Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы 75 мың орындық жатақхана салу туралы Үшінші бастамасын орындау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Өткен жылдың өзінде оқу орындары мен жергілікті бюджет есебінен 3 мыңнан астам орын пайдалануға берілді. Жобаға инвесторларды тарту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасына негізделген қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, қаржы көлемі бекітілді. Жатақханалар құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп жатыр.
Биыл 9 мың орын пайдалануға беріледі
«Мемлекет банктік несиенің 7 пайызын субсидиялайды, жатақханалар құрылысына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл шаралар инвесторлар шығындарын қысқартып, жобалардың жалпы құнын төмендетуге мүмкіндік береді», деген министр жатақхана қолданысқа берілгеннен кейін оларға 8 жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс орналастырылатынын айтты.
Бүгінгі таңда 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылып жатыр. Оның 20-сы кәсіпкерлердің, 24-і оқу орындарының, оның ішінде 13-і жекеменшік оқу орындарының бастамасымен жүзеге асады.
«Аталған жобалар аясында осы жылдың өзінде жоспарланған 5 мыңның орнына
9 196 орын енгізіледі. Яғни жоспар 184 пайызға орындалады. Өңірлердің арасында алдыңғы қатарда – Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы», деді К.Шәмшидинова.
Оның айтуынша, мемлекеттік жоғары білім ордаларымен салыстырғанда, жекеменшік оқу орындарының белсенділігі анағұрлым жоғары. Мысалы, биыл жекеменшік оқу орындары 8 жатақхананы енгізетін болса, мемлекеттік оқу орындары небәрі 2 жатақхананы енгізбек.
Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндады. Бұл облыстарда жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, олардың тәжірибелерін басқа өңірлерге таратуға болады.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жатақханаларды уақтылы енгізу және студенттер үшін қолайлы жағдай жасау ұзақмерзімді міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылға дейін 75 мың орынға арналған жаңа студенттік жатақханаларды пайдалануға бергеннен кейін мемлекеттік тапсырысты орналастыру қарастырылады. Кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызға дейін төмендетіліп, құрылыс ережелері жеңілдетілді, мемлекеттік тапсырыс қаржы жағынан қамтамасыз етілді.
Премьер-Министр Асқар Мамин бұл іс барысындағы оң қорытындыларды атап өтті. Үкімет басшысы жатақханаларды пайдалануға берудің нақты жоспарын әзірлеп, орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Осы бағытта инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру қажет. Жатақханалар салуды бірлескен күш-жігермен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалғастыру керек. Бұл ретте қолда бар тетікті негізге алып жұмыс істеу керек, себебі жатақханалар құрылысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді.
«Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студенттер жатақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспарланған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін, қымбат жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тоқтатсын», деп тапсырды Премьер-Министр.
Ауылдағы тұрмыс сапасы артады
Сондай-ақ Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру басталғанын айтты. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандартқа дейін жеткізу. Жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттің шешімі табылатын болады.
Ж.Қасымбек алдағы жылдары ауылдық елді мекендерді дамытуға басымдық беру үшін есептеу көрсеткіштерінің әдістемесі мен моделі жетілдіріліп жатқанын мәлім етті. Өңірлік стандарттар – азаматтардың өмір сүру сапасының көрсеткіштері. Оларға әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтер қолжетімділігінің нақты критерийлерінің тізімі, сондай-ақ өмір сүру үшін адамдарды қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету кіреді. Мәселен, тірек ауылдарда салалық нормативтерге сәйкес келетін кем дегенде 19 ауылдық округ орталықтарында және 26 ауыл-аудан орталықтарында объектілер мен қызметтердің болуы көзделеді. Осыған байланысты инфрақұрылымдық жобаларды қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыру кезінде «бюджеттік сүзгі» (басымдықты қаржыландыру) қамтамасыз етіле отырып, тірек ауылдарды дамытуда кешенді тәсіл қолданылды. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлу көзделген, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінеді.
Өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, биыл 52 ауылдық елді мекен іріктеліп алынды, онда 454 іс-шара іске асырылатын болады, оның ішінде 247 іс-шара – көлік инфрақұрылымын дамытуға, 135 іс-шара әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, 72 іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Басты назар ірі елді мекендерге, яғни жинақталған өзекті инфрақұрлымдық проблемаларды жылдам шешуді қажет ететін, халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына орта есеппен шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге немесе жұмсалатын қаржының 15,8 пайызы бағытталды.
Жобаны тиімді іске асыру үшін Ж.Қасымбектің төрағалығымен Жобалық кеңсе құрылды. Өңірлік кеңселер облыстарда әкімдердің төрағалығымен құрылады. Өңірлік жобалық кеңселердің есебі екі апта сайын тыңдалды. Жобаны тікелей үйлестіруді және әкімшілендіруді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Сонымен қатар Парламент және мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жобаға қоғамдық мониторинг ұйымдастырылатын болады. Үкімет желісі бойынша нақтыланған бюджет қабылданды. Жобаларды жүзеге асыру бойынша мақсатты трансферттер өңірлерге жолданады.
«2019 жылы бастапқы кезеңде біз 52 аудан орталығын жаңғыртамыз, бұл 700 мыңға жуық адамның немесе ауыл халқының 9 пайызының тұрмыс сапасын жақсартады. 2025 жылға қарай барлық ауыл тұрғындарының 80 пайызын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қажетті игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету жоспарланған», деді Ж.Қасымбек.
Таңдап алынған ауылдардың перспективалары, жобаларды іске асыру белгілері мен жоспарлары туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады. Атап өтерлік жайт, бұл өңірлерде жобаларды жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландырудың жоғары көрсеткіштері белгіленген. Жобаны одан әрі іске асыру мәселелері бойынша Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ұсыныстарын жеткізді.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы 2025 жылға дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6,1 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекен немесе барлық ауыл тұрғындарының 80 пайызы қамтылатынын атап өтті. Ауылдық елді мекендерді жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейтін өңірлік стандарттар әзірленген.
«Кіші урбанизация – ауылдарды жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды» деген А.Мамин, жобаны іске асырудың мақұлданған тәсілдерін тиімді орындауды, жобаны уақтылы қаржыландыру үшін тиісті нормативтік актілерді пысықтауды тапсырды.
Әкімдіктер «Ауыл – ел бесігі» жобасын жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды 20 пайызға дейін арттыру мүмкіндігін қарауы тиіс. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға қаражат тарту мәселесін ірі кәсіпорындармен бірлесіп пысықтап, туған ауылдарын көркейту бойынша меценаттармен жұмыс жүргізуі қажет.
Бұдан өзге әр өңірге Жол картасын жасау тапсырылды, онда іске асыру мерзімдері мен жауапты адамдар нақты көрсетілуі керек.
«Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындарын жөндеу, елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет», деді Премьер-Министр.