай тәркілеуге заң бойынша жол ашылады. Міне, мен жоғарыда біздің қызметкерлеріміздің білікті, тәжірибелі, асқан шебер болуы керектігі туралы айтқаным сол. Олар кез келген жемқордың жеген, бірақ жасырып үлгерген дүниесін тауып, дәлелдеп әшкере ете алатындай дәрежеде болуы керек.
Сонымен қатар кез келген кәсіпорындағы қылмысты ашарда онда жұмыс істейтін адамдардың жағдайын да ойлаған дұрыс. Әйтпесе, оның басшысы экономикалық қылмыспен ұсталған екен деп кәсіпорынның есеп-шотын мүлде жауып тастау, сол мекемедегі жұмысшылардың бәрін айлықтарынан қағу деген сөз. Мәселе әлгі мекемеде қандай дәрежедегі қылмыс жасалды, соны анықтап барып сәйкес шешім қабылдау керек. Егер ол кәсіпорын салығын төлеп тұрса, бірақ тек бар мәселе бір ғана басшыға қатысты болса неліктен бас-көз жоқ келе сала бәріне тоқтам салу қажет?
– Қай саланы алмайық, әсіресе, мына құрылыс саласында бюджет қаражатын жымқырып, ақыр аяғында құрылыс та жоқ, түк те жоқ талтаңдап басып жүргендер көп-ақ. Сол бюджет қаражатын жымқырып жатқандарға қашан тосқауыл қойылады?
– Бұл өзі расында дендеген кесел болып тұр. Бюджет қаражатын жейтіндер өздері ешуақытта ұсталмайтындай сезінеді. Қазір бізде құрылыс саласындағы бір істің тергеуі аяқталып қалды. Істің қозғалғанына бір жылдан асқан. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Миллиардтаған қаражат қолды болған. Бірнеше шетелдік ең қымбат көліктер сатып алынған. Сезікті шетелде тайраңдай басып жүр. Мемлекетке орасан зиян келген. Енді істі қайта қолға алдық. Мұндай адамдар аз болмай тұр. Олар ешуақытта халықтың, елдің қамын ойламайды, тек өздерінің жеке мүддесін, қалтасын толтыруды ғана ойлайды. Сондықтан бізде бұрын қаралып, кейін белгісіз бір себептермен тоқтап қалған бюджет қаражатын сыбайласа жегендерге байланысты істерді қайта қарамақпыз. Олардың бәріне жаңа соққы берілетін күн алыс емес.
– Өзіңіздің идеалыңыз туралы айтсаңыз.
– Менің идеалым Төле би, Қазыбек және Әйтеке би. Олар қазіргіден қиын күрмеуі көп күрделі істерді шешкені аян. Мәселен жер дауы, жесір дауы кезінде олар қара қылды қақ жарып әділ шешім шығарды және олардың сол шешімі халықтың бірлігін нығайта түсті. Бабаларымыз, шынын айту керек, осы күнді аңсап кеткен жандар. Сондықтан да қашанда бірлікті ойлаған. Біз сол үрдістен ауытқымауымыз керек. Қашанда әділдік пен шындықты жалау етіп ұстап, алда жүруіміз керек. Наполеон жеңіліске ұшыраған соң айтқан екен, біздің жауымыздан жеңілу себебіміз, олардың командирлері соңымнан еріңдер деп аттандаса, менің сардарларым алға деп қана айқайлаған дейді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында да біз тек алда жүргеніміз дұрыс деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.