09 Қараша, 2012

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жалпы қоғам мәселесі

3333 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жалпы қоғам мәселесі

Жұма, 9 қараша 2012 7:12

 2012 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Қазақстанды дамытудың сапалы жаңа кезеңінің бастамасы бол­ған әлеуметтік жаңғыртуға ар­налған бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл процестің негізгі міндеті – эко­номикалық жетістіктер мен қоғам­дық игіліктерді қамтамасыз ету арасында оңтайлы теңгерімге қол жеткізу.

 

Жұма, 9 қараша 2012 7:12

 2012 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Қазақстанды дамытудың сапалы жаңа кезеңінің бастамасы бол­ған әлеуметтік жаңғыртуға ар­налған бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл процестің негізгі міндеті – эко­номикалық жетістіктер мен қоғам­дық игіліктерді қамтамасыз ету арасында оңтайлы теңгерімге қол жеткізу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиім­­ді іс-қимылды ұйымдастыру ел үшін тағдыршешті бағдарламаның ажы­рамас бөлігі болып табылады. Үстіміз­дегі жылдың басында Қазақ­стан хал­қына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы табанды күрестің және осы әлеу­мет­­тік залалға қарсы іс-қимыл­дың жаңа стратегиясын әзірлеу қажет­тілігіне ерекше назар аударғанын атап өту қажет.
Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресті сапалы жаңа негізде жүр­гізуге мүмкіндік беретін заңды және ұйымдастыру шаралар кешені іске асырылған.
Қазақстан кеңес дәуірінің елдері арасында бірінші болып, 1998 жылғы шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады.
Бұдан кейін Қазақстан БҰҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы (2008), қылмыстық әрекеттерден алынған кі­ріс­­терді жылыстату, анықтау, алу және тәркілеу туралы (2010) конвенцияларын ратификациялады. Қазіргі уақытта Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқор­лық үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілігі ту­ралы конвенцияны ратификация­лауға дайындық бойынша жұмыс басталды. Бірқатар мемлекеттердің үкі­меттерімен осы қа­уіпті әлеуметтік кө­ріністерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша келі­сім­дерге қол қойылған.
Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­налған Құқық­тық саясат тұжырым­да­масында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға маңызды рөл бөлін­ген, соған сәйкес Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағ­дар­лама әзірлен­іп іске асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы салалық бағдарламаға неғұрлым пәрменді құ­қықтық тетіктер мен қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды енгізуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Осы құжаттың негізгі бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушы­лықтардың алдын алу мен профилактикасы бойынша жұмысқа қоғамның өзін тарту болып табылады.
Халықтың мемлекеттік органдар­дың қызметі туралы хабардар болуы­ның жоғары деңгейіне қол жеткізу, сондай-ақ кері байланыстың тұрақты және пәрменді арналарын қалыптас­тыру басқарушылық шешімдердің тиім­ділігін арттыруға ықпал ететіндігі сөзсіз.
Мемлекеттің жаңа сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегиясында осы салада неғұрлым жоғары жетістіктерге қол жеткізген елдердің тәжірибесі басшылыққа алынған. Ең бастысы – бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту. Қа­зақстандықтардың құқықтық мәдение­тін және мемлекеттік органдарға се­німінің деңгейін едәуір арттыру сияқ­ты басымдықтар анықталды. Адам­дардың сыбайлас жемқорлыққа көзқа­расын түбегейлі өзгерту маңызды, қоғам үшін күрделі және қауіпті проблеманы шешуден ешкім тыс қалмауы қажет. Өйткені оған елдің болашағы ғана емес, әрқайсымыздың тағдыры­мыз да байланысты.
Стратегия электронды басқарудың жаңа әдістерін және инновациялық технологияларды белсенді енгізуге не­гізделген. Ол азаматтардың және «шешім қабылдау нүктелері» лауазымды тұлғаларының жеке байланыстарын күрт қысқартуға ықпал ететін болады.
Шамамен 25 мың адам пайдаланатын электронды үкімет порталы арқылы салықтар төленеді, көптеген анықтамалар беріледі. Бүгінгі күні миллионнан аса қазақстандықтардың электронды қолтаңбалары бар. БҰҰ деректері бойынша 190 ел арасында «е-қатысу» индексі бойынша Қазақ­стан Сингапурмен бірге бұл позицияны бөлісіп, екінші орын алды. Бұл үлкен және сенім тудыратын жетістік.
2013 жылдан бастап қазақстан­дықтар мемлекеттен барлық рұқсат беру құжаттарын электронды нысанда немесе халыққа қызмет көрсету ор­талықтарынан алуы қажет. 2014 жылға қарай барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетулер, рұқсат беру лицензияларын қоса алғанда, электронды форматта берілетін болады.
Сыбайлас жемқорлық қаупі бар аймақтардың бірі кәсіпкерлік сала болып табылады. Сондықтан, тексеру­лерді және кәсіпкерлермен байла­ныстардың басқа нысандарын барынша төмендетуге ерекше назар аударылады. Мәселен, заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркелген сәттен бастап үш жыл ішінде тексеруге тыйым салынған, рұқсат беру құжаттарының үштен бір бөлігі қысқартылды.
Кәсіпкерлердің кез келген өтініш­теріне жедел және барабар ықпал ету мақсатында, барлық өңірлерде құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінен және «Атамекен» Қазақстан Кәсіпкерлері одағы өкілдерінен жұмылғыш топтар құ­рылған. Үстіміздегі жылдың басынан бері лауазымды тұлғалардың бизнес құрылымдар қызметіне заңсыз ара­ласуының 200 дерегінің, оның ішінде 2010 жылдан бері жұмыс істейтін Мемлекет басшысының «Президенттің бизнесті қорғауы» ресми сайтына өтініштер бойынша жолы кесілді.
Бас прокуратура әзірлеген «Айқын» жобасы назар аударуды қажет етеді, оны енгізу орталық мемлекеттік ор­гандардың деңгейінде басталды. Енді тек қадағалау органдары ғана емес, барлық жеке және заңды тұл­ғалар өті­ніштерді нақты уақыт режімінде қарас­тыру барысын қадағалай алады.
Шағын және орта бизнесті қорғау бойынша қосымша тетіктерді әзірлеу мақсатында Бас прокуратураның құ­ры­лымында кәсіпкерлікті қорғау жө­нін­дегі дербес бөлімше құру мәсе­лесі пысықталуда.
Аталған шаралар «Бизнесті жүр­гізу-2011» халықаралық рейтингте оң өзгерістерге әсер етті. Қазақстан 183 ел арасында өз көрсеткішін 11 тар­маққа жақсартып, 47-орынға ие болды. Біз халықаралық қоғамдастыққа әлем­дегі экономикасы ырғақты дамитын, саяси, әлеуметтік және демократиялық реформалар жедел іске асырылатын ел ретінде танылдық.
Мемлекет басшысы сыбайлас жем­қорлықтың ауқымы мен салдарларын іс жүзінде бағалай отырып, бұдан әрі де осы қауіпті көрініске қарсы ымырасыз және жан-жақты нақтылы күрес жүргізу қажеттігін атап көрсетті.
Осы үдерістегі азаматтық қоғам институттарының рөлі неғұрлым тиім­ді бола түсуде. Мысалы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы сы­бай­лас жемқорлықты түбегейлі жою бойынша белсенді жұмыс атқаруда. «Нұр Отан» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметі қазақ­стандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша азаматтық қозғалыстың пайда болуына ықпал етті.
Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асырудың маңызды құралдарының бірі Президент жанындағы Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес мәселелері жөнін­дегі комиссия болып табылады.
Оның үстіміздегі жылғы отырыстарында, құрылыс және ТҚШ, жер қаты­настары мен кеден ісі, «Электронды үкімет» жұмысының жағдайы, ел­дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес рейтингін арттыру салаларын­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері қаралды.
Комиссия отырыстары елде сыбайлас жемқорлықпен ауқымды және жүйелі қарсы күрес жүргізілетіндігін көрсетсе, осы саладағы тиісті мемле­кеттік органдар белсенділігі үлкен үміт күттіреді.
Сонымен бірге, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының негізгі бағыттарын және оны іске асырудың тиімді тетіктерін әзірлеудің орталығы болып табылатын комиссия, жалпы мемлекеттік деңгейде бірқатар жаңа нақты шаралардың қабылдануын маңызды деп санады.
Мәселен, республикалық минис­трлік­тер мен ведомстволардың бірінші басшыларының, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің сыбайлас жемқорлық және оған қарсы күрес деңгейі үшін дербес жауап­кер­шілігін арттыру мақсатында, мемле­кеттік органдарда сыбайлас жемқор­лық деңгейін рейтингтік бағалау жүйесі енгізілген. Қазақстан билік органдарының осы саладағы белсен­ділігі халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алды.
Жұмысының маңызды бағыты мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу мен жолын кесу болып табылатын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның тәртіптік комиссиясының жұмысы қайта басталды.
Елде өткізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді және жүйелі шаралар, оның ішінде Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенцияларын болашақта ратификациялау, олар­дың халықаралық тиімділігі бойынша өте маңызды.
Әлемнің Қазақстанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қағидатты және дәйекті түрде жүргізетін ел ретінде қабылдауын жақсарту үшін, сыбайлас жемқорлықтың мән-жайы туралы ел рейтингін айқындайтын ха­лық­аралық ұйымдармен жүйелі жұмыс жүргізілетін болады.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салуға қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылуда. Құқық қор­ғау органдарына қаржылық бақылау және мониторинг органдарымен өзара тиісті іс-қимылды, бюджет қаражаты игерілгенге дейін оларды жедел қолдау бойынша кешенді тексерулер жоспарлауды қамтамасыз ету ұсынылған.
Бұдан басқа, барлық мемлекеттік органдарға шешім қабылдау үдерісінің ақпараттық айқындығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыру; мем­лекеттік қызметшілер жұмысын­дағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша кадрлық саясатты жетілдіру; әкімшілік кедергілерді жою және азаматтардың сапалы мемлекеттік қыз­меттерге тең қол­жетімділігін  қамта­ма­сыз ету бойынша жұмысты жандандыру ұйғарылған.
Комиссияның бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Мәселен, үстіміздегі жылғы сәуірде әртүрлі заңнамалық актілер мен норма­лардың құқық нормалары арасындағы құқықтық олқылықтарды, қарама-қай­шылықтарды және коллизияларды жоя­тын, сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зушылықтарды жоюға ықпал ететін заң қабылданды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар басшыларын қарамағындағы қыз­меткерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту тетігі әзірленуде.
Құқық қорғау шаралары күшейтіл­геннен кейін кірістерді жалпы декларациялау бойынша іс-шараларды жүйелі іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Президенттің Жолдауына сәйкес, қол­даныстағы заңнамаға өзгерістер енгі­зілмек, оларға сәйкес мемлекеттік қыз­метшілерге өзінің кірістерімен қатар, шығыстарында декларациялау міндет­телетін болады.
Халықаралық сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы конвенцияларға қосылу, сон­дай-ақ заңнаманы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы саясат, сыбайлас жем­қор­лық үшін қылмыстық жауап­тылық және профилактика деген үш салада одан әрі жетілдіруге бағытт­алған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ыстамбұл Іс-қимыл­дар жоспарының 17 ұсынысын орындау бойынша жұмыстар жүйелі жүр­гізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенцияларды ратификациялау және басқа да халық­аралық құжаттарға қосылу үшін жағ­дай жасау қажеттілігі, ұлттық заңнама саласында, оның ішінде сыбайлас жем­қорлық сипатындағы бірқатар істерді криминалдандыру мәселелері пысық­тау­ды қажет етеді.
Азаматтардың сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-әрекетін ынталандыру мақсатында, Үкіметтің 2012 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды кө­термелеу қағидалары бекітілген. Енді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң шеңберінде қыл­мыстық қудалау органдарымен ынты­мақтаса­тын азаматтарды қорғаудың тиімді тетігін әзірлеу және енгізу қажет.
Сыбайлас құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтумен қатар, осы келеңсіз әлеуметтік көрі­ніске қарсы іс-қимыл бойынша басқа да жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Мемлекеттік басқару саласындағы кадрлық саясатты жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады. Кадрларды таңдау кезінде құзыреттілікке, сатыл­маушылық пен жоғары патриотизмге басты басымдық қамтамасыз етілуі қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің жет­кілікті еңбекақысы және елеулі әлеу­меттік кепілдіктер сыбайлас жемқор­лық құқық бұзушылықтар деңгейін едәуір төмендетуге ықпал етеді. Сон­дықтан, Қазақстан Президенті Н.Ә. На­зарбаевтың бастамасымен құқық қорғау органдарын реформалау ке­зеңдерінің бірі – құқық қорғау органдарының жеке құрамын кезектен тыс аттестаттау өткізілуде, оның нәти­желері бойынша ақшалай үлесті арттыру және әлеуметтік пакетті кеңейту мәселелері шешілетін болады. Бұл өте маңызды, өйткені сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес нәтижесі құқық қорғау органдары жұмысының сапасына байланысты.
