02 Қаңтар, 2012

Асан Қайғы – бабамыз жайлы біз не білеміз?

6033 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Асан Қайғы – бабамыз жайлы біз не білеміз?

Дүйсенбі, 2 қаңтар 2012 0:05

«Асан Қайғы Сәбитұлы (XIV ғасырдың ақыры, XV ғасырдың басы) мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ, Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен» – деп жазылған. Қазақстан ұлттық энциклопедиясында.

 

Дүйсенбі, 2 қаңтар 2012 0:05

«Асан Қайғы Сәбитұлы (XIV ғасырдың ақыры, XV ғасырдың басы) мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ, Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен» – деп жазылған. Қазақстан ұлттық энциклопедиясында.

Ал, Арал өңірінің төл перзенті, ақын Зейнолла Шүкіров өзінің «Сыр бойы» романында,ел арасындағы аңыз әңгіме желісі бойынша «Сартай батыр Асан Қайғының алтыншы ұрпағы, бабасы Қосқұлақ би Сауранды билеп, Ақназар ханның сенімді сардарларының бірі болса керек. Өз әкесі Байжан би Хиуа ханының төбе биі болыпты» – деп жазады. Сонымен қатар, осы романда «Асан Қайғы, Шерғұтты, Қарға бойлы Қазтуған Шора ханға сәлем бере келіп, Хантөрткүлдің басында кеңес құрады. Төрт хан бәтуаны бір жерге қоя алмай тарасады. Қазтуған ізіне ерген жұртты бастап Хорезм жұртына қарай жөн тартады. Шерғұтты ескі қонысы Ақ Жайыққа көшеді» – деп жазған.

Ақын З. Шүкіровтың романында келтірілген бұл деректер мұрағаттық деректермен нақтыланбаған. Дегенмен, жазба әдебиетінің өзі ауыз әдебиетінің негізінде дамыды емес пе?! З. Шүкіров Арал өңіріндегі көнекөз қариялардан естігенін жазған. Арал өңірінен шыққан өзге жазушылар да Асан Қайғы туралы ешқандай мағлұмат жоқ . Ақынның бұл аңызды әрі қарай дамытып жазуға, мұрағаттық деректермен салыстыруға денсаулығы жарамағанын әдебиет сүйер қауымның білетініне шүбәм жоқ. З. Шүкіров жазған осы Асан Қайғы туралы аңыздың бірнеше нұсқасы Арал өңірінде сақталған. Соның куәсіндей, жоғарыдағы келтірілген жер аттары да әлі күнге солай аталады.

Мен, өзім «Мың бала» жасағын бастаған қолбасшы он бес жасар Сартай батыр туралы ізденіп, жазып жүргеніме көп болды. Сартай батыр, оның арғы атасы Асан Қайғы туралы тоғыз жасымда ауыл ақсақалы Орынбеттен естіп, кейін әкем Кеңес бұл әңгімелерді қайталап айтып, құлағымда өшпестей етіп қалдырды. Осы күні Сартай батыр туралы аңызға айналған әңгімелерді мұрағаттық жазба деректермен салыстырғанда, сол айтылған аңыз әңгімелердің шындық екеніне көзім жетті. Естіген құлақта жазық жоқ дейді емес пе, олай болса, ауыл ақсақалының Асан Қайғы туралы айтқандарын оқырман қауымға жазып жеткізуді жөн көрдім. Ол үшін мені ешкім сөкпес деп ойлаймын.

Ескі әңгіме желісі бойынша, әкесі Әлімге мың ақ боз үй тіктіріп, барша қазаққа ас беретін баласы Жаманақ көрінеді. Жаманақ атамыз малына салған Х (қос шек) таңбасына байланысты «Шекті» аталып, одан тараған ұрпақтар да сол таңба атымен елге танылған – деп айтылып та, жазылып та жүр.

