04 Қаңтар, 2012

Немере

3635 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Немере

Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:13

Немере десем, өзімнің немерелік ша­ғым есіме түсе береді. Есім атам тоқсан жастан асқанда төсек тартып жатып қалды деген хабар естісімен ағайын-ту­ысқандар жапа-тармағай көңілін сұрап, барып-қайтып жатты. Атам соңғы жылдары ата-баба зиратына жақын болсын деген ниетпен Лебяжіден шамамен елу шақырымдай жердегі Қазантай деген жерге қоныс аударған.

 

Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:13

Немере десем, өзімнің немерелік ша­ғым есіме түсе береді. Есім атам тоқсан жастан асқанда төсек тартып жатып қалды деген хабар естісімен ағайын-ту­ысқандар жапа-тармағай көңілін сұрап, барып-қайтып жатты. Атам соңғы жылдары ата-баба зиратына жақын болсын деген ниетпен Лебяжіден шамамен елу шақырымдай жердегі Қазантай деген жерге қоныс аударған.

– Балам, атаңа барып қайт, көңілін сұра, сені іздеп жатыр, – деді әкем.

Дегбірім қалмай дереу жолға жиналдым. Ол кездің көлігі пазик автобус. Ертемен шыққан біз жолай ауыл-ауылды аралап, түске таяу әзер дегенде Қазантайға жет­тік. Атамның қарағайдан боратып сал­ғызған еңселі үйі ауыл шетінде болса да, анадайдан көз тартып тұр. Жүрегім лү­пілдеп, аузыма тығыла береді. Дастарқан басында таудай болып отыратын атам­ның төсек тартып жатуы менің көңіліме сыймай-ақ тұрғаны. Сәлем беріп үйге енсем, атам аппақ киіммен шалқасынан жатыр екен. Көзім көзіне түсіп кеткенде, бойым шымырлап қоя берді. Әдетте, адамның ту сыртынан өтетін жасыл мен сары түстер араласқан ашық жанары өзге реңге түсіпті, дәп қандай еке­­нін айта алмаймын. Сыр бере­тін көздің жанары екенін сол жолы ұқ­­тым. Атам еміреніп, «Балам, аман-есен жеттің бе?», деп сол қо­­лымен құшақтап кеудесіне бас­ты. Аттай тулап тұратын атам­ның жүрегі болар-болмас қана нышан білдірді. Есімде, бала кезімде атамның жүрек соғы­­сын тыңдап қызық­тай­тынмын. Ол қылығымды атам теріс көр­мей, мені үнемі сол жағына алып құшақтағанды ұнататын, сонда әдейі жүрек соғысын тыңдатқысы келгені ме екен, жарықтық, кім білсін!

– Ата, қалайсыз?! – деймін бауырына енгім келсе де оған қалай жақындап, ықы­ласымды білдірудің ретін таба ал­ма­ған соң. Осы халімді сезді ме, атам:

– Балам, сені күтіп жатыр ем, мені далаға шығарып келші, – деді.

Мен қуанып кеттім, бұл атама қызмет көрсетудің бір мүмкіндігі емес пе? Ол кісінің далаға шықпағанына біршама уақыт болыпты. Үйдегілер бұ несі дегендей сыңай білдіріп еді, атам:

– Баламмен бірге далаға шыққым келіп тұр, – деді.

Жағдайды атам сүйеумен орнынан тұрғанда білдім. Батыр денелі атамның құр сүйегі қалған сияқты көрінді. Ол салмағын сала маған сүйенді, мен он алты жастамын, сүйегім ірі әрі мықты болатынмын, атамды құшақтап көтеріп кетуге халім бар. Жағдайды аңғарған ол:

– Балам, маған тартыпсың, мені сүйемелдеп отырсаң болғаны, – деді.

Байқаймын, аяқтарын нық баса алмайтын жағдайда екен. Есіме алты жасар шағымда екі аяғымды баса алмайтын дертке ұшырағаным, одан тәуір бола бастағанда Есім атамның әлеуетті қолда­рына сүйеніп, қайтадан тік жүре бас­та­ған шағым түсті. Онда мен дерттен айы­ғып келе жатқан кезім еді, ал бүгін маған сүйенген атам бұл дерттен айығар ма екен?! Көңіліме күдік ұялай бастады, кім біледі бұл атамның жалған ғұмырдағы соңғы рет немересімен серуені ме екен. Ішім өртеніп барады. Атамды бірер сәттен кейін көтергендей болып орнына қайта жатқыздым. Атама қарасам, өңі нұрланып қалыпты.

– Ту, балам келіп, бір сергіп қалдым ғой, – деп жымыңдай қуанғаны да есімде. Атам көрікті әрі келісті кісі еді. Ат жақты, дөңестеу қыр мұрыны, баданадай екі көзі, шоқша сақалы, екі бетінің ұшындағы қызғылт шырай, бәрі-бәрі адамды өзіне тартып тұратын.

Кешке таман ауылдың дәрігері келді. Мен жалма-жан одан сұрап жатырмын:

– Атама қандай дәрі-дәрмек керек, мүмкін Лебяжіге, аудан орталығына алып кетсек қайтеді, – деймін оған.

Дәрігер оңаша бір тұста маған:

– Айналайын, атаңа еш нәрсенің қажеті жоқ. Бұл кісінің дерті – кәрілік, – деді. Мен мұндай дерттің болатынын бі­рінші рет естідім. Осы сөз санама шөгір боп қадалып қалғаны сондай, кей кезде той-томалақ жүргізуші пысықтардың үлкендерге қарата: «Ол кәрі адам, ол қартайған», – дегендерін естігенде, «әй, бей­шара, әлі кәріліктің не екенінен бей­хабарсың ғой, әйтпесе бейпіл сөйлемес ең» – деп қоямын ішімнен. Өмір мен өлімнің арасында кең жайлау жатыр. Өлім деген кең дүниенің тарылғаны, оны Абай «таусыншақ күн» десе, Шәкәрім «алда қиын бір күн бар» дейді. Есім атамның таусыншақ күні, қиын күні шындыққа айналғанын үйге қайтып оралған соң, көп ұзамай-ақ естідім, бірақ топырақ салуға бара алмадым, үлкендер кетті, біз бала-шаға үйде қалдық.

Осы тұста өзіме қатысты бір тылсым сырды баяндамақпын. Ол атамның дү­ние­д­ен озғанын анық сезгенім. Оқиға бы­лай болды. Біз балалар жазғы дема­лысқа шы­ғы­сымен ақша табу үшін әр­түрлі жұ­мыс­тар істейтінбіз. Мен жақын жердегі Жамбыл атындағы совхоздың бірінші фермасына қара жұмысқа кір­ген­мін. Күні бойы шөп шауып, оны жинап, оны мая етіп үйетінбіз. Кешке қарай үйге қайтамыз. Сондай күннің бірінде жұмыс­тан үйге оралып келе жатсам, Лебяжі жақтан бір ат-арбалы біреулер қарсы келе жатыр екен. Неге екенін білмеймін, мен ішімнен «бұ­­­­лар бізге атамның өлімін ес­тір­туге келе жатқандар» – деген ой келді. Сол ой­дың же­­тегінен шыға алмай  оларға жа­қын­дай беріп едім, жегілген ат менің ас­тым­дағы велоси­пе­­дімнен үрік­ті ме, әйтеуір әлгі мінген адамдар мені орағытып өте шықты. Ішімнен «неге бұ­лар атамның қайтыс болғанын маған айтпады», – деп мен тұр­мын. Сөйтіп, алабұртқан күй­де аулаға ене бергенімде қарындасым Сәуле:

– Әтәй, Есім атам қайтыс болыпты, – деп алдымнан жылап шықты.

Бүгінде өмір жайлауын жа­­­ғалап жүрген шағымда, жылына бір рет атамның басына барып қайтқанды көңілім қалап-ақ тұрады. Мені атама жақын­датып отырған өзімнің неме­ре­лерім екенін де сезінемін. Шіркін, біз жетектеген балалар енді бізді жетектеп жүрсе деген де ойға келесің, әйтеуір «тоқта, бала» дегенге бұры­лып қарай­­­тын­дары болса, қан­дай ғанибет.

*  *  *

Құдайға шүкір, неме­ре­ле­рім бар. Немере деген балаға қарағанда ыстық деп жатады. Бәлкім, шындық болар. Менің түсінігімде немеренің ыстық болуы, өзе­гіңнен өсіп-өніп, енді алыстап, суысып бара жатқан балаңа деген сағыныш па деймін. Ойлансақ, немеренің ыстық болуы балаңның саған, сенің оған деген сағыныштардың түйісуі емес пе екен? Егер немерең саған жат болып тәрбие­лен­се, онда балаңның саған деген сағы­нышы қалайша сезілмек?

Не десек те, әйтеуір немере ыстық, құдаларды мың жылдыққа туыстыратын да осы немере. Қазақ, құда мың жылдық дегенде, сірә, немеренің өстіп екі араны жалғап жататын алтын көпір екенін біліп айтқан-ау шамасы.

Бүгінде немеремді алдыма алып отырып, өзімнің немере болған кезім есіме еріксіз түсе береді. Осы әңгімені отбасында талай айттым. Қайталаған сайын бір жеңілдеп қаламын. Ол былай болған еді. ХХ ғасырдың елуінші жылдары. Ел өткен соғыстан әлі есін жинау үстінде. Кедейшіліктен, жоқшылықтан көптеген отбасы айыға қоймаған кез. Әйтеуір қолында бірен-саран малы барларда тойып ішер тамақ бар. Үй жиһазы, киім-ке­шек дегендер жоқтың қасы, тапшы. Ос­ын­дай кезде жазғы каникулге атамның үй­іне келдім. Рақат. Айран, қымыз, ет, бауырсақ деген жеткілікті. Ойын баласы бірақ тамаққа тоя ма? Кіріп-шығып, үзіп-жұлып жеп жүреміз. Үйде мен секілді үш бала бар. Бір отырғанда дастарқан үстін тазалап та тастайтын қауқарымыз бар. Үй иесі ата болғанмен, ол кісі кенже баласымен бірге тұрады. Кенже аға әкем­нің кіші інісі, ол кісі көбінесе үйде болмайды. Тамақты пісіретін де, жасайтын да жеңгеміз. Бір күні түскі астан кейін атам мені тысқа шақырған. Сөйтіп, есік алдындағы бөренеге отырғызып алып, тос­­таған толы қаймақ пен бауырсақты ұсы­нып: – Балам, ал, – деді де, өзі мен та­мақ­ты толық жегенше үнсіз қарап отырды.

Мен атама қарап қоямын, аузым бос емес, ол жымиып үнсіз отыр. Қаншама жыл­дар өтсе де, осы сурет есімнен шы­ғар емес. Мәнісін осы күнге дейін шешіп айта алмаймын. Дәп осындай жасайтындай аш та емеспін. Неге оңаша алып шы­ғып, жарықтық мені арнайы тамақ­тан­дырды екен?

Бұл немеренің ыстық болғанынан ба, әлде алыстағы ұлын сағынғаннан ба, немесе өз ғұмырының жалғасын сезінуден туған сезім бе екен!

Нақтылы іс мәнісін ашып айта алмаймын, бірақ осы әңгімені отбасында қайта­лап айтуды ұнатамын!

*  *  *

Атасы немересіне үмітпен қараса, не­мересі атасына күдікпен қарайды деген де сөз бар. Себебі, немере мен атаның арасы «алты айлық» жол. Қазақ «елу жыл­да ел жаңа» – дейді. Сол елу жыл немере мен атасының арасындағы қа­шық­­тық. Жа­ңа­ның басында – Немере, ескінің соңында – Ата тұр. Сол елу жылды немеремен бір­ге жүріп өту қиынның қиыны, тіптен іске аса қоятын шаруа да емес деген пікір­демін. Немеремен қан­дай жағдайда бас қос­пақ­сың, әрине отбасында, дастарқан басында. Дастарқан немере мен ата­ның түсінік алаңы болмаса, жағдайдың қи­ын бол­ғаны. Дастарқан қа­зақ халқы үшін ұр­пақ сабақтас­тығының алаңы әрі көпірі. Бас осы жерде түйіспек. Дәм үстінде дәмді әңгіме болса, ол ақ жауындай сіңімді болады. Отбасы тәрбиесі – дастарқаннан бас­тау алмақ. Сонда дастарқан деген не?

Дастарқан ата-бабамыздан бізге жеткен қазына-мұра. Дастарқан ұрпақтар са­бақ­тастығын жалғастырушы, жеткізу­ші хат.

Қазақ халқының құт-берекесі – дастарқанда. Көңіл кірін жуатын да – дастарқан. Кісілікке бастайтын да – дастарқан. Тәрбиенің алаңы да – дастарқан. Алаң көңілге сенім беретін де – дастарқан. Дастарқан, қандай жағдай болмасын, тек ізгі ниетке жайылмақ!

Мен дастарқан басында атам туралы естеліктерді айтуды ұнатамын.

Біздің бала шағымызда үлкендер қо­нақ келгенде, өлім-жітім, той-томалақ бол­ғанда иығымызға орамал, қолымызға шылапшын мен құман беріп жұрттың қолына екі рет (асқа дейін, астан кейін) су құйғызатын. Бұл қалыптасқан дәстүр. Сондай талай рәсімдерді өткеріп жүріп бір аңғарғаным, үлкендер (ол кезде сөз ұлағатын білетін қариялар көбірек болатын) біздерге, қолдарына су құюшы балаларға әрқилы бата беретін. Осы істің мәнісін бірде Есім атамнан сұрағаным бар. Ол кісі мені мұқият тыңдап алды да:

– Сол қариялар саған қандай бата беретін еді? – деді.

Мен іркілместен: – Өркенің өссін дейтін, – дедім.

– Осы сәт атам сәл ойланып отырды да:

– Балам, қариялардың әр түрлі бата беретінін аңғардың ғой, – деді маған нұрлана қарап. Мен:

– Иә, ата, аңғардым, – дедім.

– Аңғарсаң болды, оның мәнісін көп кейін өзің түсіне жатарсың, – деді. Мен нақты жауап алмағаныма іштей көңілім толмаса да, атамның «аңғарсаң болды, көп кейін оның мәнісін өзің түсінесің» деген сөзі жадымда сақталыпты. Атам­ның осы айтқаны елу жыл шамасында, менің санамда жаңғырды, оянды. «Өр­ке­нің өс­сін» – деген қариялардың бата­сының м­ә­нісін түсіндім. Өркеннің өсуі деген, адам­­ның азамат болып өзінің тәуелсіз­ді­гіне жетуі деген мағына екен. Қазақта азамат деген ұғым бар. Шоқан Уәли­ха­нов оны адамның тәуелсіздігімен байланыстыра түсіндіреді, яғни адамның азамат атануы, оның тәуелсіз болуы. Азаматтары тәуелсіз болмаса, ел қалай­ша тәуелсіз болмақ. Тәуелсіздік деге­німіз, әрбір жастың өрке­нінің өсуі. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» деген романын еске алған жөн. Елдің өркенінің өсуі, ол тәуелсіздік, оның өрке­ниет жолына түсуі.

Егер сол кезде Есім атам «өркенің өссін» деген батаны тәптіштеп түсіндіріп берсе, ол естен шығып, ұмыт болар еді, се­бебі балалық сана оны қабылдай алмақ емес, ал сұрақты сұрақ күйінде қалды­рып, мәселені өзіме тақап қойғандықтан, ол санамда жаңғырып, жауап іздетті. Бұл не? Қандай тәсіл? Атам біздер сияқты жо­ғар­ы оқу орнында оқымаған, ал парасат­ты­лығы менің түсінігімнен әлдеқайда – биік.

Атамның парасаттылығы туралы тағы бір әңгіме. Әркімге белгілі жай, Никита Хрущев билікке келісімен өзінің бұрын­ғы ұстазы Сталиннен кек алуға кірісті. Ленинмен қатар жатқан Сталиннің сүйе­гін мавзолейден шығарды. Жеке басқа табынушылық деп Сталиннің жауызды­ғын әлемге әшкерелеп, жария етті. Оны құптағандар да, наразылар да болды. Шы­нына келсек, Сталиннің жеке басқа табынуын әшкерелеу арқылы мыңдаған, мүмкін миллиондаған жазықсыз жапа шеккендер ақталып, қайсыбірі атылған­нан соң, кейбір көзі тірілері түрмелерден босатылып, елдің бір тыныс алғаны бар. Бірақ, Никита Хрущев бұл тірлікті әділ­дік үшін емес, өзінің далбасалығымен атқарды. Осы тұста орыс халқының «ба­қыт болмағанда бақытсыздық құтқарды» – деген мәтелі тап осы жағдайға дөп айтылған сөз деуіміз керек.

Иә, сонымен, алып империяда Ста­лин­ді табалау қызу жүріп жатты. Со­ғысқа барып жаралы боп қайтқан әкеме Сталинді табалау, байқаймын, аса ұн­а­майды. Атам болса кезінде «халық жауы» боп түрмеге түскен адам, ол қалай Сталинді жақтасын. Бірақ, жағдай солай бола тұра, атамның мына сөзі маған мүлдем түсініксіз көрінді.

Дастарқанды жағалай біршама ауыл адам­дары отыр. Сонда Есім атамның айтқаны:

– Мына үкіметтің келешегі жоқ екен. Коммунистер алысқа бармайтын болды, – деді. Отырғандардың біреуі:

– Неге олай дейсіз? – деп еді.

– Өзін-өзі жамандаған өкіметтің ғұ­мы­ры қысқа болмақ. Мынау таз (Хрущев­ті айтып отыр) жаңа патша, анау мұрт (Ста­линді айтып отыр) бұрынғы патша. Бұлар бірін-бірі қаралағанда халық қай жағына шықпақ. Іс өнбейді. Жаңа заман келеді.

Атам, әкем Ғабдыжаппар екеумізге бұрылып:

– Мен ол заманды көрмеймін, сен (әкеме қарап) шет жағасын көресің, ал мынау (мені нұсқап) сол заманда өмір сүреді, – деді.

Атамның айтқаны айдай келді, мен жаңа заманда, егеменді Қазақ елінде өмір сүріп жатырмын.

Бұл сол замандағы жағдайдың түбе­гейлі өзгерісі туралы шындық.

Көп кейін, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында социализм сыр бере бастады. Сол кезде атамның жадыма жатталып қалған сөзі қайта жаңғырған. Социализмнің, СССР-дің тарауы туралы енді мен де өз болжамдарымды ашып айта бастадым.

– СССР-дің бұлай боларын қайдан білдің? – деген кейбір замандаста­рым­ның таңданысына мен де таң-тамаша қалатынмын. Сірә, заман ағысын сезіну үшін аса көп оқудың қажеті шамалы ма деген ойға да келесің. Әлде ұстаз Ыбырай айтқандай, «оқығанды көңілге, ықы­ласпен тоқу» жетіспей ме? Ол бір. Екін­шіден, бірге жүріп, бір мақсатта болып, қолына билік тиісімен бұрынғы билік басындағының бас терісін сыпыру адам­шылық па? Осы ойдың шешімін Пекин­дегі Тяньаньмэнь алаңындағы Маоның үлкен портретін көргенде тапқандай болдым. Мао мәдени революция кезінде қандай қырғын жасаса да, ол мемлекет құрушы ретінде құрметке ие, немесе кешегі Борис Ельцин туралы Ресейде бір ауыз шет сөздің болмауы да үлгі емес пе?

Ата мен немере дегенде осы оқиға есіме жиі түседі.

*  *  *

Немере жалғыз емес, ол ұрпақ, буын, қазіргі 20 жастағы, тәуелсіздікпен құрдас ұлдар мен қыздар. Бұл ақпараттық қо­ғамның түлектері. Олай болса, олардың бәсекеге қабілеттіліктері аталарына қара­ғанда қуатты болмақ. Жаңа мен ескі аралас болғанды білеміз, бірақ дәл қазіргі замандағыдай құндылықтардың түбе­гей­лі күйреп, жаңа құндылықтардың санаға әлі де орнығып үлгере алмай жатқан дәу­ірде күн көріп жатқанымыз ешкімге жасырын емес. Бүгінгі өзекті мәселе – ұрпақтар сабақтастығы. Сабақтастық әке мен бала­ның емес, ата мен немере арасында. Ке­зін­де орыс жазушысы Иван Сергеевич Тургенев «Әкелер мен балалар» деп аталатын романында олардың арасындағы сабақтас­тықтан нигилизм де­генді тауып, ол қо­ғамда әжептәуір әңгіме болып, бізге жетіп еді. Меніңше, әке мен бала арасынан қай­шы­лық іздеу­дің қажеті жоқ, мәселе ата мен немере арасындағы сабақтастықта, ол ұр­пақтар сабақтастығы деген өзекті әңгіме.

Қазіргі «тәуелсіздік құрдастары» деп жүрген жиырмадағылар (ол он жеті мен жиырма үш жас аралығы) 2020 жылдары «орда бұзатын» отыз жасқа, 2030 жылдары «қамал алатын» қырық жасқа жетіп, ат жалын тартып, билік солардың қолдарына тиеді. Сол кезде жағдай қалай болмақ, ол үшін отбасында өсіп-өніп келе жатқан немерелерге зер сала қарап қойсақ қайтеді? Келешек солардың көздерінде тұнып тұр емес пе? Тағдыр да солармен бірге өсіп тарқатылмай ма?

Иә, бізбен бірге қандай ұрпақ өсіп келеді және ол шынымен бізбен бірге ме, әлде өзге ойы бар ма, бар болса қандай? Шіркін, соны біліп отырғанға не жетсін! Тәубасынан ажырамаған қазақпыз, бәрін білуші бір Алла деп, көңілге медет етеміз.

*  *  *

Өткен жылы Анталияда отбасы мә­се­лесіне арналған айтулы халықаралық бас­қосу өтті. Бұл жиынға біздің елден ға­лым­дар, журналистер, ақын-жазу­шы­лар, қо­ғам қайраткерлері қатысты. Түскі асты Түр­кияның отбасы және әлеуметтік саясат істері бойынша министрі, ханым Фатма Шахин берді. Сөз кезегі келгенде мен немере әкеге, ол атаға сөйтіп алмаса бермек деген мағынада ой білдіріп ем, министр ханым менің сөзіме орай немереге қаты­с­ты әзіл-шыны аралас әңгіме бастады.

Анталиядағы осы біз отырғандай тамаша демалыс орнының біріндегі мей­рам­ханаға «ішкен дәміңіз үшін немереңіз төлейді» деп жазып қойыпты. Бір адам тамақтанып болып, шығып бара жатса, даяшы одан ақша төлеуін талап етеді. Сонда әлгі адам жазуды көрсетіп:

– Ақшаны немере төлейді, – десе даяшы былай жауап беріпті:

– Сіз де біреудің немересі емессіз бе, атаңыз үшін төлеңіз, – десе керек деп министр-ханым әңгімесін аяқтады.

Иә, атамыз үшін төлеуді ұмытпайық!

*  *  *

Немере әр отбасында көз қуанышы болып өсіп келеді. Өсіп-жетіле келе ол сізге не айтады, сіз оған не айтпақсыз! Немере деген кім?

Немере – өзіңнің күні өткен қызықты ғұмырыңа деген сағынышың.

Немере – өзіңнен алыстап бара жат­қан балаңа сағынышың.

Немере – отбасының жылуы.

Немере – жақынның алыстауы, алыс­тың жақындауы.

Немере – жанған шырағың,

Немере – өмірдегі тұрағың.

Немере – адамның әсем мұңы.

Ғарифолла есім, академик.

Астана.