Жас ақындарды тәжірибелі ақындардың алдарына шығарып, шабыстарын байқап, ақыл-кеңестерін беріп, болашақ өмірге қолдау боларға бата беру, сонымен қатар айтыс өнерін насихаттау мақсатындағы шараға Ақтау қаласындағы «Жыр жебе» айтыскер ақындар мектебінің түлектері мен Ақтау қаласы № 8 орта мектеп оқушылары қатысты.
Соңғы жылдары ақын Фархад Мусаев Ақтау қаласынан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Жыр жебе» атты айтыскер ақындар мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Олардың бірқатары облыстық, республикалық айтыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанып, облысымызға олжамен оралып жүр. Жуырда сәуір айында Алматыда болған республикалық "Ұлы дала дарындары" атты өнерпаздар байқауында мектеп түлегі Мейірбек Саламатов 1-орын иемденіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқу грантын жеңіп алды. Сондай-ақ, Жұмабай Мағжан Аманкелдіұлы, Саламатов Мейірбек Жәумітұлы, Сүйемов Алшын Қанбергенұлы, Сардар Ердәулет Бердіxанұлы, Қуаныш Жолдас, Қайырбек Теңел. Ақындар «Құлмамбет айтыс» түрімен кезектесіп айтысып, шараға қатысушыларды бір сілкінтіп тастады, дейді "Отпан" МКҚК бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек.
Ақындардың қатарында Адайдың жеті қайқысы Өскембай Қалмамбетұлының ұрпағы Қайырбек Теңел мен Қуаныш Жолдас – Маңғыстау өнер колледжінің жыр-терме бөлімінің студенттері. Соларды кезек-кезек жырлатып, күй тартқызып, жыршы-күйшілердің сұлу сөздері мен күмбірлеген күйлерін тыңдап, қатысушылар бір марқайып қалды.
Ақындар мен жыршылардың жырынан шабыты оянған И.Сүйеубаев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы, «Сазген» өнер мектебінің түлегі Рақымжан Жаңабаев өзі сұранып, көрермендер алдына шығып жырдан шашу шашты. Шара дәстүрі бойынша қарт ақын жас жүйріктерге бата беру керек болатын. Шараға арнайы шақырылған ақын денсаулығына байланысты кездесуге келе алмағандықтан, бұрынғылардың жолымен деп шараны жүргізуші жас жүйріктерге ағалық батасын берді.
Кәсіпорын атынан айтыскер ақындарға естелікке Маңғыстаулық ақын-жыраулардың жыр жинақтары тарту етілді.