Мемлекет басшысының қолда­уы­ның арқасында, құқық қорғау орган­дарының қызметінде елеулі оң өзге­рістер байқалуда.
Қазақстан халқына биылғы Жолдауында Н.Ә.Назарбаев құқық қорғау органдары қызметін бағалау өлшем­дерінің өзгеруін құқықтық тәртіп жү­йесін дамыту басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Ең бастысы, сандық көрсеткіштер емес, жұмыс сапасы болуы тиіс. Бұл ретте халық пікірі маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысының аталған ұстанымдарын іске асыру шеңберінде Қаржы полициясы агенттігінің күш-жігері жүйелі сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы кү­реске, бюджет қаражатын ұрлау факті­лерінің жолын кесуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлық бағытындағы қыл­мыстарды, оларды жасаудың бастапқы кезеңінде жолын кесу, сондай-ақ болжамдық-талдау жұмысын күшейту мақсатында аталған ведомствоның құ­рылымында Ахуалдық орталық құ­рылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл үшін, ең бастысы аталған келеңсіз көріністің эконо­ми­калық негіздерін жою және шаруа­шылық қызметте қолма-қол ақша айна­лымының көлемін төмендету іс-шара­ларын жүзеге асыру, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес және заңсыз қаржы ағымдарының жолын кесу іс-шараларын жүзеге асыру қажет. Бұл мақсаттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өкілетті орган қолма-қол ақшасыз операцияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым тиімді жағдайлар жасауды ұсынады. Аталған шараларды іске асыру қаржылық операциялардың айқындығын қамта­масыз етуге және соның нәтижесінде көлеңкелі экономиканы қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық бақылауды арттыру – тиімді мемлекеттік саясаттың және түптеп келгенде сыбайлас жемқорлыққа ұтымды қарсы күрестің кепілі. Мем­лекеттің азаматтық қоғам институттарымен неғұрлым белсенді ынты­мақ­тастығы, мемлекеттік органдар қыз­метінің қоғам үшін ақпараттық ашық­тығын арттыру мемлекеттік институттар қызметінің мөлдірлігін күшейтуге ықпал ететін болады.
Оның сыртында, әлемдік тәжірибе институттық негіз әлсіз болған жағ­дайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы құрылымдар қызметінен кү­тетін үміттің ақталмайтынын ай­ғақ­тайды. Сондықтан, ведомство­ара­лық өзара іс-қимылдың жоғары дең­гейін қамтамасыз ету және негізгі мемле­кеттік органдардың осы бағыт­тағы жұмысын үйлестіру өте өзекті міндет болып табылады.
Жекелеген сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес ұтымды жүр­гізілгенімен, егер сыбайлас жем­қорлық үшін негіздер жойылмаса, оның нәтижелері уақытша ғана тиімді болмақ. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау мен жоюға бағытталған жүйелі жұмыс­ты жолға қоюдың маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингтердің көшбасшылары қатарында тұрған елдердің тәжірибесі адал өмір салтын, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделін, дұрыс, заңға мо­йын­сынушылық мінез-құлық стерео­типін қалыптастыруға бағытталған профи­лак­тикалық шаралар шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында әдептіліктің түрлі аспектілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мем­лекеттік билік институттарын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын сақтау мәселелерін жазу, сыбайлас жемқорларды әшкерелеу мен жазалау туралы хабарлау, сыбайлас жемқорлық іс-қимылдардың зиян­ды­лы­ғы, оны қабылдамауға қатысты аза­маттық пікірлер қалыптастыру қажет.
Бұл өте асқақ міндет және оны жеке-дара іске асыру қиын. Осынау өте маңызды және күрделі міндетті шешу үшін мемлекеттік органдар мен қо­ғамның барлық күш-жігерін біріктіру қажет, себебі, жүйелі көрініс ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл шараларын әзірлеу кешенді және дағдыдан тыс тәсілдерді қажет етеді.

Алик ШПЕКБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі 
Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі.