Қазақстан • 11 Мамыр, 2019

«Нұр-Сұлтан–Павлодар» автобан жолының құрылысын бітіруге 3 ай уақыт берілді

1037 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инновациялық даму министрі Роман Скляр өңірде жұмыс сапарымен болды.

«Нұр-Сұлтан–Павлодар» автобан жолының  құрылысын бітіруге  3 ай уақыт берілді

 Сапар барысында құрылысы ұзаққа  созылған «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолының Шідерті кентінің маңындағы учаскесінде болды. 

«Қазавтожол» ҰК» АҚ жергілікті филиал басшылары министрді жұмыс барысымен таныстырды    

  Жалпы, филиал мәліметінше, елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында "Орталық-Шығыс" автожол дәлізінің Павлодар облысы аумағында 2014 жылы Астана-Павлодар бағытындағы 383 шақырым аралықта жұмыс басталды.

Бұл Ақмола облысы шекарасынан өңіріміздегі Ленин кентіне дейін 215 шақырым және Павлодардан Шығыс Қазақстан облысына дейінгі 168 шақырым жер.

Яғни, маңызды жол құрылысы  I-А категориясына сәйкес, төртжолақты қозғалыспен-әр жаққа екі жолақты қозғалыс, бетонды және асфальтбетонды жабынды төселіп, қоршаулармен қоршалып жасалады.

Жұмыс Астана-Павлодар, Павлодар-Семей автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша 15 жол бөліктерінде іске асырылуда.

Бұл ауқымды жобаның құны 202,8 млрд.теңге,  2014-2016 жылдары 104,7 млрд.теңге игерілді.

 Мысалы, Ақмола облысының шекарасынан Екібастұзға дейін 34 шақырым асфальт жабындысы, Екібастұздан Ленин кентіне дейін 56 шақырым цемент бетонды жабындысы жасалды.

 Ақмола облысының шекарасынын Екібастұзға дейінгі бөліктегі 99 шақырымдық жолда қиыршық тас асфальт-бетон төселеді.

Жол 5 қабаттан тұратын болады. Екібастұздан Ленин кентіне дейінгі 116 шақырым жолға  бетон пайдаланылады.

Жоба бойынша Шідерті және Қалқаман бекеттері маңындағы «Ертіс-Қарағанды» каналы арқылы 2 көпір салу қаралған.

Көлік қозғалысының қауіпсіздігіне байланысты кедергі қоршауларын орнатылуы керек.

Барлық құрылыс бөліктерінде, қайта жаңғырту және жөндеу, 5 сатылы жол сапасын бақылау жұмысы мердігердің сапа кеңсесі, авторлық кеңсе, техникалық қадағалау кеңсесі, РММ «Павлодаржолзертханасы», тапсырыс беру сапа кеңсесі қадағалайды,- делінді.

 Енді  қазір Нұрсұлтан-Павлодар деп аталатын  екі аралықтағы  автобан  пайдалануға берілуі үшін жолдың бірнеше учаскесіндегі  құрылыс жұмыстарын 2019 жылы қалайда  аяқтау керек.

Халық болса, шаңы шыққан жолдан әбден шаршады. Апатты оқиғалар  да азаймай тұр.                                                                     

 Жоба  қашан аяқталады деп жұрт күтіп отыр.

Жергілікті филиалда автобан құрылысы біткенше бірнеше  басшы да ауысып үлгерді.

Автобан құрылысын абыроймен  тапсырудың орнына-жылға жетер-жетпес уақытта  тапсырылған міндетті орындамай  кете  барады.  

Ал, Роман Скляр мердігерлерден жол құрылысын тез арада аяқтауды талап етті. 

-Үшінші, төртінші мердігер келді.  2017 жылы тендер өткізу ұзаққа созылды. Енді сіздерге 3 ай мерзім береміз! -деді министр.

Өңірде биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеудің барлық түрлеріне 200 млрд теңге бөлінген.                                                            

     ПАВЛОДАР

Суретті түсірген:  Валерий  Бугаев