Тур Хейердал
Тегінде түркі қаны бар бұл тұлғамен осыдан 32 жыл бұрын кездесудің сәті түсіп еді…
1981 жылдың қоңыр күзі еді. Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінің екінші курсында оқитын мен “Комсомольская правда” газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Бір күні газет редакциясында абыр-сабыр болып: «Алдағы аптада осында атақты саяхатшы Тур Хейердал келетін болыпты», деген хабар тарады. Бұған жұрт кәдімгідей елең етті.
Тегінде түркі қаны бар бұл тұлғамен осыдан 32 жыл бұрын кездесудің сәті түсіп еді…
1981 жылдың қоңыр күзі еді. Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінің екінші курсында оқитын мен “Комсомольская правда” газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Бір күні газет редакциясында абыр-сабыр болып: «Алдағы аптада осында атақты саяхатшы Тур Хейердал келетін болыпты», деген хабар тарады. Бұған жұрт кәдімгідей елең етті. Онымен кездесу редакцияның көгілдір залында өтетіні де белгілі болды. Мұндай жаңалыққа кім-кімнің де, әсіресе, газет-журналдың айналасында жүрген кез келген журналистің қызығып, ден қояры анық. Оның үстіне сол уақытта баспасөзде Тур Хейердалдың саяхаттары туралы жиі жазылып, оның атақ-даңқы кәдімгідей дүрілдеп тұрған. Сондықтан мен де онымен болатын кездесуге қызығып, қатысқым келді. Қасымдағы жігіттерден кез келген ортаға баса-көктеп бара бермейтін қазақы ұяңдық және әдептілікпен: «Кездесуге қатысуға болар ма екен?» деп сұрап едім, «Қатысқаның не, сұрақ қоюға да болады», деді.
…«Комсомольская правданың» көгілдір залындағы әйгілі саяхатшымен кездесу уақтылы басталды. Дөңгелек үстелдің айналасында бәріміз жағалай отырмыз. Басқаларды қайдам, маған орта бойлы, атжақты келген, жүріс-тұрысы өте ширақ, бойында ешбір артық еті жоқ сылыңғыр Тур Хейердал жастау адам сияқты көрінді. Сөйтсем, сол кездің өзінде ол 67-де екен.
Алдымен Тур Хейердалдың қысқаша өмірбаяны таныстырылды. Сонан соң оның ең алғашқы саяхат жорығын сонау 1947 жылы бастап, сал қайықпен Тынық мұхиты арқылы Перуден Полинезия аралдарына дейін жүзіп өткені, сондай-ақ, бұдан кейін де асқан батылдықпен тростик, папирус қайықтармен бірнеше рет қауіпті де қатерлі сапарларға шыққаны,1955-56 жылдары Пасха аралына Норвегияның археологиялық экспедициясын ұйымдастырғаны, 1969-70 жылдары Африкада Орталық Америкаға, 1977-78 жылдары Эль-Курна (Ирактан) – Үнді мүйісі арқылы Джибутиге жеткені айтылып өтті. Осы сапар-саяхаттардан алған әсерлері мен көрген-білгендерін, ойға түйгендерін жүйелеп қағазға түсіріп: «Кон-Тики» қайығымен сапар» (1949), «Аку-Аку» (1957), «Ра-ра» (1970), «Фату-Хива» (1975) деген секілді бірталай кітаптар жазған. Олары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған.
Жиһанкезге жан-жақтан сұрақтар қойыла бастады. Көпшілігі оның экспедициясы мен саяхаттарына байланысты.
Қатысушылардың бірі: «Ең алғашқы теңіз саяхатына 1947 жылы шыққаныңызды естідік. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін мұндай қиын да қатерлі сапарға шығуыңызға не түрткі болды?» деп сұрады.
– Ең бірінші айтарым, білуге, білімге деген құштарлық ықпал етті. Дәлірек айтсам, мен көне жазбалар мен испандық жаулаушылардың инктердің қайықтарын бейнелеген кескін суреттерін, әрқилы археологиялық белгілерді көріп таныстым. Түрлі аңыз әңгімелерді естідім. Осының бәрі мені ертеде Оңтүстік Америка мен Полинезия аралдарының арасында су арқылы болса да қандай да бір байланыс болған-ау деген ойға жетеледі. Осыны қазіргі заманғы жетілген қуатты кемелер емес, қарапайым қайықпен жүзіп өтіп, көз жеткізіп көрмек болдым. Мен, әрине, бұл сапарда жалғыз болған жоқпын. Қасыма Кнут Хаугланд, Бенгт Даниельссон, Эрик Хессельберг, Турстейн Робю және Герман Ватцингер сияқты ержүрек саяхатшылар ерді. Біздің «Кон-Тики» желкенді сал қайығымыз Тынық мұхитынан батысқа қарай бет түзеп, тура 101 күннің ішінде 4300 миль, яғни 8000 шақырым қашықтықты жүзіп өтті. Мұхит төсінде жүзу барысында біз Гумбольд ағысын және жолай соққан желді ұтымды пайдалана білдік. Қызық болғанда, мұхит бетінде біздің сал қайғымызға, яғни бір-біріне қосақталып, байланған бальс ағаштарының ара-арасында балықтардың көп шоғыры бізден қалмай еріп жүрді. Бұдан ертедегі теңізшілерге осындай балықтар қоректің көзі және шөлді басудың бір амалы болған-ау шамасы деген ой түйдім.
Осылай дей келіп ол Таити және Фату-Хива аралдарына сапарына ойысты.
– 1937 жылдың басында мен бірінші зайыбым Ливке үйленген соң Марсельге жетіп, сонда кемеге отырып, Атлант мұхиты, Панама каналы арқылы Тынық мұхитына шығып, әрі қарай Таити аралына жеттік. Ол жерде жергілікті тайпа көсемінің баспана лашығында тұрып, табиғи ортада қалай күнелтуге болатынын бастан кешіріп көрдік. Сонан соң Маркиз аралдарының оңтүстік тізбегіне жататын, оңашалау орналасқан Фату-Хива аралына қайықпен барып, сонда өркениеттен оқшау бір жылдай тұрдық. Мұндағы мақсатымыз да баяғы ата-бабаларымыздай Адам ата мен Хауа ана секілді екеуден екеу, бөлек өмір сүруге болатынын байқап көру еді. Бұл сапар жөнінде мен 1938 жылы басылып шыққан «Жұмақты іздеу жолында» деген кітабымда кеңірек жазғанмын.
– Сіздің әр саяхат-сапарыңыз өзінше қызық. Дегенмен, мына бір жайттың себеп-сырын білгіміз келеді. Үлкен еңбек, көп бейнетпен тростик қамысынан тоқылып жасалған «Тигрис» қайығын неге өртеп жібердіңіздер? – деген сауалға атақты саяхатшы былай деп жауап берді.
– Өзіңіз біліп отырған бұл экспедицияның мақсаты ерте кездерде Месопотамия мен Үнді өркениеті арасында сауда-саттық пен көші-қон байланысы болғанын дәлелдеу еді. Осындай сапармен жолға шыққан біздің «Тигрис» қайығымыз Иракта жасалып, Парсы, Оман шығанақтары арқылы Пәкстанға жетіп, одан әрі Араб теңізі, Аден шығанағымен Қызыл теңізге жетуді көздеді. Солай арада бес ай жол жүріп Джибути маңына жеткенімізде, бізді әрі қарай жібермей қойды. Өйткені, сол уақытта, яғни 1978 жылдың сәуір айында Эфиопия мен Сомали арасында қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Сөйтіп, амалсыз кідіріп қалдық. Ойлаған мақсатымызға жете алмай, жігеріміз құм болды. Адам баласына қайғы-қасірет әкелетін осынау соғысқа қарсылық ретінде 1978 жылдың 3 сәуірі күні бейтарап Джибутиде есіл еңбекпен жасалған қайығымызды өртедік. БҰҰ Бас хатшысы Курт Вальдхаймнің атына ашық хат жолдап, ашу-ызаға толы наразылығымызды білдірдік. Ол хатта: «Адамзат өркениеттің үшінші мың жылдығына қарай аяқ басқан тұста көрші мемлекеттердің бір-бірімен жауласып, соғыс ашуы, одан бейбіт халықтың жапа шегіп, оққа ұшуы ақылға сыймайтын әрекет» деп айыптадық. «Біреулердің бассыздығынан адамзат қоғамы суға батып бара жатқан кеменің күйін бастан кешпеуі керек» дедік.
Орыстың әккі де тісқаққан журналистерінің арасынан қабаттаса жүріп, мен де бірер сұрақ қойып үлгердім. «Айтыңызшы, «теңіз ауруынан» қалай қорғанып, сақтандыңыздар?» – дедім.
– Міне, бұл қызық әрі маңызды сұрақ! – деді Хейердал. Және де менің азиялық екеніме назар аударды ма, ол маған бұрыла қарап:
– Сіз кімсіз? Қайдансыз? – деп сұрады. Өңінен бір түрлі жылылық пен ықылас пейіл есіп тұрғандай көрінді.
– Мен қазақпын! Қазақстаннанмын, – дедім. Ол түсінбегендей кейіп танытты. Ағылшынша жетік білмесем де аудармашының оған: «Бұл біздің бір провинциямыз. Қазақ сонда тұратын халық», деп түсіндіргенін сезіп: «Қазақстан – одақтас республиканың бірі!» – дедім намыстанып. Бұл сөзімді аудармашы қонаққа жеткізбей әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып әкетті.
– Теңізге саяхатқа шығардың алдында әрбір адам, кез келген экспедиция мұны айрықша ескеруі керек, – деп бастады Тур Хейердал менің сұрағыма қатысты жауабын. – Олай етпесе, сапарының сәтті болуы екіталай. Хабарларыңыз бар, «теңіз ауруы» немесе кинетоз – бұл аллергия тәрізді адам организмінің үйреншікті емес қозғалысқа патологиялық қарсылығы. Оның белгісі адамның басы айналып, құса береді. Бұдан қорғанудың бірден-бір жолы таңертең суды көп ішпеу керек. Жейтін тағам-тамақтың да ағзаға оңай сіңетіндей жеңіл болғаны жөн. Мұндайда кейде теңізшілер сіріңкенің екі шиін тістерінің арасына қойып, тістеп отырады. Бірақ, шидің күкіртті басын ауызға салмау қажет. Ол лоқсытып, құстырады. Аяқтарды жиі айқастырып, табанды еденде жүрген секілді қозғалтып, алысқа көз тігіп, қозғалмайтын нәрсеге, ең дұрысы көкжиекке қарап отырған дұрыс. Жағалауға жеткенде немесе өзенге өткенде бұл ауру өзінен өзі жоғалады. Мұның бәрін біз топты жасақтау барысында мұқият ескеріп, үйретеміз. Себебі, ондай қауіп-қатерлі сапарға шыққанда адам бәріне дайын болуы шарт.
Жиһангез әңгіме арасында қайықты неліктен тростик пен папирустан жасайтындарын да айтып өтті. Оның себебі, суға ең төзімдісі осы екеуі екен. Бұған итбалықтардың терісін де пайдаланып көріпті. Бірақ, ол көп шыдас бермейді екен. Бұл жөнінен арнайы зерттеулер жүргізіп, сынақтар жасайтын ғылыми орталықтардың бар екенін айтты. Мысалы, Үндістанның Бомбей қаласында сондай орталық жұмыс істейді екен. Тағы бір білгеніміз, Т.Хейердал өзі норвегиялық бола тұра Италияда тұратын көрінеді. Мұның себебін ол адам қартайғанда у-шуды, көліктің көптігін жақтыра бермейді екен деп түсіндірді. Сол үшін тыныштау Италияға көштім деді. Орайы келген нәрсені қалт жібермейтін журналистердің бірі: «Қазіргі тұрған жеріңіздің у-шуы Ослодан кем емес қой?» – деп қалды.
– Менің өз табиғатым, мінезім қызық, – деді Хейердал. – Норвегияға келсем, тропикаға кеткім келеді. Тропикаға барсам, қайтадан қарлы шыңдар өзіне тартады. Ал, осы күні тұрып жатқан Италияның Риверье қалашығында қарлы шыңдар да, апельсин де бар.
Мен сонда «еуропалықтар қалаған еліне барып тұра береді екен-ау» деген ойда қалдым. Ерекше бір айта кететіні, Хейердал өзі жасаған экспедициясының бәрінде топ құрамына әр түрлі нәсіл, ұлт және көзқарас-танымдағы адамдарды іріктеп алып отырған. Оның кезекті үш сапарына дәрігер ретінде орыстың танымал саяхатшысы Юрий Сенкевич те қатысқан. Мұндай таңдау әрекетімен ол дүниенің әр түкпірінен жиналған әр қилы адамдар кішкентай қайық үстінде ортақ бірлік, ынтымақпен күн кешкен болса, онда Жер шарындағы әр алуан халықтар мен ұлттар да неге түсіністікпен, бейбіт қатар өмір сүрмеске деген идеяны көтермек болған.
Атақты саяхатшы әңгімесінің бар түйіні табиғаттың тазалығына, қоршаған ортаның ластанбауына келіп тірелді.
– Менің басты мақсатым, ел кезіп, беталды қаңғи беру емес, – деді ол сөзінің аяғында. – Біздің туған бесігіміз болып отырған Жер планетасының тазалығын, табиғи қалпын сақтау. Осы іске тамшыдай болса да өзімнің үлесімді қосу. Мұхит суларын жүргінші кемелерден қалатын консерві қалбырлары емес, жағалаудағы портты қалалар төгіп тастайтын түрлі қалдықтар мен кір-қоқыстар ластап бүлдіреді. Жасаған экспедицияларымның барысында мен бұған анық көз жеткіздім. Сондықтан дүниенің әр бұрышында болған жерлерімдегі қоршаған орта – табиғаттың жай-күйіне назар аударып, ластанған нысан-нүктелер жайында БҰҰ-ға жазбаша түрде хабарлап, нақты мәліметтер мен мәлімдеме жіберіп отырдым. Таяу жылдарда және болашақта адамзат үшін ең өзекті мәселе: экология – қоршаған ортаның тазалығы болады, – деді.
Кездесудің соңында басқалармен бірге әйгілі саяхатшыдан ескерткіш белгі болсын деп мен де қолтаңба жаздырып алдым. Бұл қолтаңба бойтұмардай менің жеке архивімде әлі күнге сақтаулы.
Артынан мен Тур Хейердалдың экспедициялары туралы өзі жазған және басқа да кітаптарды оқып, біраз жайларға қанықтым.
Мәселен, ол бүгінгі ғылым да жұмбағы мен құпия сырын әлі күнге аша алмай келе жатқан Тынық мұхиттағы Пасха аралына 1955-56 жылдары Норвегияның археологиялық экспедициясын бастап барып, сондағы маңызды нысандарда қазба жұмыстарын жүргізген. Аралдағы әйгілі «моаи» алып ескерткіш мүсіндерін жан-жақты зерттеп, олардың жасалуы мен тасымалдануын және орнатылуын зер сала зерттеген. Бұл сапардың қорытындысы бойынша норвегиялық археологиялық экспедицияның «Пасха аралы мен Тынық мұхиттың шығыс бөлігі туралы» қалың-қалың екі томдық есебі жарияланып, Тур Хейердал оны «Пасха аралының өнері» деген жазбасымен толықтырған. Ең бастысы, осы алғашқы сапар Пасха аралына жасалған кейінгі экспедициялардың ізашары мен бастауы болды. Бұл экспедиция жөнінен Т.Хейердал кейіннен жұртшылыққа кеңінен танылып, құнды мұраға айналған «Аку-Аку» деп аталатын кітап және «Пасха аралы: шешілген жұмбақ» деген зерттеу еңбек жазып, аралдың өткен тарихына байланысты ой тұжырымдарын айтты. «Бір замандарда мұнда алдымен Оңтүстік Америкадан келген «ұзын құлақтылар» мен кейіннен Полинезиядан қоныс аударған «шұнақ құлақтылардың» арасында қиян-кескі ұрыс болып, осы «шұнақ құлақтылар» аналардан айласын асырып, отқа тірідей өртеп, қырып тастаған. Табылған қазба қалдықтар мен мүліктер, адам сүйектері осыны меңзейді. Бұл шамамен осыдан үш ғасырдай бұрын болған» деген болжам жасады.
Бұдан кейін Тур Хейердал 1969-1970 жылдары папирустан екі қайық Ра, Ра-ІІ жасатып, Африкадан (Марокко) Кариб бассейніне (Барбодосқа) дейін Атлант мұхитын көлденеңінен жүзіп өтуді жоспарлады. Мұндағы алға қойған мақсат-мүддесі ежелгі дүниедегі теңізшілердің Канар ағысын сәтті пайдаланып, кәдуілгі желкенді қайықтармен-ақ трансатлантикалық жорықтар жасағанын дәлелдеу еді. Бұл сапарының «Ра» және «Ра-ІІ» аталатын себебі көне египеттік үлгімен Эфиопиядағы Тана көлінен әкелінген қамыстардан Чад мамандары тоқып жасаған алғашқы қайық бірнеше аптадан соң мұхит жолында жарамсыз болып қалып кері қайтуға тура келді. Келесі жыл Боливиядағы Титикака көлінің қамыстарынан жасалған «Ра-ІІ» қайығы бұларды Мароккодан Барбодосқа аман-сау жеткізіп, алға қойған мақсаттары ойдағыдай орындалды. Сөйтіп, ерте кезеңдерде египеттік теңізшілердің Америка құрлығына саяхат жасауы ықтимал деген болжам расталғандай болды. Маңызды да әсерлі болған осынау сапар туралы саяхатшы тарапынан арнайы «Ра қайығымен экспедиция» деген кітап жазылып, деректі кинофильм түсірілді.
Мұнан кейін 1983-1984 жылдары ол Үнді мұхитындағы Мальдив аралдарынан табылған көне қорғандарды зерттеп, ондағы үйлердің іргелері мен аулаларының шығысқа қарай салынғанына және құлақтары ұзындау келген сақалды теңізшілердің мүсіндеріне назар аударды. Осы және басқа да археологиялық қазбалар мен олжалар қазіргі Шри-Ланка жерінен ерте кезде шыққан теңізшілер Мальдив аралдарына қоныс аударып, Оңтүстік Американың және Пасха аралының көне мәдениетін қалыптастыруға ықпал еткен деген теорияны нығайта түскендей. Ал, 1991 жылы Хейердал атақты Канар аралдары тобындағы Тенерифтегі Гуимар пирамидасын зерттеді. Оның астрономиялық салыну бағыт-бағдарына көңіл аударып, Канар аралдары ерте замандарда Америка мен Жерорта теңізі елдері арасында бір мезет тоқтап, тынығатын аралық бекет болған болуы мүмкін деді.
Кезінде заман басқа, саясат басқа болды да жоғарыда сөз болған, Хейердалдың кезекті бір саяхатына кедергі келтірген Сомали-Эфиопия соғысы жайында ашып айтылмады. Бертінде жария болған мәліметтерге қарағанда, 1977 жылдың желтоқсанынан 1979 жылдың қарашасына дейін созылған екі жақтың соғысында Кеңес Одағы алдымен Сомали жағында болып, кейіннен Эфиопияны қолдауға көшкен. Эфиопияға қару-жарақ пен техника: ұшақтар мен танктер, артиллерия, басқа да жетілген атыс қаруларымен ғана көмек беріп қоймай, жүздеген әскери кеңесшілер мен мамандарын жіберген. Қызыл теңіз бен Африка иініндегі бұл жойқын соғысқа КСРО-ға қоса Куба сияқты социалистік лагерь мемлекеттері де тартылып, ГДР, Чехословакия, КХДР, Оңтүстік Йемен, Ливия, Палестинаны азат ету ұйымы тарапынан түрлі материалдық көмектер көрсетілген. Кеңестер елімен тіл табыса алмаған Сомали Египет, Пәкстан, Иран, Сауд Арабиясы секілді мұсылман елдеріне және АҚШ-қа арқа сүйеген. Ұрыс қимылдары барысында Кеңес Одағы бас-аяғы 33 әскери қызметкерінен айырылған болса, олардың ішінде 1949 жылы туған, ұшақта борт аудармашысы қызметін атқарған капитан Серік Манапұлы Нұрмұханов дейтін қазақ азаматы да болған. Бұл соғыс Сомали мен Эфиопияға орасан зор шығын келтіріп, мыңдаған адамның өмірін қиюмен қатар, кеңес-американ қатынасына да өз салқынын тигізген.
Тур Хейердал кезінде археолог-ғалым ретінде Әзербайжандағы удин тайпасы мен скандинавтықтар арасынан туыстық байланыс іздеген. Оның болжамынша скандинавтықтар Кавказ жерінен біздің жыл санауымызға дейінгі VI-VII ғасырларда қоныс аударған болуы мүмкін. Осындай идеяның жетегімен ол Әзербайжанға бірнеше рет келіп, осындағы Киш шіркеуін зерттеп қараған.
Кейінгі уақытта Тур Хейердалдың тегінде түркілік қан бар деген пікір жиі айтыла бастады. Тіпті, әзербайжандықтар «Турмен біздің түбіміз бір» деп оны өздеріне еншілеп те отыр. Бұл орайда әзербайжан ғалымдары мен Норвегиядағы Осло университетінің өзара бірлесіп, 2011 жылдың қазанында Бакуде «Тур Хейердал және Әзербайжан» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, өткізгенін айтуға болады. Мұндай игілікті шараны олар Әзербайжан елі тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Осло университетінің 200 жылдығы, сондай-ақ, атақты саяхатшының алғаш осында келіп, әзербайжан топырағын басқанына 30 жыл толуына арнады. Конференцияға аса қадірменді қонақ ретінде Тур Хейердалдың баласы – екінші Тур Хейердал шақырылды. Ол жиналғандар алдында сөз сөйлеп:
– Мен Әзербайжандағы әкеме деген зор құрмет пен оның зерттеулеріне қызығушылыққа қайран қалдым. Әрі риза болдым. Әкей расында да мінезі күрделі, өзінің таным мен пайымы, ішкі әлемі бар кісі болды. Ол өзінің ғылыми ізденісі барысында ғылымда қалыптасқан жаңсақ түсініктерді түзетуге тырысып, оларды шешудің көптеген жаңа жолдарын ұсынды. Оның ерекшелігі сонда, мәселенің мәні мен өзегін дөп басып, басқалар аңғара қоймаған жайттарға назар аударып, оны дәл көре білді,– деген жылы лебізі мен пікірін білдірді.
Конференция барысында Тур Хейердалдың викингтер Әзербайжаннан Скандинавияға қоныс аударған болуы ықтимал деп болжам жасағанда, оның ең алдымен скандинав аңыздарына, сондай-ақ, ХІІІ ғасырдағы белгілі исландиялық тарихшы Снорре Стурлуссонның жазбаларына сүйенгені айтылды. 1220-1240 жылдары деп көрсетілген Стурлуссон еңбегінде содан екі мың жылдай бұрын, яғни Иисус Христос мейрамына дейін екі ұрпақ бұрын Кавказда Огден дейтін король тұрып, Азер елінің асар халқын билеп-төстегені сөз болған. Осыны негізге алған Т.Хейердал пұтқа табынған скандинавтықтардың құдайы Один дегеніміз, сол Огден болуы мүмкін дегенді айтқан. Викингтердің Әзербайжаннан ығысып көшкенін дәлелдейтіндей және рухани түп-тамыр мен наным-сенімге қатысты бірнеше фактілер келтірген.
Қиыл-қилы заман өтіп, ғасырлар қойнауына еніп, ұмыт болған көне дүние тарихының жұмбақтары мен құпия сырларын ашып, оларды бүгінгі күні адамзаттың ортақ игілігіне айналдыру жолында аянбай тер төгіп, еңбек еткен, Жер шарындағы экологияға, табиғат ананың тазалығына алаңдаушылық білдірген даңқты да ержүрек саяхатшы, талантты ғалым Тур Хейердал 2002 жылы 87 жасында көз жұмды. Алайда, «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» демекші, оның артында баға жетпес мұрасы мен әлі де жалғасын тауып жатқан өнегелі істері қалды. Бүгінде Тур Хейердалдың жолын қуып, жанкешті саяхатқа шығып жүргендер мен идеясын қолдап, ғылыми тұжырымдарын дамытушылар баршылық.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
журналист.