Экономика • 08 Сәуір, 2019

Мәрмәр ет өндіреді

1648 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС Чехия мемлекетінен 300-ге жуық ангус сиырын әкеліп, бағуда. Серіктестік директорының орынбасары Талайлы Бөріқұлов Абердин-ангус мүйізді ірі қараның терісі қалың болғандықтан ыстыққа да, суыққа да шыдамды болатынын айтады.

Мәрмәр ет өндіреді

Оның үстіне күй-жай тал­ғамайды, анау-мынау сиыр малына тән ауруларға да төзімді көрінеді. Ең бастысы, жем-шөпке мұхит асып келген кейбір асыл тұқымды сиырлардай талғампаз емес, алдына қойғанын сыпырып сиырып жеп алады. Өріске де шығады. Еті тығыз, бір ет, бір май болғандықтан дәмді. Халықаралық санатта мәрмәр деген атауға ие. Алты айлық бұзауларының өзі 200-300 келіге дейін тартса, бордақылаған өгіз, бұқа бір тоннаға дейін салмақ жинайды.

Т.Бөрдіқұлов шаруашылықта 280 бас қашар бар екенін айтады. Шаруашылық өзге бұқа­мен шағылысса да тұқымын бұз­байтын ангустан төл алып, мал басын көбейтпек ниетте.

Бас зоотехник Сахил Ыс­қақов ең жоғары сұрыпты мәр­мәр етін беретін ангустың өнім­ділігі жоғары деп отыр. Шаруа­шы­лықтың жем-шөп дайын­дауға мүмкіндігі мол. Сүрлем, жо­ңышқа, жүгерісі дайын. Әуелде 500 басқа мал бордақылау қорасын салған екен. Енді оны 3 мың басқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Себебі бұл малдың етіне сұраныс жоғары. Бүгінде Иран мен көрші Өзбекстанға экспортта­лып жатыр. Серіктестіктің иесі Мінәжаддин Өтеев жоғары сұ­рыпты етті дайындау үшін облыс орталығынан мал сою комбинатын іске қосуға талаптанып жатыр екен.
Осындайда еске түседі. Ұлан­ғайыр жері бар Қазақстан­ның сонау Бразилиядан ет сатып алатыны талай мәрте айтыл­ған. Қазақстан бүгінде буферлік алаңнан шықты. Енді еліміздегі мейрамханалар қонақтарының ас мәзіріне тартатын қымбат мәрмәр еті қазақстандықтарға да қолжетімді болмақ.

Қызылорда облысы