
Іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері, жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында қатысушылар отандық терминологияның маңызды мәселелерін кеңінен талқылады.
Отырысты ашқан Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы қоғамдық сананы жаңғырту идеялары барша қазақстандықтар тарапынан кең қолдау тауып, жалпы ұлттық рухани өрлеуге жол ашқанына тоқталды. «Ұсынған игі бастамалары – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазіргі қазақ терминологиясын одан әрі дамытумен тікелей байланысты. Елбасымыз «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», деген болатын. Шынында да қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру және бекіту процесін жетілдіру қажеттігі туындап отырғандығы даусыз. Оған ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, жетекші ғалымдар, тілтанушылар мен жауапты органдар белсене атсалысуға тиісті. Мұндай жұмыс жүйелі негізде жүргізілгені жөн», деді Б. Мамраев.
Өз кезегінде сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, ғалым-терминолог, профессор Шерубай Құрманбайұлы заманауи терминдерді қалыптастыру қағидаттарына, салалық терминдерді біріздендіру мен жүйелеу мәселелеріне баса назар аударып, жаңа қазақ әліпбиі негізінде терминдерді қолдану аясын одан әрі кеңейту қажеттілігіне тоқталды.
«Қазіргі қазақ терминологиясының өзекті мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасаған Ш. Құрманбайұлы бұл саладағы бірінші кезекте атқарылуға тиісті жұмыстар мен шешімін таппаған мәселелер жөнінде айтып өтті. «Бұл тұрғыдан келгенде екі мәселеге ерекше мән беру қажет деп ойлаймыз. Біріншіден, терминология дамуының бағыт-бағдарын белгілеп отыратын ғылыми кадрлардың, әсіресе термин жасауға машықтанған, терминологиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыдан жүргізуге құзыретті практик термин мамандарының жеткіліксіздігі мен олардың осы істің басы-қасында болмауы, өздері маманданған іспен тікелей айналыспауы. Екіншіден, терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде жүйелі түрде үйлестіре отырып, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмеуі. Қазақ терминологиясының шешімін таппай жатқан өзге мәселелерінің бәрі осы ең басты екі мәселені дұрыс шешіп, жолға қоймаудан туындап отыр деуге болады», деді ол.
Пікір алысу барысында аударма саласындағы қордаланған мәселелерге де баса назар аударылды. Атап айтқанда, Жоғарғы соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков, Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов, Мәжілістің редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы заң жобаларындағы жұмыстардың сапасына ықпал ететін заңнама терминдері мен ұғымдарының дәл аударылмау фактілерін атап өтті.
Еліміздегі танымал ғалымдар атсалысып жатқан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысындағы Ұлттық аударма бюросының тәжірибесі туралы Рауан Кенжеханұлы айтып берді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру үшін үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Бюроның үйлестіруімен іске асып жатқан ауқымды ғылыми аударма жұмысы қазақ тілінде жаңа оқулықтар дайындап, жоғары мектеп мазмұнын түбегейлі түрде жаңартумен қатар қазақ аударма мектебінің күшейіп, соның ішінде бүгін сөз болып отырған терминология мәселелерін нақты, практикалық тұрғыдан қарауға негіз болды», деді ол.
Латын графикасына көшу барысында терминдерді тіл заңдылықтарына сәйкес енгізудің негізгі бағыттары туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Гүлфар Мамырбекова өз пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ақпараттық кеңістікте жаңа терминдерді дұрыс қолданудағы журналистердің жауапты міндетіне баса назар аударды. Сонымен қатар конференцияны бірлесе ұйымдастырушы ретінде Тіл саясаты комитетіне Үкімет бекіткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын дер кезінде және сапалы орындау мәселесін назардан тыс қалдырмауды ұсынды. «Терминнің негізгі ерекшеліктері мыналар: біріншіден, жүйелілігі, екіншіден, дефинициясы, яғни ғылыми анықтамасы, үшіншіден, моносемиялығы, яғни әртүрлі мағына тудырмайтыны, төртіншіден, экспрессияның болмауы, яғни сезімге ерік бермеуі, бесіншіден, стильдік бейтараптылығы. Терминжасам ісінде осы талаптар сақталуы міндетті. Бір ұғымды бірнеше сөзбен қатар жеткізу тілді дәлсіздікке ұрындырмай қоймайды. Мұндай дәлсіздік халықаралық құжаттарда, әртүрлі іскерлік мәмілелерде, мүлікті кепілге қоюға, сатуға, тарту етуге қатысты нотариус қағаздарында, адам тағдырын шешетін қылмыстық істер анықтамаларында, сот шешімдерінде түсінбестікке, тіпті дауға соқтыруы да мүмкін. Әскер және қорғаныс салаларының терминдерінде бұған атымен жол беруге болмайтыны белгілі» деп атап өтті депутат С.Абдрахманов.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Egemen Qazaqstan» газеті қазіргі кезде газеттің бір бетін жүйелі түрде жаңа әліпбимен шығарып жатқанына тоқталды. «Басты мақсат – жаңа әліпбиге жұртшылықтың көзін, бойын үйрете беру. Бұл қадам қалың оқырман тарапынан жақсы қабылданып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жалпы біздің басылымның бір бетін латын әліпбиімен беру ісінде 4 әріпке – Ю, И, і және С әріптеріне қатысты аздаған іркіліс туатыны болмаса, тұтастай алғанда, газеттің өндірісіне жауапты қызметкерлердің алдынан аса бір үлкен қиындық кездесіп отырған жоқ», деді.