Ауыз суды құдықтан тартып, «водовозбен» таситын шөлейт өңірдегі бұл кесене – Жабай батырдың мәйіті жуылған жерге орнатылған ескерткіш белгі. Ал сүйегі Ташкент қаласындағы тарихи ірі қорымдардың біріне жерленген.
Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, Жабай батырдың бойында бала күнінен әулиелік, көріпкелдік қасиет болған деседі. Сондықтан да оның мәйіті жуылған жерге бүгінге дейін адамдар ағылып келіп, зиярат жасап жатады. Себебі ел ішінде Жабай батырдың рухы, әулиелік қасиеті осында қалған деген берік сенім қалыптасқан.
Түнде біреуі түс көріпті. Түсінде оған ұзын бойлы, қарасұр өңді бір қария екі тал үкі ұсыныпты. Бірі – ақ, енді бірі қара түсті екен.
Таң ата ол қуанып оянады. Ал жанындағы кісі ешқандай түс көрмепті. Сірә, алыс жолдан шаршап келіп, қатып ұйықтап қалсам керек деп өкініпті.
Сонда жақсы түс көріп, қуанып келе жатқан кісі оның көңілін қимай әрі екеуінің әлі де болса мұңдас екенін ұмытпай, түсінде өзінің әулиеден екі тал үкі алғанын айтады. Алла қаласа, көп ұзамай перзент сүйермін-ау деген үмітін де жасырмайды.
Сол сол-ақ екен, жанындағы кісі: «Оу, құрдас, садағаң кетейін, сол үкілердің бірін маған қишы», деп жалына кетеді. Алғашқыда ол: «Әй, оны мен түсімде ғана көрдім ғой», деп әзілдеп құтылмақ болғанымен, бірте-бірте көңілі иіп, өзімен мұңдас жанды аяп: «Ой, жарайды, қидым саған», деп мәрттік жасайды.
Содан арада біраз жыл өткенде әулие аян берген кісінің әйелі босанып, қыз туып, ақ түйенің қарны жарылып, ұлан-асыр той болады. Бірақ әйелі содан кейін бала көтермей қалады...
Ал екінші кісіден ешқандай хабар-ошар жоқ. Өткен оқиға есіне түскен сайын: «Қап, әттеген-ай! – деп өкінеді перзент сүйген кісі. – Сол жолы асығып, елін де, жөнін де сұрап алмағанымды қарашы. О баста Алла маған бір ұл, бір қыз берем деген екен ғой. Көңілін қимай, бір тал үкімді мұңдасыма қиып ем. Осы күні ол да перзент сүйіп, қуанышқа кенеліп жатыр ма екен, кім білсін».