14 Желтоқсан, 2012

Ербол Шаймерденұлы ШАЙМЕРДЕНОВ

1999 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ербол Шаймерденұлы ШАЙМЕРДЕНОВ

Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:12

Қазақстанның мәдениеті ауыр қазаға душар болды. 2012 жылғы 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлы Шаймерденов қайтыс болды.
Ербол Шаймерденұлы – са­налы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған  қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қа­былданған мемлекеттік рә­міз­дерді әзірлеу, ұлттық  геральдиканы қалыптастыру ісіне  ай­тулы үлес қосты, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше еңбектер жазды.

Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:12

Қазақстанның мәдениеті ауыр қазаға душар болды. 2012 жылғы 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлы Шаймерденов қайтыс болды.
Ербол Шаймерденұлы – са­налы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған  қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қа­былданған мемлекеттік рә­міз­дерді әзірлеу, ұлттық  геральдиканы қалыптастыру ісіне  ай­тулы үлес қосты, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше еңбектер жазды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ербол Шаймерденұлы әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып,  бірнеше өлең кітаптары жарық көрді. Бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Жалпы алғанда 20-ға жуық кітаптың авторы атанды.
Олардың қатарында  «Көңіл суреті» (1995 ж.), «Жүректегі  жазулар» (2004 ж.) атты  жыр жинақтары, «Тыңда  тоғысқан  тағдырлар» (1989 ж.), «Қазақ  елінің  рәміздері» (1993 ж.), «Елтану  әліппесі» (1998 ж.), «Әз Астана» (1999 ж.), «Қазақстан  Республикасының  рәміздері» (2001 ж.), «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж.), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж.), «Даналық  дидары» (2002 ж.), «Мәңгілік  мұрат» (2003 ж.), «Ақиқат айнасы» (2004 ж.), «Елтаным» (2005 ж.) және  басқа  туындылары  бар. Еңбектері  бірқатар  шет  тілдеріне  тәржімаланды. Сонымен бірге, «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл  жар», «Көлсай», т.б. жазған бірнеше ән мәтіндері тыңдарманға жол тартты.
Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік  афористика  классиктерінің, А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сияқты  философ  қаламгерлердің  бірқатар  шығармаларын  аударып,   жариялады. Қазақ авторларының туындыларын орыс  тіліне  аударумен  де  шұғылданды.
Ербол Шаймерденұлы еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген танымал журналист. 1989 – 1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Баспасөз орталығының жетекшісі қызметін, 1991 – 1996 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Соңғы уақытта  ол Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып қызмет етті.
Ербол Шаймерденұлының сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. 2006 жылы ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып,  2011 жылы «Құрмет» орденімен  наградталды. М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Ербол Шаймерденұлының есімі қазақстандықтардың жадында әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қош, аяулы азамат!..

Асыл азамат, қимас дос Ербол Шаймерденұлы жайындағы жүрек тебірентерлік сөзді көңілсіз бастармыз деген ой кімнің қаперінде болды дейсіз? Амал не? Ерекеңнің асыл арманы, алға қойған мұрат-мақсаты көп еді-ау! «Мына бір бітпейтін де қоймайтын мемлекеттік қызметтен құтылсам, бар шаруаны жиып қойып, тек жазуға отырамын. Ғұмырым жеткенше қалған өмірімді басы бүтін жазуға арнаймын», дейтін. Ойға алған тақырып-жоспарлары да ұшан-теңіз-ді.
Ерекең өзге тұстастарымызға қарағанда ат жалына ерте жармас­ты. Тұңғыш Президентіміздің тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен жылдары мемлекеттік мәселелермен де етене араласты. Мемлекеттік рәміздер туралы жазылған алғашқы еңбектердің авторы да Ерекең еді. Азаттық таңы атқанда шын жүрегімен қуанып, рәміздерге қатысты өте ділгір шаруалардың басы-қасында жүрді. Жазған кітаптарындағы деректер нақ өмірдің өзінен алынған шындық еді.
Бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрді. Кітап басу, кітап тарату ісіне де асқан жауапкершілікпен кірісті. Тумысынан балажан, ақкөңіл, адам жатырқамайтын Ерекең жан-жағына дос жинап жүретін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бойындағы бар жігер-қайратын мемлекеттік істерге арнаған Ербол Шаймерденұлы  кеше тәуелсіздігіміздің 21 жылдығын тойлауға екі күн қалғанда, 60 жасына екі жыл жетпей бақиға аттанды. Көңілге медеу тұтатынымыз – артында балалары, немерелері қалды. Құдай соларға ғұмыр берсін!
Топырағың торқа, жаның жәннатта болғай, Ереке!

ҚазГУ-дің 1976 жылы бітірген курстастары атынан Қуаныш ЖИЕНБАЙ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.