28 Сәуір, 2012

Арманына жеткен адам

2371 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Арманына жеткен адам

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:27

Психологтардың айтуынша, адамның тұрмысы мен ден­сау­лығы, тіпті өмір жасының қан­шалықты ұзақ болмағы оның өзін өзі қалай бағалауына байланысты екен. Ал адамның өзін өзі қаншалықты бағалайтыны арманынан аңғарылып тұрады. Рас, армансыз адам болмайды. Әркімнің-ақ көкірегін өзіне сай арман әлдилейді. Бірақ кез кел­геннің арманға жете алмайтыны тағы бар. Асқақ арманға жету үшін алдына айқын мақсат қоя білу, осы мақсатты орындау жолында пенделік кері­тартпа дағ­дылардан арылып, тө­­зімділікпен тер төгу өзін өзі бағалай алатын қажырлы жан­дар­дың ғана қолынан келмек.

 

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:27

Психологтардың айтуынша, адамның тұрмысы мен ден­сау­лығы, тіпті өмір жасының қан­шалықты ұзақ болмағы оның өзін өзі қалай бағалауына байланысты екен. Ал адамның өзін өзі қаншалықты бағалайтыны арманынан аңғарылып тұрады. Рас, армансыз адам болмайды. Әркімнің-ақ көкірегін өзіне сай арман әлдилейді. Бірақ кез кел­геннің арманға жете алмайтыны тағы бар. Асқақ арманға жету үшін алдына айқын мақсат қоя білу, осы мақсатты орындау жолында пенделік кері­тартпа дағ­дылардан арылып, тө­­зімділікпен тер төгу өзін өзі бағалай алатын қажырлы жан­дар­дың ғана қолынан келмек.

Қазақ мұнайының атасы атан­ған Сафи Өтебайұлының өмір жолына зер салар болсақ, оның бойынан асқақ арманды да, айқын мақсатты да, табанды қажыр-қайратты да табар едік.

Бала Сафи мұнай шығып жатқан жерді алғаш рет жеті жасында көріпті. Бұл 1916 жыл екен. Ғұсман, Қали атты ағала­ры­ның ағылшын, неміс шонжарлары иелігіндегі кәсіпші­лік­те қара майға малшынып ең ауыр, ең лас жұмыстарға жегіліп жүргеніне куә болады. Тұрмыс­тары да адам айтқысыз тым нашар.

– Мұнда инженердің ғана жағдайы жақсы, – дейді бірде Қали ағасы жұмыстан қалжырап келіп отырып.

– Ал сіз неге инженер болмайсыз?! – депті сонда кішкен­тай Сафи. Інісінің аңғал сұра­ғы­на еріксіз езу тартқан ағасы:

– Мен оқымаған адаммын, ал оқымаған адам инженер бола алмайды, – деп уәж айтады.

Сол сәттен бастап бала Са­фидың көкірегінде «инженер болсам» деген арман ұя салады. Ал инженер болу үшін оқу керек екен. Бұл оның алғашқы айқын мақсаты деуге болады.

Осы балауса арман мен ізгі мақсат бала Сафимен бірге есе­йе­ді, ұлғаяды. Қандай кедергі, қандай қиындық кезіксе де жүрегін қытықтаған арманнан, жігерін жаныған мақсаттан таймайды. Демек, бұл қажыр-қай­ра­тының, өзін өзі жоғары баға­лай білгенінің айғағы.

«Оқимын! Инженер боламын! Сөйтіп мұнай өндірісін­дегі ауыр бейнетті жеңілде­те­мін! Өндіріс өнімділігін арттырамын!» Бала Сафидың, бозбала Сафидың, жігіт Сафидың, инженер Сафидың, қайраткер Сафи­дың ғұмырлық арманы тек осы ғана болады.

«Менің арманым – менің өмір­лік күресім!» Оны өмір бойы тыным таптырмай алға же­телеген де осы күрескерлік қасиет. Көп қазақтың бойынан осы қасиет табыла бермейтіні өкінішті.

Сафи Өтебайұлының бойында басқа да адами асыл қа­си­ет­тер тұнып тұратын. Соның бірі – оның қай іске де батыл кірісетіндігі, шешімді тез және дұрыс қабылдайтындығы.

2006 жылы бар ғұмырын мұнай саласына арнаған Сафи ақсақал туралы ғұмырбаяндық кітап жазуға «Мұнайшы» қоғам­дық қоры маған қолқа салған-ды. Кітапты басқа емес, менің жазғанымды Сафи аға да қала­ды. Өмірі мұнай өндірісін көр­меген адаммын, әуелі басымды ала қашқаным да рас. Уақыт тығыз еді. Неден бастарымды, қалай бастарымды білмей «тол­ғатып» біраз жүріп алдым. «Қа­ламың жүрді ме?» деп Сафи аға да ауық-ауық бір хабар алады. Күмілжимін. Бас тартсам қайте­ді деген ой да жоқ емес. «Кез кел­ген істі бастап кету оңай емес, тәуекел деп өзіңе ыңғайлы тұстан кіріс», деп бір күні кеңес берді. Өзім білетін орта тұстан бастап жібердім. Сонан соң шығарманың бастапқы бөлігі жазылды.

