Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Қазақстандық кәсіпкерлер Ұлы Жібек жолындағы қалаларды дамытуға ынталы

1151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкентте «Керуендер қайта оралуда» деген ұранмен Silkway Shymkent Summit ауқымды инвестициялық-кәсіпкерлік форумы өтті. Бұл реткі басқасудың жөні бөлек. Өйткені еліміздің экономикалық дамуы үшін қолға алынған бұл жоба белгілі бизнесмендердің басын бір алаңда тоғыстырып отыр.

Қазақстандық кәсіпкерлер Ұлы Жібек жолындағы қалаларды дамытуға ынталы

«Shymkent» ӘКК» АҚ және Forbes Kazakhstan ұйымдастыруымен өткен  форумға  Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, «Шымкент қаласының инвестициялық-кәсіпкерлік климаты» тақырыбында баяндама жасады.     

Сондай-ақ, талқы мінберінде танымал қазақстандық кәсіпкерлер Айдын Рахымбаев, Райымбек Баталов, Серік Түлбасов, Исламбек Салжанов, Эдуард Ким, Андрей Лаврентьев, Рамиль Мухоряпов, Иван Каменский, Қайрат Құдайберген, Бейбіт Әлібеков, Арманжан Байтасов, Ларион Лян, Дана Орманбаева, Қайрат Мәжібаев, Махмуд Шадиев және де басқа спикерлер кәсіпкерліктің келешектегі дамуы жолдарыменен Шымкент қаласының инвестициялық мүмкіншіліктері жайлы тәжірибелері мен бизнесті дамыту стратегияларымен бөлісті. Форумда BI Group компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев сөз алып, қалада қолға алған жобалары жайында және шаһардың әлеуметтік әлеуетін айтып өтті. Ал, Райымбек Баталов электронды төлем жүйелерінің бүгінгі ахуалын кеңінен әңгімеледі.

Silkway Shymkent Summit алаңында шаһар басшысы аталған форумның Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындаудың негізгі алғышарттардың бірі екенін атап өтті. Жиын қатысушыларына қалада жаңадан бой көтерген нысандар мен «Shymkent City» қалашығында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент - 2200 жылдық тарихы бар көне қала. Бір сөзбен Шымшаһар- Ұлы Жібек жолының жүрегі. Бұл форумды «Керуендер қайта оралады» деп атауымыздың өзі осымен байланысты. Себебі, ірі сауда орталығы атанған Шымқала ғасырлардан бері сауда-саттық үшін қонақжайлық қасиетін жоғалытпаған. Сондықтан сауда климатты қалыптастыруға арналған іс-шара тікелей еліміздің үшінші мегаполисінің тарихымен байланысты болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев миллионды қаланың дамуының бірнеше бағытын нақтылап берген болатын. Алғашқысы, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық орталығы атануы тиіс. Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Екіншісі, ежелгі сауда дәлізіндегі шаһарды туризм орталығына айналдыру еді.  Әрине, туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы маңызды. Ал бұл тұрғыда Шымкенттің мүмкіндіктері мол. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Қазір қалада аталған мәселелер бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қаламыздың даму үшін біз төмендегі басымдықтарға баса мән бердік. Оның бірі  экономикалық өсім болса, екіншісі, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру. Сол арқылы миллионды қаланың тұрғындарына сапалы білім мен медициналық көмекті барынша қолжетімді ету  болмақ»,  деді қала әкімі.

Инвесторларды тарту арқылы Шымкенттің экономикасын көтеру және халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздеген жиында  электрондық коммерцияны дамыту, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, Қазақстандағы орта және ірі кәсіпкерліктің өзекті мәселелері талқыланды.

Бірқатар ірі кәсіпорын басшылары Шырайлы шымқаланың мүмкіндіктері мен даму жоспары жайлы қала әкімдігі ұсынған жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Бизнес форум жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін Шымкенттің мәртебесі мен тартымдылығын арттыратын инвестициялық және кәсіпкерлікке қатысты контентке толы болды. 

Ауқымды іс-шараның ұйымдастырушысы, «Шымкент»  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Рашид Аюпов форумның қала дамуы мен экономикасы үшін берері мол екендігіне тоқталып өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша былтыр күзде  өткен форумның қорытындысы бойынша 42 млрд теңгеге келісім  жасалып, қазір «Шымкентситиде»  62 үйдің құрылысы жүргізілген.

«Биыл «Керуен оралады» атауымен  ұйымдастырлған  инвестициялық- кәсіпкерлік форумы аясында да тиімді  келісім -шарттар түзіледі деген сенім бар. Елімізге  әйгілі компаниялардың бірі Шымкентте «Конгресс-холл»-дың құрылысынан бөлек, жаңа екі шағынуаданның құрылысын бастамақ. Шымкент сауда хабына айналмақ. Ол үшін  адам ресурсы да,  барлығы да бар», деді Р.Аюпов.