Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Жағармай қымбат, техника тозық, механизатор жетіспейді

1609 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Арқа төсіне көктем ерте келді. Енді сәлден соң тыныштық шымылдығы серпіліп, құт даланы еңбек әуені бөлейтін болады. Бірақ көңіл күпті. Өйткені облыс бо­йынша жанар-жағармайдың 53,4 пайызы ғана жеткізіл­ген. Қолда бар техниканың 53,4 пайызы қаусап тұр.

Жағармай қымбат, техника тозық,  механизатор жетіспейді

 – Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тары ауа райына байланысты жыл­дағы межеден бір аптаға ерте бас­талуы ық­т­имал, – дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбаса­ры Димаш Таласбаев, – алқап­тағы ыл­ғал кеуіп кетпеуі керек, шамадан тыс ылғалды болса да онша жақ­сы емес. Топырақтың қалыпты дең­гейге дейін жылынуы бар. Сон­­дық­тан мамандар үстіміз­дегі жыл­ғы көктемгі егіс нау­қанында дән сіңіруге қолайлы мерзім мамыр айының ал­ғашқы күндерінен басталады деген болжам айтып отыр.

Биыл облыс диқандары 4739,5 мың гектар жерге дәнді-дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде 4306,7 мың гектары бұршақ тектес дақыл­дар. Ал негізгі астық тұқы­мы 3606,7 мың гектар жерге отырғы­зы­ла­ды. Майлы дақыл­дар көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. Биыл 247,7 мың гектар алқапты құрап отыр.

Көктемгі егіске қажетті 521,4 мың тонна тұқым дайын. Алдын ала қоймаға құйылған тұқымның 80,2 пайызына сараптама жасалып, 304,0 мың тоннасы тексерілген. Тек­серілген тұқымның өнгіш­тік қасиеті жоғары. 242,5 мың тоннасы бірінші класты тұқым болса, қалғаны екін­ші класты тұқымға жатады. Облыстағы аттестатталған тұқым шаруашылықтарында 66,5 мың тонна жоғары өнгіштік деңгейдегі тұқым қоры бар. Қысқа қайырып айтқанда, облыс тұқымға зәру емес. Зәрулігі көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармайда болғалы тұр. Мәселен, облыстың барлық шаруа­шылықтарына науқанды ой­дағыдай өткізу үшін 73662 тонна жанар-жағармай қажет болатын болса, оның 65 000 тоннасы кепіл­дендірілген, арзан бағамен босатылатын жанар-жағармай. 29031 тоннасы жеткізілген. Шаруашылықтар көктемгі егіс мерзімі тақап қалса да жанар-жағармаймен 48 пайыз ғана қамтамасыз етіліп отыр. Бұл дегеніңіз жоғарыда біз атап көрсет­кен, облыстағы барлық алқап­тың жартысын ғана қамтитын көрсеткіш. Ертең қым-қуыт науқан басталып кеткенде, әсіресе бірді-бірге әзер жалғап отырған шағын шаруа қожа­лықтары қажетті жанар-жағармайды қайдан алмақ?..

– Жанар-жағармай стансаларынан нарықтағы баға­мен сатып аламыз, – дейді Жаңауыл ауылындағы шаруа қо­жалығының жетекшісі Құлан Болатов, – соның өзі дұрыс. Әйт­­песе, арзандағанын күтіп жүрген­де уақыт өтіп кетеді. Жылдағы көк­темгі дала жұмыстарының кей тұс­тар­да қожырап жатуы да осы себепті.

Екінші бір мәселе, техни­ка­ның тозы­­ғының жетуі. Ауыл шаруа­шы­­лығы басқар­масын­дағы маман­дар­дың уәжіне қарағанда, соңғы бекітілген ережеге сәйкес 17 жылдан астам жұмыс істеген техника ғана ескірген санатқа жата­ды екен. Ал одан арғы­сы амалсыздың күнінен қаңқасын сүйретіп жүрген қаусаған техника. Қаусаған техника қауқарсыз шағын шаруаның қолында. Ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары машина техника паркін ептеп жаңартқанымен, шаруа қожалықтарының тым қымбат техника сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда, техникасы 86,2 пайызға ескірген Степногор қаласы мен 72,1 пайызға көнерген Аршалы ауданының ахуалы ойландырмай қоймайды. Атбасар ауданының халі де мүшкіл. Аудандағы қолда бар техниканың 62,1 пайызы ескірген. Ал Бұланды ауданын­да 60,5 пайыз болса, Астра­хан ауданында 60,3 па­йыз техника тозған.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасы ма­ман­дарының айтуына қараған­да, өңірдегі жер көлемі­нің 66 пайызы осы заманғы жаңа тех­никалардың күшімен иге­рі­леді екен. Жоғарыдағы біз келтірген деректерге қарап оты­рып, ақыл таразы­сына сал­саңыз, күмән қоюлай түсе­тіні даусыз. Қағаз жүзінде бәрі қатып тұрғанымен, қау­метіңді науқанның қатал емтиханы сынақтан өткізеді. Сол сынақтан өте алмағандықтан, жыл сайын көктемгі егіс кеш аяқталып жүр. Ел егін егіп болғанша арамшөп те бас көтер­мек. Агротехникалық шара­ларды уақтылы өткізуге де мүмкіндік азаяды. Көктемгі егіс науқаны кешіккендерді кешірмейді. Кеш егілген егін ылғалға жарымай, бүрісіп қа­ла­ды. Бастануы да кешеуіл­дейді. Тозған техникамен тәуе­­келді серік етіп тырбанған ди­­қан қауым піскен егінді уақы­­тында жинай алмай, күз­дің қара жаңбырына қа­лып жат­са, оның барлығы көк­тем­гі егіс­тің кешеуілдеуі­мен сабақтас.

Ендігі бір сойылдай мә­се­ле, меха­низаторлардың жетіспеушілігі. Біз қанша індетіп іздегенімізбен, дәл қазір облысқа қанша механизатор қажет, қай шаруашы­лыққа жетіспей отыр деген сауалдармен ешкім бас қатырмайды. Ауыл шаруа­шы­лығы басқар­ма­сы мұндай дерек жинамайды. Кәсіптік-техникалық білім бөлімі де дәл осындай талдау жаса­мапты. Жергілікті жерде механизатор кадрлардың жетіс­пеушілігін шаруа­шылық басшылары ғана сезініп отыр.

– Механизатор мәрте­белі ма­ман­дық болудан қал­­ға­­ны қа­шан, – дейді Мә­де­­­­ниет ауылын­д­ағы шаруа қожа­лы­ғының басшысы Бауыржан Мол­дағалиев, – өтпелі кезең­де еңбекақы­лары уақтылы төлен­беді. Сабан-шөп­пен, мал жемімен берілді. Қол­дары­на нақты қаражат тимеген соң құл­шыныс азайды. Оның үстіне ауыл­да механизаторға көктемде бір ай, күзде бір ай ғана жұмыс бар. Қал­­ған он ай қол қусырып бос отырады. Сосын ешкім де механизатор болғы­сы келмейді. Амалдың жоқтығынан тәжі­­­рибесі кем, білімі жоқтарды да ком­байн­ға отырғызамыз. Былтыр ком­­байным­ның бір тетігі сынып қал­ды. Комбайншының айтуымен облыс орталығына үш рет барып үш түрлі тетік әкелдім. Бірі жарамады. Себеб­і басқада екен. Қыр­сық­қанда дәл науқан күйіп тұр­ғанда төрт күн босқа тұрдым.

Әрине, көктемнің де, күздің де науқан шындап қыз­ған кезде тәулігі түгілі сағаты қымбат. Іс тетігін шынында да кадр мәселесі шешеді. Сондықтан алдағы уақытта облыс шаруашы­лықтарына қанша ауыл шаруашылығы мамандары керек, олар қалай дайындалып жатыр деген мәселені мықтап қолға алатын уақыт жеткен тәрізді.

 

Ақмола облысы