Аймақтар • 11 Сәуір, 2019

Бірқатар жоба қолға алынды

877 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Елбасының «Әлеуметтік қамсыздандыру» жаңа әлеуметтік шараларының іске асырылу барысы туралы үгіт-насихат жұмыс тобы үшінші мегаполиске келді. Шымкенттегі орыс драма театры ғимаратында қала тұрғындарымен кездесіп, көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне аталған бағдарламаның мән-маңызы түсіндірілді.

Бірқатар жоба қолға алынды

 «Әлеуметтік қамқорлық» бағдар­ла­ма­сы жаңа әлеуметтік тапсырмаларды ұсы­нып отыр. Осыған байланысты үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқысы, күн­көріс деңгейі төмен от­басылар мен отбасы мүшелеріне көрсетілер көмек. Екіншісі, денсаулық сақ­тау саласындағы қызметтердің сапа­сын арттыру. Сонымен қатар тұрғын­дарды баспанамен қамту мәселесі бас­ты назарға алынуда. Үшінші бағыт – өңірлерді дамыту. Биыл үлкен та­рихи өзгерістердің куәсі болып отырмыз.­ Оң өзгерістердің барлығы халықтың игі­лігі үшін атқарылып жатыр. 20 жыл бұ­рын Шымкент қаласына іссапармен кел­генімде жарық сағаттап ғана берілетін еді. Мүгедектер үйінде азаматтардың жылу­сыз, жарықсыз, аулада қазан асып жатқаны әлі көз алдымнан кетпейді. Қазір елімізде халықтың әл-ауқаты жақ­сар­ды. Шаһарда оңды өзгерістерді көріп, та­ныстық. Ендігі мақсат – әлеуметтік ба­ғытта қарастырылған мемлекеттік кө­мекті шын мұқтаж жандарға жет­кізуге бірлесіп жұмыс істеу», деді Г.Әб­ді­қалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Бердібек Сапарбаев ве­домствоның халықтың табысын арттыру және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау бойынша қабылдаған шаралары туралы айтып өтті.

«Мен үшін оңтүстік өңірдің, оның ішін­де Шымкенттің орны бөлек. Елбасының тәуел­сіздік жылдарындағы елді дағдарыс жағдайынан қалай алып шыққаны барлы­ғы­мыздың санамызда сайрап тұр. Тұң­ғыш Президентіміздің мемлекеттік дең­­гейдегі әр ісінің, бастамаларының ар­тын­да елдің әлеуметтік жағдайын жақ­сар­ту тұрды. Уақыт тегершігін кейін ше­геріп қарар болсаңыздар, сол тап­сырмалардың қалай орындалып жат­қа­нына көз жеткізесіздер. Міне, мұның дәлелі жақында ғана жетекші партияның кезекті съезіндегі Елбасының Үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне берген тапсырмасы халықтың жағдайын жақсартып, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру болды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 15-30 пайызға, мұғалімдердің еңбекақысы маусымға дейін 79 мың теңге болса, енді 96 мың теңгеге еселенбек. Тәрбиешілердің жалақысы 68 мыңнан 88 мыңға, дәрігерлердің айлығы 108 мыңнан 141 мыңға дейін өседі. Мұның барлығы қызмет өтілі мен біліктілік деңгейіне қарай есептеледі», деді Б.Сапарбаев.

Министр Шымкент қаласының 77725 тұр­ғыны аз қамтылған көп балалы отба­сы­ларға арналған әлеуметтік көмекті алатынын айтты.

Аталған көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін жергілікті билікпен бір­ле­сіп әлеуметтік карта әзірленіп жатыр. Осы орайда ол шымкенттік кәсіпкерлерге үйде отырған аналарға көмек қолын созып, кәсіп көзін ашуына ынталандыруға шақырды.

Шымкенттіктермен кездесуде жаңа дағдылар мен құзыреттілікті талап ететін заманауи жағдайларда сапалы білім беру мәселесі ерекше маңызға ие екеніне Білім және ғылым министрі Күләш Шәм­шидинова білім беру саласындағы реформалар бойынша өз ойын ортаға салды.

«Елбасының партия съезіндегі тапсырмасына орай мұғалім мәртебесі көтері­ліп, олардың әлеуметтік жағдайын­да да жақсы өзгерістер орын алды. Ең­бек­ақыларына 30 пайыздық үстемеақы қосылды. Балалардың сапалы білім алуы ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Осы бағытта 3 жылдың ішінде 104 мыңнан аса мұғалім біліктілігін арт­тыру бойынша арнайы курстан өтеді. Енді еліміздегі үш ауысымды мек­теп­тер­дің мәселесін шешуді қолға аламыз. Тәуелсіздік жылдарынан бері жергілікті және республикалық бюджет есебінен 1672 мектеп салынды. Соның 521-і оңтүстік өңірде, оның ішінде Шымкентте тұрғызылған. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 34 мектеп осы өңірде салынды. Неге бұл өңірде білім ұялары көптеп салынды? Себебі, бұл өңірде ұрпағым білімді, білікті азамат болсын деген алтын құрсақ көп балалы аналар бар. Енді тағы 190 мектеп саламыз деп жоспарлап отырмыз. Оның 89-ы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешеді. 13-і апатты жағдайдағы мектептің орнына салынады», деді министр.

Жұмыс тобының қалалықтармен кез­де­суінде денсаулық сақтау жүйесінің ба­­сым бағыттары да сөз болды. Денсау­лық сақтау вице-министрі Ләззат Ақ­тае­ва медициналық қамсыздандыру, тұр­­ғындарға ыңғайлы медициналық кө­мек көрсету туралы әңгімелесе, Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, мұқтаж жандар үшін баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешім таппақ.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын жүзеге асыру аясында әзірленген әлеу­мет­тік жобалар туралы хабардар етті.

«2019 жылы қалалық бюджетте бір­неше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру арқылы 22 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу күтілуде. Алдағы уақытта «Meyirim.kz» қайырымдылық және «Ел-көмек» электронды әлеуметтік порталы, «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Ша­пағат» мүгедектерге арналған орталық­тары ашылады. «Әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған «Мен кәсіпкер боламын» атты жол картасы әзірленді. Жоба­ны іске асыру үшін қалалық бюджет есебінен 600 млн теңге қаралды. Бүгінге 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы дайын, мамыр айында беріледі. Оның ішінде 177 пәтер көп балалы аналарға беріледі. Нәтижесінде биыл 1368 әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы және жас отбасылар (342 пәтер) баспаналы болады. Қазір қалада 100 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілуде. Оның ішінде 62 мыңнан астам адамға міндетті әлеуметтік көмек көрсетілуде», деді Г.Құрманбекова.

Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова 11 көп балалы отбасына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы ая­сында салынған жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды.

 

ШЫМКЕНТ