
Саудадағы ең ірі серіктестер кім?
Иә, 2018 жылдың соңында Үкімет Қазақстанның тауар экспорттайтын елдерінің тізімі 119-ға жеткенін, сөйтіп экспорт көлемі 60,9 милиард долларды құрағанын хабарлады. Өңдеуші секторды қолдау, шикізатқа бағытталған тауар өндірушілерді қаржыландыру шаралары аз да болса жеміс беріп жатыр. Былтыр экспорттың көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,5 пайызға жоғарылапты. Оның ішінде шикізаттық емес өнімдерді сыртқы нарыққа шығару 3 пайызға жоғарылап, 14,5 миллиард доллардан асқан.
Алдымен ең ірі сауда әріптестерімізге тоқталайық. Алғашқы ондықтың көш басында Ресей тұрғаны түсінікті. Бұл елмен арада Жер шарындағы ең ұзын құрлықтағы ортақ шекарамыз, Кеңес кезінен сақталған сауда-саттықтың салалары бар. Ресейге негізінен металлургия өнеркәсібіндегі өнімдер, металл рудалары, көмір, лигнит, ауылшаруашылық өнімдері, электроника, оптика экспортталады. Екінші орында Италия тұр екен. Жалпы, Еуроодақ құрамындағы елдердің жалпы үлесі 52 пайыздан асатынын да атап өту керек. Пиреней түбегі елімен сауда айналымының 90 пайызын мұнай, пропан, бутан, металл өнімдері құраса, қалған 10 пайызы қой жүніне тиесілі. Италияның киім-кешек өндірісінде біздің елден келетін қой жүні жоғары сұранысқа ие деседі.
Бізден астық тұқымдастар, бақша өнімдерін, май өнімдерін, бұршақ тұқымдастар, көкөніс, жеміс-жидек алатын Қытай үшінші орында. Ондыққа кіретін елдердің санатында Нидерланд, АҚШ, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Германия, Испания елдері бар.
Экспорт себетінде 800 тауар бар
Қазақстаннан 119 елге экспортталатын 800-ге тарта тауардың ішінде машина жасау және құрылыс материалдарына арналған өнімдер, тамақ, сүт өнімдері сұранысқа ие. Былтыр алғаш рет Қытай нарығына қазақстандық балмұздақ пен ет шығарылды.
Біріккен Араб Әмірліктеріне бал жіберілді. Бұрынғы кеңес елдеріне, Болгарияға экспортайтын флюорограф, маммограф, томограф сияқты медициналық құрылғылары, фармацевтикалық өнімдері, Ресей, Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне экспортталатын ұн, макарон өнімдері, гигиеналық бұйымдар... шикізаттық емес тауарлардың тізімін осылай соза беруге болады. Шымкенттік кәсіпкерлер Үндістаннан кофе ұнтағын алып, оны «қаптап», MacCoffee-ден екі есе арзан тұратын MilkKoffee-ні экспорттауды жолға қойғанын да айта кетейік.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арынғазинов:
– Қазақстанның экспорт құрылымының негізгі үлесі минералды өнімдерге (77%) және металл өнімдеріне (11%) тиесілі. Минералды өнімдердің басым бөлігін мұнай және жанар-жағармай (88%), сондай-ақ кен рудалары (5%), астық дақылдары (3,4%) құрайды. Оған қоса әртүрлі сервистерді, транспорттық қызметтерді де экспорттаймыз. Халықаралық нарықтағы қазіргі ахуал, еліміздің географиялық орналасқан орны, экономикалық әлеуеті, тағы басқа да факторлар экспорттық жағдайымызды әлдеқайда арттыра түсуге мүмкіндік береді,– дейді.
Көріп отырғанымыздай, шикізаттық емес экспорттың үлесі әлі де мардымсыз. А.Арынғазиновтың айтуынша, әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда текетірестері күшейіп тұрғаны, ұлттық экономикалар отандық өнімдерге қатысты қорғау шараларын көбейтуге кірісіп жатқаны ойландыруға тиіс. Халықаралық сауда нарығындағы бұл құбылыстар әлемдік сауданың даму қарқынын тежеуде.
– Сол себепті, Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін бірқатар нақты шараларды қабылдау керек. Біріншіден, экспортқа бағытталған басым ұлттық тауарлар тізімін жасау қажет. Екіншіден, қазақстандық экспорттаушылардың ашық деректер базасын құрған жөн. Үшіншіден, экспорттаушыларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін онлайн қызмет көрсету орталығын ашу керек. Тауарлардың жасалуы туралы анықтаманы электронды форматқа көшіру, экспортталатын өнімдерді декларациялау бойынша онлайн қосымшаны іске қосу да қолға алынғаны дұрыс. Қаржылық, іскерлік қызметтер, білім беру мен денсаулық сақтау экспорты да назарға алынуға тиіс. Әрине, бұл айтылған жұмыстар жасалып жатқан жоқ деуге болмайды. Тиісті министрліктер, «Қазақэкспорт» ұлттық компаниясы біразын қазірдің өзінде жүзеге асырып жатыр,– дейді ол.
500 миллиард қалай жұмсалады?
Осы жылдың басында Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі арнайы брифинг өткізіп, экспорттық потенциалды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы айтқан болатын. Қазір Павлодар облысы әкімінің орынбасары, сол тұста аталған министрліктің вице-министрі лауазымын атқарған Арыстан Қабыкенов үш жыл ішінде 500 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Негізгі мақсат – қалыптасқан нарықты сақтап қалу, экспорт географиясын және тауар номенклатурасын кеңейту.
Бұл қаржы қалай жұмсалмақ? Біріншіден, экспортқа бағытталған жобаларды қолдауға 220 миллиард жұмсалады. Екінші бағыт – Қазақстанның даму банкі арқылы экспортерлерге 80 миллиард теңге несие ұсыну. Үшінші бағыт – «Қазақэкспорт» ҰК жарғылық капиталы 68 миллиардқа көбейтіледі. Төртіншіден, экспортерлердің тасымалға кететін көлік шығынының бір бөлігін өтеу тетігі жасалып, оған 20 миллиард теңге жұмсалуға тиіс.
Экспорт географиясын кеңейту мен себетін толтыра түсу үшін алдағы үш жылда Қазақстанда жасалған темір жол өнімдері Мысыр, Әзербайжан, Өзбекстан сынды елдерге шығарылмақ. АҚШ, Чехия, Германия, Польша, Грузия елдеріне аммиак селитрасы, сары фосфор, түрлі тыңайтқыш экспорттау жоспарланған. Моңғолияға – балмұздақ, Ауғанстанға – су, сүт, ет сату, Қырғызстанға – жеңіл автокөлік жеткізу, Тәжікстанға – арматура апару, Жапонияға мақсары майын экспорттау керек. 2017 жылдан бері күн панельдері, газ қазандықтары, картридждер, рельстер, POS-терминалдар экспорттала бастады. Сусын, сүт, алкоголь мен темекі өнімдері әжептәуір сұранысқа ие.
Жалпы, экспорттық әлеуеті артып келе жатқан салалардың ішінде аграрлық секторды айтып өтуге болады. Біріншіден, көлемі жағынан өсімдік пен мал өнімдері және дайын азық-түлік тауарларының үлесі 5 пайызды құрап, үшінші орын алады. Былтыр бұл саладағы өсім 2017 жылмен салыстырғанда 27 пайызға жоғарылады. АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард доллардан асып түсіп, мақсатты меже 23 пайызға асыра орындалыпты. Тағы бір айта кетерлігі, экспортталған АӨК өнімдерінің ішінде өңделген өнімнің үлесі 37 пайызды құрайды екен. Жақында Түркістан облысын басқаруға ауысқан Өмірзақ Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрі кезінде Қазақстанның 2019 жылы 1 миллиард тауық жұмыртқасын экспорттайтынын айтқаны да есімізде.
Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға 400 миллиард теңге бағытталатыны белгілі болды. Бұл күнделікті тұтынатын қарапайым тауарларды көбірек эспорттауға жол ашуға тиіс. Яғни, мата, киім-кешек, аяқ-киім өндірісі, тыңайтқыштар, лак-бояу өнімдері, есік-терезе, жиһаз өндірісі, тағы басқа да өнімдер отандық экспорт себетін толықтыра түспек.
Жалпы, импорт пен экспорттың ара салмағы әсіресе, азық-түлік, киім-кешек сияқты халық күнделікті тұтынатын тауар нарығында бірінші сезіледі. Басқасын айтпағанда, дүкен сөрелерінде, халықтың дастарқанында шетелден келген азық-түлік пен сусын самсап тұратын, азаматтары өзгенің киімін киетін елдің экспорттық әлеуетіне күмәнмен қарауға тура келеді.
Статистикалық деректерге сүйсенсек, соңғы үш жылда азық-түлік өнімдері 30 пайызға дейін қымбаттапты. Себебі шетелден басқа валютаға сатып әкелеміз. Таяуда «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев экономикалық қауіпсіздік үшін импортталатын азық-түліктің орнын отандық азық-түлікпен толтыру керектігін айтқаны тегін емес. Бүгінгі таңда дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің 35 пайызы – импорттық өнім. Ауылшарашылық өнімдерінің 23 пайызы да сырттан тасымалданатыны тағы бар.
Киім-кешек, жиһаз, құрылыс материалдары сынды өнеркәсіп тауарларының да 80 пайызы сырттан әкелінеді. Экспорт көлемі ұлғайғанымен, киім-кешек нарығының бар болғаны 2 пайызы ғана отандық нарықта әзірленеді. Биыл қаңтар айында Еуразиялық экономикалық елдермен арадағы сауда айналымының көлемі 2018 жылғы қаңтармен салыстырғанда өскенімен, экспорт 12 пайызға құлдырады.
Импорт пен экспорттың ара салмағында бәрібір алдыңғысының бәсі жоғары. Ал оның астарында экономикалық қауіпсіздік, баға тұрақсыздығы, инфляцияның жоғарылығы сынды маңызды мәселелер бар. Экспорттың 75 пайызына жуығын мұнай мен газ, түсті және қара металл, мазут, көмір сияқты минералды өнімдер құрайтынын, азық-түліктің үштен бір бөлігі мен киімнің 98 пайызын сырттан сатып алатын елді солай тануы заңды құбылыс, әрине.
Жер қойнауы байлықтарын айтпағанда, астықтың өзін шетелге көп жағдайда өңдемей, шикі күйінде шығаратынымыз да белгілі. Ал бәрін шикілей сатып үйреніп қалған елдің сыртқы тауарларға тәуелді болмауы сірә да қиын. Үкімет 2021 жылы экспорттан түсетін табыс көлемін бір жарым есеге арттырып, 725 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Әрине, шикізат бағасы шарықтап кетсе, бұл меже оңай орындалуы мүмкін. Алайда, негізгі мәселе шикізаттық емес экспорттың әлеуетіне тіреледі.