Сафи ақсақалдың осы кеңе­сін кез келген іске шұғыл кірі­сетін өмірлік тәжірибеден қа­лып­тасқан дағдысы деп тануға болады. Өндірісте де дағдарыс­тар, кідірістер, күмәнді жағдай­лар болмай тұрмайды. Сондай кездері батылдық аса қажет-ақ.

Ілгеріде айтып кеткені­міз­дей, Сафи Өтебайұлы бүкіл ғұ­мырын мұнай өндірісіне арна­ған адам. Егер қысқаша айтар болсақ, өмірбаяны былайша өрі­лер еді. Слесарьдың көмек­шісі, Әзербайжан тау-кен институ­ты­ның студенті, Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инже­не­рі, бастығы, «Ембімұнай» тре­сі­нің бас инженері, Мақат, Құл­сары, Комсомол мұнай кәсіпші­лік­терінің директоры, Қазақстан Компартиясы Жылыой аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев қаласындағы «Қазақ­стан­мұнай» бірлестігінің бас­тығы, Гурьев халық шаруа­шы­лығы кеңесінің төрағасы, Батыс Қазақстан өлкелік халық шаруа­шылығы кеңесінің төрағасы, Ақтау қаласында қайта құ­рыл­ған «Қазақстанмұнай» бірлесті­гінің бастығы.

Сафи Өтебайұлының мұнай өндірісін қарқынды өркендету жайындағы батыл ұсыныстары «Ембімұнай» тресіне бас инженер болған кезінен айтыла бас­тапты. Бұл 1937-1938 жылдар еді. Қызыл репрессия халықты үрей құшағына алып тұрған кез. Сол тұста ол бар болғаны жиырма сегіз, жиырма тоғыз жастағы жігіт шағы екен. Ол ең әуелі мұнайшы қазақтардың ауыр әлеуметтік жағдайына назар аударады. Жұмысшылардың үй­сіз-күйсіз тұрмысын түзеу, мұ­найшы балаларына арнап бала­бақша, мектеп, аурухана салу қажеттігін сол тұстағы КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комис­са­риатының төрағасы Лазарь Моисеевич Кагановичтің алдына ұсыныс етіп қояды.

Осы кездесуді пайдаланған ол алғаш рет Гурьевте мұнай айы­ру зауытын салу туралы ойын айтады. Жас инженердің дәлелді пікіріне сол кезеңде қатал­ды­ғымен аты шыққан Каганович те қарсы тұра алмапты. Зауыт салынатын жерді таңдауды Сафи­дың өзіне тапсырады. Сол за­уыт­тың құрылысы, арада біраз уақыт өткен соң, соғыстан кейін ақыры қолға алынады.

Ал оның ең ірі жеңісі ға­сыр­лар бойы бар тылсымын ішіне бүгіп, тым-тырыс жатып алған Маңғыстау мұнайын ашуы деп білген жөн. Неше бір экспедиция шарлаған Маңғыстау даласын мақсатты түрде барлауға Одақтық ғалымдар қарсы тұр­ғанда үлкен мұнай туралы пікір айтып, осы пікірін іспен дә­лел­деп шығуы ерлікпен пара-пар. «Маңғыстауды іске қоспайынша Қазақстан Бакудың деңгейіне жете алмайды» деген сөзі бү­гінде шындыққа айналды. Қазір Маңғыстау Қазақстан мұнайы­ның үштен бірін өндіреді екен. Міне, бір кездегі тырнақтай баланың балауса арманы араға жарты ғасыр салып қазақ еліне толассыз үлес болып қосылды. Бір заманда мал шаруа­шы­лы­ғы­мен ғана айналысқан жұпыны аймақ қазір ірі мұнайлы облыс­қа айналды.

Сафи Өтебайұлының өмірі мен қызметін саралап айта берсек, жас ұрпаққа үлгі болар мұн­дай мысалдарды көптеп айтуға болар еді.

Демек, ол мұнай саласын­дағы жауапты қызметтерде жәй атқарушы болып қана қалған жоқ, керісінше, қай істе де бастамашы бола білген тұлға. Өйт­­­кені, жас жүрекке ұя салған ба­лаң арманы өзімен бірге есейіп, өндірісте жүрген кезде де тыным таптырмады. Сол себепті өзін өзі үнемі қамшылап, алға же­те­леумен болды, санасына әмір бере алды, ең бастысы өз әмірін өзі орындауға күш-қай­раты жет­ті. Адамның өмір жолында ке­зі­гетін қиындық атаулы басты қиындық емес, басты қи­ын­дық адамның өзі, кез кел­ген­нің бойынан табылатын пен­де­­­­лік осал­дықты ысырып тас­тап, өзін өзі жеңе алуы. Олай болса, Сафи Өтебайұлы Абай айтқан бес дұшпаннан қашық жүрген, бес асыл іске асық бол­­ған, бар қа­жырын сол асқақ ар­­­манға жетуге сарқып жұмса­ған және арманына жеткен қайраткер.

Мен мұны Сафи Өтебайұ­лы­ның өмір жолын зерттеген, ол туралы ғұмырбаяндық шығарма жазған автор ретінде батыл айта аламын.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ.