
Өңірлерде суармалы жерлерді пайдалану саласындағы ахуалмен және өзекті мәселелермен жіті танысуды мақсат еткен депутаттар алдымен Көксарай су реттегішінің қоректендіргіш каналы есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруашылық субъектілерінің инфрақұрылымымен танысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Малимов жаңа суармалы жерлерді іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бүгінде елімізде суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама бойынша елімізде 600 мың гектар жер қалпына келтірілуі тиіс болса, оның 95 мың гектары Түркістан облысына тиесілі. Одан бөлек, 2028 жылға дейін 1,5 миллион гектар болатын суармалы жер іске қосылуы тиіс. Түркістан облысына қатысты жаңадан қосылатын 253 мың гектар жердің 70 мыңы Сырдария өзенінің жағалауы, 94 мың гектары Келес массивінде орналасқан. Қызылқұм магистральды каналының 3-4-ші кезеңдерінде 60 мың гектар, Қожатоғай массивінде 25 мың гектар игерілмек. Болат Малимовтің айтуынша, жалпы құны 135 млрд теңгені құрайтын бұл жұмыстарға дайындық шаралары басталған. Ал сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайтын Көксарай су реттегішіне бүгінгі таңда Шардара су қоймасынан секундына 1000 текше метр су келуде. Оның 600 текше метрі Сырдария арқылы Қызылордаға жіберілуде.
Одан бөлек дариядан 1300 текше метр су қосылуда. Сондай-ақ депутаттар Қызылқұм магистральды каналын, Сырдария өзенінің оң жағалауын, Келес және Қожатоғай алқаптарын аралады. Бөген су қоймасында болып, Кентау қаласы мен Ордабасы ауданындағы су шаруашылығы құрылыстарының жобаларымен танысты. Ордабасы ауданындағы «Александровский сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі тамшылатып суару әдісімен суарылатын қарқынды бау шаруашылығында болды. Шаруашылық басшысы Б.Тағаев депутаттарға болашақта сыйымдылығы 1600 тонна болатын жемісті сақтау және қайта өңдеу қоймасын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Депутаттар сапарының қорытындысы ретінде Түркістанда комитеттің отырысы өтті. Оған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, министрліктің Су ресурстары және жер ресурстарын басқару комитетінің, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, сондай-ақ қызметі суармалы жерлерді пайдаланумен байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өкілдері қатысты.
Отырыста суармалы жерді ұлғайту жобалары мен жерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері талқыланды. Түркістан аймағындағы 63,3 мың гектар суармалы жерді қамтамасыз ететін жалғыз су нысаны «Бөген» су қоймасы арқылы жеткізілетін, ұзындығы 145 шақырым болатын Түркістан магистралды каналының жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Сыйымдылығы 16 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасын салу ұсынылды. Егістік алқаптарды сумен қамту мәселесінің болашақта үлкен проблемаға айналатыны айтылды. «Судың тапшылығы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде проблемаға айналып келеді. Демек, басты мақсат – суды үнемдеу», деді вице-министр Ерлан Нысанбаев.
Айта кетелік, су көздерін тиімді пайдалану мақсатында облыс орталығында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, жарамсыз болып қалған 145 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы Түркістан қаласы 34,7 млн текше метр ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.
Түркістан облысы