Әрине, армия тәртібі қатал. Қатал болатын себебі, оның міндеті елдік істі талап етеді. Әскери қызметші осы міндеті үшін жауап береді. Сондықтан бұл міндет көп адамға атқара алмас ауырлық жүктейтін секілді көрінеді. Алайда осының өзі кез келген жасөспірімді нағыз адам болуға баулайтыны, шыңдайтыны ескеріле бермейді. Жылына екі рет Қарулы Күштердің жас толымы әскери ант береді. Мәселен, былтыр көктемде Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен құрамаларына шақырылған төрт мыңнан астам мерзімді қызметтегі әскери қызметші Отанға адал болуға ант берді. Осындай ант қабылдаған соң олар кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша жауынгерлік оқуға кіріседі. Жарты жылдан соң артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш сияқты әскери мамандықтарға ие болып, бірыңғай, толыққанды Отан қорғаушы сапына тұрады. Өткен жылы күзде Қарулы Күштердің, басқа әскерлері мен әскери құрамаларының қатарына 17 мыңнан астам шақыру жасындағы азамат келді.
Армиямыз айбынды деген атына заты сай болуы үшін оның дайындығы да жоғары болуы керек. Бұл мақсатта әскери жаттығулар үнемі жүргізіліп отырады. Соның ішінде қай кезде болмасын десантшылар әскердің басты қуаты екені белгілі. Десанттық-шабуылдау әскерлерінде олардың өзіне тән даярлығының негізі – әуе-десанттық дайындық бойынша сабақтар. Оқу-жаттығу, секірулерін көптеген әскери қызметші орындайды. Барлық жерүсті элементтерді «үздік» деген бағаға орындаған және өздерінің іс-қимылдарының орындалуын жетік меңгерген курсанттар ғана секіруге рұқсат алады. Осындай әскери өнердің шыңдауы арқасында армиядағы көптеген жас азамат өмірден өз жолын тапты. Мәселен, өткенде Қапшағайда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қазақ күресінен чемпионаты өз мәресіне жетті. Онда 80 келіден аса салмақ дәрежесінде 30-дан аса палуан тартысқа түсті. Сайыс қорытындысы бойынша 61993 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант М.Қожантаев жеңімпаз атанды. Екінші орын 32363 әскери бөлімінен келген мерзімді қызметтегі сарбаз Е.Сіргебайға бұйырса, үшінші орынды 61993 әскери бөлімінің аға сержанты Н.Саябаев еншіледі. Ал Немістің Гамбург қаласында таэквондодан (WT) өткен «Germany Open-2019» рейтингтік турнирінде армия спортшысы Нұрсұлтан Мамаев 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды иеленді.
Әншілеріміздің де, спортшыларымыздың да дені әскерде қызмет еткенін айтқан жөн және қайсыбірі әлі де әскери қызметтерін жалғастыруда. Мысалы, белгілі продюсер Қ.Болманов арнайы әскери батальонда озат қызмет еткен. Ал олимпиада чемпионы Д.Баландин да «Динамо» спорт қоғамында әскери қызметін өткізген. Ауыр атлет Ниджат Рахимов та осы «Динамо» спорт қоғамынан шыққан. Белгілі хоккейші Дамир Рыспаев Алматы қаласындағы Орталық спорт клубында әскери қызметін өтеген. Белгілі эстрада әншісі Бүркіт Республикалық ұланда қызмет етті. Айта берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сонда осындай белгілі адамдардың көпшілігі армия оларға үлкен серпіліс бергенін айтады.
Өйткені мектеп, жоғары оқу орындары кейде бере алмаған тәртіп, қайсарлық, төзімділік, сенімділік секілді өмірде аса қажет қасиеттердің орнын армия толтырады. Талай әлжуаз бозбаланың армияға барып келгеннен кейін нағыз азамат болып қалыптасып кететіні жасырын емес. Ал армияның өзіне қалаған саласын таңдап, сонда қызмет етем деп талпынған жас ең әуелі өз денсаулығын күтіп ұстайтындығы белгілі. Мәселен, президенттік полк қатарында ең үздік әскери қызметшілер ғана міндетін атқарады. Себебі Мемлекеттік күзет қызметі еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын болғандықтан мұнда іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Осы орайда алдымен МКҚ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жыл сайын жетілдіру үстінде. Мәселен, былтыр әскерге шақырту комиссиясының жұмыс нәтижесінде 295 жас сарбаздың 255-і арнаулы орта және жоғары білім алған екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2016 жылы лайықты білімі бар үміткерлердің саны 195-ті құраған болатын. Бұл дегеніміз – әскери қызметті сапалы өткеруге әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор.
Азаматтық қызметке тұрарда да әскери борышын өтеген жасқа жол беріледі. Оның үстіне бұрынғыдай емес, қазіргі күні әскерде келісімшартпен қызмет ету үрдіске айналды. Ол үшін әскери қызметшіге жалақы төленеді. Пәтермен де қамтамасыз етіледі. Әскер ісінде осындай зор нәтижелерге жетіп жатқан олардың отбасын баспанамен қамтамасыз ету де дәстүрлі жолға қойылған. Мәселен, өткен жылы Семей қаласының «Юность» шағынауданында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілеріне қызметтік пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. «Бүгін біз су жаңа пәтердің кілтін алдық және менің қуанышым шексіз. Менің ойымша әскери қызмет өткеру үшін бұл керемет ыңғайлылық пен мүмкіндік береді. Бөлмелер кең, жарық, пәтерде барлығы дайын. Жиһаз бен жеке заттарымызды алып кіру ғана қалды», деп 44736 әскери бөлімінің командирі майор Думан Біләлов өз қуанышымен бөлісті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы және ҚР Қорғаныс министрінің ұдайы бақылауында тұр.