Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Екі жылдың жемісін таразылаған жиын

956 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ұлт санасының жаңғыруы және Ұлы дала құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдар басқосуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне екі жыл толуы қарсаңында өтіп отыр.

Екі жылдың жемісін таразылаған жиын

Екі күнге созылған конференция жұмысына Италия, Ресей және еліміздің ғалымдары мен сарапшылары қатысты. 

Ғылыми жиынның модераторы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлан Серғалиев өзінің кіріспе сөзінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғам санасын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келіп, осы бағдарлама аясында бір ғана Батыс Қазақстан облысы аумағында 1 мыңнан аса іс-шара өткенін хабарлады. Бұл іске қалталы кәсіпкерлермен қатар қарапайым ауыл азаматтары да жаппай үлес қосқан. Екі жыл ішінде атқарылған игілікті істерді қаржыға шақсақ, 3 млрд теңгеге жуықтайды екен. Яғни осындай қаржыға 892 жоба жүзеге асқан.

- Жекелеген адамдардың көмегімен Қазталов ауданында акушерлік-амбулаториялық пункт, Шыңғырлау ауданында көпір салынды. Дәрігерлік нысанның арқасында қаншама ауыл тұрғынының тұрмыс сапасы жақсарса, көпір құрылысы пайдалануға берілген соң бірнеше ауыл жол бейнетінен құтылды. Табиғаттың көктем мен күз секілді жағдайсыз уақытында үлкен жермен қатынас үзіліп, оқшау қалатын ауылдың талай жылғы мәселесі осылай шешілді. Біз елін сүйген, туған ауылына жәрдем қолын созған кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамыз, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты бағыт, төрт кіші бағдарламадан тұрады.

PhD докторы, итальяндық археолог Жан-Лука Бонора өз сөзінде Қазақстанда әлемге сырын ашпаған құнды қазыналар көп екенін атап айтты. Шетелдік ғалым Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жатқан болашақ тарихшы-археологтармен бірлесе тың жобаны жүзеге асырмақ жоспарын ортаға салды.

- Біз көнеден келе жатқан Каспий теңізі жағалауын мекендеген түрлі халықтардың тұрмыс-тарихын әр дәуірге сай зерттейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Табылған жәдігерлерге жан-жақты талдау жасалады. Осы арқылы біз археолог мамандардың жаңа буынын қалыптастырамыз, - дейді Жан-Лука Бонора.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Педагогика факультеті ғылым бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр Орал қаласында заманауи кітапхана жоқтығына қынжылыс білдірді. Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-көпшілік кітапхана ХІХ ғасырда салынған көне ғимаратта орналасқан. Ол жерде оқырманның бүгінгі талабына сай қызмет көрсету мүмкін емес. Ғалымның пікірінше, Қазақстанның батыс өңірінде ең нашар кітапхана Орал қаласында.

- Біз ғылым мен білімге жастарды шақырамыз дейміз. Бірақ кешкі сағат 6-дан кейін жабылып қалатын, ішінде асханасы жоқ кітапханамен ғылымға жастарды қызықтыра алмаймыз. Мысалы, Түркияда 24 сағат қызмет көрсететін кітапханалар бар. Студентке арзан тамақ ұсынатын, ішінде қонып қалуға болатын, электронды есеп арқылы кітапханаға ең көп келетін оқырманды анықтап, оған жеке үстел ұсынып, тіпті арнайы стипендия тағайындайтын кітапханалар бізде де болуы керек, - дейді Мұрат Бөкенбайұлы.

Бұдан кейін Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан облыстық «Заман» өндірушілер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Түркина және басқалары сөз сөйлеп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Конференция қорытындысында қарар қабылданды.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Батыс Қазақстан