Руханият • 09 Мамыр, 2019

Әжемнің әйбат мектебі

1295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жиеннен туған жиеншар Данияр қазір соқталдай азамат. Облыс орталығындағы уни­верситеттің филология фа­культетін биыл бітіреді. Са­бағын жақсы оқиды. Түгел сөздің түбін толайым ақтармаса да, әйтеуір білмекке құмар. Әңгі­менің ауаны Даниярға ауған­­да нағашыларына тартқан деп мұртымыз көкке шаншылып, күпініп отырамыз. Өткен демалыс күні елге жол түскен. Данияр алдымен ұлы нағашы әжесіне сәлем берді. Әжесі қуа­нып қалды.

Әжемнің әйбат мектебі
– Айналайын Данияр, жақсы келдің! Қазан шегелейміз. Саған көгентүп беремін, – деп қояды. 

Университеттің филология факультетін биыл тәмамдайтын Данияр қазан шегелеудің, көген­түптің не екендігін біле қой­май­ды екен. Кейуана түсіндіріп жатыр. 

– Ет жақын туыстардың бала­ларына қозы, лақ, бұзау, құлын атайды. Көгентүп беру бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біздің әулетте сенің де сыбағаң бар, – дейді әжесі.
Сөз ләміне саятын маз­мұн жалғыз сыбаға ғана емес, жана­шырлық пен қайырым­ды­лық қағидаттары. Қазан шеге­леуді де шегелеп түсіндірді. Сыбағалы дәмнен дәм татыру екен. Мейман босағадан аттаған соң үй иесі «келгенің жақсы болды ғой, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» десе, қонақжайлылығының белгісі. 

Түстеніп, шаруамызды бі­тір­ген соң кейін қайтқанбыз. Бақандай университет білімін бойына сіңірген Данияр өзінің олқы тұсын енді аңдап,  әжесінің әдемі әлеміне әлі де тәнті болып келеді. 

– Ең үлкен білім ауылда екен ғой, – дейді ол, – осы жаз әдейі ке­ліп оқымасам. 

Шынында да, әжесінің мек­тебі әйбат-ақ қой.