Үкімет • 06 Мамыр, 2019

Қазақстанда МЖӘ аясында 15 жаңа жекеменшік мектеп ашылды — БҒМ

942 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесі қаралды. Бұл механизмді әлеуметтік жобаларды іске асыруда қолдану туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Қазақстанда МЖӘ аясында 15 жаңа жекеменшік мектеп ашылды — БҒМ

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың айтуынша, соңғы үш жылда өңірлер жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 111 денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ шартын жасасты. Конкурстық рәсімдерді өткізу сатысында тағы да 93 жоба бар, 83 жоба әзірленіп жатыр.

«Өңірлер басымдықпен амбулаториялық-емханалық қызмет объектілерін салу және оны пайдалануға беру жобаларын, сондай-ақ медициналық техникамен жарақтандыру жобаларын іске асырып жатыр», — деді Е. Біртанов.

Амбулаториялық-емханалық және стационарлық объектілер құрылысының жобаларын іске асыру үшін медициналық қызметтер үшін тарифті төлеумен «сервистік МЖӘ» моделін, сондай-ақ объектіні мемлекеттік меншікке берген жағдайда инвестицияларды өтеумен келісімшарттарды пайдалану ұсынылады.

2019 жылғы маусымның соңына дейін өзектендірілген өңірлік даму жоспарлары негізінде ҚР Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі бірыңғай перспективалық жоспары бекітілетін болады.

Министрлік халықаралық тәжірибе бойынша инфрақұрылымдық үлгі негізінде МЖӘ жобаларын іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарлаған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы Жобалық басқару офисін және заңнамалық деңгейде мәртебесін бекіте отырып (заңды тұлға), денсаулық сақтаудың ірі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру жөніндегі бірыңғай операторын құру көзделген.

К. Шәмшидинованың айтуынша, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 271 жоба іске асырылып жатыр, оның 90% операциялық шығындарды өтеу арқылы іске асырылса, тек 10% инвестициялық шығындарды өтеу арқылы жүзеге асырылған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының негізгі үлесі мектепке дейінгі білім саласында іске асырылып жатыр.

«Соның нәтижесінде, 2013 жылдан бастап жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1 045-тен 3 640-қа дейін өсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 95%-ды құрады», — деді Білім және ғылым министрі.  

Осылайша, жеке секторды тарта отырып, мемлекет шамамен 615 млрд теңгені үнемдеді, себебі 307 мың баланы қамту үшін жаңа бір мыңнан астам балабақша салу қажет болар еді. Осы жағдайларды жасаудың нәтижесінде Қазақстанда 15 жаңа жекеменшік мектеп ашылды, бұл оқушы орындарының тапшылығын 5 мың орынға қысқартуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін тағы 18 мектеп ашылады. 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласында колледждерді ірі кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға беру, сондай-ақ, қосарлы білім беруді дамыту жоспарланған.

Бұдан өзге, МЖӘ тетігі студенттер жатақханасын салуда сәтті қолданылып жатыр. Биыл жоспарланған 5 мың орынның орнына 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі.

Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады.