Бақытжан МОМЫШҰЛЫ
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:08
Арамыздан тағы бір асылдың сынығы алыстады. 72 жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, аудармашы Бақытжан Момышұлы дүниеден озды.
Ол 1941 жылы 3 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Некрасов атындағы №10 орыс орта мектебін, шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдарда Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып жемісті еңбек еткен. Әрдайым абырой биігінен көріне білген.
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:08
Арамыздан тағы бір асылдың сынығы алыстады. 72 жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, аудармашы Бақытжан Момышұлы дүниеден озды.
Ол 1941 жылы 3 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Некрасов атындағы №10 орыс орта мектебін, шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдарда Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып жемісті еңбек еткен. Әрдайым абырой биігінен көріне білген.
Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастаған. Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, Ш.Шаваевтың, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың шығармаларын асқан шеберлікпен, сәтті аударған.
Бірнеше әңгіме, повесть, романдар жинақтары жарық көрген.
Қаламгердің қаламынан туған «Добрые мосты», «Раскаленные камни», «Прозрачные льдины», «Тихие голоса», «Я еще ребенок», «Когда ты рядом», «Мен әлі сәбимін», «Восхождение к отцу», «Дети-Великаны», «Жанымның жарық жұлдызы», «Во имя отца», «Звезда брата», «Турксиб – земля полководца», «Сыновья Великого Волка», «В поиске света», «Путь Огненного Орла», «Сердце Волка», «Орда алая и Мечеть белая», «Преломление Света» сияқты кітаптары қалың оқырман қауымнан, сыншылардан жоғары бағасын алып, әдебиеттің алтын қорына қосылған көркем дүниелер. Оның прозалық шығармаларын адам тағдырына деген сүйіспеншілік пен өмірге құштарлықтың асқақ үлгісі ерекшелендіріп тұратын. Ол көне түркілік бастауларға ден қойып, ұлттық танымды, көркемдік қалыпты дамытуға бар жазушылық таланты мен күллі күш-қуатын жұмсады.
Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. Бірнеше мәрте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болып сайланған. Медальдармен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Қазақтың даңқты батыры, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының соңындағы ізін жалғастырар ұрпағы болған, аяулы жар, ардақты әке бола білген сабырлы қалып, сырбаз мінезді, өмірде қарапайым, адамгершілігі мол қаламгер-аудармашы үлкен қажыр-қайратпен талмай еңбек етіп еді. Әдебиеттер достығына алтын көпір бола білді.
Қазақтың бекзада болмыс, талантты қаламгері, аудармашы, елін сүйген азамат Бақытжан Момышұлының аяулы бейнесі ел жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.
Бақытжанның ерлігі
Көрнекті жазушы, асқан шебер аудармашы, әкесі Бауыржан Момышұлының қара шаңырағының даңқын асырып, халқының ықыласына бөленген Бақытжан Момышұлы мәңгілік әлеміне сапар шекті. Отбасы, жақын ағайын туысы қара жамылып, халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Бірақ қайғылансақ та, көңілге медет тұтар халқымен келер ұрпаққа рухани қазынасын молынан қалдырып, Абай атасы айтқандай: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», айтулы тұлғаға айналуына шүкіршілік етеміз.
Мұны Бақытжанның жұрт таныған ерлігі десек, оның екінші ерлігі өзі шалақазақ болса да, нағыз қазаққа айналуы дер едік. Әрине, мұнда отбасының, әсіресе, қазақ халқына үлгілі келін атанған Зейнептің де үлесі барлығы шындық. Әкесі Баукең баласын қазақша оқытып, ұлттық рух негізінде қалыптасуын армандады. Өзінің жақын сырласына жазған хатында: «Вчера отвел Бахыта в школу, он теперь ученик 56-ой русской школы (самая близкая к нашему дому – 1 квартал). Единственный не желательный мне (моего сознания) то, что он будет получать начальное образование не на родном языке, т.е. сразу начнет с «шоқынғанства…». К моему огорчению, в столице Казахстана начальная казахская школа давным давно оказалось не в почете, их всего две и они на самой окрайне города», деп қапаланған еді. Бірақ әкесінің арманын жүзеге асырып, «қазаққа қара сөзге дес бермеген» шешен сөйлейтін, ойын образбен жеткізе алатын, уызынан жарыған қазақтың өзі болып шықты…
Тағдыр… Не дейін, бауырым, інім, рухани туысым, асылым Бақытжан! Жаның жәннатта болсын. Сен халықтың мәңгілік есіндесің.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Алғашқы жеңешесі едім
Тағдыр бізді осы текті әулетпен табыстырғанына жарты ғасыр асыпты. Баукең Бақытжанды «сары балам», менің жолдасым Кәкеңді – Кәкімжан Қазыбаевты «қара балам» деуші
Бақытжан есі кіргенде тапқан ағасының алдынан көлденең өтпей, Кәкеңнің көзі жұмылғанша Жанаға деп өтті. Кәкең екеуміз бас қосқанда, келін болып Баукеңнің үйіне түстім. Біздің Момышұлы әулетімен сыйластығымыз бен аралас-құраластығымыз ешқашан үзілген емес.
Бақытжан асылдың тұяғына тән ғұмыр кешті. Екі тілге бірдей жетік болатын. Өмір бойы ауылдан тамырын үзген жоқ. Жазушылығы бір бөлек, аудармашылығы бір бөлек талант еді. Кәкең інісінің тәржімесін көріп: «Қарамайсың ба, сөзінің арасына қыл сыймайды», деп тәнті болып отыратын.
Бірге тумасақ да туғаннан артық болып өткен, сөзді әкесі сияқты тауып сөйлейтін, адал, шешен әрі қалжыңбас қайным сен де өттің-ау өмірден. Бақұл бол!
Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА,
КСРО және Қазақ КСР оқу-ағарту
ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.
АЛМАТЫ.
Тұлпардың тұяғы
Бауыржан Момышұлының әулеті менің жаныма аса жақын екенін дәлелдеп айтып жатудың қажеті болмас. Әскери ілімде, ерлікте Баукеңді пір тұтқан адаммын. Сол себептен де батырдың баласы Бақытжан Момышұлының қайтыс болған хабарын зор өкінішпен, қайғыра қарсы алып отырмын.
Бақытжанды мен ең алдымен Баукеңнің ұрпағы, тұлпардың тұяғы ретінде құрмет тұтып бағалаймын. Атағы зор әкенің шаңырағын абыроймен ұстап тұрды. Жастарымызды отаншылдық, патриоттық рухта тәрбиелеу орайында Бақытжан Момышұлымен бірлесе көптеген жұмыстар атқарып, сан алуан іс-шараларға ұйытқы болуға тура келді. Бәкең соның бәріне ерінбей-жалықпай қатысып, біздің ардагерлер кеңесінің жұмысына көп көмегін тигізді.
Ол батыр әке мұрасының бас насихатшыларының бірі болды. Баукең тағылымы жас ұрпақтың бойына жұғысты болуына ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Әке туралы өзі де қалың-қалың үш кітап жазды. Сөйтіп, Баукең алдындағы перзенттік парызын адал орындады. «Маған халық батырының баласы болудан артық ештеңе керек емес», деуші еді. Ол сол тілегіне жетті. Баукеңнің қарашаңырағының орны ойсырамайды, оңалады деп білемін. Ержаны бар. Үшінші, төртінші буын Момышұлылары ата мен әке рухын жаңғыртып, дәстүрді жалғай береріне кәміл сенемін.
Ким СЕРІКБАЕВ,
Алматы қаласындағы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әскери ғылымдардың кандидаты, полковник.
Бізді Баукең өзі достастырған болатын
Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлымен өткен ғасырдың 70-жылдарында өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Сол уақытта «Жазушы» баспасынан Баукеңнің екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көріп, осы кітабын майдангер жазушы маған арабша автограф жазып сыйлаған еді. Сонда бір кездесіп отырғанда маған: «Менің Бақытжаным екеуіңнің жастарың қатар екен. Сондықтан, бұдан былай жақсы дос болыңдар, бір-біріңе бас-көз болып қарайласып жүріңдер», – деп тапсырды.
Содан Бақытжан екеуміз үнемі бір-бірімізге тілектес болып жүрдік. Ылғи амандық сұрасып, хал-жайымызды біліп отыратынбыз. Дос болуды бізге Баукеңнің өзі өсиет еткенін естен әсте шығармайтынбыз. Жақында телефон соққанда Зейнеп Бақытжанның инсульт алып ауырып жатқанын айтып еді. Қатты мазасызданғанмын.
Бақытжан адал жүректі тамаша азамат болатын. Орыс тілінде орыстардың өзінен артық сауатты жазатын. Ондаған көркем шығармалар тудырды. Әкесі туралы кітаптары тұнып тұрған пәлсафа, ой маржандарынан түзілгендей. Баукең мұраларын шашау шығармай жинастырып халық игілігіне айналдыруда зайыбы Зейнеп екеуінің еңбегі зор. Екіншіден, Бақытжанның өзі қазақтың көрнекті жазушыларының алдыңғы қатарында деп айтамын. Ол әдебиетімізде лайықты орны бар үлкен қаламгер.
Тек еңбек етуді ғана білді. Батыр әкесінің атына кір келтірмей, перзенттік парызын ақтады. Қазақ халқы бүгінгі қаза үстінде тұлпардың тұяғынан, сұңқардың қияғынан айырылды. Бақытжан әке рухымен табысты. Ал оның шығармалары халқымен бірге жасай береді.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Аяулы, асыл бауырым-ай!..
Бақытжан Момышұлы тағдырдың сынына сыр бермей, шар болаттай шыңдалып өскен, өз қабілет-дарынына сеніп, кездескен қиындық-кедергінің бәрін қайсарлықпен, парасаттылықпен жеңе білген, сөйтіп, өз мақсатына адаспай жеткен аяулы, асыл бауырымыз еді. Ол әкесі Бауыржан Момышұлының, аты ерліктің символына айналған, бүкіл халқымыз сүйген Баукеңнің даңқына көлеңке түсірмей, қайта барынша әке даңқына өз үлесін қосқан азамат-тын. Оның қаламынан көптеген кітаптар жарық көрді. Ол туындыларының бәрін қалың оқырман іздеп жүріп, сүйіп оқыды. Әсіресе, әкесі Бауыржан Момышұлы өмірінен жазған үш кітабы қолдан қолға тимей, тез тарап кетті.
Бақытжан – шын мәнінде талантты суреткер, сұңғыла ойшыл ретінде танылып, жан-дүниемізді рухани байытқан жазушы. Өзімен ұзақ жылдар сыйласып, сырласқан сәттерімде сезгенім – Бақытжан әлем әдебиетінің озық туындыларын көп оқыған, сол оқығандарын көңіліне ұмытылмастай етіп тоқыған, ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар еді. Табиғатты, адамдарды сүюге деген құштарлығы шексіз болатын.
Кейде белгілі ақын-жазушы, ойшыл азаматтармен пікір таластырған кездерде телегей-теңіз білім иесі, ойшыл екенін нақты мысалдар негізінде дәлелдей түсетін. Қандай жағдай кездеспесін, өз көзқарасынан, өз ұстанған ұстанымынан ешқашан айныған емес. Бұл тек жаны, ары таза азаматқа ғана тән қасиет дер едім.
…Суық хабарды естігенде тұлабойым мұздап сала берді. Өкініш оты өзегімді өртеді. Амал қанша? Өлім түгілі, бір қатты сөзге қимайтын аса құрметті азаматымыз еді. Иманы серік, алды жарық болсын. Өзі көрмеген қызықты туғандары, ұрпағы, елі көрсін…
Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.