Жаманақтан (Шекті) – Шыңғыс, Өріс, Бәубек тарайды. Жаманақтың үлкені Шыңғыс тумысынан зерек, алғыр, бойына қасиет дарыған және соған сәйкес өте бай болған көрінеді. Қызылқұмды қысқы қонысы етіп, жаз жайлауға Қарақұм арқылы Ырғыз, Торғай, Ор, Түмен, Орынборға қарай көшеді екен. Шыңғыс өзінің өлетінін күнілгері біліп, алдын-ала елді жидырып, садақа береді. Садақа соңы күрес, көкпар тарту, ат бәйгесіне жалғасып, ұлан асыр тойға ұласады. Той аяқталысымен Шыңғыс ел жақсыларын өзінің ақ боз үйіне жинап, әкеден өзіне мирас болып қалған дүние-мүлікті, төрт түлік малды бөледі. Бабаңның көзі еді деп, Жаманақтан қалған қоңыраулы қара қобызды, көн садақты қорамсағымен ақ бураның үстіндегі қоржынның екі басына салдырып, төрт түлік малдан еншісін бөліп Жақайымнан туған он алты жасар немересі Қорасанға береді. «Сөйлер сөзге шешен, құралайды көзге атар мерген» – түбі осыдан шығады деген екен. Өзі киген ақ сауыты мен найзасын, шоқпарын Ақшулан атты тұлпарымен қоса ортаншы немересі Бөлекке (Шыңғыстың тауып алған баласы Қалудан туған) беріп, «айтқанынан қайтпайтын өжет, шеніне жау жолатпас батыр болады»- деген екен. Өзі мінген Ақ моншақ атты тұлпарын, беліне таққан қанжары мен қылышын төрт жастағы кіші немересі Тоғанға беріп «қиқу шықса намысы қозатын, ерегіскен дұшпанға есесін жібермейтін ер болады» – деп көрегендік танытқан. Қалған малды інілері Өріс пен Бәубекке, баласы Жақайымға тең бөліп береді. Садақаға қатысқан өзінің замандастарына, ағайындарына, туыс-жекжаттарына ат мінгізіп, шапан жауып барлығының көңілін тапқан екен – дейді. Осыдан кейін көп ұзамай Шыңғыс ерте дүние салады да шаңырақта қалған Жақайым аға баласы атанады. Ел-жұрт Шыңғыс атамыздың көріпкелдігіне тәнті болып қарапайым адамдық, азаматтық істеріне ризалық танытып «шынымен пейілі бай адам екен» – деп, кейінгілер Шыңғысты – Шынбай (ол бара-бара Шымбай) атандырыпты. Қызылқұмдағы Шыңғыс жайлаған қоныс «Шымбай» аталып, кейіннен қала болыпты дейді. Баласы Жақайымды да көнекөз қарттар: «түсінде Қыдыр бабаны үш рет көріп , батасын алған» – деп айтып отыратын.

Жақайымның бәйбішесінен Қорасан /Асан Қайғы, Ақбура/ Қызылқұмда туған көрінеді. Азан шақырып атын Қорасан қойғанымен, кейін Асан, Ақбура атануына оның жеңгелері мен шешелері себепкер болған көрінеді. Қорасан аты әулиенің аты болғандықтан, оның атын дәл атамай қазақ халқының менталитетіне сәйкес Асан деп, кейін атасының ақбура сыйлағанын ескеріп Ақбура атауы да әбден мүмкін.

Ел аузында, батырлар жырында Қорасан әулиеге сиынғанда айтылатын өлең жолдары бар. Халықтың бұл әулиеге сенім-нанымы әлі күшін жоймаған. Мысалы, Қобыланды батыр жырында:

«Әулие қоймай қыдырып,

Етегін шеңгел сыдырып,

Жеті пірге танысқан

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып

Қабыл болған тілегі

Жарылғандай жүрегі» – дейді.

Ал, екінші әйелінен туған Тоған – Тоқбай көлінің жағасында туған дейді. Ол кезде Тоқбай, Шұқыркөл, Сарыкөл, Жарықкөл, Сарыой, Өзекқақ, Қотанкөл, Үлкен Сарыой Арал теңізіне, не болмаса Қамыстыбас көліне қосылмай әрқайсысы жеке-дара табиғи тоған болып тұрған дейді. Кейін Тоқбайдан басқасы тартылып, кеуіп қалған көрінеді. Жақайым атамыздың үшінші әйелінен тараған кейінгі балалары Ағыс, Көгіс, Ақ Жайық, Еділ өзендерінің бойында туса керек. Себебі, сол уақыттарда Ақсақ Темір жойқын шабуылдар жасап, бар елді жаулап алып жатқанынан сескенген Жақайым бай елін Орынбор асырып, Қазан маңын жайлаған көрінеді. Жақайым атамыздың моласына қойылған құлпытасы Орынбор қаласынан 70 шақырым арыда жатқанын көрген ақсақалдар айтып отыратын. Шыңғыс атамыздың аузының дуалылығы сонда, немерелеріне көрегенділік танытып берген баталық сөзі, дүние мүлкі мен малының көзі «Ақбура, қара қобыз, көн садақ» сегіз ұрпағына, кешегі Сартай батырға дейін жетті. Ақ моншақ аттың тұқымы Ақ құнан тұлпар, қанжар мен қайқы қылыш Жылқайдар батырға дейін жетті. Ақшулан аттың тұқымы Ақтабан тұлпар, ақ сауыт, ақ найза мен қара шоқпар Бақтыбай батырға дейін жетті – деп айтып отыратын, Орынбет ақсақал. Енді осы айтқандарын жазба деректермен салыстырып көрейік;

М. Тынышпаев / Қырғыз-қазақ халқы тарихының материалдары. Ташкент, 1925 ж., еңбегінде төмендегідей деректер келтірген.

Қытайдың мұрағаттық мәліметтерінде VІІ – ғасырда Шу өзенінің батыс бетінде Чумынь, Чумунгунь тайпалары өмір сүрген. 654 жылы қытайлықтар Чумунгуньдарға шабуыл жасап, астанасын қиратып, 30 мыңға жуық чумунгундарды өлтіріп, құлақтарын кесіп алғанын жазады. 742-744 жылдары ұйғырлар мен карлуктардың біріккен күшінен жеңіліс тапқан чумунгундар батысқа қашқан. Махмуд Қашғари 1073 жылы жазған «Түркі тілі сөздігі – Диуани лұғат-ит-түрк» пен Шу алқабындағы Баласұғұн қаласының тұрғыны Юсуф Хас Хаджиб 1069 жылы «Құтты білік-Құтадғу біліг» кітаптарында Шу өзенінің жағалауында сол уақыттарда чеклы тайпасының өмір сүргенінен хабар береді.

Қаракесек тайпасы (әлімұлы, Шөмекей, кете) ежелгі ұраны – дөйт. Әлімнің бір тармағы шекті немесе шеклы болып аталады. Қашғардың оңтүстік батысы мен Алай тауының шығыс бөлігінде осы күні қара-қырғыздардың қаракесек пен дөйт рулары ежелден бірге тұрып жатырғанын, туыстықтарының барын жазған. Сонымен қатар қаракесек пен дөйт рулары Кіші жүз қазақтарында да бірдей кездесетінін, бұл ру аттарының екі жақта да бір-бірімен тығыз байланысты екенін жазған. 742-744 жылдары ұйғыр мен карлуктардың шабуылынан қаракесектердің (әлім, шөмен, кете) екіге бөлініп, бір бөлігі Қашғарияда қалса, екінші бөлігі Сырдария өзенінің төменгі сағасын, Арал теңізінің шығыс бетін мекендегенін жазған. Бұдан «қаракесек» пен «шекті» атауының VІ ғасырдан бері белгілі болғанын, VІІ ғасырдың елуінші жылдары Сырдың төменгі сағасын, Арал теңізінің шығыс бетін жайлағанынан хабардар боламыз.

Б. Залесский “Қазақ сахарасына саяхат”. (Алматы, 1991 ж.) еңбегінде «Батыр Шора туралы аңызда» Қазан шаһарының маңында Қара, Тама және Жақай есімді үш батырдың өмір кешкені туралы жазады. Бұндағы Жақайы-Жақайым бай екені дау тудырмаса керек. Бұл аңыз болғанымен Жақайым атамыздың атының жазба деректе ұшырасқаны Қазан маңын мекен еткеніне дәлел болатын құжат.

Ұлы жүз руларында қаракесек, шекті рулары кездеспейді, ал орта жүзде бар. Орта жүздің тоқал Арғыны «жоғарғы шекті» және «төменгі шекті» болып екіге бөлінеді. М. Тынышпаев өзінің жоғарыдағы еңбегінде бұл атаулардың да таңбадан шыққанын жазған. Арғындардың негізгі таңбасы ОО – көз таңба, ал жоғарғы шекті арғын таңбасы – ОÓ былай белгіленген, төменгі шекті арғын осыған керісінше, яғни ОQ болып таңбаланған. Орта жүз шежірешілері Қотан тайшыдан Дайырқожа (Ақжол би), одан Мейрамсофы туады деп таратады. Осы Мейрамсофының үш әйелінен (үшеуі де Кіші жүз руларының қыздары) бес бала тарайды.

а) Алшын Құдыс байдың қызы Нұрпаядан – Қуандық, Сүйіндік туады. б) Нұрпаяның жеңгесі жаугершілік болып кейін қайталмай қалғасын, Нұрпая жеңгесін Мейрамсофыға өзі қосып, одан – Бегендік, Шегендік туады. в) Нұрпаяға қызметші болып еріп келген Қаракесек руының қызы Қарқабаттан – Болатқожа туады. Міне , осы Болатқожаны Арғын елі «Қаракесек» атайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы /Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, 1991 ж. еңбегінде «Кіші жүз ішінде біздің тоқал Арғын деп аталатын саржетім-шақшақтың нәсілі бар екені анық, бірақ кіші жүз аталықтарының ішінде анық аты ұқсағаны жоқ, олай болса шекті дегені шақшақ бола ма деп ойлаймын, яки арғын болған соң қоспаған ба?» – деп жазады.

Жоғарыдағы келтірілген деректерге ой жүгіртер болсақ, Қаракесек, Шекті атаулары Кіші жүзде Орта жүздегіден әлдеқайда ерте пайда болғанын пайымдаймыз.

Ал, Кіші жүздегі «Қыр шектілерінде» үш кірме ру бар. Олар; Уақ, Ноғай, Қырғыз. Бұлар өздерін қабақпыз, қыр шектісіміз дейді. Уақ Қарқаралы жақтан көшіп келгендер. Ноғай-Қазақай деген кісі келіп, содан өсіп-өнген ұрпақ. Қырғыз бұлар да көшіп келгендер –деп жазады Ж. Дәуренбекұлы, С. Құттыбайұлы “Алты Ата Әлім” (Алматы, 1992 ж.) еңбегінде.

Осыған қарағанда, Ш. Құдайбердіұлы қыр шектілеріндегі уақты меңзеген болар деп ойлаймын. Кіші жүз шектілерінің Орта жүзге ешқандай қатысы жоқтығы даусыз мәселе.

Әнес Сарай мырза «Ноғайлының рухани өмірі» атты еңбегінде Шынбай, Жамбай, Кеңегес шектінің бір аталары, ал шекті шежіресінде Асан Қайғының (Қорасан, Ақбура) байланысы байқалмайды – деп жазады. Бұл Әлім аталығын, одан тарайтын Шектіні толық білмейтіндіктен қате жазылған пікір деп ойлаймын. Себебі, Шектіде Шынбай, Жамбай, Кеңегес деген аталар жоқ. Бұл Қарақалпақ рулары. Қарақалпақтың атақты шайыры Бердақ өзінің өлеңмен жазып қалдырған шежіресінде;

Мүйтен, Қоңырат, Қытай, Қыпшақ ,

Кеңегес, Маңғыт ақпышақ

Бәри алты урыу қарақалпақ

Үргеништи жайлаған екен – деп жазған.

Табысқан Қанатов “Тауелибай тарийхынан там-тум сыр” (Нөкис, 1993 ж.) кітабында осындағы 12 баулы Қыпшақ арысынан бөлінетін Құбақыпшақты Құрама, Қотыр, Жамбай, Шымбай, Шабайлы, Жағалбайлы, Өтеқайлы, Айыушы, Ойрат, Қыслық деп тоғыз атаға бөледі. Әнес Сарай мырзаның Жамбай, Шымбай шекті аталықтары дегендері осы қарақалпақтардың Құбақыпшағынан шығып тұр. Ал, Кеңегес аталығын он төрт руға бөледі. Олар: Қарғалы, Абақлы, Тарақлы, Қайрысалы, Ақтоғын, Араншы, Өмир, Мынжыр, Назар, Добал, Шонтыбай, Алшын, Үйшин, Керей. Бұлардың барлығы шектіге үш қайнаса сорпасы қосылмайды, яғни қарақалпақтар.

Әнес Сарай мырза жоғарыдағы еңбегінде Асан Қайғы мен Абаттың не себепті «мырза» атанғанын, бұл жерде оның жомарттығын меңзеген бе, әлде «мырза» тектік лауазымы ма? – деп тоқтала кетіп және Едігеге туыстығы жоқ деп жазған.

Біріншіден, Асан Қайғы мен Абаттың «мырза» аталуына келетін болсақ, әкелі-балалы екеуі де тумысынан жомарт, қолда бар малды елдің болашағына аямай жұмсаған. Талай жаугершілікті бастан өткізіп, кейін кедейлікке ұшыраса да туа бітті қасиетінен жаңылмаған көрінеді. Екіншіден, Шыңғыс Орта жүзге құда түсіп Зеріп деген қызды тауып алған баласы Қалуға алып береді. Қалудың өмірі қысқа болып, өлер алдында өзінің тегін Шыңғысқа былай баяндайды. Ол өзін Ноғайлының атақты би-батыры Едігенің төртінші ұрпағы Мұсаханның бәйбішесінен туған Сидақтың баласы екенін жасырмай айтады. Өзінің шығу тарихын толық баяндап, әйелі Зеріптің екіқабат екенін, ұл туса атын Бөлек қоюды Шыңғысқа аманаттапты. (Т. Үсенбаев. «Алшын шежіресі». Қызылорда, 2003 ж.) Шыңғыс Қалудың жылы өткен соң келіні Зеріпті қайнысы Өріске қосады, ал немересі Бөлекті Жақайымнан туған немерелерімен бірдей көріп өсіріп, өз қолынан еншісін береді. Сонда Асан Қайғы (Қорасан, Ақбура) мен Бөлектің шығу тегі былай таралады.

Жаманақ (шекті) – Шыңғыс – Жақайым – Қорасан (Асан Қайғы, Ақбура) – Абат – бәйбішеден, кіші әйелінен – үлкен Асан туған.

Едіге – Нурадин – Ғаббас – Мұса – Сидақ (Шыңғыс) – Қалу – Бөлек – бәйбішесінен – Айт, Бұжыр, тоқалынан – Ақмалай, Олжабай, Шағатай, Бұғыбай, Жаңабай.

Кейін Шыңғыс, Өріс, Бәубектен тарағандар «Сыр шектісі», ал Бөлектен тарағандар «Қыр шектісі» – деп тұратын жеріне қарай бөлініп айтылатын болған. Осы аталық шежірені назарға алатын болсақ, Асан Қайғы (Қорасан, Ақбура) мен Абаттың ең ет жақын туысы Бөлек болады. Сондықтан білмейтін былайғы жұрт бұларды да Едігенің ұрпағы деуі мүмкін. «Мырза» атануының екінші себебі осы болса керек.

Асан Қайғы (Қорасан, Ақбура) Керей мен Жәнібек хандарға ақылшы болған күннен бастап, хан ордасын қазақ даласына қарай көшіруге, жеке-дара мемлекет болуға уағыздайды. Жайық бойындағы сапырылысқан өзге ұлттардан қазақты бөлектеуді көздейді. Бастапқыда Жәнібек хан қазақ хандығының ордасын көшіруге келісіп, жер таңдауды Асан Қайғыға жүктейді. Асан Қайғы өзінің орнына төбе би қылып Абатты бекітуді өтініп, өзі ұзақ сапарға жер көруге аттанады. Кетерінде Абатқа хан тарапынан болған сынға лайықты болуды, егер ханмен арасы жақын сыйластықта, алыс-беріс болатындай болса, Әлім балаларына Ойыл, Жем, Ырғыз бойын сұрауды тапсырады. Бұл жерлердің мал-жанға қолайлы екенін өлеңмен айтып суреттейді. Бізге жеткен аңыз бойынша, Асан Қайғының жер көру сапары жеті-сегіз жылға созылады. Асан Қайғы кеткесін Жәнібек хан Абатты шеттетіп, елді өзі жеке билемек болып сылтау іздестіре бастайды. Бұған ақыл-парасаты мол Абат тарапынан ешқандай мін табыла қоймайды. Абат өзіне қарасты елге айтқанын жүргізіп отыра береді. Сонда Жәнібек хан Абатты бес рет сыннан өткізген көрінеді.

Жәнібек хан саятшылық құрып құс салса, құсын жабайы бір қыран келіп, қуып тастайды екен. Жәнібек: «Сені құралайды көзге атқан мерген дейді, мерген болсаң осы жабайы қыранды атып түсір» – деп бұйырады. Абат атады. Оғы жабайы құсты жарақаттамай, құйрығын екіге айырып, қауырсынын бұрқыратып өтеді. Жабайы қыран шорт бұрылып көзден ғайып болады. Жәнібек хан мергендігіне тәнті болады. Сонда Абат: «Ен салдым, аршыл құс болса енді қайтып келмес, арсыз болса қайта келер, сонда ат деген жеріңнен атармын» – деп ханды нөкерлерінің алдында бір тұқыртады. Жәнібек хан Абаттың мергендігін бір сынаса, сонымен қатар сөзге де мергендігін байқаған екен.

Тағы бірде аузында жалғыз ғана тісі қалған құлды «Абат жоқта әйелінің қойнына кіріп жатып ал, ұрып-соқса да кетпе» – деп жұмсайды. Құл да аңдып отырып, Абат ордадан шыққан кезде әйелінің қойнына кіріп жата қалады. Тәтті ұйқының құшағына берілген әйел бұл оқиғадан қаперсіз жата береді. Ханның нөкерлері болса Абатты әрнәрсені сылтауратып таң бозарып атқанша ордада кідіртеді. Таң атқасын ештеңеден хабары жоқ Абат отауына кірсе, құлдың өз әйелін құшақтап жатқан үстінен түседі де, қайта шығып кетеді. Бұны көрген хан нөкерлері Абатты қайрап, құл мен қатынның басын шабуға үгіттейді. Сонда Абат бұл оқиғаның да тегін еместігін сезіп: «Жігіттер, кең болсаң, кем болмайсың» – депті де жылқысын қарауға кетеді.

Енді Абаттың мырзалығына, жомарттығына көз жеткізгісі келген хан өзінің жеті жігітін аңға шығуға дайындалып жатқан батырға жұмсайды. Абат батыр әдеттегі дағдысымен қойдың төстігін үйітіп, енді жемек болғанда ханның жеті нөкері сау етіп жетіп келеді. Сонда Абат келгендерге: “Таңғы ас тәңірден” деген, бұйырған дәмнен ауыз тиіңдер» – деп, төстікті қанжарымен сегізге бөліп берген көрінеді.

Ең соңында батырлығын сынамақ ниетпен хан Абатты ел-жұртқа қиянаты өтіп жүрген қалмақтардан есе қайтаруға жұмсайды. Абат батыр ханның бұл тапсырмасын бұлжытпай орындап, ханның көңілінен шыққан екен дейді.

Абаттың мергендігін, сөзге шешендігін, ашуға берілмейтін кеңдігін, дүниеге көңілі тарылмайтын жомарттығын және батырлығын сыннан өткізіп, көңілі толған Жәнібек хан оң тізесінен орын беріп, қадірменді би деп танып: «не тілегің бар» – деп сұрайды. Сонда Абат әкесінің айтуы бойынша, Ойыл, Ырғыз, Жем бойын Әлім аталығына сұрайды. Жәнібек хан сөзге келместен, Абаттың тілегін орындайды. Сол уақыттан бастап Ойылды Байсарының ұрпағы кетелер, Жемді Әлімнің ұрпағы, Ырғыз бойын шөмекейлер жайлапты. Кіші жүз руларының үлкені Қаракесек, одан тарайтын алты ата Әлімнің жолы үлкендігі кейінгілерге дәстүрлі түрде жалғасқан. Бұған ел ішінде “Әлім алдында аузыңды тый” деген аталы сөзі қалыпты. Сондай-ақ Мұрат Мөңкеұлының:

… Алаш, алаш болғалы,

Алаш атқа мінгелі,

Ала шұбар ту байлап,

Алашқа ұран бергелі

Әлім еді ағасы. – деген жолдары да бұл сөзімізге кұз.

Сонымен қатар Шернияз ақынның:

«… Қыстауымды сұрасаң – Торыатбасы, Шідерті,

Жайлауымды сұрасаң, адыр-бұдыр арасы,

Жем-Сағыздың сағасы,

Руымды сұрасаң, 12 ата Байұлының ағасы

Әкемнің аты – Жарылғас, өзімнің атым – Шернияз,

Аты-жөнімді айтпасам, түсірмейтін ғой,

Мынау Мақаш әкім шамасы»

- деп таныстырған өлеңі мысал бола алады. Осы таныстыру өлеңі арқылы ақын Жем-Сағыздың сағасы ежелден Әлімнің ата-қонысы екенін айтып кеткен емес пе?!

Бізге жеткен аңыз әңгіме бойынша, 1490-1495 жылдардың аралығында Бесқопа аңғарында ат суаруға барған Абат батырды ат-матымен жайын балық жұтады. Бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада Абат батырға кесене тұрғызылады. Ойда-жоқта опат болған Абат батырдың жылы өткесін ХVІ ғасырдың басында Бұрындық ханның озбырлығына шыдамаған Асан Қайғы, Шерғұтты, Қотан тайшы, Шора батыр бастаған қазақ билері ізіне ерген ел-жұртты бастап үдере көшіп, Арал теңізінің жағалауына келеді. Осы күнгі №89 разъездің батыс бетіндегі екі төбенің біріне өзіне ерген жұртымен Шора батыр түседі. Қазірге дейін сол №89 разъездің Шорахан аталуы содан көрінеді. Сол төбенің батыс бетіндегі төрт көлдің бірін Шораның елі жайлайды, ал қалған үш көлге Арғын елін бастап Қотан тайшы, шекті елін бастап Асан Қайғы (Қорасан, Ақбура) және байұлын бастап келген Шерқұтты келіп түседі. Шора батырды халық «хан» деп атағанмен, ол кісі хан болмаған, бірақ батырлығын, халқына қамқорлығын ел қатты құрметтеген дейді.

Шора батыр түскен төбенің жанындағы екінші төбе қазіргі уақытта «Хантөрткүл» аталады. Бұл төбенің бұлай аталуының себебі, елді бастап келген Шора, Қотан тайшы, Асан Қайғы және Шерқұтты осы төбенің басына шатыр тіктіріп, қазақ халқының келешегі туралы, қайтсек ел боламыз деген мақсатта ақылдасады екен. Өздері орталарынан хан сайламақ ниеттері де болады. Әйткенмен, төрт би бәтуаны бір жерге қоя алмай тарқасады. Бұл шамамен 1502-1503 жылдар болса керек, Шора батыр ізіне ерген жұртымен Ақжайық бойына, Шерқұтты Астраханьға кейін қайтады. Асан Қайғы болса теңіз бойындағы қамыстың маса-сонасы малға жайсыз екендігін білгеннен кейін жаз ортасында ізіне ерген жұртымен Ырғыз даласы арқылы Ұлытаудың солтүстігіне келеді, ал, Арғынаты тауына Қотан тайшы, яғни орта жүз жайғасады. Арқаны бір-екі қыстап суығына төзбеген Қорасан ата (Асан Қайғы, Ақбура) елін бастап Қаратауға қайта келеді. Қаратаудың терістігіндегі Айыртау жайлауы үшін болған ұрыста Қорасан атамыздың тоқалынан туған Асан жиырма үш жасында қайтыс болады. Ұрыста жеңіліс тапқан шекті қолы кейін шегініп, Сырдың бойына, қазіргі Шиелі елді мекеніне Асанның мүрдесін әкеліп жерлейді, басына кесене тұрғызады. Асан Қайғы атамыз өзінен туған балаларының жаудан опат болғанына қайғырып, соңғы алданышы Асанның да мерт болған қайғысын көтере алмай, бар медеті қара қобыздан күйін төгіп, Арқа жеріне келеді. Өзі өлсе халқы арулап қоятынына сенгенімен, топырақ салар ұлдың болмағаны өзегін өртейді. Асанның әйелінің ішінде қалған баланың қашан азамат балып ат жалына мінетініне көңілі сенбей, оның үстіне қазақ елінің келешегін толық болжай алмай, халқының бақытсыздығын ойлап, күннен-күнге қайғысы күшейіп, өмірден түңіледі. Өмірінің ақырғы күндері Ұлытаудың солтүстігінде өтеді, өлген соң өзінің аманаты бойынша сүйегі Ұлытауға жерленеді. Айтушылардың сөзіне қарағанда, Қорасан атамыздың Асан Қайғы аталуына өмірінің ақырғы күндері қайғыдан бас көтере алмай, өле-өлгенінше Асаным деп зарлап өткені де себеп болса керек.

Айтқандай-ақ, үлкен Асанның әйелі ұл туып, оның аманаты бойынша атын Асан қояды. Осы кіші Асан ержетіп, он үш- он төрт жасында елден жасақ жиып, әкесінің кегін алмақ болып, Қаратау маңындағы ойраттарға жорық ұйымдастырады. Бірақ өмірі ат үстінде соғыспен өткен, әбден соғыстан қажыған ер Тоған кіші Асанды қолдамай, Асан Қайғыдан кейінгі елдің үлкені болғандықтан, ел-жұртты бастап Сырдың төменгі сағасына көшіп кетіп қалады. Кіші Асанның маңында қалғандар ер Тоғанның бұл ісіне өкпелейді. Өзінің балалары аман болғасын көңілі тоқ, қалғанын не қылсын деп, оны «шалбура, тоқбура» атандырады. Кіші Асан болса ер Тоғанға ермей, жаумен соғысуды тоқтатпайды. Өзінің күші жетпеген жерде қырғыз манабы Отарбай батырмен одақтасып соғысады.

Қазіргі ғылым бойынша, әрбір аталықтың өмір сүру деңгейін шартты түрде 30 жыл деп белгілеп, бір ғасырда үш ата (ата, әке, бала) өмір сүреді деп есептеп жүр. Мысалы, мен бұл ұғыммен келісе алмаймын. Оған келтірер дәлелім, ол замандардағы аталарымыздың бір емес, бірнеше некелері болған. Кейінгі тоқалдарынан туған балаларының өздері немере, шөберелерімен қатар өскен. Олардың өмірге бала әкелдіру қабілеттеріне ауа тазалығы, ішкен тағамдарының табиғи әрі нәрлі-қуаттылығының да әсері болса керек. Сондай-ақ ауырып-сырқаса қазіргідей дәрілік препараттарға емес, халықтық емдерге жүгінген. Осылардың өзі жасы ұлғайғанына қарамастан бала сүю қабілеттеріне оң әсерін берген. Дей тұрсақ та, қазірдің өзінде жастары жетпіске келсе де өмірге перзент әкелдіріп отырған ағаларымыз да бар емес пе?! Демек, аталықты бұлай есептеп шығару біздің халыққа тән емес. Осыған байланысты Қорасан атамыздың шығу тегі Орынбет ақсақалдың айтуымен және ақын, жазушы З. Шүкіровтың жазып қалдырған дерегі бойынша былай таратылады.

Жаманақ /Шекті/ – Шыңғыс /Шынбай, Шымбай/ – Жақайым /Жақай батыр, Жақайым бай/. Жақайымнан – Қорасан. /Асан Қайғы, Ақбура шамамен 1405 жылы туып 1515 жылы қайтыс болған. Ұлытауға жерленген/.

Қорасанның үлкен әйелінен – Абат. /Шамамен 1450 жылы туып 1490 жылдары қайтыс болған/, кіші әйелінен – Асан /Үлкен Асан, шамамен 1485 жылы туған, шежіре бойынша Қаратаудағы Айыртау үшін болған ұрыста 23 жасында қайтыс болған. Сүйегі Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Оқшы ата» әулиенің қорымына жерленген/.

Үлкен Асаннан – кіші Асан. /Шамамен 1508 жылы туған. Қырғыз Отарбай батыр Күнбибіні баласы Марқадаммен алып кетуге келгенде кіші Асан тоқалымен бөлек ауыл болып отырған. Қосқұлақ сол кезде еңбектеп жүр екен дейді айтушылар./

Кіші Асаннан – Қосқұлақ. /Кіші Асанның тоқалынан шамамен1575-1580 жылдары туған. Көп жыл Ташкент, Хиуа, Бұхара жағында тұрып, би болған. Елге келгесін тағы екі ұлды болған. Байжан, Мерген./

Қосқұлақтан – Байжан би. /Шамамен 1640-50 жылдары туған. 1736 жылы Джон Кэстль Байжанды башқұрттардан босатқанда шал екенін жазған./ Байжан биден – Сартай батыр. /Байжан бидің екінші әйелінен 1711 жылы туып, ұзақ өмір сүріп, 1817 жылдың қақаған қысында, желтоқсан айында қайтыс болған дейді.)

Кезінде Әнес Сарай мырза «Ежелгі адайлар» атты тақырыппен қазақ елінің шежіресі туралы жазған мақаласында: «Енді осы Қосқұлақ бидің кім екенін анықтау қалды. Адай Қосқұлақ па, жоқ Әлім (Балқы) Қосқұлақ па? – деп өзіне және оқырманға сауал тастай жазған. Осы мақалаға орай, сол кезде мен де Әнес Сарай мырзаға «Қазақстан әйелдері» журналы редакциясы арқылы «Бұл мүмкін Әлім, Асан-Жақайым Қосқұлақ би болар» – деп өз пікірімді білдіргенмін. Бірақ өкінішке орай, менің білдірген пікірім жауапсыз қалды, «Қазақстан әйелдері» журналыредакциясы да жарияламады. Біздің қазақтың тарихы өте күрделі деп ойлаймын, себебі жүз-жүзге, ру-руға бөліну біздің қазақ халқында, оның бер жағында ықылым замандардан бері қарай үш жүз бір-бірімен араласып туыс-жегжат болған. Сондықтан тарихта орны бар тұлғалар туралы жазғанда қалың оқырманның ат салысқаны, білгенімен ой бөліскені жөн болар. Енді сол кезде білдірген пікірімді айта кетсем, тарихта үш Қосқұлақ би болған, соның бірі – Әлім, Асан-Жақайым Қосқұлақ би. Жақайым Қосқұлақ бидің Бұқарада, Ташкетте би болғаны, өзбек ақсүйектерінен қыз алып, күйеу болғаны туралы дерек ауызша әңгімеде айтылып, қазіргі шежірелерде жазылып та жүр. Сондықтан бұл мәселе де терең зерттеуді қажет етеді. Қосқұлақтың баласы Байжан би де уақытысында Хиуаның төбе биі болған.

Сөзімнің соңында Әнес Сарай мырзаның Асан Қайғы атамызды Құрбанғали Қалидұғлының Қошан акамі айтқан төрт жол өлеңін келтіре отырып, «соған қарағанда , ноғай болар» – деген пікірімен келісе алмайтын ойымды білдіргім келеді.

Соловьев (Ресей тарихы, 11 кітап, VІ том,) өзінің еңбегінде 1555 жылы әнжі Ысмайыл өзінің бауыры Жүсіпті өлтіргеннен кейін ноғайлардың бір бөлегі қырғыздарға, яғни қазақтарға кеткенін жазған. Ал, 1600 жылдардың шамасында Ормамбет би өлген соң ноғайлардың елеулі бөлігінің қазақтарға қосылғанын баяндаған.

Егер Асан Қайғы ноғай болса, жалғыз үй ноғай қалың ноғайдан бөлініп, қазақ халқының тағдырын ойлап, жеті-сегіз жыл желмаяға мініп жер аралап, не үшін бас ауыртып жүр? 1500 жылдары Асан Қайғы елді батыстан оңтүстікке қарай өзге қазақ билерімен бірігіп көшірген заманда ноғай ордасы дін аман, ешқандай бүліншілік болмаған. Олай болса хан ордасына лайықты жер іздеп, қазақ халқының тағдырына бей-жай қарамай, жеке мемлекет болуды аңсауының өзі атамыздың қанының қазақ екендігіне дәлел емес пе?

 

Ж.КЕҢЕСОВ,

Приозерск қаласы

мемлекеттік мұрағатының

директоры.