Қазақстан • 22 Сәуір, 2019

Латын графикасы және заңнама терминдері

2718 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Латын графикасы  және заңнама терминдері
Латын әліпбиіне көшу барысында заң терминдерінің орфографиясы мен емлесінің мәселесі төңірегінде ортаға салар бірқатар жайттар бар­шылық. Бүгінгі таңға дейін екшеліп, рет­телген, мемлекеттік тілде бала­масы табылып, қолданысқа енген, уақыт сарабынан өтіп, жинақталған терминдердің жаңа әліпбидің ерек­шелігіне сәйкес жазылуы қандай болмақ деген сауал туындайды алдымен. Заң терминдерінің көп­шілігі орыс тілінен аударма жасау нұсқасында қолданысқа еніп келе жатқаны баршамызға мә­лім. Тіпті халықаралық ортақ қол­да­ныстағы бірқатар терминдердің өзі ұлттық тілімізде орыс тілінің заң­дылығынан ауытқымай жазылатыны да өзгермейтін қағидаға айналды. Осыған дейінгі ана тіліміздің орфографиясы таза өз тіліміздің емлесі мен орфографиясына негізделме­ген болатын. Соның салдарынан шет тілі­нен енген терминдер, әсіресе заң терминдері кирилл әліпбиіне негіз­деліп жасалды. Түбірі латын, грек тілінде жазылған терминдер орыс тілін­дегі түрлі жұрнақтар арқы­лы транс­крипцияланған тұлға­сын­да ұлт­тық заң лексикасының қоры­на енді. 

Мәселен, орыс тіліндегі бір ғана «аци» жұрнағымен жазылатын термин сөздердің ұзын саны 884 екен: авиация, ассоциация, адап­тация, ассигнация, вариация, гло­бализация, деклара­ция, прива­тизация және т.т. Ұлттық заң­нама терминдерінің қорындағы шет ті­лінен енген терминдердің бәрі бол­маса да, дені бүгінгі таңда орыс ті­ліндегі осы «аци» жұрнағы арқы­лы жазылған нұсқасында қол­данылады. Мұның басты себебі қазақ тілінде оның дәл мағынасын беретін балама сөздердің болмауы және заң нормасының мәнін аша алмайтындығынан деген пайымнан туындап отыр. Әйтсе де мағыналық және заңи нормасы жағынан шет тіл терминдеріне қазақша бала­­ма­сы сәтті табылған терминдердің ұлт­тық тіліміздегі заңи қолданысқа ен­ген мысалдары да аз емес, айта­лық, үгіт (агитация), жекешелендіру (приватизация), қауымдастық (ассоциация), құжаттама (документация), жаһандану (глобализация), жарияланым (публикация), орталықтандыру (централизация) және тағы басқалары. Қазақша жұр­нақтар арқылы да осы тектес терминдер өздерінің түбірлік негізін сақтап, терминдік қорымыздан орын алған, мәселен, ротация – ротациялау, демократизация – демократияландыру, химизация – химияландыру, электрофикация – электрлендіру. 

Этномәдени бірлестіктердің өкіл­дерімен кездесу барысында айтқан Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбектің біз қазақ тілінің фонетикалық, орфоэпиялық және басқа да нормаларын бұзбай, шетелдік терминдерді қазақша айту­ға тиіспіз. Бұл бүкіл әлемде қолданы­лып отырған тәжірибе деген пікірі өте орынды. Оның айтуынша, егер шет тілге ғана тән әріптер әліпбиде болмаса, термин аударылуы тиіс. Бүгінде қазақ тілінде 30 мил­лион сөз бар. Алдағы бірнеше жылда сөз саны 100 миллионға жетуі мүмкін. Осыншалық тіл байлығымен терминдерді аударуда қиындық тудырмайды.

 Заң терминдеріне қойылатын ең басты талап, әрине, оның нормалық дәлдігін сақтау. Міне, осы тұрғыдан алғанда шеттен енген терминдердің тү­бірінен ауытқымай, бірақ өз тілі­мізде жаңа емле мен жаңа орфогра­фия ережесін басшылыққа ала отырып транскрипциялау орын­ды. Бұл орайда халықаралық қол­да­­ныстағы терминді өз тіліміздің лек­си­калық заңдылығы мен ереже­лерінің деңгейінде атаулық түбірін сақ­тай отырып, ұлттық заңнама лекси­касының негізінде жасау басты шарт. 

Латын графикасына көшу тек әліпби ауыстырумен ғана шектелмесе керек. Бұл – шын мәнінде үлкен реформа, ұлттық тілімізді жаң­ғыртудағы, тіпті ауқымды тұр­ғыдан алғанда, ұлттық санамызда ру­хани жаңғырту бағытындағы реформа. Әрине кез келген реформа қиын­дықсыз іске аса қоймайтыны белгілі. Сол себепті, латынға көшу барысында, біздер дыбыс-әріп-емле үштігінің тұтастығын ғылыми-тәжірибелік әрі әдістемелік тұрғыдан ұштастыра білуіміз қажет.

Қоғамның рухани дамуына жаңа үрдіс беріп отырған бұл реформа мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін көте­руге де зор үлес қосады. Сол тұр­ғыдан келгенде ұлттық әліпбиімізді латын графикасына негіздеу – уа­қыт талабы. Әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің 112-сі, былайша айтқанда, әлем халықтарының 60 пайызы, яғни 4,5 миллиарды өздерінің жазу-сызу мәдениетінде латын әліпбиін қолданады екен. Ежелгі төл жазуларының дәстүрінен айнымай келе жатқан Қытай мен Жапония сияқты өркениетті елдер­дің өзі де соңғы жылдары барлық жарнама агенттіктерінің ақпарат­тық аталымдарын латын әліпбиімен жаза бастағаны да баршаға мәлім. Міне, осы деректердің өзінен-ақ латын графикасының дүние жүзі аумағындағы маңызының айрықша мәнге ие бола бастағанын аңғару қиын емес.

Латын әліпбиіне көшу тілімізді шұбарландырудан арылтады десек, ұлттық заңнама терминдерінің де сапалық жағынан оң өзгерістерге ұшырайтыны ақиқат. Осы кезге дейін кирилл графикасының ықпалымен дұрыс жазылмай, орыс тілінің фонетикасына сай айтылып, жазылып келген бірқатар терминдер өзінің шынайы ұлттық сипатын иеленеді. Бұл бірінші кезекте заңнама терминдеріне де қатысты мәселе. Бүгінгі таңда жинақталып, сараланған және заң лексикасының негізін құрап отырған, қолданысқа енген термин қорын латын әліпбиіне көшіруге ыңғай­лау жұмысы қазірден бастап қолға алына бастауы тиіс. Республикалық Құқықтық ақпарат орталығы­ның қорында жинақталған заңнама­­лық құжаттардың терми­нология­сын жаңартылған орфография мен емленің негізінде саралау арқы­лы латын негізді ұлттық әліпбидегі әр саланың құқық терминдері­нің тұтастай бір жүйелі стандар­тын жасауға болады. Мемлекеттік тілдегі ұлттық заңнама мәтінінің латын әліпбиінде жазылуы лексикалық, терминологиялық жаңа сапалық өзгерістерді қамтитыны айқын. Кирилл әліпбиінде қолданысқа енген бүгінгі терминдердің айтылуы (орфоэпиясы) мен жазылуы (орфографиясы) латын графикасында ана тіліміздің толық заңдылығымен жазылуға тиіс. Ұлттық заңнама линг­вистикасының негізін жасайтын терминдердің, әсіресе халықаралық ортақ қолданыстағы, түбірі латынша және Еуропаның басқа да тілдерінен енген терминдердің латын әліпбиінде қазақшалануы мұқият саралау мен ізденістерді талап етеді. Бұл заңнама терминдерін қазірден-ақ ұлттық тілімізге біржола бейімдеу жұмысын жандандыратыны сөзсіз.


Мәди АЙЫМБЕТОВ,

Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшесі