Руханият • 01 Мамыр, 2019

Комментатордың алпысыншы көктемі

1355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Сөйлеп тұрған спорт комментаторы Мейрам Базарұлы»... Балалық шағы ХХ ғасырдың сегізінші он жылдығына тұспа-тұс келген ұрпаққа ақ-қара түсті теледидардан көріп, естіп өскен қияқ мұртты, қоңыр үнді осы жігіт «кумир» болғаны анық...

Комментатордың алпысыншы көктемі

Жалпы, сол кезгі буынның дүние­та­нымын телевизия қалыптастырды десек, қате айтпаспыз. Сексенінші жыл­дар­дың балалары «көк жәшікке» қарап өсті. Бүтін ұрпақты тәрбиелеген қазақ теле­визиясының тарихына үңілген адам отан­дық телефабриканың жаңа буынының қалыптасуына ғана емес, ұлт тілінің, мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын бағамдар еді. Бәлкім, руханият тарихын зерттеген жас ғалым күндердің күнінде ХХ ғасырдағы қазақтың бұқаралық ақпарат құралдары ұлтты жаппай орыстану мен мәдени азып-тозудан сақтап қалғанын да «жаңалық» етіп ашар ма еді дейміз?.. Бұл – енді басқа әңгіме. Қазіргі айтпағымыз, тәуелсіздіктің негізі қаланып жатқан кезеңде ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен сол қайраткер буынның ішінде қазіргі кейіпкеріміз Мейрам Базарұлының жарқырай көрініп жүргендігі жайлы еді.

Бүгінде Алматы облысындағы екі аймақ­тық басылымның басын бір шаңырақ асты­на біріктірген «Өлке тынысы» серік­тес­ті­гінің тізгінін ұстап отырған Мейрам Базарұлы өзінің алпысыншы көктемін қарсы алып отыр. Күн талтүске таянғанда көлеңкелер көрінбей қалатыны сияқты, адам жас ортасына жақындағанда кешкен ғұмырының кілең шуақты шақтары мен сағынышты сәттерін есіне алып, іштей есеп беруге дайындалатыны рас екен.

«Көкшетау өңірінің Біржан сал ауданында Құдықағаш деген шағын ауыл бар, әрі кеткенде жүз шақты түтін мекен ететін сол ауылда өмір есігін аштым. Былай шағын ауыл болғанымен, табиғаттың нағыз тұмса бөлігіндегі атақоныс еді. Әкем Базардың кіндігінен он бір ұрпақ тарадық. Менің жазу-сызуға, шығармашылыққа жақын болуы­ма ананың сүті, әкенің қанынан бөлек, қоршаған табиғаттың шексіз сұлулығы әсер еткен болуы керек. Осы ынтызарлық қой, қалыптаса бастаған спорттық жолымды қаламға айырбастауға жетелеген...», деп тебіренеді Мейрам аға.

Кейіпкеріміздің заманында елдегі журналистиканың қалыптасуына Алматы­да­ғы маңдайалды оқу орнының ықпалы зор болатын. Барлық журналистер Алматыдан аймаққа аттанатын еді. Бұл заңдылықты ауылдағы айқын таланттарды аттай қалап шақырып, редакцияға қызметке алатын Шерхан Мұртаза сияқты тұлғалар ғана «бұзып» тұратын. Кезінде ел ішінде жүрген Оралхан Бөкей, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова сияқты дәуір таланттарын «Лениншіл жас» газетіне әкелгенін айтамыз да. Дәл осындай тағылымды жолдан өту Базарұлының да бағына бұйрыпты.

«Бала күннен спортқа жақын болдым. Студенттік жылдары да одан қол үзгенім жоқ. Қарағандыдағы педагогикалық дене тәрбиесі институтында атақты былғары қолғап шеберлері Серік Нұрқазов, Қанат Жақсыбаевпен бір курста оқыдым. Ал мектепте жүргендегі арманым журналис­тика еді. Оқушы кезімде аудандық газетке шағын мақалаларым шығып, соған мәз болып жүретінмін. Жақын ағалардың әсер етуімен спортшыларға арналған оқу орнынан бір-ақ шыққаныммен, Қарағандыдағы облыстық газетпен, телеарнамен тұрақты байланыста болдым. Облыстық телевидениеде спорт туралы хабарлар жүргізілмейтін, жастар, жаңалықтар редакциясында жұмыс істей жүріп, спорт саласын да қаузайтынмын. Алматыдағы Қазақ телевизиясындағы спорт редакциясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, спорт комментаторлары Диас Омаров, Рабат Жәнібеков, Өмірзақ Жолымбетовтің тапсырмасы бойынша көміршілер қаласынан спорт жаңалықтары, жарыстар жайлы хабарлар жіберіп тұрдым. Мақтанғаным емес, еш өзгеріссіз, іркіліссіз эфирден өтіп тұрды. Күндердің күнінде ондағылар маған хабарласып: «Мейрам, сен журналистикаға қашан келдің? Кімсің? Білімің қандай?» деген сауалдар қойды. Мен өзімнің журна­лис­тика мамандығында сырттай оқып жат­­­қа­нымды, негізгі мамандығым – спорт мұғалімі екенін, 1980 жылы Қара­ған­­­дыдағы дене тәрбиесі институтын бітір­ге­німді айттым. Мән-жайымды есті­сі­мен Алматыға телевизияға қызметке ке­луге қалай қарайтынымды сұрады. Арты­нан ес­тігенім, сол кездегі Қазақ мем­­ле­кет­тік телерадиокомитетінің төрағасы, ұлт­тық журналистикадағы ұлы тұлға­лар­дың бірі Камал Смайылов аға­мыз менің шығармашылығымды сырттай бақылап жүріп, көңілінен шыққан шағымда жұ­мыс­қа шақыруды тапсырыпты», деп еске алады Мейрам аға жалындаған жастық шағын.

«Алғашқы репортаждарымның арасынан бөле-жара айтатын ең бірінші жетістігім – Алматыдағы Медеуде спидвейден өткен әлем чемпионатынан қазақ тілінде жүргізген тікелей хабарым. Мұнда одақ­тық жарысты өткізуге Медеудің таң­дал­ғанын айта кеткен жөн. 1984 жылы бокстан Ташкентте өткен КСРО чемпионатында біздің жігіттердің бесеуі же­ңімпаз атанды. Содан соң сондай жарыс Алматыда болғанда қазақтың тағы бірнеше жігіті чемпион болды, содан қазақ тілінде репортаж жүргіздім. Асыл­бек Қилымовтың бүгінде Ресей құра­масын баптап жүрген Александр Лебзяк­тан ұтылып қал­ғанын да көзі­­мізбен кө­­ріп, күйін­ген кез есімде. Же­ңімпаз жі­­гіт­­тердің біразымен әлі күнге хабарла­сып тұра­мын. 1988 жылы Бішкекте бокс­тан өткен КСРО чемпионатынан Орталық Азия елдеріне тұңғыш рет қазақ тілінде тікелей репортаж жүргізгенімді әлі күнге мақтан тұтамын. Сол кездерде спорт журна­листикасындағы қазақ тілі мәр­те­бесінің артуына өз мүмкіндігімше үлес қос­тым», дейді спорт журналисі.

...Айтпақшы, Мейрам Базарұлының ресми тегі Жанәділов екенін кейіннен білгенбіз. Көзіміз үйреніп, құлағымызға сіңген спорт комментаторының үлкен экранға «Базарұлы» болып шығуы әке алдындағы парызына адалдығымен бірге, өмірінің соңына дейін ұлт алдындағы ұстанымына адал болып өткен Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Шоқыр Бөлтекұлы сияқты тұлғалардан сіңірген қасиеті шығар дейміз. Мейрам ағаның тәуекелшілдігін кезінде Қарағандыда қалыптаса бастаған тіршілігін қиналмай қиып, бір күнде Алматыға аттанғаны сияқты, даңқ пен марапатқа бөленген астаналық өмірден де аяқасты бас тартып, аймаққа кете салуынан байқаймыз. Бұған дейін бірнеше жыл Таразда қыз­мет еткен ол қазір Талдықорғанда тұра­ды. Ел ішінде еркелеп жүрген жоқ, өңір­де­гі журналистиканың дамуына, жас қалам­гер­лердің қалыптасуына үлес қосты. Өзі­нің алпысыншы көктемін қарсы алып тұр­ған спортшы, қаламгер үшін жас буын­ның «Біз – Базарұлының шекпенінен шықтық!» дегенін естуден артық бақыт болмас. Бұл сөзімізге Мейрам ағаның қолтаңбасы қалған «Жетісу» арнасының қыз­меткерлері мен «Жетісу», «Огни Ала­тау» газеттерінің редакциясындағы жаңа буын журналистері куә...


Алматы облысы