Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев
Сенбі, 28 шілде 2012 7:27
64 жасқа қараған шағында, өзінің ұзақ жылғы жемісті қызметі арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстан мемлекетінің құрылуына және нығаюына қомақты үлес қосқан талантты ұйымдастырушы және басшы Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев қайтыс болды.
Сенбі, 28 шілде 2012 7:27
64 жасқа қараған шағында, өзінің ұзақ жылғы жемісті қызметі арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстан мемлекетінің құрылуына және нығаюына қомақты үлес қосқан талантты ұйымдастырушы және басшы Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев қайтыс болды.
С.С.Қалмырзаев 1949 жылы 10 маусымда Жамбыл облысындағы Шу ауданының «Жаңа жол» ауылында туған. Мәскеу экономика-статистика институтын бітіргеннен кейін оның еңбек жолы еліміздің халық шаруашылығы кешенімен тығыз байланысты болды. Ол экономистен Қазақ КСР Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтіп, кейіннен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы болды.
Оның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, кейіннен Мемлекет Басшысының Іс басқарушысы қызметтерін атқарған кезеңі айрықша жемісті болды. С.С. Қалмырзаевтың басшылығымен еліміздің Президент Әкімшілігін Ақмолаға көшіріп, толыққанды қызмет жүргізуге бейімдеу қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етілді. Ол жаңа астанамыздың құрылысын жүргізуге, маңызды әкімшілік және әлеуметтік нысандар салу ісіне белсене атсалысты.
Мол тәжірибе, білім мен кәсібилік, тапсырылған іске зор жауапкершілік оған қоғамда лайықты бедел әкеліп, құрметке бөледі.
С.С.Қалмырзаевтың еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен: «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, көптеген медальдармен атап өтілді.
Өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін еліміз бен халқымыздың игілігіне жұмсаған ол Қазақстанның нағыз патриоты болды.
Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі.
Іскер азамат, талапшыл басшы еді
Тал бесікке тиген жауырынның бір күні жер бесікке де тиетіні белгілі ғой. Әйтсе де, күні кеше ғана көз алдымызда жайраңдап жүрген жанның кенеттен бақилыққа аттанып кете барғанына көңіл шіркінді бір дегеннен сендіру қиын-ақ. Алпыстың асуынан кеше ғана асқандай көрінетін Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевтың беймезгіл ортамыздан ұзап сала беруі де бізге сондай оқыс әрі жайсыз әсер етіп отыр.
Мен Сарыбай Сұлтанұлын ол кісі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін басқарған жылдары көбірек танып-білдім десем болады. Бір босағада ынтымақтаса жүріп жұмыс істедік. Жұмыс бабындағы мәжілістерде жиі бас қосып отырдық. Ол кісі жақсы ұйымдастырушы болумен қатар, талапшыл басшы да еді. Сонымен бірге, оның бойына әрдайым әділ болуға деген бір ұмтылыс пен қазақы қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттер де тән болатын.
Ол Президент Әкімшілігіне астанамыз Ақмолаға ауысар тұста және ауысқаннан кейінгі алғашқы жылдарда басшылық жасады. Әрине, ол өзі өте қауырт та қиын кезең еді ғой. Өйткені, жаңа елордамызға Президент Әкімшілігінің қызметкерлерінің саны жартысынан аса қысқарып келді. Бірақ, әрине, одан жұмыс көлемі көбейе түспесе, азая қойған жоқ. Елбасымыздың өзінен бастап, қызметкерлердің бәрі де уақытпен санаспай, күн-түн қатып жұмыс істеді.
Міне, сол кезде Сарыбай Сұлтанұлының іскерлігі де, басқарушылық таланты мен талапшылдығы да айқын көрінді. Ол сол саны жағынан шектеулі ұжымның күшімен Мемлекет басшысының қызметін кідіріссіз қамтамасыз ете білді. Ішкі және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың бәрі де көңілдегідей жүзеге асып жатты.
Сарыбай Сұлтанұлы жұмысқа талапты қатты қою арқылы Әкімшіліктің жұмысын жақсы үйлестіріп қана қоймай, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайларына да сол кездің мүмкіндігінің аясында көп көңіл бөліп отыратынын көзіміз көрді. Алматыдан келген қызметкерлердің тез арада пәтерлі болуын назарда ұстады. Өзі бас бола жүріп, шетелден келіп жатқан қандас бауырларымыздың бір бөлігінің өз атамекеніне тезірек жерсініп кетуіне қамқор бола білді. Осындай нақты көмекті сезінгенде, алыстан ат арытып келген, тұрмыс жағдайы төмен қайсыбір оралман ағайындарымыздың қатты қуанғанын көзіміз көрді.
Біз білетін Сарыбай Сұлтанұлы өз өмірінде өте жауапты қызметтерді атқарды. Әрдайым Елбасымыздың өзіне артқан сенімін абыроймен атқаруға тырысты. Көп жылдар бойы қауырт жағдайда атқарылатын жауапты жұмыстар, әрине, адамның денсаулығына да теріс әсер етпей қоймайтыны белгілі. Сырттай қайратты да сырбаз көрінетін Сарыбай Сұлтанұлынан ертерек көз жазып қалуымызда мұның да өз әсері бар шығар.
Бірақ адамның өмірі қанша жыл жасауымен емес, қанша іс бітіруімен, еліне, халқына қаншалықты қызмет етуімен өлшенеді деп жатады ғой. Ол біздің жадымызда әрдайым елі үшін аянбай еңбек еткен білікті маман, іскер де талапшыл басшы, ақжарқын, қамқор азамат ретінде қалады деп ойлаймын.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Президенті Кеңсесінің бастығы.
Жауапкершілікті жоғары қойған жан
Сарыбай бауырымды республикалық статистика мекемесінде бөлім бастығы болып қызмет істеп жүрген кезінде алғаш көріп едім. Ол кезде мен Жамбыл облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімін. Облыс басшылығы мені республикалық статистика комитетіне барып, өңірге қатысты бір маңызды мәселені анықтап шешіп келуге жұмсады да Сарыбай Сұлтанұлы екеуміз осы мәселемен шұғылдандық. Сол кезде ол маған іскер әрі ұстамды және жігерлі азамат ретінде көрінді.
Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған алғашқы жылдары Сарыбай республикалық мүлікті басқару жөніндегі комитетте аса жауапты жұмыспен шұғылданды. Сол күрделі де қиын істе ол өзін білікті, жауапкершілікті терең сезіне алатын тұлға ретінде танытты. Міне, осыдан кейін Елбасының сеніміне ие болып, қызмет баспалдақтарында жедел көтерілді. Президент Әкімшілігін басқарды. Қаржы полициясының бастығы болды. Қай жерде болмасын, өзінің мойнына алған жұмысына барынша беріліп еңбек етті деп айтуға болады.
Менің ойымша, Сарыбай Сұлтанұлы өз өмірінде көп іс тындырған, мемлекет үшін маңызды мәселелермен шұғылданған азамат. Жамбыл облысында әкім қызметінде аз уақыт қана жұмыс істегенімен, ол жерде де халық есінде қаларлықтай көптеген шаруаларға мұрындық бола білді. Одан кейінгі қызмет атқарған жерлерінде де өз соңында жақсы із қалдырды. Сол арқылы халқының құрметіне бөленді.
Осындай тұлғалы азаматтан айырылып қалып отырмыз. Мен өзім оны өмірден жастау кетті деп есептеймін. Бұлай дейтінім, ол жан-жақты тәжірибе жинақтаған қайраткерлік кемел шағына енді келіп еді. Осыған қарап оның еліне берері мол болатын шығар деп ойлайтынмын. Бұл үмітті аяусыз ажал кесіп кетті.
Біздің қазақ халқы о дүние мен бұ дүниенің айырмасын ажырата білген халық қой. Пейіштің бар екендігін, жәннаттың бар екендігін, жұмақтың бар екендігін түсінген, олардың ара-жігін ажырата білген қазақ секілді халық тым аз. Осыны еске ала отырып көнеден бізге жеткен дәстүр бойынша Сарыбай Сұлтанұлының иманы саламат, аруағы разы, о дүниеде барған жері жарық болсын деймін.
Өмірбек БАЙГЕЛДІ.
Асылымыз, ардақтымыз
Мемлекет және қоғам қайраткері, егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан халқымыздың асыл азаматы Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевтың мезгілсіз қазасы туралы хабарды естігенде, қабырғам қайысты. Сұм ажалға амал бар ма, айналасына ізгілік шуағын шашып тұратын аяулы ағамыздан қапыда айырылып қалдық.
Ол кісімен мен алғаш рет 80-жылдардың аяғында Білім министрлігінде қызмет етіп жүргенімде танысқан болатынмын. Сол кезде ағамыз Қазақ КСР Мемлекеттік статистика комитетінде қызмет етіп жүрген еді. Содан бері Сарыбай Сұлтанұлымен көп жылдар жұмыс бабымен жақсы қарым-қатынаста болдық. Ұзақ жылдар бойы араласып жүргенімде ол кісінің көптеген қырларын байқадым. Әсіресе, оңтүстік өңірлердегі әкімдік қызметтерде болғанымда, сол өңірлердің түйткілді мәселелерімен етене таныс, өмірлік тәжірибесі мол Сарыбай Сұлтанұлы маған ағалық ақылын айтып, дұрыс жолға бағыттап, әркез жанымнан табылатын.
