09 Сәуір, 2013

Тұңғыш дербес прокурор

1041 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тұңғыш дербес прокурор

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:42

Өткен ғасырдың 37-ші жылдарындағы зұлмат тарих беттерінен ешқашан өшпек емес. Осы кезеңде қазақтың қаншама зиялы азаматтары қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кетті. Сол асылдарымыздың қатарында Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері, туғанына 115 жыл толған Сүлеймен Есқараев та бар еді.

 

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:42

Өткен ғасырдың 37-ші жылдарындағы зұлмат тарих беттерінен ешқашан өшпек емес. Осы кезеңде қазақтың қаншама зиялы азаматтары қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кетті. Сол асылдарымыздың қатарында Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері, туғанына 115 жыл толған Сүлеймен Есқараев та бар еді.

Сүлеймен Есқараев Сырдария губерниясы Қазалы уезіне қарасты Қуаңдария болысында (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) 1897 жылы туған. 1909 жылы жасы 12-ге толғаннан кірпіш зауытында жұмыс істеп, еңбек жолын тым ерте бастаған ол 1912 жылы темір жол стансасына жұмысшы болып ауысады. Ал 1916 жылы Перовск депосында балғашы болып орналасады. Осында келгесін саяси сауатын ашып, революциялық күреске қатыса бастайды. Сондықтан да өзін белсенділік жағынан танытқан жас қазақ жұмысшысы 1918 жылғы қазанда Перовск уездік комитеті большевиктер қатарына қабылданады.

Сүлеймен осы кезден бастап партия жұмысына белсене араласа жүріп, революция ісі үшін шын күрескер еке­нін көрсетеді. Сол жылдары Перовск партизандар отря­дының құрамына кіріп, Ақтөбе және Черняев майдандарында соғысады. Кейін Ташкенттегі Осипов көтерілісін басуға қатысып, Кеңес өкіметіне берілгендігін тағы дәлел­дейді. Батыл жігіттің осы кез­дегі кей­пін көрген көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов кейін өз естелігінде ол туралы «Азамат соғысына қатынасып, ақтар мен басмашыларды жойысқан Есқараев жауды әшкерелеудің, жоюдың талай тәсілін біліп, шебер қолданады екен. Арық денелі, қара өңді оның кескіні өте суық жігіт болатын. Соған тап жауына қарсы жүргізіп жатқан қатты қимылы қосылғанда, жау дейтіндердің одан зәресі кетіп, қарсы келмеуге, көзіне көрінбеуге тырысады екен. Сүлеймен Есқараев сол бір кезеңде тап жауына ең қатал адамның бірі болды»,  деп жазыпты.

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін С.Есқараев жергілікті жерді кадр­мен нығайтуға едәуір атсалысқан. 1919 жылы Ақмешіт уездік партия коми­теті оны Ташкенттегі кеңестік партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітір­геннен кейін Сырдария обкомы мен облыстық атқару комитеті Чер­няев (қазіргі Шымкент) қаласындағы Ке­ңестер съезін шақыру жөніндегі нұс­қау­шы етіп тағайындайды. Түркістан компартиясының басшылығы болса, сол сәт оны жұмысшы ортасынан шыққан белсенді ұйымдастырушы деп танып, жауапты учаскелерге жұмсап отырады. 1921 жылдың қаңтар-сәуірі аралығында С.Есқараев Ташкент облыстық төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылғы тамыздан 1923 жылғы мамырға дейін Ақмешіт уездік қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1923 жылғы мамырдан 1924 жылғы наурызға дейін Ташкенттегі Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті хатшысының орынбасары, 1924 жылғы наурыздан желтоқсанға дейін Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1921-1925 жылдары Түркістан Орталық атқару комитеті мен Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 1924 жылы Сырдария және Жетісу облыстарының коммунист басшы қызметкерлері Қазақ АКСР-нің мемлекеттік органдарындағы басшы қызметтерге жіберілгенде, олардың арасында С.Есқараев та бар еді. Ол 1925 жылғы сәуірден 1928 жылғы қаңтарға дейін Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссариатында жұмыс істеп, ҚазЦИК-тің мүшесі болды, ал 1929 жылдың басында Орынбордағы Қазақ АКСР-інің өлкелік милиция мектебінің бастығы қызметіне жіберіліп, тұңғыш милиция мектебін құруға қатысты. 1930 жылғы ақпаннан тамызға дейін Алматыдағы жоғары техникалық оқу орындарының дайындық курсында оқып, Мәскеудегі жоспарлау академиясының энергетика бөліміне оқуға түседі. 1933 жылғы наурызда академия­ны үздік бітіріп, Петропавл қаласында орналасқан Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі.

Сүлеймен Есқараев 1936 жылы Әді­лет министрлігінен прокуратура бөлініп шыққанда, республика прокуратурасын өз алдына дербес құрылым ретінде құрып, жаңа құрылымның № 1 бұйрығына қол қойды. Осылайша ол республикада прокуратура органдары жүйесін құрудың, қалыптастырудың ең басында тұрды. Жаңадан құрылып жатқан прокуратураға кадрлар жетіспейтін сол бір қиын-қыстау кезеңде ол жоғары ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Соның нәтижесінде прокуратура органдары жедел өз дамуының жолына түсті.

Сөйткен асыл ер ақыры нақақтан-нақақ күйдірудің құрбаны болып кетті. Ол Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып тұрғанында, 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталды. Бұл кезде оның жасы нағыз қамал алар қырық бірде ғана еді.

Енді осы жылғы 4 қаңтарда жүргі­зілген тергеу құжатына үңілейік.

«Хаттамадағы сұрақ: НКВД тер­геулеріндегі контреволоюциялық істер­дің анализі қашан және кімдер арқылы жасалған?

Жауап: 1936 жылдың аяғында арнайы сектор бастығы Дубровский мен оның көмекшісі Бекарыстанов жасаған.

Сұрақ: Бұл анализ қандай мақсаттар үшін жасалған?

Жауап: КСРО прокуратурасының тапсырмасына сәйкес НКВД орган­дарының жұмысындағы кемшіліктерді жариялау үшін.

Сұрақ: Бұл анализ қашан және кімдерге жіберілді?

Жауап:КСРО прокуратурасының адресіне»…

Заңды бір кісідей білетін Сүлеймен Есқараевтың ең соңғы сәтке дейін өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Бұл оның тергеу қаулысындағы сөзінен де байқалады. Онда ол: «Ең алғаш маған 58-баптың 10-11 тармақтарына сәйкес тағылған айыптың 58-баптың 2,7,8,11, тармақтарымен ауыстырылғанына келіспеймін, өйткені бұл бап қылмыс жасағандарға жатады, ал менің түсінік­терімде бөтендердің сөздеріндегі әңгі­меден басқа қылмыс жасады деген ұғым жоқ. Тіпті, жаман жағдайға барғанның өзінде маған бұрынғы 58-баптың 10 тармағына сәйкес тағылған айыпты қалдыру керек еді. Сонымен қатар, Хожановтың тобын жасырын ұйым деп қарауға келіспеймін», деп ашық атап көрсетіпті.

Сүлеймен Есқараев алдын ала тергеу барысында да және одан кейін де республика прокурорымен кездестіруді бірнеше рет сұраған екен. Оны тергеу құжаттарындағы жазылған қ­ағаз­дар дәлелдейді. Бірақ барлық өтініші еске­русіз қалған. Ал КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы 1938 жылғы 25 ақпанда оны атуға үкім шығарады. Сот мәжілісі бар болғаны 20 минутқа созылған. Осы санаулы сәттерде айтулы азаматтың, адамның тағдыры оп-оңай шешіле салған. Сол кездегі «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланған хабарға сүйенсек, онда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде 19 адамға «ұлтшыл-фашист, троицкисшіл-бухариншілдер» деген айып тағып, оларды ату жазасына кескені айтылады. Олардың алдыңғы қатарында қазақтың арыс азаматтары Ұ.Құлымбетов, Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов секілді толымды тұлғалармен бірге С.Есқараев та болды.

Тұңғыш дербес прокурор жазықсыз атылғаннан кейін оның отбасы мен аға­йын-туғандарына да зобалаң туды. Алдымен зайыбы «халық жауының әйелі» ретінде Ақмоладағы әйгілі АЛЖИР лагеріне айдалды. Балалары далада қалады. Сонымен бірге, Қызылордадағы туыстары да қуғынға түсті. Әділдік тек арада тура 20 жыл өткеннен кейін ғана қалпына келтірілді. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының әділетсіз үкімі 1957 жылы бұзылып, Сүлеймен Есқараев біржола ақталды. Осылайша оның адал есімі халқына қайтарылды.

Бүгінде Қызылорда қаласының бір көшесі Сүлеймен Есқараевтың есімімен аталады. Үкіметтің 1997 жылғы 3 желтоқсандағы №1485 қаулысына сай, облыста «Есқараевтың 100 жылдық тойы» кеңінен атап өтіліп, ол дүниеге келген Қармақшы ауданындағы № 27 Жосалы лицейіне аты берілді. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында Бас прокуратура жанындағы Заңдылық, құқық тәртібі проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты Сүлеймен Есқараев есімімен аталды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі» деген болатын. Біздіңше, Сүлеймен Есқараев сынды атпал азаматымыз да сондай жәдігер болатын, тарихта айшықты орны бар тұлғалардың бірі. Сондықтан да биыл Қызылорда облысында оның туғанына 115 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Облыс әкімдігімен бірлесе қабылданған шара шеңберінде жыл бойына аймақта есіл ерді еске түсіруге арналған ауқымды жұмыстар атқару көзделіп отыр. Соның сипатында облыс прокуратурасының бастамасымен әдебиеттанушы, кинодраматург, «Дарын» мемлекеттік сый­лығының лауреаты Айгүл Кемелбайдың шығармашылық кеңесі негізінде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы «Сүлеймен Есқараев. Қазақтың тұңғыш прокуроры» атты деректі фильм дайындады. Сондай-ақ, облыстық прокуратура қазақтың тұңғыш прокурорының өмірін, қызметін және адамдық қалпын баяндайтын «Тарланбоз» атты жинақ та шығарды. Сол сияқты биыл прокуратура жанынан Сүлеймен Есқараев есіміндегі ведомстволық мұражай ашылып, оның өмір жолына, жауынгерлік және еңбек даңқына қатысты барлық мағлұматтар жинақталып жатыр. Енді сәуір-мамыр айларында футбол мен волейболдан прокуратура органдары қызметкерлері арасында тұңғыш прокурорды еске түсіруге арналған турнир өткізіледі.

Біздер бүгінде бар болғаны 41 жасында мерт болып, артына өшпес атын қалдырып кеткен жерлесіміздың өмірін әруақыт мақтан тұтамыз. Оның еліміздің құқық қорғау саласын құрушылардың бірі болумен бірге, ірі саяси және мемлекет қайраткері атанғанын да айғақтайтын құжаттар өте көп. Ол негізін қалаған Қазақстан прокуратурасы заңның үстемдігін, оның бірыңғай және біркелкі қолданылуын, еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібінің бірлігі мен орнық­­­тылығы сақталуын қамтамасыз ету жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді.

«Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам басқа адамнан жоғары тұрады» деген екен әлемнің екінші ұстазы атанған әйгілі Әл-Фараби көне замандарда. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының тұңғыш дербес прокуроры, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сүлеймен Есқараевты да өзінің көптеген замандастарынан жоғары етіп көрсететін қасиеттері де осыдан көрінеді.

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,

Қызылорда облысының прокуроры.