07 Наурыз, 2013

Қақаған қыс пен қос мұңлық

631 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қақаған қыс пен қос мұңлық

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:33

Аяғын апыл-тапыл басқан бала әжесінің етегіне тығылып қыңқылдауын қоймады.
– Әже, сүт.
– Әже, нан.
– Әже, ойнаймын.

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:33

Аяғын апыл-тапыл басқан бала әжесінің етегіне тығылып қыңқылдауын қоймады.
– Әже, сүт.
– Әже, нан.
– Әже, ойнаймын.

Далада боран ұлып тұр. Қар тізеден жауған. Мұндайда сыртқа бала түгілі үлкендер де шыға алмайды. Отын-су әкелу, мал жайғастыру сияқты тығыз шаруасы болмаса, үлкендер де далада жүруді тыйған.
Суық жел терезені қаққылап, уілдейді. Кейде аш қасқырдай ұлитынын қайтерсіз. Сондай кезде тұла бойың түршігіп кетеді, одан сайын қалтырайсың. Табиғат та тіршіліктің тылсым тағылығына тұншыға жылайтындай. Әркімнің өз қайғы-қасіреті бар. Табиғат тұлданса әу баста жаралғанда жүректеріне мейірім нұрын құйған адамдардың дөрекіленіп бара жатқанынан да шығар-ау. Сыртқа шығып қам-қаракет жасауға, қасында қарайып отырған құйтақандай серігі – немересіне сүт әкелуге қиналып отырған Науат әженің жанын жегідей жейтін уайымы атан түйеге жүк боларлық. Сондықтан ол кісі де сырттағы боранмен бірге күрсінеді, ішкі әлемі шұрқ тесік болып жетімсірейді.
Жетім әже, жетім бала. Бір-біріне септесіп өмір сүріп келе жатқандарына едәуір уақыт. «Өмір сүріп» дейміз-ау. Егер осы­ны да өмір деп есептесек, сағынышпен, қорынумен, то­рығумен, күтумен өткен күндерді еш­кімнің басына бермесін.
Науат әже оты сөніп бара жатқан пешке қарады. Ескі там­ның терезесі жетім қыздай жаутаңдап тұр еді. Ал пеш мұржасы түтін тілеп ұлиды. Таң­ертең тысқа шыққанда арқалап әкелген бір қап тезегін шетінен кертіп аждаһа ауызды пешке лақтырды. Кеше қайнысы Ақболат екі-үш қап көмір әкеліп тастаған. Оны күреп салуға Науат әженің жүрегі дауаламайды. Себебі, әлі де алда қыстың көп күндері тосып жатыр. Үнемдеу керек. Күн сайын көмірді кім әкеліп берер дейсің.
Осы кезде Жанайдар тағы да қыңқылдады.
– Әже, сүт.
– Керең Құдай екеумізді де сорлатып қойды ғой. Саған оны қайдан тауып әкелсем екен? – деп Науат әже тағдырына налыды.
Ол Жанайдарды жалғыз тастап кетуге де қорқады. Аяғы шығып қалған бала емес пе? Байқамаса үсікке ұрынып, ауырып қалуы әбден мүмкін. Онсыз да «шықпа жаным, шық­памен» отырғанда басына бәле тілеп алмасына кім кепіл? Қазір ауыл адамдары ашкөзденіп алған. Қоржын үйде қос мұңлық қиналып отырғанын ешкімнің де елегісі келмейді. Бәлкім, өздерінің де шаруасы шаш-етектен шығар. Кім біледі…
Кенет сырттан қасат қарды күтірлете кешіп үйге қарай келе жатқан адамның аяқ дыбысы естілді. Жанайдардың жанары жарқ етті. «Тым құрыса мына тірі жетімге сүт әкеле жатқан көрші-қолаңның бірі болса ғой», деп Науат әже қолымен жер тіреп тұруға әрекеттенді.
Қапас түнектен үміт оты жылт-жылт етіп көрінгендей болды.

*  *  *
Жадыраған жаз айының бірінде ұлы Жанқасым мен келіні Қарлығаш Нілдің суындай бұзылды.
– Апа, ауылда жұмыс жоқ екенін көріп жүрсіз. Келініңіз екеуміз ақылдасып, қалаға барып жұмыс қарастыруды хош көріп отырмыз. Жұмыс табылған соң Жанайдарды да, өзіңізді де әкетерміз. Әзірге шыдай тұрыңыз, – деген Жанқасым.
Онда есік алдында сиыры бар еді. Өзі де нық сияқтанатын. Жанқасымның алақандай ауылда бос сенделіп жүргеніне көп уақыт өт­кен. Қарлығаштың да қабағы жадырамай-ақ қойған. Күйеуі ерте кетіп, кешке ішіп алып қисалаңдап келе берсе, кімнің жүзі жадыраңқы болсын.
Осыларды ойлап-ойлап Науат әже баласы мен келініне рұқсатын берген. Бірақ, құрып кетпей, жиі-жиі төбе көрсетіп тұруларын, әйтпесе мына бауыр еті – баласының жатсынып кететінін жетелеріне жететіндей етіп түсіндірген.
Көп ұзамай екеуі чемодандарын арқалап жолға шықты. Жаутаңдап Жанайдар қалды. Науат­тың да жүрегі сол жолы жетімсіреп қал­ғандай болып еді. Іші бірдеңені сезген екен ғой.
Көп кешікпей хабарлары да келіп жетті. Үлкен бір қаладағы барқадарлы базарға екеуі де жұмысқа орналасыпты. Келіні анау-мынау сатады екен. Ал, Жанқасым әзірге жүкші болып жүрген көрінеді. Не де болса жұмыс табылғаны қандай жақсы. Әйтеуір, тамақтары тоқ, уайымдары жоқ сияқты. Бұған да тәубе! Ер-азаматтың қол қусырып отырғанының несі жақсы?
Күндердің күнінде Жанқасым үйге келіп анасының қолына бір уыс теңге ұстатты. Анасы мен баласына базарлық әкелуді де ұмыт­папты. Осылай мәре-сәре күй кешіп отыр­ғанда Жанқасым жолға және жиналды. Енді оны бөгеуге де болмайтын еді. Онда Қар­лығаш екі көзі жәудіреп күтіп отыр емес пе?
Арада тағы біраз уақыт өткенде Жанқасым мен Қарлығаш қатар келіп, Науат әженің кәрі жүрегін жылытқан. Жанайдардың да жаны кіріп қалды.
– Апа, жуырда үлкенірек пәтер жалдаймыз. Сонда сізді де қолымызға көшіріп аламыз. Қазір бір кісінің тар бөлмесінде қысылып-қымтырылып отырмыз. Сәл шыдаңыз. Кеңірек пәтерге көшсек, келіп көшіріп әкетеміз, – деген ұлы мен келіні жарыса.
Немерелерін ортаға алып кетіп бара жатқан ұлы мен келінге қимастықпен қараған сонда. Мына өзіне аюдың апанындай көрінетін үйде жалғыз қалай өмір сүрмек? Бірақ, ілгері үміт оны сабырлылыққа, шыдамдылыққа көндірген. Басқа амал бар ма еді сонда?
Қаладан Тоқтасын атаның ұлы Мәтқасым бір сұмдықты айтып келді. Науат әже сонда бұл қауесетке сенбеген. Қалай сенсін, көркем келіні Қарлығаш мұндай қылыққа барады деп кім болжаған? Ақ босағасын аттағанда көздері жаудырап, аққудың баласындай үлбіреп тұрған жан еді ғой. Жанқасым екеуі тәтті табысып, ойнап-күліп жүргеніне Науат апаның жүрегі жылитын. «Тфа-тфа! Тіл-көзден аулақ болсын!» – деп Құдайдан екеуінің татулығын күн сайын мың мәрте сұраушы еді.
Жағдай былай болған көрінеді. Қалаға алғаш барғанда екеуі кәдімгідей қиналыпты. Әр жұмыстың басын бір шалып жүріп, соңында базарға барып қытай азаматының қолына жұмысқа кіреді. Жағдайлары көп кешікпей кәдімгідей жақсара бастаған. Оның сыры бар болып шықты. Әлгі қытай азаматының көзі Қарлығашқа түссе керек. Содан Жанқасымды ұзақ-ұзақ іссапарға жұмсағыштап, Қарлығашпен оңаша қалуды жиілеткен. Келіншегінің өзіне суыңқырап бара жатқанын сезген Жанқасым байлаулы иттей әрі-бері жұлқынып көрген екен, қарғыбауын үзіп кете алмапты.
Көп кешікпей Қарлығаш үлде мен бүлдеге оранып шыға келді деседі. Астына шетелдік «Джип» машинасын мініпті. Қымбат киім киіп, әлгі түлкідей ыржаңдаған немемен қымбат дәмханаларға баратынды шығарған. Бірте-бірте үйіне түнеуді қойған. Бір келгенінде көздері қызарып кеткен Қарлығаш бар шындықты, шындық емес-ау сұмдықты жайып салыпты.
– Мен енді сенімен тұра алмаймын, – деген.
Содан бері ол зәулім үйлердің біріне қоныс аударған. Қойнындағы қытайы «бұл баланың маған қажеті жоқ» десе керек, Жанайдарды шырылдатып үйіне әкеліп тастап кетіпті. Бірақ әлгі шетелдік өз еліне қашып кеткен бе, әлде басқа жерден жұмыс орнын ашқан ба, соңғы кезде базардан мүлде қарасын батырыпты.
«Қолға бір түссе ғой», деп кіжініп жүрген Жанқасымның жүрегі жұлым-жұлым болып қала берген. Емшектен енді ғана шыққан сәбимен қалай жұмыс істейді? Со­сын баласын шешесінің қолына табыс­тап, қалаға қайта кетті. Сол кеткеннен мол кеткен. Сырттай естуінше, ішімдікке са­лынған көрінеді. Қайтсін енді, уыздай уыл­жыған келіншегінен тапа-тал түсте айы­рылып қалса. Жұмысынан береке қашса.
Ел көзіне көрінуден арлана ма, кім білсін, Жанқасым ауылға төбе көрсетпей-ақ қойды. Енді, міне, қос жетім жұртта қалған жандардай жәутеңдеп әр дыбысқа елеңдеп құлақ түреді.
*  *  *
Бекер-ақ үміттеніпті. «Осы үйге келе жатыр», деген адам сықыр-сықыр еткен ізінің даусын бірте-бірте үзіп барып, ұзап кетті.
«Е, ешкімге керек болмай қалған біздей адамды кім іздесін», – деп Науат әже тағы қамықты.
Ашқұрсақ немересіне талғажау етер бірдеңе жасап бермесе болмас. Науат әже орнынан сүйретіле тұрып, табаға май құйды. Отқа тағы да отын үстемелеп, сақтап жүрген сүрді туралап, қазанға салды. Осы етті қаладан баласы келсе асып бермек болып көптен сақтап жүр еді.
Жанайдардың сүрге тісі өте қоймады. Оның сүт ішкісі келді. Бірақ, оған мына аязды күні кім сүт әкеліп береді? Әжесі оған вермишель жегізді, шай ішкізді. Әке-шешесінің қолында жүргенде не ішіп, не жеймін деп уайымдап көрмеген Жанайдардың барға қанағат етпесіне шарасы да жоқ еді.
Асқазанына бірдеңе барған бала екі доңғалағы әлдеқашан түсіп қалған ойыншық машинамен «дыр-дыр» деп сүт пісірімдей уақыт ойнады да мұрыны пыс-пыс етіп ұйықтап қалды. Осы сәтті пайдаланып әжей көршіден сүт сұрауға шықты. Көшедегі алай-дүлей боранда суырыла ұшқан қардан көзін аша алмады. Қос жанардан аққан жас бетін айғыздап келе жатты. Айдаһардай жалаңдаған боран өзін жеп қоятындай өн бойы қалтырады.

*  *  *
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. Онда желпілдеп жүрген студентпіз. Жүрегімізде намыс бар. Кешке қаладағы орталық саябаққа баратынбыз. Мұнда күн сайын би болады. Гуля (шын аты Гүлнар екен) деген қыз үнемі орыс жігітімен келіп билейді. Сонымен қолтықтасып бірге келеді, бірге кетеді. Намыстанамыз. Бірақ, тиісуге қорқамыз. Заман солай. Интернационалдық тәрбие деген бар.
Бірде биден қайтып келе жаттық. Аялдамада Гуля мен жігіті сүйісіп тұр екен.
– Неге жұрт көзінше сүйісесің? – деді Айдос.
– Және де орыс жігітімен, – деп қосып қойды Құдайберген.
– Пошла вон, – деп Гүлнар бізге тап берді.
Жігіттер шыдамады. Қандас қарындасы­мыз да, орыс жігіті де оңбай таяқ жеді. Содан кейін көшеде екеуі қатар келе жатқанымен, қазақ жігіттерін көрсе болды, қол ұстасып жүрмейтін болды.
Өткенде ғой, Астанада болдым. Қазақтың қаршадай қос қызы екі шетелдіктің қолтығында кетіп бара жатыр. Мәз-мейрам. Осы тірліктеріне қарағанда жатжұрттықтарға жар болуға дап-дайын секілді.
Сонда намыс қайда, ар қайда? Жақсы тұрмыс, жайлы өмір Отаннан артық болғаны ма? Шетелдік күйеу ерке қыздарымызды алақанына салып аялай ала ма? Әрине, олардың ұлты, тілі, салт-дәстүрі, өмірге көзқарасы мүлдем бөлек. Қазақ қызы бөтен ортаға қалай сіңеді? Әлде Австралияның Бристен қаласында азаматтық некедегі күйеуінің қолынан қатыгездікпен өлтірілген Жарқынай Батырханова қарындасымыздың кебін кие ме? Бетін аулақ қылсын.
Таяуда республикалық басылымдардың бірі қолыма тиді. Оқып отырып жаным түршікті. Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеуінше, 19-20 жастағы қазақ қыздарының үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді екен.
2007 жылы Астана қаласында азаматтығы жоқ өзге ұлт өкілдерімен 36 неке қиылса, 2011 жылы жүзге жуық неке қиылған. Ал, Алматыда бұл сан едәуір жоғары деседі. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, 30 мыңнан астам қытайлық азаматтар Қазақстанға тастай батып, судай сіңген. Алматыда олар тұрақты тіркелу үшін жас-кәрісіне қарамай тек қазақтың қыздарына үйленіп жатыр дегенді ел айтып жүр. Әлгі 30 мың қытай еркегінің тең жартысы қазақ қызына құмартса, тұқымымыз тұздай құрымай ма? Басқалардан туғандар бізге жиен болғанымен, айналып келгенде тегіне тартады. Ұлтымыздың қаны таза болсын десек, келімсек күйеулерден құтылудың жолын ойластыратын кез әлдеқашан жетті.
Жоғарыдағы оқиғаға қайта оралайын. Қазір шекарамыз ашық. Көптеген мемлекеттермен қарым-қатынасымыз жақсы. Олардың жастары бізге, біздікі оларға барып оқып жатыр. Әрине, жас болған соң танысулары, бірге қыдырулары мүмкін. Бірақ, бірге қыдыру, достасудың мәні Отанды тастап, шетелдіктің етегінен ұстап кету емес қой.
Менің Нұржан деген танысым бар. Сол айтады: «Заңнан қорқамын. Әйтпесе, шетелдіктің қолтығында кетіп бара жатқан қандас қарындасты шайнап тастар едім», – деп. Олардың да шайналып қалмасы үшін бастарында шайнам ақылы болғаны жақсы-ау.
Қазақтың қайсар жігіттері, қарақат көзді қыздың әкелері мен шешелері! Қыздарымызды жәутеңдетіп шетелдік жігітке қалай қиып жібереміз? Олардың санасына ұлттық намыс, ұлттық ар-ұят деген ұғымды сіңіре алдық па?
Осыны ойланайықшы.

*  *  *
Бір құты сүт тауып үйіне сүріне-қабына жеткенде бақырып жылап отырған немересін көрді. Екі көзі бұлаудай болып ісіп кетіпті. Соған қарағанда, қорқып көп жылаған-ау, шамасы. Жылатып қойған тағдырға не шара? Бесіктен белі шықпай жатып, қасіретке тап болды. Ертеңі қандай болар екен? Үйдің іші суып кетіпті.
Науат әжеге бүкіл дүние азынап тұрғандай көрінді…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.