Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

«Жетісу көктемі» – жас әдебиетшілердің рухани мектебі

1138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумы биыл көркем Көлсайдың жағасында жалғасты.

«Жетісу көктемі»  – жас әдебиетшілердің рухани мектебі

Әуелгіде өңірдегі жас қаламгерлердің басын қосып, ортақ шығармашылық аудито­рия қалыптастыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастау алған форум биыл Жастар жылымен ұштасты. Сондай-ақ форумды ұйымдастырған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы осы жолғы «Жетісу көктемін» Кеген ауданының аумағындағы табиғат жау­һары – Көлсай маңында, Саты ауылында қарсы алуды ұйғарыпты. Екі күнге со­зылған шарада жетісулық қырықтан ас­там жас әдебиетші мен тілші ой-пікір ал­масып, әдеби шеберлік мектебінен өтті.

Форумның алғашқы күні қатысу­шылар «Көлсай көлдері» ұлттық таби­ғи паркі мемлекеттік мекемесінің  ғима­ратында секциялық отырыстарға қатысты. Секциялық жұмысқа сәттілік тілеген облыстық тілдерді дамыту жө­ніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев өңірдің жас әдебиетшілері мен тілшілеріне Алматы облысындағы әдебиетті қолдау мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге орай атқарылған істерге тоқталды. Секциялық отырыстың өзі де осы екі тақырып аясын­да жалғасты. Мұнда форумға қатысу­шы жас тілшілер мен қаламгерлер өз ой­ларын ортаға салып, жас ақындар өлең оқыды.

–  Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Жетісу көкте­мі» әдеби форумының тұсауын кес­кен болатынбыз. Талдықорған қала­сында өткен тұңғыш форумда еліміздің бірнеше облысынан қонақтар келіп, жас қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау салтанаты өткен еді. Осы шара жастардың шығармашылығына серпін беріп, жаңа әдеби орта қалыптасуға жол ашқа­нын байқадық. Биыл жақсы істі неге жалғастырмасқа деп шештік. Әрі биыл форумның қалыбына аздаған өзгеріс енгізіп, тек ақын-жазушыларды ғана емес, аудандардағы бетке ұстар белсенді жастарды да жинадық. Әсіресе өзге этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін еркін меңгерген жастарды да орта­мыз­ға қостық. Бұл қоғамдағы әдебиет­тің өркендеуі мен мемлекеттік тілдің дамуына жол ашады, – дейді Алма­ты об­лыстық тілдерді дамыту жөнін­дегі бас­қармасының басшысы Айдар Башбаев.

Әдеби шараның екінші күні Саты ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Қатысушылар мен қонақтар алдында баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев аймақтағы тілдік ахуалға да тоқталып, еліміздің латын негізді әліпбиге көшу барысындағы маңызды жұмыстарды да тілге тиек етті. Басқа да ауыстыру мақсатына арналған іс-шаралар соңғы жылдардан бері басқарма басшысының айтуынша, облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр. Облыстың басқарма арқылы «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты 19 бейнеролик жасалып, ол телеарнадан тұрақты көрсетілуде. Бірқатар аудандарда тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Алдағы күндерде тағы 10 ауданда осындай орталықтар ашы­лып, жұмысын жүргізбекші. Бұл тұрғын­дардың латын әліпбиін меңгеруге жасалған жағдай.

– «Жетісу көктемі» жас тілшілер мен қаламгерлердің форумы былтырдан бас­тау алғанын білесіздер, биылғы бас­қосуды осынау көрікті өңірде өткізуді ұйғардық. Бұл жас таланттардың шығар­машылығына оң әсерін тигізетін болады. Және бүгінгі шараның бірінші форумнан басты ерекшелігі – биылғы бас­қосуға ауда­н, қалалардан келген жас тіл жанашырлары мен қазақ тілін жетік мең­герген өзге этнос өкілдерінің қаты­суы болды, – деді өз сөзінде Айдар Карбозұлы.

Жастар форумына арнайы келген Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов көрікті Көлсай аумағына келген жас қаламгерлерге өңір жайында әңгімелеп, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ «Жетісу көктемі» әдеби форумында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жанар Елесбаева, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, Ұйғыр аудандық «Қара дала тынысы» газетінің тілшісі Сабирям Ан­варова, Іле ауданы Қара­ой ауылындағы №18 орта мектеп мұғалімі Валентина Талюс, Кербұлақ ауда­нындағы Д.Қонаев атындағы орта мек­тептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Шынарбаева сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ал жас ақындар  Әлия Іңкәрбек, Қозыбай Құрман және Мұхтар Күмісбек жырдан шашу шашты.

Форум жұмысына орай арнайы үндеу қабылдаған жас әдебиетшілер мен тілшілер үшін тағы бір жағымды жаңалық жария болды. Ол – Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін «Ақ қауырсын» әдеби байқауының жарияланғаны еді. Биылғы Жастар жылына орай өтетін әдеби байқау поэзия және проза жанрлары бойынша «Жастар жырлайды» деген атаумен өтетін болды.


Алматы облысы