29 Қыркүйек, 2012

Әуезов әлемі

16116 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Әуезов әлемі

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:30

Әр ұлттың ұлы тұлғалары бо­ла­ды. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құн­ды­лығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өз­бек­тер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербай­жан­дар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлы­лы­ғы мен данагөйлігін ашқан Мұх­тар Әуезов те өткен ғасыр­дағы қазақ әдебиетінің алыбы.

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:30

Әр ұлттың ұлы тұлғалары бо­ла­ды. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құн­ды­лығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өз­бек­тер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербай­жан­дар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлы­лы­ғы мен данагөйлігін ашқан Мұх­тар Әуезов те өткен ғасыр­дағы қазақ әдебиетінің алыбы.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов ұлт әдебиетінің алтын ғасырының бастауында тұр. Ол қазақ өр­ке­ние­ті­нің жаңа болмысын ашқан жа­зушы, ғалым, ұстаз, драматург, сын­шы. Бір сөзбен түйіндеп айт­сақ, энциклопедиялық ұшан-теңіз білім дариясының кемеңгері әрі ұлы қайраткері.
Ұлы суреткер феодалдық қоғам ыдырап, қазақ қоғамы капитализмді айналып өтіп, социалистік қо­ғам­ның орныға бастаған тұсында әдеби өмірге келді. Сондықтан да білімділердің бел ортасынан өз орнын ерте ойып алды, ерте жарқ етіп көрінді. Бірақ замана сұра­ны­сына дендеп кіріп, кеңестік әде­биет­тің күрескері де, жаршысы да болып кете алмады. Қытай ой­шы­лы Конфуцийдің: «Өтпелі кезеңде өмір сүрме», – деген даналығы дөп келді. Мұхтар Әуезов рево­лю­ция­ның қызыл қыраны да, дауылпазы да бола алмады. Ол өзінің жан дү­ниесін баурап алған ұлы мақ­сат­тарды бірте-бірте жүзеге асырды. Бұл жазушылық һәм ғалымдық жол еді. Осы жол Мұхтар Омар­хан­ұлын азапты жолға апарды, осы жол Мұхтар Омарханұлын әлем мойындаған қаламгерлердің сапына қосты, осы жол Мұхтар Омарханұлын академиктік дәре­же­ге, Лениндік сыйлыққа алып келді. Осы жол Мұхтар Омарханұлын шын мәніндегі халықтық жазушы дең­гейіне көтерді. Ал халық жа­ды­на енген адамды уақыт та, заман да, қоғам да тарихтан сызып тастай алмайды. Бірақ осындай халық махаббатына жету үшін Мұхаң «тар жол, тайғақ кешулерден», жа­бы­ла қапқан аш бөрі сын­шы­лар­дан, екіжүзді саясаттың, ауыр иде­о­­логияның қанды қақпанынан өтті.
Мұхтар Әуезов қандай адам еді? Халық махаббатына қалай жетті, оның озық ойлы дүние­та­ны­мын тану жолдары қандай? Бұл сұрақты қойып отырған себебіміз мынада. Жылдар жылжып өткен сайын, жаңа Қазақстанның жас ұрпақтары ұлы классик жазушы ту­ралы көбіне интернеттік ақпа­рат­пен ғана таныс болады да, оның өмір жолының сан соқпақ жол­да­ры­нан бейхабар қалады. Сон­дық­тан…
Абай Мұхтарды әдебиеттің шы­ңына көтерді, Мұхтар Абайды әлемге танытты. Бұл − ақиқат.
Абайды тану арқылы Мұхтар Әуезов қазақты, оның тарихын, ұлттық құндылықтарын, салт-дәс­түрлерін, аңыз-әңгімелерін, фольк­ло­рын таныды. Бұл өз кезегінде Мұх­тар Омарханұлының өмірлік принциптерін қалыптастырды.
Ол қандай принциптер?
Өз ұлтының ұлы мұраларын тану арқылы өз халқыңа қызмет етесің. Ұлт мұрасына адал болу ар­қылы халқының санасын оята­сың. Халық ұлағатын насихаттау ар­қы­лы жас ұрпақты тәрбиелейсің. Өзің өссең – халқың да өседі.
Осылай Абайды тану арқылы Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің классигі дәрежесіне көтерілді.
Мұхаңның көзқарасын қалып­тас­тырған тағы бір үлкен саяси мектеп бар. Ол – Алаш идеясы. «Бұл бала Мұхтардың көзі ашық, көкірегі ояу кезіне тап келді. 20 жасар Мұхтар Әуезов «Алашорда» үкіметінің мақсат-мүддесін өмір­лік мақсатым деп түсінді әрі оның жұмысына белсене араласты» (И.Тасмағамбетов, Т.Жұртбай. Кіріспе сөз. М.Әуезов. І том. А. Ғылым. 1997,16 б.).
Атақты Мұхтар Әуезовтің қолжазба қорында «Өз жайымнан мағлұмат» атты жазбасы бар. Сонда Мұқаң:
«Арасында ауырып, оқуды бір­лі-жарымды тоқтатып, доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім. Бұл кездерде февраль төңкерісі бол­ған. 19-жылдың аяғында кеңес өз­ге­рісі болды, әлеумет қызметіне араласып кеттік. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ аралас­қа­ным 1918 жылы «Абай» жур­на­лының шығуымен байланысты. Ондағы сөздер сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, бала­лық­тың, жастықтың, әр сайға басын соққан сандалысы, далбасалығы сияқ­ты», – деп жазыпты. (Қол­жазба қоры, 382-папка).
Тағдыр Мұхтарды «Абай» жур­на­лына алып келіпті. Абай жас Мұхтардың алдынан қайта шықты. Атына заты келе бермеген журнал қызметі оны қызықтыра қоймады. Көзқарастағы ішкі қайшылықтар жас Мұхтарды жегідей жейді. Оны қаламгердің «Оқудағы құрбы­ларыма» атты мақаласынан айқын аңғаруға болады.
«Ендігі халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе – құрыш құрсаулы әділ, қатал билік. Ендігі хакімнің негізге құрылған законы болмаса, жуан атаның еркі ел ішінде жүрмеуі керек. Әлі де жуан ата билеп-төстеп, қадірлі бо­ла­тын болса, автономия деген, бө­лектік дегеннің бәрі де сырты бү­тін, іші түтін болады. Бірақ мұн­дай күйді бұрынғы уақыт көтерсе де қазіргі уақыт көтермейді… . Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзге­ріс­ке мойын ұсынамыз. Заман еріксіз мойын ұсындырады… Бұл халді әркім ескеру керек» (М.Әуезов шығ. 20т. 1984. 15 т. 10 б.).
Мұхтар Әуезов Ресей құра­мын­дағы «Алашорда» үкіметінің жолы дұрыс болғанымен, дербес ұлттық мемлекет құруға жол берілмейтінін түйсінеді. Ойын ашық, бүк­пе­сіз жариялайды.
1919 жылдың 1 желтоқсанында Семей губерниялық револю­ция­лық комитеті жанынан қазақ бө­лі­мі ашылып, Мұхтар Әуезов соның бір бөлімін басқарды. Жоғалғаны табылып, өшкені жанғандай еді. Енді халық үшін қызмет ететін шақ туды деген ойға келді. Және бұл көзі ашық, сауатты жастардың бәріне ортақ міндет деп есептейді. Осылай Мұхаң «Қазақ оқыр­ман­да­рына ашық хат» жазды. (М.Әуезов шығармалары. 1984. 15 т. 30 б).
«Осы күнде не қылса да оқы­ғандардың бәрі де барын салып еңбек қылып, осы өкіметті сендіру керек. Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қа­зақ­тардың мұң-мұқтажын орын­дау керек. Қашып бағудың ешбір себебі жоқ. Совет өкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қа­та­рына кіріп, пайдалы қызметтерді істеймін десе – қумайды. Егер қазақ оқығандары Совет өкі­ме­тінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы: Оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезірек қалаға келіп қызметке кіруі керек… Қазақтың қамын жейтін оқы­ған болса …бос жүргеннің бәрі келуі керек».(сонда.)
Бұл ұлттық патриотизмнің жар­қын көрінісі. Қалай болғанда да оқығандар мемлекеттік қыз­мет­те көп болса, солғұрлым қазақтың, солғұрлым халықтың көзін ашады. Ол жаңа заманда адаспай өз орнын таба білгенін қалайды. Кейін большевиктер партиясының бір мемлекет құру идеясын жүзеге асыра бас­тағанын көрген соң, саяси жұ­мыстан бір жола қол үзеді. Жан күйзелісін жазудың бір ғана жолы бар еді. Ол – қалам, ол – әдебиет. Әде­биет − үлкен әлем. Оған қа­лам­гер бәрін де сыйғыза алады. Ақ қағаз бен сия сауыт Мұхтар Әуе­зовті әдебиеттің шыңына көтерді, ол өз қиял-дүниесінің билеушісі бо­лып, сөз пат­шалығының хакіміне айналды…
Мұхтар Әуезов халыққа өз сө­зін, өз көзқарасын жеткізудің бір ғана жолын көрді. Ол – драматургия еді. Әуелі «Ел ағасы» деген 4 көріністі драма жазады. Бірақ ол ізім-ғайым жоғалып кетеді. Ал, «Бәйбіше-тоқалдың» жөні бөлек. Бұл шығарма әлі күнге театр сах­наларынан орын алып жүр. Әр режиссер «Бәйбіше-тоқалды» әртүр­лі қойғанымен, пьесаның негізгі лейтмотиві сақталуда. Бір-бірін көре алмайтын бәйбіше-тоқал орыс офицері келгенде жайылып тө­сек, иіліп жастық бола қалады. Авторлық ремарканың күштілігі сон­дай, мұнда болашақ ұлы жа­зу­шы қазақ болмысының траге­дия­сын күнделікті өмір көріністері ар­қылы дөп көрсетеді, іштегі қы­жы­лын сыртқа шығарады.
1921-1922 жылдар қазақтың басына қара бұлт болып келді. Елді аштық жайлады. Бұл жас Мұх­тардың көзқарасын толықтай қа­лыптастырды. Енді шыдау да, үн­сіз қалу да мүмкін емес еді. Ол қа­зақ қызметкерлері Одағы кеңе­сі­нің мәжілісінде запыран сөзін айтты.
«Шындығына көшсек, ашар­шы­лық жайлаған қырдағы елдің қырылғанының жанында, қала­да­ғы аштықтың үрейлі көріністері ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құт­қа­ру үшін дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданбаса, онда Қа­зақ Республикасы қазақсыз қа­лады».
…«Өкімет басында отырған қазақ қызметкерлері, бұл істі дәл сол күйінде қалдырып қоюға бол­майтыны өз алдына, бұл сіздер үшін қылмыс, біз бұл үшін Қазақ елінің алдында, өзіміздің ары­мыз­дың алдында жауаптымыз». (ҚР МОА. 82 қор. 42-іс. 23-24 па­рақ­тар).
Мұхтар Әуезов халық траге­дия­сын өз трагедиям деп білді. Ащы шындықты ашық айтады, батыл айтады. Мұндай тақы­рып­ты, әрине, жүрегінің түгі бар, ұлт­жанды адам ғана қозғай алар еді. Міне, осындай жағдаяттар Мұхтар Омарханұлының жанын күйзелтті, мұндай қылмысты көру де, оған ортақтас болу да өліммен пара-пар еді. Сондықтан да Ташкентке ба­рып, Орта Азия университетінің дәрісханасына отырды, бұдан кейін де пайыз таба алмай Ленин­град­тағы университетке ауысып кетті. Елден кеткенмен ел елесінен кете алмады. Біраз әңгімелері, атап айтқанда «Қыр суреттері», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Кім кінәлі», атты шағын хикаяттары бірден Мұхтар Әуезовтің атын шығарды. Топ жарып шыға келген жас дарынға біреулер қуанып, біреулер кектеніп қарады. Оның үстіне 1922 жылы «Шолпан» жур­налында Мұхтар Әуезовтің «Қа­зақ­тағы қалам қайраткерлеріне» атты ашық хаты жарияланды. Онда жазушы баспасөздің қоғамда алатын орны һәм оқырманға қа­лам­гер қандай материалдар ұсыну қажеттігі туралы бүкпесіз ойын айтады. Әрі ұлттың басындағы жа­ғымсыз әдеттерді сынап мінейді.
…«Бұл баспасөздің басылуы, күшейген уақыты деуге болады. Бірақ, қалың қазақтың тілегіне келгенде бұл, саны бар, сапасы жоқ сөздерге ұқсайды. Өте көп, өте қиын жаңа сөздер сөйленіп жатыр. Солардың әдебиет ар­қы­лы бірде-бірі қазақтың миына кеп, рухына сіңді ме? Сіңген жоқ. Себебі, бұл сөздер суықтық қылып отыр. Елдің қышулы жерін та­уып, өзінің керек боларлық орнын білмегендіктен, оқушыны таба алмай отыр.
…Біздің осы күнгі бас­па­сөзі­міз­ден арзан сөз жоқ…
…Жазушының міндеті: ел неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар, соны ұғып алу, һәм соған лайықтап сөз жазу.
…Қазіргі кейбір баспасөздерде көбіне, қазақтың мақтан­шақ­ты­ғы шығатын болды.
… Шығып жатқан газеттер­дің бұндай істерге жамандау мен мақтаудан қолы тимейтін болса, оларға бетіңнен жарылқасын дейік… Таза әдебиетке бір жол салу, бет түзеу де бүгінгі күннің қа­рызы сияқты…» («Шолпан» 1922 ж. №.2,3. А., «Анарыс»  2010ж., 70-71 б.).
Мұхтар Әуезовтің бұл хаты биліктегілердің шамбайына тигені анық еді. Ашық ойдан жау іздеу қара шегіркедей қаптап, қоюланып келе жатты. Енді әдебиеттегі «жолбикелермен» күрес мемлекеттік саясаттың бір тармағына ай­нал­ды. Әрине, мұндай мақала үшін өкімет Әуезовті қалай жақсы көр­сін. «Жолбикелермен» күрес бас­талды. Өкіметтің «жолбикелері» дегендері кімдер еді? Олар – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағ­жан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Да­ниал Ысқақов, Жанша Дос­мұ­ха­медов, Қошке Кемеңгерұлы сияқ­ты Алаш ардақтылары болатын.
Осылай Мұхтар Әуезов проле­тарлық әдебиеттен шошынған, ескі дәуірді аңсайтын, оның құнды­лық­тарын жаңа заманның парасат биігінен жоғары қоятын қаламгерге айналып шыға келді. «Қарагөз» трагедиясы сол садақ қадалатын жамбыға айналды. «Қайран елім қазағым, қайран жұртым…». Ақы­ры «Қарагөз» сахнадан алынып тасталды. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Қарагөз», «Бәй­бі­ше-тоқал» сынды классикалық шы­ғармалар арқылы Мұхтар Әуе­зов қоғам мен адам ара­сындағы тағдыр таласы туралы траге­дия­лық шешім арқылы, тұспалды ой айтты. Бұл ұлтты түзеу үшін қа­жетті дүниелер еді. Бірақ «тырнақ астынан кір іздеу» оңайдың оңайы. Бұл ретте Иманғали Тасма­ғам­бетов пен Тұрсын Жұртбай жазған мына бір пікірге толық қосыласың.
«Әуезовтің бұл кездегі жан дүниесінің толғағын аңғартқан да, кейін сан өкіндіріп-опындырған да, ашындырып-аялаған да – осы «Қарагөз». Әлеуметшіл сыншылар әр сөз бен әр ноқаттың арасынан жасырын сыр, емеурін іздеді. Олар үшін «Қарагөз» өткенді аң­саған зар, көшпелі әлемнің жоқ­тауы ғана еді. Сырымның Қара­гөздің қабірі басындағы моно­логы­нан құранның уағызын естігендей болады» (М.Әуезов. Шығар­мала­ры­ның 50 томдық жинағы. А., Ғылым, 1997 ж., 23 б.).
Бұл дәл айтылған сөз, ащы да болса шындық.
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай» эпопеясына бастаған әдеби жолдың бірі оның «Еңлік-Кебек» пьесасы болды. Бұл пьесаның тарихы, архитектоникасы, көркем­ділігі мен бейнелілігі туралы көп зерттеу жүргізген, драма таби­ға­тының тамыршысы, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали еді.
Рекең «Еңлік-Кебек» аңызы­ның екі әңгіме, екі поэма түрінде төрт нұсқасы болғанын, және ол нұсқалардың барлығы да бір-бірі­мен алшақ еместігін мысалға ала отырып, Еңлік пен Кебек тағдыры найман-тобықты конфликтісінен туындаған махаббат трагедиясы екен­дігін дәйектейді. Нақты мы­сал­дар келтіре отырып, Мұхтар Әуезов пьесасының кезінде сын­шылар қаһарының ілігуінің себептерін түсіндіреді. Сөйтсек, мәселе мынада екен. М.Әуезов «Еңлік-Кебектің» алғы сөзін өзі жазыпты. Мұны бүгінгі ғалымдардың көбі біле бермейді:
«Айнымаған: кешегі күні жа­қы­нымен жатша жағаластырған алтыбақан алауыздық. Алаштың аты озғанша, ауылдасының тайы озсын деген берекесі, тыныш­тығы жоқ, бітімі, тынымы жоқ қазақ әлі сол қазақ. Өз қайратын өзі жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзі байлап берген қазақ әлі күнге сол қазақ, өшпеген мінезі осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы». (М.Әуезов. «Еңлік-Кебек» 4 перделі пьеса, 5 суретті трагедия. Орын­бор, 1922, 2-б.)
Енді 1930-жылдарға келейік. Бұл кезде Мұхтар Омархан­ұлы­ның жағдайы күрт төмендеп, тұт­қында отырады. Тергеу екі жарым жылға созылады. Осы тергеу ма­териалдарын тауып, халыққа жеткізу міндеті тұр. Бұл күнге де жетерміз. Ол зобалаңнан Мұқаң «Со­циалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне өз қателігін мойындаған ашық хат жазып, әрең құтылады. Бірақ шын­дықты айтудан тартынып қалған жоқ. Күллі түркі әлемінің, құн­дылығы қырғыздың «Манасын» қорғаған ерлігі не тұрады?! Бұл, әрине, айтуға ғана жеңіл.
1947 жылы Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты қызметіндегі өрескел саяси қателіктері туралы қаулысы шықты. Қазақ әдебиетіне, ауыз әдебиетіне тағы да қауіп төнді. 1953 жылдың 11 сәуірінде аталмыш қаулының орындалу ба­ры­сы туралы академияның үлкен залында президиум мәжілісі өтті. Қазақтың батырлық жырларының халықтық сипаты туралы еді әң­гіме.
Пікірталасқа шыққан Мұхтар Әуезовтің көзқарасы қандай? Әуе­лі Мұхаң сын мен өзара сынның принциптерінен кете алмайтынын түсінді. Сондықтан да ол өзінің өткен жолындағы ұлтшылдық һәм пантүркистік пиғылда болғаны туралы алдындағы сөйлеген­дер­мен келісетінін жеткізеді. Бірақ бұл идеялардан өзінің баяғыда-ақ бас тартқанын жариялайды. Сон­дай-ақ өз кемшіліктерін тізбелеп шығады. Сонан соң жиналыстағы жеке көзқарастар мен саяси ұста­нымдарға ауысады.
М.Әуезов: «Талқыланып отыр­­ған мәселелер бойынша баянда­машы Ғабдуллин қаншалықты прин­­ципшіл, қаншалықты әділ. Мұндай сұрақтарды айтпасқа бол­майды. Оның баяндамасының бірінші бөлігінде Едіге, Қобы­ланды, Ер Сайын, Кенесары және басқа эпостар жөнінде бір-бірі­мен үйлес­пейтін керегер пікірлер жоқ па?
…М.Ғабдуллин бар кінәні маған артқаны несі? Айта кетейін, сы­налған том дайындалған кезде Ғабдуллиннің өзі әуелі институт директорының орынбасары, одан соң директоры болды емес пе? Онда Исмаиловтың, Жұмалиевтің томды дайындауға қатысуына неге мен ғана жауап беруім керек, бірінші кезекте Ғабдуллин жауап бермей ме?
…Мен партияның әділ және объективті шешіміне берік сеніммен қарап өмір сүріп жүрген адаммын.
…Мен Ғабдуллиннен маған та­ғылған айыпты жеңілдетуді немесе алып тастауды сұрамаймын, оны өз ұяты білсін».
Мұнан кейін М.Әуезов «Қобы­ланды», «Қамбар», «Алпамыс», «Ер-Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты эпостарда хандардың жағымды бейнесі жоқ екендігіне тоқталады. Орхон жазуларындағы Білге Қа­ған, Күлтегін, Тоныкөк жыр­лары­ның тарихилығы мен формалық ерекшеліктері бар екеніне қызы­ғушылық таныту керектігіне назар аудартады. Әрі халық мұрасын тазалап, қолдан жасалған қоспа­лардан тазартып, халық қазынасын қайтару қажеттілігіне баса назар аударады.
Бұл Қазақстан қаламгерлерінің абыройлы міндеті екендігін айтып, сөзін тәмамдайды.
Мәлік Ғабдуллин азамат, өз-өзіне сын көзімен қарай алатын бірегей тұлға екенін кейін дәлелдеді де. 1955 жылы 28 қазанда Мәлік Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұхтар Әуезовке хат» жолдайды. Сонда мынадай жолдар бар:
«… Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».
Мұхтар Әуезов бұған қалай қарады? Кешті ме, қазақтың екі ұлы тұлғасы түсіністі ме? Түсі­нісіпті. Мұхтар Әуезов Мәлік Ғаб­дуллинге «Кірбің кеткен көңілден» деп қолтаңба қойып, «Абай жо­лын» сыйлайды.
Алды кең, жүрегі таза, озық ойлы Мұқаң ғана мұндай кеңшілік жасай алар еді. Ұлылық деген осы болар!
Қазір «Абай» эпопеясындағы кейбір кейіпкерлер туралы тың деректер айтыла бастады. Мәселен, Мұхтар Әуезов романындағы Шұ­бар ақын кім? Ондай ақын болған ба? Бұл ретте филология ғылым­дарының докторы, профессор Сұл­танғали Садырбаевтың «Сөз тура­лы сөз» деген кітабындағы Мұхаң туралы естелігіне назар аударған жөн. Мұнда Сұлтанғали Садыр­баев 1951 жылғы наурыз айында Мұхтар Омарханұлы Әуе­зов­пен өткен кездесуде:
– Абай да, Көкбай да бәрімізге белгілі, ал осы Шұбар деген ақын кім? Менің білуімше, Шұбар дегеніміз «Еңлік-Кебектің» уақиғасын жыр түрінде жазған Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған Құдайбердінің ұлы Шәкәрім шығар», − деді өңі суық жігіт.
– «Ақын аға таза тарихи роман емес. Басты кейіпкері Абай тарихи тұлға болғанымен, оның айнала­сындағы адамдардың көпшілігі авторлық ойдан шығарылған образдар. Солардың қатарында Шұ­бар да бар. Шұбар Шәкәрім шығар деп, дыбыс қуалаудың қанша қа­жеті бар?!» − деп М.Әуезов сұ­рақ­қа шамдана жауап берді.(С.Са­дыр­байұлы. «Сөз асылы сөзде». А., Қазақ университеті, 2009 ж. 224-225 б.)
Өңі суық жігіт кім, Мұхаң неге шамданды? Әуезовтанушылар үшін бұл қажетті дерек болар деп жазып отырмын.
Бұл кезде Мұхтар Омарханұлы Әуезов кім еді? Бұл кезде Мұхаң «Абай» романын жазған, сол үшін 1-ші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған ірі жазушы еді. Бірақ атақ-даңққа Мұхтар Әуезов оңай­лық­пен жеткен жоқ.
«Абай жолы», «Абай» эпо­пеясы Мұхаңның бағын да ашты, теперішті де көрсетті. Қоғамдық пікір сан алуан болды. «Абай» романы бірнеше мәрте талқыға түсті. Соның ең тоқетер сөзін, 1943 жылғы талқылауда қазақтың Ға­беңі, Ғабит Мүсірепов айтты. Сол сөйленген сөздердегі үзік-үзік пікірлерге ден қойып көрелікші.
«Абай» − қазақ совет әде­бие­тінде, «роман» деген үлкен ма­ғы­наға толық жауап беретін бірінші роман».
«Абайдай» шығарма бұл күнге дейінгі бүгінгі қазақ әдебиетінде болған емес».
«… Қазақ деген елдің елдік дә­режесі шынында қандай еді, та­рих­тың қай сатысында тұрған еді, осының бәрін «Абайдан» то­лық көресің».
«Бұл – жазушының өз өзегін өртеп, өз жүрегін тербетіп шық­қан өз еңбегі!…».
Қайран Ғабең! Қалай айтқан! Мұхаңды «Абай» романы үшін сынаған ғалым Есмағамбет Ыс­майы­ловтың өзін сын тезіне ала­ды, таққан айыптарын жоққа шы­ға­рады. Ұлыны ұлының тануы деген осы емес пе?! Бұл талқы­лаудың да стенограммасы қолда жоқ сы­ңайлы. Өкінішті.
«Менің Әуезовім» деп роман – эссе жазған академик Зейнолла Қабдолов «Толстойды оқымай орыс­ты, Бальзакты оқымай фран­цузды, Әуезовті оқымай қа­зақты білдім деу сондай қиын» деп жазды.
«Романда … ең бастысы – ұлы Абай өзінің бар болмысымен, тұл­ғасымен көрінген. Шығарма бізді оның өмірімен қоса, бүкіл твор­чествосымен, әр шығармасының туу жолымен таныстырады. Абай­ды көп елдердің өз шығар­ма­лары арқылы емес (оларды ау­дар­масы әлі де қанағаттан­дыр­май­тыны белгілі) Мұхтар романы ар­қылы тануы да осының дәлелі» деп жазған академик Серік Қи­рабаевтың пікірі әлі де өміршең.
Ұлы Абай шығармаларын орыс тіліне ғана емес, ағылшын, араб, француз, испан, неміс тілдеріне кемеліне келтіріп аударуымыз қажет. Өйткені, Абайды таныған ел қа­зақты таныр еді, қазақты таныған ел Мұхтар Әуезов сынды ғұлама ғалымды, классик жазушыны тани түсер еді.
Мұхаң сомдаған Абай Құнан­баев ірі тарихи тұлға ғана емес, өз өмір сүрген қоғамның шырмауын үзіп шыққан ұлы ақын да. Ол образ ерекше болуға тиіс. Бірақ тарихи шындық бар емес пе? Абайдың өзінің өлмес өлеңдері көз алдыңда тұрған жоқ па? Міне, ұлы суреткер Абай бейнесін сомдағанда оның өмірбаянын романтикалық са­рын­нан арылтып, тарихи шындықтың шымылдығын ашады.
«Абай образын оқығанда, бізді жалықтырмауы былай тұрсын, не нәрсе болсын, ол Абайша тү­сініп, Абайша сезінуге мәжбүр етеді, − деп жазыпты академик Мұ­ха­мед­жан Қаратаев. – Абай образының еліктіргіш, илан­дыр­ғыш күші міне осында».
Әрине, мұндай аталы сөзге ила­насың. Өйткені, бұл көңіл-күй «Абай» романын оқыған жанға өте түсінікті. Осылай Әуезов әлеміне өзің де бой алдырасың, оқи бергің, тоқи бергің келеді…
Академик Зәки Ахметов Мұхтар Әуезовтің романындағы әлдебір алыстағы, басқа бір күндердің елесін көргендей болады.
Бұл «Абай» эпопеясының эпи­ло­гындағы толғаныс-толғам:
«Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жап-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық. Бірақ бірі оянбаған күш болса, бірі танылмай, ұғылмай кетер ме? Жетер ме сабыр, жетер ме қай­рат?»
Бұл Абай арманы еді. Мұхтар Әуезов Абайдың мұндай тебіреністі, жан күйзелісті неге салды? Соның аржағынан Мұхтар Әуезов армандаған егемендіктің ұшқы­нын көргендей боламын…».
Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетін әлемге танытты. «Абай» туындысы эпостан – эпопеяға дейінгі қазақ әде­бие­тінің жүріп өткен жолының кемел кезеңін көрсетті. Үлкен әде­би мектеп қалыптасты. Әбді­жә­міл Нұр­пейісов, Ғабит Мүсі­ре­пов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Шер­хан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Ма­ғауин, Қабдеш Жұма­ділов сынды қазақ әдебиетінің алыптары Әуе­зовтің рухани мектебінен өтті. Осылай М.Әуезов ғалым, академик, жазушы ретінде жалпы әде­биеттің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, халық ауыз әде­биетінің асыл мұраларын, көш­пенділер мәдениетін жинас­ты­рып, зерттеп, оны сахналап ұл­тының ұлы тұлғасына айналды.
«Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табал­ды­ры­ғын аттай қалсам, әрқашан қа­сиет тұтып, өзіммен бірге қас­терлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов», − деп еді кезінде адамзаттың Айт­матовы.
«Біздің Әуезовтен үйренеріміз көп. Әуезов Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде алғаш рет лирикалық, психо­ло­гия­лық биік өрелі прозаны жазуды үйретті». Бұл қазақ әдебиетінің бүгінгі абызы Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов айтқан сөз.
Бірі Әуезовті «Манаспен» қа­тар қойса, екіншісі ұстаз деп ба­ғалайды.
Әлемді аузына қаратқан Мұх­тар Әуезов туралы дүниежүзі қа­ламгерлері қадап айтқан пікірлерді тағы бір рет жас ұрпақтың жадына жаңғыртсақ артық болмас.
Луи Арагон: «Эпикалық роман «Абай» менің ойымша ХХ ғасырдағы ең үздік шығарма­лар­дың бірі. …Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шы­ғар­маны табу қиын».
Леонид Соболев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» − бұл нағыз роман, басқаша айтқанда өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұр­мыстың, адамдар арасындағы құш­тарлықтың, махаббат пен өш­пен­діліктің айқын бояулы суреттерін жасаған және ең бастысы, есте қа­ларлық жарқын образдар ар­қы­лы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап».
Альфред Курелла: «Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз… Сіз сол дәуірді көзіңізбен көр­ген­дей айна-қатесіз танисыз. …Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы!».
Бенжамен Матип: «Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!»
Иә, бүгінгі қазақтың өмірі де, әлем картасында алып отырған орны да бөлек. Абай армандаған, Әуезов армандаған егемен Қазақ­станның жаңа тарихы жазылып жатыр. Оның ұлттық паспорты ретінде Абай сол жылнаманың ба­сын­да тұр. Қазір М.О.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер инс­титуты ұлы жазушының 50 том­дық толық шығармалар жина­ғы мен «Әуезов» энцикло­пе­дия­сын шы­ғарды. Бұл ұлттық қазына, ғы­лыми қазына.
Абай дегенде – Әуезов, Әуезов дегенде Абай көз алдыңа келіп тұра қалатыны бүкпесіз шындық.
– «Сіз Әуезовті әлі оқыған жоқ­сыз ба? Онда әлі ештеңе оқымаған екенсіз…».
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ.