Саясат • 30 Сәуір, 2019

Тегін медициналық көмек, квоталарды бөлу туралы — Ләззат Ақтаевамен сұхбат

1248 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында медициналық қызметтердің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды құрауышы екенін атап өтті. Халыққа тегін медициналық көмек беру туралы РrimeМinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева айтып берді.

Тегін медициналық көмек, квоталарды бөлу туралы — Ләззат Ақтаевамен сұхбат

— Ләззат Мейрашқызы, елімізде азаматтардың барлық санатына қандай медициналық көмек түрлері тегін көрсетілетінін және халықтың жекелеген санаттарына көрсетілетін медкөмектің түрлері қандай екенін айтып берсеңіз?

— Бүгінгі таңда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, шетелдіктерге, ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі медициналық көмектің негізгі түрлерін қамтиды. Бұл - орта медицина қызметкері көрсететін, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек, жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевтер, педиатрлар көрсететін біліктілікті көмек, белгілі бір нақты бағыт мамандары көрсететін мамандандырылған көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және медициналық-әлеуметтік көмек. Мұның барлығы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді.

— Көмекті бөлу кезінде азаматтардың қандай санаттары алғашқы басымдыққа ие? Қымбат операциялар үшін квота қалай бөлінеді? Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға немесе көп балалы отбасыларға жекелеген кезек бар ма?

— Медициналық көмектің екі түрі бар – шұғыл және жоспарланған. Шұғыл медициналық көмек кезінде ешқандай да кезек болмайды, себебі ондай жағдайларда әрбір сағат, тіпті әр минут маңызды. Сондықтан да шұғыл медициналық көмек қажет болған кезде шұғыл медициналық көмек алу үшін медицина ұйымына жүгіну керек немесе 103 нөміріне хабарласу қажет. Жоспарлы медициналық көмекке келер болсақ, ол «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы реттеледі. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер ауруханаға жатқызу үшін жолдама береді жəне емделушінің аты-жөні мен диагнозын ақпараттық жүйеге — «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына енгізеді. Науқастың ауруының түріне сәйкес медициналық қызмет көрсетілетін медициналық ұйым анықталады. Одан кейін, төсек орнының босауына, оның өткізу мүмкіндігіне қарай ауруханаға жатқызу күні белгіленеді. Ауруханаға жатқызу күні порталда көрсетілген күнмен сәйкес келмейтіні түсінікті, ауруханаға жатқызу кейінге шегерілуі мүмкін. Сондықтан да ол жоспарлы деп аталады. Алайда медициналық көмекті күту барысында науқасты ауруханаға жатқызуға кідіртуге болмайтын жағдай туындаса, ол шұғыл көмек көрсету санатына жатқызылады да, бірден ауруханаға жатқызылады. Стационарлық емделуге жекелеген кезек туралы айтар болса, мұнда да медициналық көрсеткіштерді басшылыққа алу қажет: щұғыл немесе жоспарлы. Жекелеген кезек жоқ. Дегенмен, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек түсінігі бар. Бұл қымбат тұратын медициналық қызметтерге қатысты: халықтың осы санаттарына басымдық берілген. Оларға — балалар, жүкті әйелдер, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, 1, 2, 3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, жасы бойынша зейнеттегі адамдар, ҰОС мүгедектері мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар кіреді. Сондықтан кез-келген медициналық ұйымда қымбат тұратын медициналық қызметке жолдама бірінші кезекте осы санаттардағы науқастарға беріледі. Мәселен, компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томография және т.б.

— 2019 жылдың І тоқсанында шұғыл көмекті қоса алғанда қанша азамат мемлекеттік квота бойынша емделді?

— Осы жылдың І тоқсанында 1800 адамға жоғары технологиялық медициналық қызмет бойынша медициналық көмек көрсетілді. Мұндай қызметтерді барлық медициналық ұйымдар көрсетпейді. Бұл үшін тиісті кадр әлеуеті және материалдық-техникалық база болуы қажет. Мысалы, бұл — бүйрек, ұрық жасушаларын трансплантациялау, сүйек өткізгіштігін имплантациялау. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті өлшемдерге сәйкестігіне байланысты рұқсат беретін жоғары технологиялық қызметтер бар. Одан кейін, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқаннан кейін бұл қызмет тегін көрсетіледі. Бізде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көлемін арттырудың оң үрдісі байқалады. Егер жылдық көрсеткіштерді салыстырсақ, 2016 жылы 71 мыңға жуық адам жоғары технологиялық медициналық қызмет алса, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 105 мың адамды құрады. Көптеген медициналық ұйымдар жоғары технологиялық медициналық қызметтерді көрсете бастаса, олар квота жоқ мамандандырылған медициналық көмек категориясына өте алады, яғни көлемі бойынша шектеу жоқ. Лимиттер халықтың сұраныстарына байланысты анықталады, яғни, егер осы технологияларға қажеттілік болса, мысалы, мыңдаған науқас эндопротездеуге мұқтаж болса, онда өткен жылдары көрсетілетін қызметтердің тарихи көлемі қадағаланып, халық санының өсуін ескере отырып, қанша адамға көмек көрсетілуі керек болатыны есептеледі. Яғни, белгілі бір қызметтерді шектеу кезінде міндетті түрде осы технологияға халықтың сұранысы ескеріледі.

— Медициналық көмекті шұғыл және жоспарлы күту кезіндегі шекті күту мерзімдері қандай?

— Шұғыл жағдайлар - жедел медициналық көмек қажет болатын жағдайлар, сондықтан мүнда күту уақыты жоқ. Жоспарлы ауруханаға жатқызу ғана «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жүргізіледі. Бүгінгі таңда «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында 44 мың адам жоспарлы емделуді күтіп жүр. Егер ауру түрлеріне қарап айтар болсақ, көбінесе офтальмологиялық аурулары, яғни көз аурулары бар, ортопедиялық аурулары бар, негізінен эндопротездеуді қажет ететін науқастар кезекте тұр. Кезек күту уақыты бірнеше айға дейін созылуы мүмкін, дегенмен, бұл күтілетін уақыттың науқастың денсаулығына кері әсерін бермейтін аурулар.

— Тегін медициналық көмек көрсетілетін аурулар тізімі қаншалықты өзгерді? Әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімі өзгере ме?

— Бүгінде әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі, бұрынғыдай, 13 аурудан тұрады. Бұл тізім өзгермеген, бірақ өткен жылы бұл тізімді өзгерту туралы пікірталас болды. Біз бірнеше тізімдерде болуы мүмкін аурулардың қайталануын болдырмау үшін жұмыстар жүргіздік. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміндегі сусамыр ауруы асқынулары болуы себепті адамның мүгедектігін тудырады. Соңында, бұл тізімді өзгертпеу туралы шешімге келдік. Бұл тізімдер неден шығады? Сөз мұндай аурулар кезінде диагностикалық қызметтер мен емдеу шараларын толық қаржыландыру қажеттігі туралы болып отыр, сондықтан бірінші кезекте бұл пациенттердің диагностикалық емдеу тактикасын қаржылық тұрғыдан өтеген маңызды. 2020 жылыдң 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сқатандыру функциясы іске қосылады. Денсаулық сқатау саласына қосымша қаржы ресурстары келеді. Сондықтан тұрғындардың диагностикалық қызметтерге қанағаттанбаушылығы МӘМС енгізілуіне орай қанағаттандырылатын болады. Сонда, мүмкін, біз бұл тізімді өзгертетін боламыз. Бүгінде бұл аурулар тізімі еш өзгерген жоқ.

— Мемлекеттік кепілдендіру мен сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету жүйесінде қандай өзгерістер орын алуы мүмкін? Бұл құжаттардың айырмашылықтар қандай?

— 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек көрсетудің бірнеше пакеті енгізіледі. Негізгісі — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі. Екіншісі — сақтандыру пакеті. Үшіншісі — қосымша пакет.  Қосымша пакет ақылы қызметтер немесе заңмен рұқсат етілген басқа да көздер арқылы көрсетіледі. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қазіргі кездегідей, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына көрсетілетін болады. Сақтандыру пакеті сақтандырылған пациенттерге көрсетіледі. Яғни, бұл  тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен басқа медициналық көмек түрі. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен өтелетін және тұрғындарға тегін көрсетілетін пакетте қандай қызметтер болады? Бұл — жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, бірінші реттік медициналық-санитарлық көмек, паллиативті көмек. Бұдан өзге, мүгедектік пен өлім-жітіммен айқындалатын әлеуметтік маңызы бар және негізгі аурулар кезіндегі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бар. Бұлар 25 негізгі ауру түрлері, олардың қатарында артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі т.б. бар. Аурулардың мұндай түрлерінде тегін консультативтік-диагностикалық көмек, диагностикалық қызметтер, шағын мамандар кеңестері, жоспарлы стационарлық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамту көрсетілетін болады.  Сонымен қатар, сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан, барлық тұрғындарға шұғыл стационарлық көмек көрсетіледі. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі. Тегін стационарлық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілмегендер сақтандыру пакетіне кіреді. Олар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілмеген аурулар бойынша консультативтік-диагностикалық қызметтер, амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамту, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілмеген аурулар бойынша дәрі-дәрмектерді тегін тарату, жоспарлы станционарлық көмек. Бұл ретте сақтандырылған болуының маңызы зор. Сақтандырылғандар үшін сақтандыру пакеті қолжетімді болады. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік берілетін азаматтар санаты бар. Яғни, азаматтардың бұл 15 санаты үшін мемлекет төлем жүргізеді, олар жарна төлемейді. Олар үшін сақтандыру пакеті тегін. Бұл санаттарға балалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, АӘК алушылар, оқушылар, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, 1,2,3 топ мүгедектері мен бала кезінен мүгедектер жатады. Саны 11 млн азамат болатын жеңілдікті санаттағылармен қатар, жұмыс берушілері төлем аударатын жұмыскерлер де сақтандырылады. олар — 5 млн-ға жуық адам. Бірыңғай жиынтық төлем жүргізетін азаматтар санаты да бар. Олар да міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сқатандырылатын болады.

— Тегін қызмет көрсету функциялары болып табылатын медициналық қызметкерлердің жұмыс сапасын бақылау қалай жүргізіледі?

— Әрбір медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметі бар, олар азаматтардың шағымдарын жедел қабылдап, медициналық көмек сапасына қанағаттанбау мәселелерін шешеді. Әрбір медициналық ұйымда медициналық көмек аудиті бойынша бас дәрігердің орынбасары бар. Бұл тұста медициналық ұйымдағы медициналық көмек сапасына қанағаттанбаған жағдайда біздің азаматтардың сол жерде өз мәселелерін шешудің маңызы зор.  Сонымен қоса, сыртқы бақылау бар, медициналық көмектің сапасыз көрсетілгені туралы шағым түсіруге болатын Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бар. Осы жылдың І тоқсанында азаматтардан 1100 шағым түсті. Оның жартысына жуығы қаралды. Қаралғандардың ішінен 22%-ның негізі бар. Негізділігіне орай Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Ал медициналық көмек көрсету кезінде зардабы тиген жағдайда материалдар құқықтық тұрғыдан бағалау үшін ІІД-іне жолданады.

— Заманауи инновациялық технологиялар көмегімен күрделі оталарды жасауда, жеңіл емдеуде қазақстандық медицина қаншалықты ілгері жылжыды? Қазіргі таңда қандай ем түрлері қолжетімді?

— Қазақстандық медицина әлемдегі үрдістерден қалыс қалмай, айтарлықтай тез дамып келеді. Дәрігерлер халықаралық мойындалған клиникалық нұсқаулар негізінде жасалған диагноз қою мен емдеудің клиникалық хаттамаларын басшылыққа алады. Технологиялар енгізіліп жатыр. Алайда, елімізде медициналық көмек көрсете алмайтын аурулардың тізімі бар, сондықтан науқастар шет елдерге жіберіледі. Өткен жылы 89 науқас жіберілді. Негізінен, отандық клиникаларда тиісті  жабдықтардың болмауынан немесе дәрігерлеріміздің осы технологияларды меңгермеуі себебінен науқастар шетелге жіберіледі. Мәселен, Нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығында енгізілетін гамма-пышақ аппараты, келесі жылдан бастап оның көмегімен емдеуге болатын науқастар шетелге жіберілмей, елімізде емделеді. Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылысы аяқталғаннан кейін ісік ауруларына арналған протондық терапияны енгізу жоспарда бар. Яғни, жылдан жылға елімізде болмаған технологиялардың саны артып, шетелге жіберу саны азайып келеді. Үш қызмет белсенді түрде дамып келеді: кардиохирургия, нейрохирургия, ортопедия, оларда әлемде бар ең жаңа, инновациялық технологиялар қолданыста. Нейрохиругияда — нейронавигациялар, ортопедияда — буын аурулары кезінде жаңа эндопротездер енгізіліп жатыр. Кардиохирургия орталығында әлемде алғаш рет жасанды жүрек алмастыру отасы жасалды. Сондықтан біздің отандық медицина әлемдік технологиялар көшінен қалмай келеді. Сондықтан да біздің отандық медицина әлемдік технологиялармен тең дәрежеде жүргізіліп келеді деуге болады. Жаңа технологияларды енгізудің негізінде жатқан ең бастысы — «шығындар – тиімділік» қағидаты. Осы технологияларды енгізуге жұмсалатын шығындардың медициналық көмектің сапасының тиімділігін арттыруға негіз болуы өте маңызды.   

— Ләззат Мейрашқызы, сұхбат бергеніңізге рақмет.