– Өмірбек аға, әр нәрсенің де бастауы болатыны аян. Арнасынан тасырдай, мол қуатын бойына жиған дарияның жылыстап аққан жылғадан аға келе үлкенді-кішілі өзендерді қосып алып, кең арнамен толыса ағатыны тәрізді сіздің де бастауыңыз, тамырыңыз бар. Сондықтан әңгімені балалық шақтан, туған жер, өскен ортадан өрбітсек қалай қарайсыз?
– Мақұл. Асқаралы Алатау мен қатпарлы Қаратау тоғысқан, тау аңғарын жайлаған ауылда төртінші бала болып өмірге келіппін. Анам 5 жасымда қайтыс болғанымен әкем 3 некесінен 13 ұрпақ көрген көп балалы отбасынан шыққанмын.
Көкорай шалғынды, майса шөбінің иісі бұрқырап мұрныңды жарған, көздей мөлтілдеген көркем көлі бар, жазда жағалай қонып киіз үй тігер берекесі белден, ынтымақ-ырысы ырғын, шуағы шалқыған ауылымының сол кейпі қазір де санамда тұнып тұр. Әкем – колхоздың бастығы. Ол кездегі өкіметтің саясаты астықтың бір түйір дәнін қалдырмай, соңғы масағына дейін тергізетіндіктен әкем баққан жұртын аман сақтау үшін тары еккізеді. Өйткені өкімет тарыны қажетсінбейді және бидайды жиып алған соң тарыны сеуіп тастаса, 36 күнде ғана пісіп шығады. Күзге таманғы жиын-терін кезінде дәнінің салмағынан майысып, иілген тарыға өш құстардың біразы жылы жаққа кеткен. Ал мол шыққан тары елдің ырыздығы. Қап-қап етіп жұртқа таратып беріп, ауылды аштықтан аман алып қалады. Әкем соғыс уақытында қолындағы барын сатып, жиған-тергенінен ұшақ жасатып, майданға тарту еткен, кеудесіне жарқырата Еңбек Ерінің жұлдызын таққан, басшылық еткен шаруашылығынан 7 бірдей Еңбек Ері шыққан, кең ойлайтын, кесімді шешім айтып, көп қамын жейтін кемел, аса мейірімді жан болды.
Бір қырқадан соң жылқылы ауыл бар-тұғын. Мен таңнан қымызға барамын. Қымызымды алып ауылға беттегенімде күнделікті мына көрініс қайталанады. Барлық үйде бір-бір сары самаурын бар, бір мезетте сол самаурындар сыртқа шығарылып, қаз-қатар шай қойыла бастайды. Егер бір үйдің самаурыны кешіксе: – Бұл үйдің шайы сәскеге шейін қойылмайды, – деген енеден сөз естиді. Жалтыратып сүртілген самаурынның қаймақ қатқан ыстық шайын ішіп алып колхозшылардың жұмысы басталады. Жаппай колхоздың шаруасын атқарып, малын өріске шығарып, сиырын, қойын сауып, тарысын жиып, ақтап, түйіп алады. Бір күн ана үйдің тарысы тазартылып, түйіліп, теңделіп, екінші күн мына үйдің тарысын бәрі жабыла өңдейді. Сөйтіп жылдық тарысын бірге жүріп қап-қап етіп теңдеп қояды. Есік әманда ашық, ешқашан құлып салынбайды. Бала біткен анау-мынау қажетті жұмыстарды атқарып, ойынға кірісеміз. Тамақты осы күнгідей өз үйіңе ғана барып жеу деген атымен жоқ. Бар ұл қай үйге жақын жерде ойын қызығына батса, соған кіріп, нанға май жағып жеп, айранымызды ішіп, сол отбасының бар тамағына ортақ боламыз. Ешкім кісі баласы демейді, бізде де бөтен үйдеміз деген ұғым жоқ. Ауылдың бірлігі, ақсақалын сыйлауы қазір ойлап отырсам аңыздай екен. Таңғы тірлік сақал-шашы әппақ қудай, әбден жасы келіп, өздігінен жүруі қиын болғандықтан киіз үйдің көлеңкесіне қалың етіп төселген көрпеге көтеріп салатын ауылдың ең үлкеніне сәлем беруден басталатын. Әуелі үлкендер барады, одан жасамыстар мен жастар, ақыр аяғында бізге де кезек келеді. Оны әке-шешең де қадағалап, «бүгін атаңа сәлем бердің бе» деп сұрап тұрады.
– Балалар демекші, сіз бірде ауылыңыздағы сырғалы құлақ балалар жайын айтқан едіңіз.
– Иә, олар бір-бір үйдің жалғыздары еді. Бүкіл ауыл олардың бетіне жел болып желпіп ескен емес. Сол құлағында қалайы сырғалары бар бұл балаларға саусағымыздың ұшын тигізуге болмайтын. Асық атып, алысып-жұлысып ойнаған уақытта олардың небір сотқарлықтарына төзуге тура келіп, тіптен жұдырығын түйе ұмтылғанда қашып құтылатынбыз. Оларға қоғам берген иммунитет, қолдау бар еді. Үлкендер сол балаларға ешкім тимесін деп қатты қарап жүретін. Осы қалыпты Киев князі Святослав туралы жазбадан оқыдым. Византиядан келген елшілер Святославтың құлағындағы сырғаны байқап, мәнісін білгенде оның біреудің жалғызы екендігі айтылыпты. Мысалы, олардың майдан деуінің түбірінде де бізбен бір үндестік жатыр.
Негізі қай ұлттың да жақсысы мен жаманы болады дейміз, алайда біздің ілгеріде өмір сүрген бабаларымыздың танымы ғаламат. Мәселен, Францияда Михайло періштеге пәлен метр гранит тастың ұшар басына алтыннан мүсін қойылған. Түнде соған 1 метрлік толқын келіп, таңда қайтып кетіп отырады. Содан үнемі осылай ма деп сұрадым. Жоқ, жылына бір рет қана, наурыз айының 22-сі күні су 9-10 метрге дейін көтерілетінін айтты. «Оны сіздер қалай түсінесіздер», десем «Ешқандай, бұл табиғи құбылыс», дейді. «Оны біздің халық білуші еді» деймін. «Сіздің халық мұны қалай түсіндіреді» деп сұрады. «Оны біздің жұрт жылдың басы, сол мезгілде күн мен түн теңеледі, сол күні Жаратушы жел тұрғызып, жауын жауғызып, осылай тазалайды, жуады дегенді естуші едім. Сол жуатын рәсім осы жерде болады екен» дегенімде «Онда сіздің халқыңыз кемеңгер екен. Ілгеріден ілімі бар ел екенсіздер» деген. Соны естіген жігіт Балиге барып демалыпты. 22 наурыз күні сол жерден әлгі азамат қоңырау соғады: «Мына жерді де жуып жатыр», дейді.
Әрине жаңа заман келді, өзге мемлекеттер алға шықты. Өссін, дамысын, бірақ олар алда екен деп ұлтыңа, болмысыңа, қалыбыңа жақпайтынның бәрін екшеместен сіңіре беруге бола ма? Қатып қалмай, жақсысын ғана жұқтырып, жаманынан аулақтай білсек. Баяғыны айта беріп не керек, заман басқа, қалып қойған дәстүрді жаңғыртуға ұмтылу бос тірлік деген көзқарас дұрыс емес деп пайымдаймын. Содан көп оң, тағылымы мен тәлімі мол нәрселерімізден ажырап бара жатырмыз. Тіпті халықтың қарапайым тыйымдарының өзінің мәні бар. Соны ұстамаған адам көп қиындық көреді.
– Сіздің мектеп табалдырығын тым ерте аттап, институтты да 20 жасыңызда аяқтағаныңыздан хабарым бар. Лениндік стипендия иегері болсаңыз да, ғылым жолын қумай, Алматыда қалмай елге оралдыңыз. Бұл сіздің азаматтық жолыңыздың қалыптасу жылдары ғой. Осы кезеңдер жайын айтып бересіз бе?
– Рас, мектепке оқушы ретінде қабылданбасам да қоймай тым ерте барып, бәрін тақылдатып айтып берген соң, 4 айдан кейін ғана сынып журналына аты-жөнім тіркелді. Алматыдағы зооветеринарлық институтты үздік бітіріп, елге қайттым. Бақытымызға, сол кезде институтта ыңғай академиктер дәріс оқыды. Әкемнің тәрбиесі мен ауылымнан көргенім, өмірден жиғаным бар, жүрген жерімде жаман болған жоқпын. Әрі мен оқу бітіріп келген жылдары ғылыми негізде дұрыс білім алған мамандар аз еді де, менің қызметтік баспалдағым 1-1,5 жыл ішінде өсіп отырды. Содан бірнеше аудан үшін ашылған территориялық басқарма бастығының экономикалық мәселелер бойынша орынбасарлығына тағайындалып, қызметтік көлік берді. Оған кеңседен шыға салып қайқайып отыруға қысыламын, жүргізушіге анадай жерге көлеңкеге қой, өзім барамын дейтінмін.
Бар ықылас-пейіліңді салып, зейініңмен жұмыс атқарып, жақсы адамдармен араласқан соң өмірлік жиған тәжірибең де толыса түспей ме. Өзім туған ауданда ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, Қордай ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс әкімі, Сенаттың төрағасы сынды лауазымдарды иығыма артқанда халықтық қазақы қасиеттерді басшылыққа алып, адамгершілік, кісілік, адамға да, жұмысыңа да жаның ашуы керегін, ала жіпті аттап, біреудің обалына қалудың екі дүниеде де берілетін жауабы барын ұғына жүріп атқардым дей аламын.
Облыс тізгінін ұстаған кезім қиын кезеңдер еді. Біздің Жамбыл химия зауытынан шығарылатын сары фосфорды солтүстік көрші 700 долларға алып, Лондон биржасында 2000 долларға сатады екен. Содан министр Ольшанскийге бардым. «Неге біз өндіріп отырып тас жұтамыз, ал сіздер қазақ айтқандай, «сепкенде де жоқ, еккенде де жоқ болып», біз қазған кеннің үстінен сонша таза пайда түсіріп, бізбен бөліспейсіздер, сондықтан биржаға өзіміз тікелей шығамыз» дедім. Қатты шайқасқа кеттім. «Өмеке, бұлармен айтысып пайда таппаймыз, келісейік, түк таппағаннан өндірістің жүріп тұрғанының өзі олжа» дегендер болды. Мәскеуліктер шайға шақырып, жөндеп дастарқан басында сөйлесейік деп еді, мен кім біледі деп бой тартып, елге ұшып кеттім. Соңымнан екі күннен кейін 1350-ден берейік деген ұсыныспен ішінде орынбасары бар 5 адам жіберіпті. Осы қаражат облысқа көп көмек жасады.
Нарық кіріп жатқанда елді малды қылу үшін бір қадамға бардық. Жамбыл облысында 3 млн қой болды. О баста Кеңес өкіметі халықты қан қақсатып, қолындағы малын сыпырып алды, сол тарихи әділетсіздікті орнына келтіріп, 1,5 млн қойды қойшыға, жылқышыға алдындағы жылқының жартысын, бақташыға сиырдың жартысын қалдырайық деп Мемлекет басшысына айтып, ол кісінің келісімімен солай жасадым. Бақсын, өсірсін, бай-қуатты шаруаға айналсын дедік. «Мал сендердікі, бірақ бартерлетіп жүріп қу сирақ болып қалмаңдар» дедік. Сол малдан малданып кәдімгідей ұқсата біліп байып кеткендер бар. Өткенде сол азаматтың бірінің баласы Еңбек Ері атанды.
Белоруссияда бір жылы астық шығымы аз болып, бидай сұрады. Берейік, бірақ бізге пайдаға шығатындай болсын дедім. Оларға астықтың есебінен Ресей зауытында мұнай өңдетіп, дайын өнімді бізге бересіңдер, сыртқы рынокқа өзіміз сатамыз дедік. Келістік, содан көп ақша түсті, бюджеттен тыс қор ашып, сол ақшаны облыстың керегіне жұмсадық. Шетелдіктер «Сіз неге оны облысқа жұмсайсыз, шетелден жеке есепшот ашыңыз, осы ақылды өзіңіз таптыңыз, астықтың қаражатын ғана Жамбылға жөнелтейік, өзгесін сізге аударайық» деді. Түнімен ойланып, келісімімді бермей, қорға аудартқыздым. Оның пайдасы еліме, халқыма тиді, соған бүгінге дейін қуанамын. Мұндай шаруалар өте көп, бәрін айта беру мүмкін емес.
Баяғыда қырқада тұрып ауылға көз тастасаң ауылдың әйелдері қазан көтеріп, немесе табаға нан жабатын. Сондағы түп-түзу ұшқан түтін, дөңгелене қонған киіз үйлер қандай еді?! Көңілің көнши көкке көтеріліп, ән салғың келіп кететін. Осылайша туған ортада, ауылымыздың тірлігіне, ауызбірлігіне ризалықпен, ала жіпті аттамай, кісілік қасиетті қадірлей ер жеттік. Бұл қалып мен үшін өмірлік кредоға айналды. Қоғамға пайдалы болуды, кәдесіне жарап, көп қамын ойлай білуді ауылдағы елдік тәрбиеден сүйегімізге сіңдіріп өскеніме Аллаға ризашылығым шексіз.
– Әр істі қолға алудың өз қиындығы мен қызығы бар. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қос палаталы кәсіби парламент болып көрген жоқ. Сіз алғашқы Парламент Сенатының төрағалығын атқардыңыз, өміріңіздің осы мерейлі белесіне тоқталып өтсеңіз.
– Мен қызметте өсуді өзіме басты мұрат тұтқан емеспін. Қай кезде де сол жұмыс қызықтырса, оның берекесін арттырып, абыройыма кір жұқтырмауды мақсат еттім. Сондықтан Сенат жұмысында қаланған қағидалардың дұрыстығына мән бердім. Еш бас қатырмастан қос палаталы Парламенті бар мемлекеттерден көшіріп ала салуға болар еді. Бірақ жұмыс сапалы, тәртіпті, өнімді жүруі үшін не істеу керектігін ойластырдық. Біз тәртіп енгіздік. Ешкім де пікірі үшін аты-жөнін бадырайтып сынамайды. Тек пікірге қатысты мынадай ой айтамын деген уәжді қарсылығын білдіреді. Кісінің аты аталса, ол қағазға түседі, тарихта қалады, ал пікірін сынасаң, ол аз уақыттан соң түбегейлі өзгеруі де мүмкін. Қайта ауысқаны жазылмай, сынаған пікір тарихта қалып, адамдар арасындағы сыйластықты, құрметті азайтады. Сондықтан Сенат жұмысы биік, жоғары санадағы тәрбие мектебі болуы тиіс деген ұстанымды бетке ұстадық. Сол арқылы алуан пікір айтылып, ой қайшылығы туғанымен жеккөрушілікке, сыйластықты аяққа басуға жол берілмеді.
– Аға, сіз көп оқып, көп ізденесіз. Кәнігі, кәсіби зерттеуші, ғалымның аңдамай өтетін нәрселерін тура ұстап қалып, соның түбіріне жетіп, мән-мағынасына жете үңілесіз...
– Жалпы білім, ғылым, ілім деген үш деңгей бар. Білімді мектептен алады, ғылым жоғары оқу орнында оқып, одан әрі сонымен айналысқан адамда болса, ілім деген бар ниетімен білімнің соңына түскенге беріледі. Ньютонға, Менделеевке, Эйнштейнге, Теслаға, Нобельге және тағы басқа адамдарға ілім көктен түскен. Олар ілім үшін жаратылған ерекше адамдар, осы жолға шынайы беріліп ұмтылған жандар. Өзінен өзі ештеңе келмейді, талпыну керек. Ашылатын дүниелер адамға кейде кездейсоқ аңғарылғандай көрінеді. Сол кезде ұстап қал, ал байқамасаң кетіп қалады. Жарылқаушының таңдауы түсу үшін таза пейіл, ниет, өзің зерттейтін салаға, жалпы не нәрсеге адал болу керек, сонда бәрін береді, тылсымның да сыры ашылады. Аңдап қарасаң, ниеттер кірленсе, адамдар бейбіт шешуге болатын дүниеден шатақ шығарып, соза берсе сол жерде табиғи апаттар орын алады, жер сілкінеді, тасқын су басады, сел ағады.Тегіннен тегін бе? Жоқ. Сондықтан жеке адамдарға ғана емес, тұтас халық тазалыққа, оң ниетке ұмтылуы тиіс. Сонда Иеміз мейірленеді, барын төгеді. Қазақ «Алла беріп те сынайды, қысып та сынайды» дейді. Бұл рас, егер осы екеуінде де ниет тазалығы болса пенделерін жарылқайды. Біздің бабалардан жеткен халықтық дүниетаным осы. Сондықтан ұлт ретіндегі алға ұстар шамшырағымыздың не екенін халық болып ұғына білсек-ші.
Әлемдегі ежелгі халықтардың жалғызы біз демейін, бірақ санаулы халықтың бірі екендігіміз рас. Біз Батыспен де, Шығыспен де тайталасып келген елміз, оның бәрінің дамуына ықпал жасап, үлгі болған жұртпыз. Мәселен, түркі жұрты Еуропаға үш рет жорыққа шығып, олардың өміріне із салған, тәртіп енгізіп, жуынуды, тазалықты алып барған. Христофор Колумбтың мұхит асып, жаңа жерлер ашуын қаржыландырған королева Изабелла Кастильскаяның өмірінде екі-ақ рет суға түсіп, жуынғаны жайлы дерек бар. Әріні қозғамағанда орта ғасырлардағы еуропалық патшалардың сарайларында жуынбаған адамдардың жағымсыз иісін кетіру үшін әтір себу шыққан.
Әлемде екі мыңнан астам халық бар екен. Солардың ешқайсысы да бүгін бармыз, ертең жоқ боламыз деп өмір сүрмейді. Ертеңгі күнді бүгінгі күннің жалғасы десек, бүрсігүн ертеңнің жалғасы, ал бүгін кешегі күннің жалғасы. Мен өзі тарихты көп қаузайтын адаммын. Бізді арғы түбімізде көк пен жердегі өмірді байланыстыра білген, соны таныған адамдар басқарған. Бабаларымыздың Еуропаға, алғаш рет Римге барғаны тарихта жазылған. Қажыахмет Асабидің қолбасшысы Аспар батырдың Римді алғаны туралы адамзат тарихын зерттеуші немістің аса ірі ғалымы Гельмонт жазады. Меркі ауданында Аспар деген асу, Аспар деген өзен, Аса деген жерлер бар. Түркістанның алғашқы атауы да Аса, ол Асабидің туған жері, бар түркінің зиярат етер қасиетті орны.
Екіншісі – Еділ батыр жорығы. Ол құрған империяның Еуропаның дамуына үлес қосуы. Үшіншісі – Шыңғысхан. Біреулер оны моңғол, көп қан төккен басқыншы дейді. Ал шынында сол заманда түркілер жері Хорезмшахтың, қызылбастардың тепкісінде еді. Үстемдігі соншалық, бәрі парсыша сөйлеуге ұмтылып, керек десе бабамыз Дулатидің өзі шығармаларын сол тілде жазған. Шыңғысхан соғысы осы атажұртты азат ететін Отан қорғаудың ұлы майданы болатын. Әйтпесе, 200 мың әскермен 400 мың ләшкері бар Хорезмшахпен тайталасып, түре қуар ма еді? Өйткені сарбаздар бойында Отанды азат ету деген әділ, ұлы күш, сенім және сонау Еділ заманынан жеткен онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасыға бағынған темірдей тәртіп, жауынгерлік рух болды. Тұранды жаудан тазартып, Бату оны Еуропаға қарай жылжытты.
Осы тарихты бізге оқытпады. Бұрмалады, тек сол бұрмалағанын ғана шынашақтай кезімізден санаға сіңірді. Біздің осы санаға жабысқан өтірік тарихтан арылып, көнедегі ақиқатты аршитын заманымыз бүгін туды.
– Аға, талай бел-белестен өттіңіз, кейінге көз салып, зерделеген уақытыңызда қай мезгілдің жүгі ауыр екен? Қылшылдаған қайраты бар жігіттік жастықтың ба, қалыптасқан, нар көтерер жүк артылатын азаматтық, ағалық кезеңнің бе, әлде ақсақалдық кезеңнің бе?
– Негізі осы үлкендіктің мезгілі ауырырақ. Ақсақалдықтың жүгін аудырмай алып жүру үлкен сын. Өйткені ақсақал бәрін көріп, түсініп отырады. Өзінің басына түскенге емес, адамдардың басына түскен ауыртпашылықтың бәріне қиналады. Көрші ағайындар айтатын «өзгенің мәселесі» деген болмайды. Ол ортақ қиындық, ортақ сын екенін түсінеді, жас кездегі көзқарас басқашалау, әлдеқайда жеңіл. Тіпті басыма ауыртпалық түсті деп қиналуының өзі ақсақалдықтағы шырмауықтай шырмалған ойдан жеңілірек.
Өз пайдасын ойлар пенделіктен ада болуды бұйырып, Алла жүрегімізде болса деймін. Менің білерім, мейір, пейіл, ниет үшеуі бар адамға бақ қонады. Қазақ ең алдымен өзінің қасиетті дүниелерін сақтауы керек. Мәселенің басы санада, рухта жатыр. Сондықтан сана мен рух тірілуі тиіс. Ақсақал үшін кейінгі буынның осы құндылықтарды игеруінен асқан бақыт та, мақсат та жоқ деп ойлаймын.