12 Желтоқсан, 2012

Дос

700 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Дос

Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:16

Эссе

Ғұмырдың жарты ғасырлық негізгі бөлігін бірге өткізген достарының аяулы Ақантайының, барша қазағының арысы Ақаңы, Ақселеу Сейдімбегінің өмірден озғанына үш жыл толғанда елі болып 70-ке келген мерейтойын атап өтіп жатыр. Ұлтын ұлықтаумен өткен ұлды енді ұлты ұлықтауда. Ердің еңбегі еліне сіңбесе, елі де оның рухын төбесіне көтеріп, есімін қастер тұтпас еді. Қыркүйек айында кіндік қаны тамып, соңғы жер бесігі де болған Жаңаарқасында басталған мерейтойы Астана,  Алматысында жалғасып жатыр.

Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:16

Эссе

Ғұмырдың жарты ғасырлық негізгі бөлігін бірге өткізген достарының аяулы Ақантайының, барша қазағының арысы Ақаңы, Ақселеу Сейдімбегінің өмірден озғанына үш жыл толғанда елі болып 70-ке келген мерейтойын атап өтіп жатыр. Ұлтын ұлықтаумен өткен ұлды енді ұлты ұлықтауда. Ердің еңбегі еліне сіңбесе, елі де оның рухын төбесіне көтеріп, есімін қастер тұтпас еді. Қыркүйек айында кіндік қаны тамып, соңғы жер бесігі де болған Жаңаарқасында басталған мерейтойы Астана,  Алматысында жалғасып жатыр.

Астанадағы №54 қазақ орта мектебіне, Астанада және Жаңаарқада көшелерге есімі беріліп, өзі соңғы жылдары қызмет істеген Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде Ақселеу аудиториясы ашылып, өз атындағы мектепте музейі ұйымдастырылды. Оның еңбегін қалың оқырманына жеткізу мақсатында іс басындағы інілерінің қамқорлығы арқасында Ақселеу Сейдімбектің әдеби, ғылыми шығармаларының әрқайсысы 60-70 баспа табақтық 6 томдық толық жинағы жарық көрді… Уақыт керуені жылжыған сайын азаматтың есімін қастерлеу жалғаса берері сөзсіз.
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек кім еді? Ол ең алдымен этнограф-тарихшы, тарихшы болғанда да халқының өзге жұрттан өзгеше қасиет-қадірінің қалта­рыс-бұлтарысын қалдырмауға бар ғұ­мы­­рын сарқа пайдаланған тарихшы-ғалым. Бәлкім, содан соң оның қазақы қара сөз өнерінің өзгеше үні, өзіне тән ерекшелігі бар прозашы жазушы екенін айтқан дұрыс болар. Он саусағынан өнер тамған шебер, өзі жиі айтатын дәу­лескер күйші, дәмелі әнші. Біржан, Ақандар­дың әуендерін тағы бір еске салатын, нағыз күміс көмейлер болмаса, микро­фонның көмегінсіз әу деген даусы әудем жерге жетпейтін кез келген орындаушылар айтқанды қойып, маңы­­нан жүре алмайтындай тым-тым күр­де­лі, тым-тым аспани ән шығаратын сазгер, музыка зерттеуші, шежіреші, үңгір­та­нушы, ауыз әдебиетінің маржандарын теңіз түбінен тергендей жинаушы, аудармашы… Құ­дай-ау, қайсыбірін айтайын, нағыз сегіз қырлының өзі еді-ау, Ақантай.
*    *    *
Ақселеудің қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық болмыс-бітімін түбегейлі зерттеуге ден қойғанын оның «Ақиық», «Тауға біткен жалбыз», «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Аққыз», «Бір атым насыбай» сияқты т.б. прозалық шығарма­ларынан-ақ байқауға болар еді. Басқа­сын айтпағанда, Ршыман, Уәкилә, Құ­дайменде, Торғын («Күзеуде»), Майда Нүркей, айда Нүркей, Қайда Нүр­кей­лер, Боздақ, Сахи («Қыз ұзатқан»), Түн­қатар («Бір атым насыбай»), Наймантай, Аққыз, Сырға, Аламан, Сырға («Аққыз»), Оңғар, Рақыш («Ақиық») т.б. сияқты кейіпкерлердің есімдеріне қарап-ақ оқиғаның қазіргі уақыттан мүлде басқаша, ертерек кезеңдердегі ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы ортада өткенін аңғаруға болар еді. Ол кейіпкерлердің бүгінгі күннің Қайрат, Болат, Мараты немесе Эльмира, Жанара, Гүлнәрәсі емес екені және Ршыман­ның орнына Қайрат деп, Уәкиләнің орнына Гүлнәр деп есім берсе, оқиғаның сол кезеңде өткеніне күмән туар еді. Екіншіден, әр шығармадан олардың әр бетінен сөзге тоқтау, істің байыбына бармай байлам жасамау, мәрттік, үлкен­ге құрмет, кішіге ізет сияқты Құдай тек қана қазақтың қанымен, жанымен бірге жаратқан мінездері көрініп отырады. Мысалы, Майда Нүркейдің жалғыз ұлы Аманды Мұстафа дейтін қойшы ат ба­уырына алып сабап жүргенде Аманның шешесі Айша: «Мұсеке-ау, мұныңыз не сұмдық?» деп шаужайына жармасқанда ұлдың әкесі: «Ұрса, баласымен ұялас шығар» деп орнында отыра береді. Мәселе Мұстафаның ұлды қай ісі үшін сабағанында емес, мәселе Майда Нүр­кейдің шектен тыс сабырлылығында. Істің ақ-қарасын біліп алмай қызбалық танытпауында. Қазір ұлын әлдебіреу келіп сабап жүрсе, орнында тапжылмай отыратын Ақселеудің Майда Нүркейін­дей кісіні таба алар ма екенбіз.
Бүркітші Сыздықтың құдасы Фай­зол­лаға балапанынан бауырына басып, он бес жыл бойы қызығын көрген бүркітін оның бір ауыз сөзін қимай беріп кетуін («Ақиық») мәрттік демей не дерміз. Бұл да қазақы қасиет.
Үшіншіден, әр шығарма қазақы жол-жоралғының, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың барлығын әдемі оқиғамен, айшықты тілмен көркемдеп ұсынған нұсқасы десе болар.
Ал енді «Ақиық» хикаясын ықтият­тап оқыған адам құсбегілік, саятшылық мектебінен дәріс алғандай болар еді деген ой келеді. Немесе бұл еңбекті құсбегілік пен бүркіт баптау жөніндегі оқулық деп бағалаған жөн. Демек, Ақселеу Сланұлының көркем шығарма­ла­ры ел тарихына, үлкен ғылымға барар жолындағы даярлығы, үлкен бас­пал­дағы іспетті. Оның шығармашы­лығы сырттай қарағанда, көркем әде­биет пен ғылыми еңбектер атты екі бөлімнен тұрғандай көрінгенмен, ол бөліп-жаруға келмейтін тұтас дүние. Бұл пікірді Кембридж университетінің этнограф ғалымы Э.Личтің: «Этнографическая монография имеет много общего с историческим романом, чем, каким бы то ни было научным трактатом» (Купер А. Постмодернизм. Кембридж «Великая Калахарская дискуссия»//Этнографическое обозрение, 2003. №3) де­­­­ген сөзі бекіте түскендей. Ақаңның өзі жиі айтатын, «Көркем шығарма тұс­­­­­­пал­­­­дап, ғалым турасын айтады». А.Сей­­дім­бекті қазақ этносы этнография­сы­ның қазіргі жай-күйін кешегі ахуалымен салыстыра отырып, зерттеген ірі ғалым деп таныр болсақ, оның ең соңғы «Қа­зақтың ауызша тарихы» атты еңбегі ұлттық этнологиямыздың зор табысы. Этнография – зерттеу жинақтау болған­да, этнология қалыпқа түсіріліп синтезделген іргелі сала болғандықтан, бұл – ондаған қызметкері бар бір институт­тың айлап-жылдап бітірер еңбегі, бұл Ақаңның туған халқы алдында өтеп үлгерген перзенттік парызы. Жоғары­дағы сөзіміздің дәлелі ре­тінде тағы да айтарымыз, оның шығар­машылығы бір­тұтас дүние. Көркем шығармалары да, ғылыми еңбектері де ұлттық этнографияны айтып, баяндап берудегі екі түрлі тәсілдер ғана.
Ақселеу Сейдімбектің ғалымдығы, жазушылығы, тіпті журналистігі туралы ол осынау жарық дүниеден көшкен үш жылдың мәулетінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Оған ғалым, жазушы ағалары, замандас, құрбы-доста­рының көбі-ақ үн қосты. Оның тірлігі тұйықталғанмен, рухани ғұмыры уа­қыт­пен бірге жалғаса берер, мол мұ­расы туралы зерттеулер, ғылыми еңбек, мақа­лалар алдағы уақытта да жазыла берер.
Мен ол соқпаққа соқпай-ақ, жарты ғасырға жуық өмірдің қызық-шыжы­ғын бірге көріп, тіршілік теңізін бірге кешкен жанның басқа қырына тоқтал­сам деймін. Халқымызда азамат пен азамат­тың өзара қарым-қатынасын көр­сететін ұғымдар аз емес. Көзтаныс, таныс, жора-жолдас, дос, тағы басқа. Осылардың ішіндегі ең биік ұғым – дос. Ал достан да жақын жандарды қалай атайтыны белгісіз. Мүмкін, «бауырдай болған дос», «жан аямас дос» деген ұғымдар ке­ліңкірер. Бәлкім, біз екеуіміздің қа­рым-қатынасымыз осы ұғымға саятын шығар. Бауырлардың да бір-бірін түсін­бей қалатын, араларында өкпе-наздың да жүретін кездері болады, ал біздің түсініспей қалған, арамызда өкпе-наз жүрген кез болмапты. Көріс­пей жүрсек сағынысып, табысар едік, жарастықты әзіліміз әңгімеміздің тұз­ды­ғы болушы еді. Содан да ол білмей кеткен менің сырым, мен білмей қалған оның сыры болмайтын. Көпшілік біле бермейтін өмір жолының кей тұсын, өзі жиі айтатындай, «көктей шолып» көр­сем деймін.

*    *    *

Ол – сәби. Арқаның ақ бораны үш-төрт күн тынбай соғып, сәл тыныстаған сәтінде Сейдімбектен тараған арыстандай алты ұлдың кенжесі Слан да бес ағасының соңынан соғысқа аттанатын болды. Ол бармай кешігіп қалса, ентелеген жауды ешкім тоқтата алмайтындай әскери комиссариаттың адамдары оның екі күннен бері толғатып жатқан келіншегіне де қаратпай, Байдалы би ауылының төрт-бес жігітімен бірге қуалап, ат шанаға отырғызған. Олар ауылдан қозыкөш ұзамай-ақ соңдарынан қуалап, шауып келе жатқан салт атты көрінді. Ол арқанбойы жақындай бере-ақ айғайға басқан.
– Слан, а Сла-а-ан! Сүйінші, келін­шегің аман-есен босанып, ұл тапты.
Ат-шанадан домалай түскен Слан да келген жігітті шанаға мінгізді де, өзі атқа қарғып мініп, ақ шаңыттың арасында мұнартып жатқан ауылға қарай шаба жөнелген. Әскери екі жігіттің «Тоқта! Бармайсың!» дегендеріне де қараған жоқ.
Ол үйге кіргенде есік алдында тұрған қарттардың бірі: «Апыр-ай, қатерлі сапарға бара жатып, қайтып оралғанды ырымға жаман деуші еді. Бекер оралды-ау», депті. Айтып-айтпай арада бірер жыл өтер-өтпесте талайды зар қақсатып кеткен «қара қағаз» одан да келген. Алайда әке шіркіннің жарық дүние есігін жаңа ашқан сәбиінің бір шөкім бетін иіскеп тұрып, шешесіне:
– Апа-ау, мына немереңіздің шашы даламыздың ақ селеуі сияқты үлпілдеп тұр екен, – деген сөзі ұлына есім болып қа­ларын және өзінің аяулы жары Кә­теп­­­­ті, сондай-ақ, тұңғыш ұлын алғаш рет… соң­ғы рет көрерін ол сәтте білген жоқ еді.
*    *    *
Ол – бала. «Ақадыр» станциясына бір жетіп алса, әрі қарай Қара­ғанды­сына ма, Ақмоласына ма біраздан бері жүріп үйренген вагонның үстіне шы­ғып алып, бұл маңнан ізін суытар еді. Әрі қарай вокзалда біреудің жүгін тасыса да өлмейтін тиын-тебенін тауып алар еді.
Осы ойға біржола бекінген ол Ақа­дырды бетке алған бір жүк машинасына қол көтерген. Жүргізуші бір түрлі таныс сияқты көрінді.
– Өй, сен әлгі Қамзаның үйіндегі бала емессің бе? Бала бұлтара алмай: «Иә» деген. – Иә, қайда тартып бара­сың?
– Ақадырға, аға. Сонда бір туысқан­ның үйіне. – Бұл жолы амалсыз өтірікке басқан. Жүргізуші мұның жай-күйінен хабардар болса керек, көп тергеп-тексермей кабинасына отырғызып алып, жүріп кетті. Жігіт әр нені сұрамасын де­ген оймен ол бірден «ұйықтап» кеткен.
Ой теңізі шексіз. «Өзі бір жастан асар-аспаста әкеден келген қара қағаз­дан хабары жоқ. «Жеңгесінің» жылап-еңіреп Қамза деген бір мүгедек майдангерге ұзатылып кеткені ғана еміс-еміс есінде. Тағы да соғыстан жаралы боп қайтқан алты ағайындыдан қалған жал­ғыз сарқыт, әкесінің ағасы Аманбек пен оның зайыбы Ағлипаны әкем мен шешем екен деп, ешкімнен кем-қор болмай өсіп жатқан. Әбден ес тоқтатып қалған тұсында, осыдан бірер жыл бұ­рын ойда жоқта туған әкесі Аманбек емес, Слан екенін, туған шешесі Ағли­па емес Кәтеп екенін әлде бір жеңіл ауыздан естіп білген. «Адамды сор айдаса, аттай желдіреді» деген ғой, азғыр­ған сөзге еріп, өгей емес, туған ана­сы­ның қолына кетпек болып түлен түрткен. Алайда, жарым жанды, жарты санды дегендей өгей әке мұны сыртқа теуіп, өгейсітпесе де оның бойынан Аманбек әкесінің қайырымы байқала бермейтін. Оның әр қатқыл сөзі шаншудай қадала беретін. Ол аздай құдай қосқан қосағынан бір жылға жетер-жетпесте айырылып, жарым көңіл болып жүрген, балалы-шағалы етекбасты күйкі тірлік қажытқан анасының бұған деген мейірімі жоқтай көрінетін. Ақы­ры отбасының бір ренжіскен сәтінен кейін үйден қашып шыққан. Аманбек ағасының отбасына оралуға бет жоқ. Туған анасын іздеп кетерде Аманбек ағасының үйінен әбден қорлық көріп жүргендей, «Туған шешеме кеттім» деп біреуден хабар айтып аттанған болатын.
– Бала, келдік. Түнімен ұйықта­ма­ған­сың ба? – деген жүргізушінің сөзі­нен кейін: «Рақмет, аға» деп жерге түскен.
– Үйің қай жақта еді? – деген жүр­гізушіге «Вокзалдың жанында» деген.
Бейтаныс мекенге осыған дейін де қаңғып жүріп, бір-екі рет келгені бар. Ол вокзалды оңай тауып алды. Енді кешелі-бері нәр сызбағандықтан, ас тілеп тұрған шұрқыраған ішегін алдар­қататын бірдеме табылса. Бірақ, кімнен сұрап, кімге жалынар. Дорбаларынан бірдемелерін алып, тамақтанып отыр­ған­дарға көзін сатып тұруға да арланады. Сөйтіп жүргенде азапты тағы да жарты тәулік өтіпті. Түнде қисайған орындығынан біреу түртіп оятқандай атып тұрған. Айнала жап-жарық. Ұй­қыға алданып жатып байқамапты. Ас тілеген ішкі дүниесі әрі қарай шыдатар емес. Тым болмағанда су ішіп, жалаң­даған асқазанын алдандырмақ болып, бұрышта тұрған шүмекті ыдысқа қарай бұрыла бергені сол еді… Өз көзіне өзі сенбей есік жаққа қайта қараған. Есік­тен бұл жарық дүниедегі жалғыз жанашыры Ағлипа апасы мен шешесі Кәтеп кіріп келе жатты. Ойланып жатуға шамасы келмеді. Апатайлап соларға қарай ұмтылған. Апасы болса, бір сәт есін жия алмай орнында тұрып қалған. Үні де шықпайды, тек құшағын айқара аша берген. Бала апасының құшағына келіп құлағанда көзінің жасы бетін жуып кеткен апасы айнала тұрған жұртты көзіне де ілмей аңырасын-ай.
– Беу, арманда кеткен арысымның артында қалған жетім құлыншағы-ау, се­­нің осылай шырқыраған үніңді естір­тіп қой­­ғанша, Құдай мені неге ала қой­май­­­ды? Барар жер, басар тауың жоқ, осы­лайша қаңғып кетер деп пе едім мен бей­бақ, үй-бай! – Тас қып құшақ­тап алып, бүкіл станцияны басына көтеріп аңырады.
– Қойшы енді, апатай! Бәріне де мен сорлы ғой кінәлі, – деп екеуін құшақтап тұрған шешесі де еңірейді. Жұрт жиналып қалды. Бұл жыластың тегін емес­ті­­гін сезген әлдекімдер мүсіркеп сөйлейді.
Ол сол күні тумаса да туғандай бол­ған екінші апасы Ағлипа мен өмірден өткенше бетіне тіктеп қарамай өсіріп жеткізген, оқытып, азамат еткен екінші әкесі Аманбектің құшақтарына біржола еніп еді.
*    *    *
Ол – студент. Азғантай шәкірт­ақыны барынша үнемдеп ұстағанның өзінде бірде аш, бірде тоқ жүретін, қара нанның өзін де шақтап сататын кезең еді. Әйтеуір, бір бөлмеде жатқан бес жігіт шәкіртақыларының соқыр тиынын шығармай ортасындағы тұрақты «кассирлеріне» тапсырып қояды. Әйте­уір, бір тойып бермейтін Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларға еттерін аттандырып, дүкендерден жүні жидітіл­ген қойдың басы үзілмейтін. Үлкен кас­трюльге кейде екеуін, кейде біреуін тоғытып жіберіп, ең арзан макарон салып, соғып алады.
Ауылдан үзілмей қаржы мен почта жәшігімен сәлемдеме көбіне екі-үш жігітке келіп тұрады. Олар отбаста­ры­ның қоңыртөбел тіршіліктері бар Талас өңірінен келген Жұмағали, кентаулық Қожабек пен біздің кейіпкер. Сонда келген қаржы да түп-түгел «ортақ қазанға» өтер еді. Ол сондайды санау, маған келген қаржы еді-ау деп өзіне деп бір қол орамал алып көрмепті. Не алын­са да бесеуіне бірдей алынар еді. Бірі жетім, бірінің отбасы жетім­сіздік­пен күн кешіп жатқан достарын асырап, қалайда университетті бітіруді өз міндетіне алғандай мінез көрсететін.
Бір күні Жаңаарқадан екі жәшік сәлемдеме келсін. Соғымның шиманды сыбағасы. Ол: «өле жегенше, бөле же­йік» деп, екі кострюльге толтыра асып, біраз көршілерді қонақ етіп жіберген. Қалған етті тор дорбаларға толтырып, терезенің желдеткішінен сыртқа шыға­рып қойып, әңгіме соғып жатқан. Бе­сеу­дің алды ұйықтап, соңғылары қалғи бастаған түн ортасы ауа екінші қабат­тағы терезе әйнегі тықырлайды ғой. «Не болып қалды?» деп шамды жаққан кезде ұзын сырыққа байланған пышақ екі дорбаның бірін кесіп түсіріп, екіншісінің де жібі қиылуға тақап қалыпты. «Ой, әкетті» деп бұлар терезеге жеткенше соңғы дорба да жерге түскен. Олар киініп, тысқа шыққанша ұрылар тосып тұрсын ба, аз уақыт қуаныш болған бар қазыналары да бірге кетті. Олар қайтадан қойдың басын алуға кіріскен тұста тағы да оның үйінен екі жәшік сәлемдеме жетсін. Сөйтсе ол ертеңіне-ақ әке-шешесіне телефон шалып, байлығын ұрыларға өзі алдырғандай жедел түрде сәлемдеме жолдауларын өтініпті.
Айтпағымыз: оның достарына деген қамқорлығын, сонымен бірге, әрі бе­йіш­те нұрлары шалқығыр, Аманбек пен Ағ­ли­па қариялардың туғандай болған ұл­дарына деген қалтқысыз пейілдерін та­ғы бір айта кету болатын. Өзі де ол кі­сі­лерді ешуақытта аузынан тастамайтын.
*    *    *
Күнделікті дәрісті тыңдап келіп, бөлмеде тамақтанып болған соң бесеуі де орталық кітапхананың оқу залына тартар еді. Көздері қарауытып, бастары айналған кезде трамвайлатып жатақха­наларына оралатын. Бір күні ол кітап­ханаға бармай белгісіз бағытқа беталды. Қайда баратынын құпиялады. Кеш­кілік көңілді оралған.
– Әй, бір сұлумен танысып келген ғой, – десті бөлмелестері.
– Сұлу емес, біртуар сұңғыламен танысып келдім, – дейді ол. – Жай сұң­ғыла емес, қазақтың маңдайына біткен біртуар ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұланның өзімен таныстым. Ол кісі Арқаға жылда барып, археологиялық қазбалар жасап жүргенде іздеп барып, екі-үш дүркін сәлем беріп едім, ұмытпапты.
Сол жылдардан бастап, басқасының барып сәлем беруге батылдары бармайтын Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Евгений Бөкетов, Серік Қирабаев, Ақжан Машанов сияқты әдебиет пен ғылымның біртуарларына тым жақын жүріп, ізетті іні, білуге ынтық шәкірт бола білді. Бәлкім, оның әдебиет пен ғылымға дендеп бет бұруына сол ағалардың батасы өткен болар…
*    *    *
Ол – журналист. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») «Социалистік Қа­зақстан», («Егемен Қазақстан») га­зеттері редакцияларындағы жылдар оның қаламгер болып қалыптасуына, ел-жұртты көп аралап, халқының рухани жан-дүниесіне тереңірек үңілуіне бірден-бір себепші болды. Тек қана сол бір кезеңнің өз ерекшелігіне орай, «Лениншіл жас» газетінің басшылары Қарағандыдағы меншікті тілшісіне мал қыстату, егін орағы туралы, т.б. күн тәртібіндегі қажетті тақырыпқа мақала жаз десе оның орнына күмбездер туралы, үңгірлер туралы мақалаларын жолдап, басшылардан реніш те естіп жүретін. Бұрындары «Социалистік Қа­зақстан» газеті редакциясынан қызмет­керлерінің жүрістері естілмейтін. Осынау Ор.Комның органы болып тұрған газеттің беделді бір бөліміне меңгеру­шілікке барған бетте оның кабинетінен домбыраның қоңыр үні естілетін болды. Тіпті Жәнібек марқұм мен Қай­рат­тар ән шырқап, Қаршыға, Шәмілдер күмбірлетіп күй тартатынды шығарды. Расында да өмірі өзгеше еді-ау. Осы­ның бәрі де сан-салалы өнерін жетіл­ді­ре түсу, білгенінің үстіне біле түсу дей­тін құштарлықтан туындап жатса керек.
Ең бастысы, қайда жүрсе де, қай жерді мекендесе де шашылып-төгіліп дос жинар еді. «Лениншіл жастағы» жеті жетім ағайынды жетеудей еді. Егер, бір-біріне деген достыққа қылау түсірмесе, солардың ұйытқысындай болып ол жүрер еді. Өмірден Оралхан өткенде, Ахметбектің Кәрібайымен қош­­­тасқанда бауырымыздан айырыл­ған­нан әрмен бір-бірімізбен жылап көрісіп едік. «Дүние – жалған» деп еді ол жылап тұрып. Дүниенің жалғандығын өзі де еске салып, Әбдірайымның Серігін ертіп оралмайтын ортаға қапияда аттанып кетті… Менің олжам біреу ғана. Ол – достар қоныс аударған «о дүние» деген мекеннің үрейлілігі туралы түсініктің түбірімен өзгеруі.
*    *    *
«Ол» дегенімнің менің Ақантайым, Ақселеуім екенін біліп отырсыңдар ғой. Есімін қағазға түсірген сайын, түске еніп, ойға оралған сайын жүрек шіркін тулап қоя береді. Таусылмайтын бір сағыныш.
Дүниеден көшерден бір күн бұрын науқасты болып жатқан Әбдірайымның Серігіне, Бексұлтан Нұржекеге, Құр­ман­­ғалиев Қуанышбайға және маған телефон шалып еді. «Сағындым ғой, неге келмейсіңдер?» деп еді. Қош­тасқа­ны екен ғой. Әлде: «Қалған тірші­лік­теріңде сендер де сағынып өтіңдер», дегені ме екен? Егделенген кезде дос табу қиын деседі. Енді дос іздеп әуре де болмас­пыз. Өзіңе деген сағыны­шы­­­­мызды медеу етерміз, Ақантай!
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, 
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АЛМАТЫ.