Аймақтар • 23 Сәуір, 2019

Бөгенбай батыр кешені

2231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ежелгі Ерейменнің аруақ қонып, нар шөккен киелі жерлері көп. Соның бірегейі Бөгенбай батыр сөресі Ақсу кентінің шығыс жақ бетінде шамамен жиырма шақырымдай жердегі Бөгенбай елді мекенінен төрт шақырым қашықтықтағы қыраттың үстінде.

Бөгенбай батыр кешені

Бізге жеткен аңыз айтады, сонау 1775 жылы Ереймендегі Қоржынкөл ба­сындағы қанжығалы Бөгенбай батырдың ауылы Сілеті өзенінің бойындағы жайлауына көшеді. Киікбай өзекшесін қиып өткен соң батырдың дәм-тұзы таусылып, 98 жасында дүниеден озса керек. Бұл кезде Абылай хан Омбы жағында сапарда болыпты. Хан жеткенше жуан қарағай бөренелерден биік сөре жасап, мәйітті былғарыға орап сақтаған деседі. Бөгенбай сөресі аталуы содан. Ел қорғаған ерен еңбегін ескерген көдедей қалың ел Абылай ханнан Бөгенбайдың денесін Түркістанға апарып жерлеу туралы жарлық айтуын өтінеді. Батырдың ажалын Абылай ханға естірткен Үмбетей жырау:

О, жамағат, жамағат,

Қаз дауысты Қазыбек,

Шақшақ ұлы Жәнібек,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Үшеуі батыр, бірі би,

Тәңірім берген сондай сый

Сол төртеудің біреуі –

Батырың өлді Бөгенбай!, – деп өзегі өртене жыр­лапты.

Хан халықтың тілегін екі етпеген. Батырдың немере інісі Адай бас болып, балалары Тұранәлі, Тұрымбет, Арғынбай, Жылқыбай бастаған қырық кісі жерлеп қайтады.

1991 жылы мамыр айында батырдың туғанына 300 жыл толуына орай Бөгенбай сөресі деп ата­­латын жерге ескерткіш белгі қойылады. Ес­керт­кіш орнатқанда, «Бұл жерде 1775 жылы қазақ­тың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар тақтайша ор­натылған. Кейін 2009 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің ауласындағы бейіт­тен топы­рақ алдырып, ескерткіш табанына көмілген.

Батыр стелласы 1991 жылдың маусым айында Ерейментау қаласының кіреберісіндегі жолбарыс жонды төбеге орналастырылған. Мы­рышпен қапталған металл құрылғыдан тұ­рады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары, жал­пақ қалқандары бар үш бөлімді композиция үш жүздің бір шаңырақ астында жиналғанын бей­нелейді. Белгінің жалпы биіктігі 3,6 метр. Етегі ерлік туралы аңызға толы Ерейменнің биі­гінде Бөгенбай батырдың стелласы зәу биіктен кейін­гі ұрпаққа ел мен жерді қорғау парыз екен­дігін мең­зеп тұрғандай.


Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы