09 Мамыр, 2012

Ғасыр жасаған майдангер

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғасыр жасаған майдангер

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:06

Біздің аудандағы Сүмбе ауыл округіне қарасты Жаңасай ауылында Ұлы Отан со­ғысының ардагері, Алматыда жасақталған атақты 100-бригаданың жауынгері, ардақты ұстаз, ауданның құрметті азаматы, биыл 100 жасқа келген Күрішбек Көжекбаев ақсақал тұрады. 90 жылдық торқалы тойын облыс, аудан басшылары жақсылап өткізіп берген. Биыл 100 жылдығын аудан, облыс болып 5 мамырда тойладық.

 

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:06

Біздің аудандағы Сүмбе ауыл округіне қарасты Жаңасай ауылында Ұлы Отан со­ғысының ардагері, Алматыда жасақталған атақты 100-бригаданың жауынгері, ардақты ұстаз, ауданның құрметті азаматы, биыл 100 жасқа келген Күрішбек Көжекбаев ақсақал тұрады. 90 жылдық торқалы тойын облыс, аудан басшылары жақсылап өткізіп берген. Биыл 100 жылдығын аудан, облыс болып 5 мамырда тойладық.

Мектептерде ардагер ұстаздың 100 жыл­­дығына арналған кештер, кездесулер өткі­­зілуде. Аудандық бі­­­лім бөлімі, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлес­­­тігі оқушылар арасында «Жүз жасаған жауынгер» атты әдеби шығармалар байқауын жариялады. Байқау қорытындысы 5 мамыр күні мерейтой салтанатында жарияланып, жеңім­­паздар марапатталды.

Күрішбек ақсақал 1930 жылы Алматы қа­ла­­­сындағы мұғалімдер даярлайтын 6 ай­лық курсты, 1931 жылы Қарқарадағы үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Ұйғыр ауданы­­­ның Қыр­ғыз­сай ауылында бастауыш мектеп меңге­ру­шісі болып қызмет атқарған. 1931 жылы Кеген аудандық атқару комитетінде іс басқа­рушы, 1931-1933 жылдары қазіргі Райымбек ауданының Қожбанбет бастауыш мек­­­­те­бінің меңгерушісі, 1933-1934 жылдары Ұй­ғыр ауданындағы Сүмбе ауылында бастауыш мектеп меңгерушісі қызметтерін атқар­ған. 1933 жылы тамызда Ораз Жандосовпен жүз­­­десіп, қызметтес болған. Оны ұстаз тұт­қан. Басшы ретінде адамгер­ші­лі­гін, талап­шылды­ғын, ұлтжандылығын өзіне үлгі етіп, қазір де мақтанышпен айтып отырады.

Жамбылмен дәмдес болып бірнеше рет кездескен. 100-атқыштар бригадасында қа­зақ­тың ба­­тыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге бол­­­ған. Мәншүктің ерлігін ұрпаққа үлгі етіп отырады.

1945 жылы аман-есен елге оралған ардагер қайтадан өзінің сүйікті ісі – ұстаздық жұмысын жалғастырды. Күрішбек атаның кіндігінен төрт қыз, екі ұл бар. Қазір көптеген немере, шөберелерінің ортасында отырған ардагер жауынгер егемен еліне тек бейбітшілік тілейтінін айтады. Мына жыр сол ғасыр жасаған қарияға арналады.

Жанына жылу болған мұздағанның,

Емі болған жүрегі сыздағанның.

Қауырсыны қырқылып, шау тартса да,

Тұғырынан таймаған мұзбалағым.

– Қанаты әлі қатпаған жас қыран ем,

Ұстаздықтың басталған тас бұлағы ем.

Қатар жүрдім марқасқа мықтылармен,

Дәмдес болдым аяулы жақсылармен.

«Оян қазақ, көтер» деп туды биік,

Жаттадық Міржақыптың жырын ұйып.

Туған елге қалтқысыз қызметтің,

Мен солардан үйрендім, сырын ұғып.

Деп, – атам бастап еді әңгімесін,

Тар жолда тайғақ кешкен бар күресін.

Әр күні, әр сағаты мерзімімен,

Жатталып әр оқиға, әрбір есім.

– Үлгі тұттым үнемі кішілігін,

Хатшы болды, қашанды ісі мығым.

Шалкөде мен Қарқара жұртшылығы,

Көп көрді Жандосовтың кісілігін.

Тамшыны жанарымда жасырынған,

Көрсетпей көлегейлеп асыл ұлдан.

Қош, аға, – деп кетерде қоштасып ем,

Қол бұлғап, өр Қайқының асуынан.

Жастық шақты қашан да алғыр дер ем,

Жақсыларды шалқыған айдын көрем.

Алматыда көрдім де сәлем беріп,

Екі рет дәмдес болдым Жамбылменен.

Мәншүк қыз орта бойлы, жанары от бір,

Бота көз, қайсар мінез талабы өткір.

Тірісінде-ақ жігіттер мойындайтын,

«Батыр әрі мерген қыз, дара» – деп бір.

Хат таратып алыстан көрінсе де,

Сарбаздар сыр айтатын шерін төге.

«Максимкасын» тазалап отыратын,

Қызғалдақтай көз тартып бөлімшеде.

Жау жағадан алғанда, жерімді өртеп,

Мұндай ерлік кездеспес өмірде тек.

Ерлігіне таң қалып, батыр қыздың,

Арулап, жерленгенбіз Невельге әкеп.

 9 мамыр. Көп күттік осы күнді,

Жауға қатал, досқа болдық кешірімді.

«1945. Алматы. Күрішбек!» – деп,

Рейстагқа мен жаздым есімімді.

*         *         *

Батыры құрметті ғой бар барында елі,

«Аман ба?!» – деп асқар тау, айдын көлі.

Сарбұлақтан дүрбі сап қарап отыр,

100-ші бригаданың жауынгері.

Майдангерге жас ұрпақ басыңды игін,

Ғибратына бөленіп асыл нұрдың.

Сапта тұр, қарт жауынгер, ардақты ұстаз,

Шаршамай-ақ өңгеріп, ғасыр жүгін.

Мамытхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

 Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылы.