Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Одақтастар берген көмек

1570 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1941 жылдың 24 қыркүйегінде КСРО Атлантика хартиясына мүше болуға мәжбүр болды. Бұл хартияға мүше мемлекеттер бір-біріне қару-жарақпен, техникамен, дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен және т.б көмектесуге тиіс болатын. Осы хартияға енудің нәтижесінде КСРО-ға ең алғашқы әскери көмек Англия­дан «Дәруіш» деген атпен арктикалық жол арқылы Архангельск қала­сына жеткізілді.

Одақтастар берген көмек

Бірақ КСРО-ға АҚШ-тың «Ленд-лиз» бағдарламасы арқы­лы берілген көмек бәрінен де артық болды. Бұл көмектің ең басты құндылығы сол, соғыс ке­зінде жойылған барлық қару-жарақтың, әскери және бей­біт мүліктің, техниканың, шикі­зат­тың құнын қайтару міндет етіл­меді. Тек соғыстан кейін аман қалған бейбіт мақсаттағы мүлік­тің бағасы ғана қайтарылды, ол да АҚШ-тың өзі беретін несиеге сатып алынды. Осы талаппен КСРО соғыс жылдары өзіне жет­кі­зілген көмектің тек 7 пайызын ғана төлеген.

Ленд-лиз көмегі КСРО-ға алғаш рет 1941 жылдың қараша айы­­нан бастап жеткізіле бастаған. Тек 1945 жылдың 21 тамызында ғана президент Трумэн КСРО-ға бері­летін көмекті тоқтатқан.

Енді осы 3 жыл 9 айда Амери­кадан не жеткізілгеніне тоқта­лай­ық. Осы уақыт ара­лы­ғын­да АҚШ КСРО-ға 11,3 млрд доллардың тауарларын жіберген. Бұл 2008 жыл­дың нарқына шаққанда жуық шамамен 138,3 млрд доллар­ға тең екен. 1940 жылғы КСРО-ның барлық ІЖӨ-сі 417 млрд доллар болған. Бұл соғыс алдын­да­ғы және соғыстан кейінгі жыл­дар­да­ғы ең жоғарғы нәтиже деп сана­ла­ды. Міне, осыдан-ақ «Ленд лиздің» қаншалықты ауқымды көмек екенін көруге болады.

1941-1943 жылдары Германия КСРО-ның өнеркәсіпті аудандарын басып алғандықтан, 1942 жылғы ІЖӨ 30 пайызға азайып кеткен. 78 миллиондай ха­лық жау басып алған аумақта қалды. Осының себебінен халық тұты­на­тын тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек, техникалар мен жа­рақтар мүлде жетпей жатты. Сол кезде «Ленд-лиздің» көмегі өте зор болды. 1946 жылдан ке­йін басталған «Қырғи-қабақ» соғыс жылдарында КСРО басшылары «Ленд-лиздің» маңызын төмендететін мәлімдемелер жасап жатты. Бірақ бұл шындыққа үйлеспейтін.

Соғыс жылдарында АҚШ әскери-техникалық көмекті жедел жеткізуге толық қуатты жал­ғыз ел еді. Одақтастарына «Ленд-лиз» бағдарламасымен көмек қолын созғандығы үшін Гитлер 1941 жылдың 11 желтоқсанында АҚШ-қа соғыс жариялады. Бар­лық өнеркәсіп аудандары жау қо­лында қалған КСРО бұл кезде АҚШ-тың көмегіне аса мұқтаж болды. Тіпті жау басып алмаған қалалардан Сібір мен Қазақстанға әскери зауыттар жеткізіліп, олар өнім бергенше қиыншылықтарға тап болған Кеңес Одағының басшылары қатты қысылған. Сол кезде америкалық әскери техникалар мен жарақтар, соның ішінде мыңдаған ұшақтар, танк­тер, әскери кемелер, автомобильдер, темір жол техникалары, жүз мыңдаған сапалы қару, миллиондаған тонна снаряд пен патрон КСРО-ның белін жазып, мүмкіншілігін арттырған. Соның ішінде 11 мың танк, 2 мыңға жуық өзі жүретін зеңбіректер жет­кізілген. КСРО-ның соғысқа де­йінгі шығарған танкілер саны­ның 9 пайызын қырғын кезінде АҚШ берген.

1943 жылы КСРО-ның азық-түлік резерві де таусы­ла­­ды. Өйткені жоғарыда айт­қа­­нымыздай, оны көбірек сақ­­таған Батыс аудандар жау қо­лында қалды. Барлық ма­ман­­дар, жұмысты шебер ұйым­дас­тыра алатын басшы­лар со­ғыс­қа алынған соң ауыл­ шар­уашылығындағы еңбек өнім­ді­лі­гі төмендеп кетті. Әкімшіл-әміршіл жүйе халықты қанша қы­сып, еңбеккүннің норма­ла­рын орындамағандарды атып-асып жатқанымен, негізі­нен 12-16 жасар балалар іс­тей­тін шаруашылықтың еңсесі көте­ріл­меді. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен ауылдықтардың соңғы талшықтарына дейін тартып алып, соғысқа жіберіп жатса да, майдангерлерді толық тамақтандырудың мүмкіндігі бол­ма­ды. Міне, сол кезде аме­ри­­калық консервілер, май, шоко­лад және т.б. окоптағы бар­лық солдаттарға аштықтан құт­қарушыдай болған. Тіп­ті шоколадты алғаш рет амери­ка­лық­тардың жібергенінен көрдік дей­тін ағаларымыз да болған. Қай күнде әзілмен ат бергіш ха­лық америкалық тушенкаларға «Екінші майдан» деп ат берген. Бұл Гитлерге қарсы ашылған екінші майдан деген сөз еді.

«Ленд-лизбен» келген көмек негі­зінен үш бағытта жетті. Со­ның ішінде Тынық мұхиты арқы­лы Қиыр Шығысқа барлық жүк­тің 47 пайызы әкелініпті. Бұл салмаққа шаққанда 8 млн 244 мың тонна жүк. Екінші бағыт бұл кезде КСРО мен Англия басып алған Иран арқылы жүрген. Барлық жүктің 23,8 пайызы осы бағытпен келген. Бұл – 4 млн 160 мың тонна деген сөз. Үшінші ірі бағыт «Арктикалық конвой» деп аталады, мұндағы жүктер негізінен солтүстікте Архангельск қаласына келіп тұр­ған. Осы бағытпен 3 млн 900 мың тонна жүк жетіпті. Бұлардан басқа Қара теңіз арқылы да жет­кізілген жүктер бар, бірақ оның көлемі мардымсыз. Осы бағыт­тардың бәрі де қауіпті бол­ған, бірақ соған қарамай, аме­ри­калықтар өзінің одақтастық мін­де­тін орындаған.

Бейбіт мақсатқа қолда­ны­латын техникалардың ішін­де америкалықтардың «Сту­де­бек­кер» машиналарын көргендер күні бүгінге дейін ұмытпайды. Ол өте қуатты және жол талғамай жүре беретін өз заманының озық техникасы. Америкалықтар КСРО-ға осы машинаның 184 мыңын жеткізген екен...

Міне, осындай көмекті ұмы­ту­­ға бола ма? Алайда кейбір «ура­пат­риоттар» оны елегісі кел­мейді.