Ел тарихындағы ауыр кезең – 90-жылдарда ол жауапты қызметтер атқарып, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосты. Өзінің табанды қасиеттерімен үнемі алда жүрді. Абыройлы қызметі үшін туған халқының алғысына бөленді.
2010 жылы облыс орталығы Өскеменде алғаш рет аса ірі саяси шара – Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының VII форумы өтті. Сәкеңнің тәжірибесі мол ғой, сонда қос мемлекеттің президенттері қатысқан халықаралық форумды ұйымдастыруда көп көмек жасап, біздерге жақсы бағыт-бағдар беріп еді. Сол іс-шараны ұйымдастыру барысында мен Сарыбай Сұлтанұлын ең соңғы рет көретінімді білмеппін.
Сарыбай Сұлтанұлы өзінің жарқын ғұмырының көп уақытын Елбасымен бірге өткізді, әрдайым Мемлекет басшысының жанынан табылып, барлық күш-қуатын, жігерін, ізденісі мен іскерлігін Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне арнады.
Зеректігі, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны, жаңалыққа құмарлығы оны өз қатарының арасында өзгешелендіріп тұратын. Жолдастарының арасында өте сыйлы болды. Көпшіл, ашық, бауырмал мінезі жұртты өзіне тартып тұратын.
Амал қанша, ажалға қарсы тұра алмаймыз…
Орны толмас ауыр қайғыға ұшырап отырған марқұмның отбасына, туыс-туғандары және жора-жолдастарына қайғырып көңіл айтамын.
Бердібек САПАРБАЕВ,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
Мемлекетшіл
Мемлекет қайраткері Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев арамыздан мәңгіге кетті дегенді естіп, қабырғам қайысып, қолыма қалам алуға тура келді. Өйткені, бұл менің ғана емес, елдің де қайғысы деп түйдім.
Мен Сәкеңді 18 жасымнан білемін. Ленинград мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезім-ді. Бір күні Нева өзенінің бойында Мәскеуден келген қазақ жігіттерімен кездесіп, таныстық. Солардың ішіндегі Сарыбай Сұлтанұлы өзгелерден ерекшеленіп, алғыр да зерек екендігін байқатты. Адамгершілік қасиеті мол, білімді қазақ жігітінің Мәскеудегі жоғары білім ордасына өз күшімен түсіп, үздік оқитынын артынан естіп білдік.
Қазақстан халқы Ассамблеясында қызметте жүрген кезімде Сарыбай Сұлтанұлы Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымын атқарды. Менің ұйымдастырушылық қабілетімді ескерген болуы керек, бір күні шақыртып алып: «Осы сен Ассамблеяның стратегиясын әзірлесең қайтеді», деген ұсынысын айтты. Негізгі ой аталған құжат қазақ халқының ұлтаралық татулықты қалыптастырудағы құралына айналуы тиіс. Яғни, өзге диаспора өкілдеріне қазақ халқының тілі мен мәдениетін білуіне барынша жағдай жасау. Стратегия біріктіруші діңгек рөлін атқаратын болғандықтан қолдау тауып, артынан қабылданды да. Тағы бір айтқаны, Ассамблеяның деңгейін кеңесуші-консультативтік органнан конституциялық органға айналдыру арқылы мемлекеттегі татулықты сақтап қалу-тын.
Сарыбай Сұлтанұлының ең үлкен жақсы қасиеті мемлекетшіл адам болды. Өз халқына деген сүйіспеншілігін сақтай білді. Жас кезінен қай қызметті атқармасын халық мүддесін жоғары қоя білетін. Елбасымыздың ең сенімді шәкірттерінің бірі артынан кез келген істі адал атқаратын жақсы әріптесіне айналды.
Өз басым ол кісінің адами қасиеттеріне куә болған жан ретінде сөзіне берік, ісіне мығым екенін жақсы білемін. Жас мемлекеттік қызметкерлердің тәрбиесіне де өзіндік үлесін қосты. Сен міндетті түрде сол істі атқара аласын, оған сенің білім-қабілетің жетеді, деп үнемі жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отыратын. Тіпті, жас мемлекеттік қызметшілерді өзінің баласындай көріп тәрбиеледі де. Міне, сондай ұстаздық қабілетінің арқасында кәсіби мамандарды Президент айналасына топтастыра білді. Бірге жүрген азаматтардың басында қандай қиын-қыстау күн тумасын үнемі жандарынан табылатын. Және де одан шығуға қолұшын беруші еді.
Асыл азаматымыз ораза айының ең қасиетті жұма күні өмірден озып отыр. Жас мемлекетіміз тәуелсіздігінің қалыптасуына үлес қосқан есіл ердің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай.
Жұматай ӘЛИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.