Руханият • 24 Сәуір, 2019

Ел қамын жеген Едіге

7025 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Астанада Ұлттық ғылыми кітапханада есімі аңызға айналған «Едіге батыр» жырының 600 жылдығына орай сирек кітаптар көрмесі өткен екен. Едіге – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Бірақ біз онымен мақтанып көріппіз бе? Әйтеуір, ол туралы үлкендердің өзара сыбыр-күбірін ғана еститінбіз. Керісінше, «Едіге – халық жауы» деп даттап жаттық. Біз тек аты ертек ретінде айтылатын (балалық көңіл өлшемінде мың жыл бұрын өмір сүрген) Едігенің қалайша «халық жауы» бола қалғанына таңғалатынбыз. Сұрайтын да, жауап беретін де ешкім жоқ.

Ел қамын жеген Едіге
Едіге бастаған қазақ сарбаз­дарының 1399 жылы Бор­сық­ты­да­ғы қан майданда Поляк королі Витовт бастаған, литва, орыс князь­­­дары, тевтон ордені қосылған төрт мемлекеттің ондаған зеңбі­ре­гі, мылтықтарымен қару­лан­­ған, мұздай жасанған қолын қира­­тып салғанын кейін білдік. Борсықтыдағы шайқаста Витовт король аз ғана адаммен зорға қашып құтылған.

Осының алдында Рим папасы қолтығына су бүріккен батыс жұрты қайта-қайта шабуылдап, Алтын Орданың біраз жерін басып алған да, Днепр мен Донның арасындағы Дешті Қыпшақ дала­сын­дағы біздің жұртты қырғанын қырып, қалғанын құлдыққа ай­дап әкеткен. Ендігі мақсат Еділ мен Ертістің арасындағы халық­ты жер ету еді. Борсықты шайқа­сын­да біз жеңілгенде бүгінгі қазақ деген халық болар ма еді, болмас па еді?! Таққа таласқан хан­дар қырылысып жатқанда (жиырма жылда жиырма хан өлті­рілген) мылтықсыз халқын көк мылтыққа қарсы қоя біліп, жеңістің туын желбірете алған, келер ұрпақтың да еркін ел болуы үшін арпалысқан Едіге батырдың ерлігі бүгінгі де, келер ұрпақ үшін де шексіз үлгі.

Құмкент қаласында Құтлы­қия­ның отбасында дүниеге келген Едігенің де өмір жолы оңай болмаған. Тақ үшін тартысқа түскен Ұрысханның қолынан Құтлықия да, Тоқтамыстың әкесі Тайқожа хан да қаза болған. Жан сауғалаған Тоқтамыс та, бас аманды­ғы үшін жас Едіге де Әмір Темірді паналаған. 

Ақыры жанжалдан, қырқы­су­дан әлсіреген Алтын Орданы тағына Тоқта­мыс­тың келуіне жәрдем еткен. Әмір Темірге дұшпан болып шы­ға келген Тоқтамыс өзара жаула­су­ға әкелді. Ерлігінен жұрт сөзіне елігуі басым Тоқтамыс өзін жаңа Шыңғыс хан деп түсінді. Ол Шыңғыс хан иеленген жердің бәріне өзі иелік еткендей ниетте еді. Күнбатыс жұрты Алтын Орда жерін басып алып жатқанда ол оны елемей, түбі түркі елін өзара жаулауға жол салды. 1391 жылы Сарысуды бойлай Тоқтамыс қолын қуа шыққан Әмір Темір қолының ішінде Едіге де бар еді. Едіге күні бұрын жасырын хабаршы жіберіп, түбі қазақы жұрттың Әмір Темір қолынан алысырақ жылжып кетуіне қамқорлық жасады. Әйгілі Әмір Темірмен бетпе-бет шайқасуға жүзі шыда­ма­ған Тоқтамыс Ұлытау өтіп, онан әрі Тобылға жылжи қашып, ақыры Еділді бойлап, орысқа таяу Күндіршінге жеткен. Одан әрі қашатын да жер жоқ еді. Оған осы жерде біраз орыс қолы да қосылады. Күндіршіндегі қырғын соғыста Тоқтамыс қолы апатты жеңіліс тапты. Ол өзі поляк королі Витовтты паналаса, балалары Жалаладин мен Керімберді орыс князьдарының арасына барып, бас сауғалады.
Осы шайқастан соң кері орал­­­ған Едіге иесіз қалғандай бол­­ған Алтын Орда тағына Темір Құтлықты отырғызды да, өзі Әмір Темірден біржолата бөлі­ніп кетті. Ол хан тағына жақын­да­­ма­ды, Ұлы даланы мекен ет­кен көшпелі елдің арасынан өзі­нің мекенін тапқан. Едіге хан тағына отыруды мақсұт тұтпа­ған тұлға. Тайпа-тайпаның арасында тақ үшін талас болмауы үшін, бірлікті, тыныштықты сақтау үшін тек қана Шыңғыс ұр­пақтары хан болуы керек деген ұс­танымды берік ұстаған.

 Борсықтыда Едігеден оңбай жеңілген Витовттың беті қайтқан жоқ еді. Күндіршінде жеңіле бастағанын көріп, ұрыс даласын тастай қашқан Тоқтамысты ол тегін паналатқан жоқ. Витовттың арманы Тоқтамысты әрі қарай пайдаланып, түбі Алтын Орданы басып қалып, қорғаушысыз қалған орыстарды да бағындыру еді. Витовт Тоқтамыс билігіне жер бөліп берді, өз әскерін құ­­руы­­на көмек етті. Сөйтіп ол ақыры Қырымда Тоқтамысты хан деп жа­риялады. Алтын Орданың қа­сие­тті жерінің бірі Қырымдағы жұрттыТоқтамыс бастап келген жатжұрттықтардың зорлық-зом­бы­лығынан құтқару да Едігенің үлесіне тиген еді.

Хан тағын Едіге батырдың, Алтын Орданың ұлы биінің сырттай бақылауымен, көмегімен біраз уақыт басқарған, іштей ты­­ныш­тыққа қол жеткізген Темір Құтлық хан да ажалы жетіп, дүниеден озған. Хан та­ғы­на енді кім ие болады деген­дей кезең туған. Анталаған үміт­кер­лер жетерлік еді. Ұлы би Едіге хан тағына деген талас­ты біржолата тоқтату үшін тақ мұрагерлік жолмен ғана бері­ле­тін ұстаным енгізген. Басқа ыңғайлы тұлға болмағандықтан тақ­қа өзімшілдеу Шәдібекті отыр­ғызды. Шәдібек өзінше би­леп-төстемек болды. Ұтымды іс жүргізе алмаған Шәдібектің күн сайын ел арасындағы беделі де кете бастаған. Ол Едігенің сөзін тыңдамауға тырысты. Кеше Алтын Ордаға қарсы шыққан орыс князьдарына Витовтқа қарсы шығады деген сылтауымен екі полк әскер де берген. Сөйтіп Шәдібек іштей араздықты өр­шіт­­­ті. Едіге батырдың Сібірге өтіп кеткен Тоқтамысқа қарсы аттан­ғанын естіп, осы шақты пайдаланған Тоқтамыстың ұлы Жалаладин Шәдібекті қуып шы­ғып, Алтын Орда тағын басып қалды.

Едіге батырдың ат басын бұ­рып, Алтын Орда астанасына таяп келе жатқанын естіп Жала­ладин Орда тағын тастай қаш­қан. Едігеге бет көрсетуге жүзі шы­дамаған, Орда тағын жау ниет­тіге бере салғандай болған Шәдібек те Ордадан безген. Көп кешікпей оның да ажал құшқан хабары жетіп, Едіге мұрагерлік жолмен хан тағына Шәдібектің ұлы Болатты отырғызды.
Орыс жерін паналаған Тоқта­мыс­тың балалары Жала­ла­дин мен Керімберді орыс князь­дарын дүрліктіріп, жиі-жиі Алтын Орда жеріне басып кіріп, қарақшылық шабуылдарын жүргізе берген. Орыс княз­ьдары бұрынғыша Алтын Орда­ға салық төлеуін де тоқ­­тат­қандай еді. Алтын Ор­да қанша әлсіресе де орыс жері Алтын Орданың орыс ұлы­сы болып есептелетін. Бұл жағ­дай­ды да реттеу керек еді. Әрі Борсықтыдағы соғыста Витовт бас­та­ған батыстың әскеріне қо­с­ыл­ған князьдарды да жуасыту қажет-тін.
Борсықтыдағы шайқастан кейін он жыл өткен соң ондағы баланы жиырмаға, он бестегісін жиырма беске келтіріп, тың күш жинаған Едіге батыр жорыққа аттанды. Ұлы би Мәскеу князіне «Бізге дұшпан Тоқтамыс балаларын паналатып отырсың, соның үшін қалың қолмен саған келе жатырмыз», деген хат та жіберген.
Шыбын жаны көзіне көрінген Мәскеу князі Василий қаланы тас­тай қашты. Мәскеу қорғанының ірге­сіне таяу салынған ағаш үй­лер­ді «жаудан қорғауды қиын­да­тады» деп боярлар өртеген. Өрт қаланың ішіне де кірген. Сөйтіп Мәскеуді өрт шалды. Қорған­ның сыртында баспанасыз қалған сан мыңдаған орыстарды бала-шағасымен қорған ішіне кіргізбеді.
Едіге батыр тас қамалды ша­буыл­дауға асықпады. Ол бірде-бір сарбазының босқа ажал тап­қанын қаламады. Ұлы би Тверь князі Михайлдың Иванына тас қамалды бұзу үшін зеңбіректерімен келуін тапсырған. Иван да зеңбіректерін сүйретіп келіп қалған еді. Мәскеу­ді ұстаған боярларда да ес қал­ма­­ған. Тамақ жетіспей қала хал­қы да ашына бастаған. Бояр­лар өздерінің кінәсі үшін үш жүз мыңдық алтын төлей­тін­де­рін әрі Алтын Ордаға мәңгі бағына­тын­да­рын айтып елші де жіберген еді.

Осындай сәтте Алтын Орда тағындағы Болат ханнан асығыс хабаршы келді. Едіге батырдың орыс жеріне кеткенін пайдаланып, күнбатыстың қарулы әскерін ертіп, Жалаладин Ордаға жетіпті.

Алтын Орда тағының ма­ңын­да бүліншілік болып жатуы Едігені еріксіз мәскеу­лік­тер­­дің ұсынысын қабылдауға мәж­бүр­леп, Ордаға қарай ат басын бұрған. Ұлы би Василий князьға хат жазып кеткен екен. Көне архив мұны да сақтапты. «Орыс жері біздің адал ұлысымыз болатын... салық төлейтін... сен өзің не істеп жүргеніңді білемісің? Ұлысың талан-таражға түсті... Хан салығын орнымен төлеп тұрсаң, орыс жері тыныш болар еді. Ал сен құл сияқты бұқпалап қашып жүрсің. Ойлан да ақылға кел».

Мұнан кейін Мәскеу князі өле-өлгенше салықты уақытында Ордаға жеткізіп тұрған. Алтын Орда тағына ие бола қалған Жала­ладин Едіге батырға қарсы шы­ғуға жүрегі дауламай, тақты тастай қашқан. Оның тағы да Витовтты паналағаны естілген. Тақ таласы Болаттың да басын жұтқан. Басқа ретін таппаған Едіге Алтын Орда тағын Болат­тың туған ағасы Темірге берген. Өркөкірек Темірдің хандық ісі Шәдібектен аспады. Темір хан Едігеден теріс айналған. Бұл араздықты сәтті пайдаланған Жалаладин бір-ақ түнде Орда тағына ие болып шықты.
Едіге бұл жолы істің аңысын күтіп, асықпаған. Таққа осынша ұмтылып жүрген Жалаладиннің ісін көргісі келгендей еді. Бірақ сонша болмаған, Жалаладинді інісі Керімберді өлтірді деген хабар жеткен. Тақ таласы тағы да шыңына жеткендей. Керімбердінің хандығы да ұзаққа созылмады, ол інісі Кепектің қолынан ажал табады. 

Жалаладинді Витовт қол­дап, ол Витовттың дегенін жаса­са, Ке­рім­берді Мәскеудің қол­шоқпары. Витовттың да, Мәс­кеу­дің де сүйенгені алтын-күміске араны ашылған білікті топ. Кепек те олардан ұзап кетпеген.

Едіге батыр орыс пен лит­ва­ның арасына кезек жүгірген Кепекті хан Ордасынан қуып тас­тап, хан тағына Шыңғысты отыр­ғызған. Шыңғыс Бұхар, Самар­қан жағында өсіп, шығыстың тәрбиесін алған, діні басқаны кәпір деп түсінетін сұлтан еді. Тәрбиесі бөтен Шыңғыстың тақ­қа ие болуы Витовттың бар жос­парын бұз­ған. Ол енді Шырын әулетімен жалғасып, Егімбердіні Қырым ханы деп жариялады. Іле сақадай-сай әскеріне Радзивилинді қолба­сы етіп тағайындап, жо­рық­­­қа аттандырған. Ойда жоқта ха­бар­­­сыз жетіп келген жауға Шың­ғыс қолда бар жасағымен қарсы шыққан. Сол арпалыста Шыңғыс та қаза болады.

Енді 1411 жылы Дербіс сұл­­тан­ды хан тағына ие еткен Едіге Егімбердінің соңына тү­седі. Витовттың одақтасы генуя­лық­тар мекендеген Тана қаласын басып алды. Қашқан Егімберді Кофаны паналаған еді, Едіге батыр­дан қорыққан кофалықтар ұстап беретін болған соң, одан да қашып шықты. Литваға бет алған Егімбердіні жолшыбай сапарлас­тары өлтіріп тынған.
Қанша рет жеңіліске ұшыраса да дүмпуі арғы жағынан болып жатқан Поляк, Литва, оған қосылған орыс князьдарының негізгі мақсаты Алтын Орданы жоюға арналған жорықтарын тоқтат­пады. Орда үшін тыныш­тық керек еді. Ұлы би Едіге батыр поляк королі Витовтқа хат жазған. Хатта «... Ар намыс үшін бел жазбаған, талай ерлік істеген бізге көңілсіз кәрілік келіп жетті. Қалған ғұмырымызды бейбіт тыныштыққа бағыштағанымыз дұрыс болар. Екеуара төгіскен қанымызды жер жұтты... жүре­гі­міз­дегі ашу-ызаны... су сөндірді», деп жазылған. Біраз тыныштық орнап, келісім де жасалған.

Бір кезде Едігеге қатын бол­­­ған Тоқтамысқызы Жәніке сақ­тап қалып, кейін жат жерде өскен Кәдірбердіні Шырын әулеті сүйеп, Қырымда хан деп жария­­ланды да, оны Витовт қол­­дап шықты. Витовттан мұз­дай қаруланған әскер алып, оған Қырым жұртынан жасақ­тал­ған­дар­ды қосып, Кәдірберді Алтын Ордаға қарсы жорыққа шық­қан. Едіге батыр жаумен Елек өзенінің Үш бөрте аталатын саға­сында кездесті. Дұшпанды бастап келген Кәдірберді ажал құшса, Едіге де ауыр жараланған.

Жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Әнес Сарай «Ноғайлы» деген бұлтартпас деректер негізінде жазылған зерттеу кітабында Едігені «Ләшкербасы Хажы Мұхаммед (Көшім ханның бабасы) Құмкент, Баба түкті Шашты Әзиз жанына жеткізе алмай, Ұлытауға жерледі» деп тарихи деректерге сүйене отырып дәлелдеген.

Таққа отыруды мақсұт тұт­па­ған, бар ғұмырын ұлы мем­ле­кет­тің тағын да, халқының бағын да сақтау үшін сарп еткен Едіге батыр дүниеден озған.

Ұлы тұлғаға әр елдің де, әркім­­нің де бар таласы. Ресей ға­­сыр­лар бойы Шыңғыс ханды жаман­дап келді. Сол орыстың бір журналисінің «Великий Чингиз хан славянского происхождения» деп жазғанын оқып, таңғалған едік.

Ұлы Едігені татар да, баш­құрт, қарақалпақ, ноғай да өзде­рінің ұлттық батыры деп есеп­тей­ді. Өйткені бұл халық­тар­дың барлығы да Алтын Орданың құра­­мындағы елдер. Оларда Еді­ге туралы талай жырлар сақ­тал­­ған.

Кейінгі кезде Едіге батырдың мәңгілік орны туралы неше қилы әңгімелер шығып жүр. Алдыңғы жылы біреулер Ер Едігенің моласын Маңғыстаудан тап­қан болып жазса, өткен жылы «пәлен деген шал айтты» деп, Едіге Ақтөбе облысының Бай­ға­нин ауданында жерленген деп жазды. Бірақ сол ауданда Едігенің жалы деген жота бар екенін, сондағы бір бейіттің Еді­ге­­нің анасының моласы деп аталатынын бұрыннан біз естіген жағ­дай әрі ол туралы газеттер де жазған.

Шоқан Уәлиханов жанына академик Шренкті ертіп, Ұлы­тау­ға шығып, Едігенің басына тәуеп еткен. Бұл қазіргінің алып-қашпа сөзі емес, тарихи факт. Шоқан да, оған жол бастап барған ақсақалдар да иманы бар, әділ, таза жандар. Олар бір қияли әңгімені айта салатын бүгінгінің аумалы-төкпелі шалдары емес.

Ер Едігенің, қазақтың ұлы биінің Ұлытаудың шыңында жат­қан туралы бәз біреулермен ай­тыс­­­қанымыз «Егемен Қа­зақ­­­стан», «Түркістан» газет­те­­­­­рінде кезінде жарық көрген. Еді­­генің бассүйегі деген сү­йек­ті қолымызға ұстап отырып, оның олай емес екенін, Едігенің пирамида тәрізді тас моласы ашыл­мағанын да дәлелдеп шық­қан едік.

Сайын даланың сайыпқыраны Ер Едігенің Ұлы даладан шыққан батыры екенін бар әлемге мо­йындататын уақыт әбден жетті. Ұлы би Едігенің дүниеден озға­ны­­ның 600 жылдығына орай Нұр-Сұлтан бастап, Қарағанды қостап, Ұлытауда тәуеп ететін ғылыми- практикалық конференция өтуі сұранып тұрған жағдай. Әрі бұл ұлттық намысымыз да. Оған татар, башқұрт, ноғай, қара­қал­пақ ғалымдары қатысса, нұр үстіне нұр.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы