Сұхбат • 17 Мамыр, 2019

Уақытқа төте жол тапқан қаламгер

1914 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, белгілі журналист-жазушы Марат ТОҚАШБАЕВ жақында 70 жасқа толды. Ел газеті «Егемен» Марат Бәйділдәұлын мерейлі жасымен құттықтай отырып, осы сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

Уақытқа төте жол тапқан қаламгер

– Марат аға, газет шы­ға­ру­дың «қара жұмы­сынан» ха­бар­­дар әрбір әріп­те­сі­ңіз сіздің жан­кешті еңбегіңізді ерекше баға­­лайды. Күнделікті болып жатқан саяси оқиғаларға же­дел­­­детіп Бас редактор ретін­де өз газетіңізде үн қосып дереу ба­­ған жазасыз, авторлар мен тіл­­ші­­леріңізден тасқындап тү­сіп жатқан мақалаларды оқи­­­сыз, газет шығатын күні көз майыңызды тауысып сағат­тап бет қарайсыз, «жа­рық­қа шығуға рұқсат» деп қол қоя­сыз... Оның сыртын­да әлеу­мет­тік желілердің «жұл­ды­зысыз», желі­дегі «жаға жыр­тысып» дау­ға ұласқан мәсе­ле­лерде ав­тор­­ларға басу айтатын да Сіз. Айты­ңызшы, соның бәріне уақыт­ты қайдан таба­сыз?

– Оның еш құпиясы жоқ. Балалық шақтан уақытымды үнемдеуге тырысамын. Көшеде бос селтеңдеп жүру маған жат. Бос уақытымды «шаршағанды басатын» сыраханаға жұмсаған емеспін. Тіпті өзім ұнататын бильярд ойнауға да уақыт жете бер­мейді. Бетін аулақ етсін, арақ-шарап, темекі дегеннен алшақ болдық. Өмір деген өзі қамшының сабындай дейді ғой. Осыдан отыз жыл бұрын тіліме «Қырыққа дейін уақыт өтпейді, қырықтан кейін уақыт жетпейді» деген мәтел үйі­ріліп еді. Соған қазір көзім жете түскендей. Жасымыз 70-ке жа­қын­дағанда әр минут, әр сағат­­тың бағасы бұрынғыдан да қым­­баттай түскенін байқайсың. Менің қазіргі тапшы уақытымды үнем­деп, жазу-сызуыма үлкен көмек жасайтын жан-жарым – жұба­йым Раушан Каршалова. Ол да қаламгер, «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы. Сөйтсе де уақытының денін менің қалыпты жұмыс істеуіме арнайды. Үйдегі ешбір шаруаға мені алаңдатпайды, бәрін өзі ұйымдастырып, өзі тындырып үлгереді. Ғұмыр-тіршілік журна­листикаға арнал­ған­дықтан қызмет барысында мүмкіндігінше уақыт үнемдеудің ең төте жолдарын таңдаймыз. Редакциядағы жас журналистерді де соған тәрбие­лей­мін.

– Бүгінгі журналистиканың кеше­гіден ең басты айыр­ма­шы­лығы неде? Жүрегіңіздің бір бұры­шында сол бір кеңестік жыл­дарға, сол журналистикаға де­ген сағыныш елес бермей ме?

– Бүгінгі журналистиканың кеше­гі кеңестік журналистикадан айырмашылығы жер мен көктей. Әдетте «ой, кеңес заманында біз жақсы өмір сүріп едік, мемлекеттен тегін үй алушы едік» деп кешегі күнін аңсап тұратын замандастарымыз әлі де бар. Ал енді оның мүлде теріс жақтары да болды ғой. Мәселен, адамдар бір стандартпен өмір сүрді. Барлығының үйінде бірдей жиһаз, қабырғаларында бірдей көлемдегі (2х3) кілем ілінетін. Үйлеріндегі ұстайтын қырлы стақандарына дейін бір-бірінен аумайтын. «ЦУМ-ға етік түсіпті» деп түнгі сағат үште кезекке тұрған кездері талайдың есінде. Партия, кәсіподақ, комсомол ұйым­­дары қызметкерлердің төбе­­­сінен төніп тұрған семсер сияқ­ты болатын. Отбасылық болма­шы кикілжіңдерге осы билік ұйым­дары төтелей араласатын, ұйым­дық немесе әкімшілік жаза қолда­натын.

 Қазір ешбір именбей жазып жүргеніміздей Кеңес Одағы шын мәнінде «халықтар түрмесі» еді. Шетелге, әсіресе капиталистік елдерге шығу өте қиын болатын. Қарапайым журналистің ондай сапарларға шығуы ғарышқа барып келгенмен тең саналатын. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары тұңғыш рет Швеция, одан кейін Польша, Чехословакия елдерінде болу менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертіп жіберді. Інінен шықпай өмір сүрген көртышқанға жердің астынан асқан пейіш жоқ. Ол жер бетінде күлімдеген күннің, саф ауа мен тамылжыған таби­ғат­тың барын білмейді ғой... Алла тағалам кешірсін, кеңестік адам­дардың өмірі маған сол көртыш­қан­ның тірлігін елестетеді.

– Алматыда соңғы өткен XV Еуразиялық медиа фо­рум­да (2018 жыл, 22-24 мамыр) аузын айға білеген әл­ем­дік әріп­тестер әлеуметтік желі автор­ларына ешбір ке­дер­­гісіз еркін­дік бе­ріл­уі керек, ал журна­листер олар­дың «ең­бегінің» кәсіби тұр­ғы­дағы кем-кетігін түзетіп өз басы­лы­мын­да кеңейтіп жазуға қым­сынбай машық­тан­уы тиіс деген пікірлер білдірді...

– Еуразиялық медиа форум­ның қазақ журналистикасына еш ықпалы жоқ. Онда талқыланған тақырыптар бойынша әлемдік саясат немесе әлемдік журналис­тика тұшымды тұжырымдарға ие болған емес. Әлеуметтік желі онсыз да еркіндікте. Өткен ға­сырдың 95-ші жылда­ры Аме­ри­ка еліне алғаш аяқ бас­қанда сон­дағы жетекші газет­тердің жур­на­лис­те­рінен азамат­тық журнализм терминін алғаш естігенбіз. Бұл таңсық көрінген. Ал қазір қолына қалам ұстай алатын кез келген адам әлеуметтік желіде мемлекет пен қоғамға байланысты өз ойын жасырмай ашық айта алады. Азаматтық журнализм бұқаралық сипаттағы құбылысқа айналды. Кәсіби журналистер оларға нысана болған оқиғаларды саралап, оқырманның немесе көрерменнің талдауына ұсынады. Бұл кәдімгі ақпараттық журналистиканың сарап­тамалық журналистика дең­ге­­йіне көтерілген сатысы.

– Сіздің отбасыңызды журналистер отбасы деген жөн шы­ғар. Жұбайыңыз Раушан Кар­­ша­лова журналист-редактор, ұлыңыз Қайрат та газет шы­­ғару­дағы оң қолыңыз, ди­зай­­­нер. Кенжеңіз мектеп оқу­шысы Жанеркенің жүрек қа­ла­­уы қандай болды екен?

– Ол алғаш тәй-тәй қадам басқан сәтінен өзімізбен бірге, редак­цияда өсті. Газет өндірісі кезінде бұрыштағы бесік арбада жататын. Қазір 8-сыныпта. «Газеттің жұмысы ауыр екен ғой, журналист болмайтын шығармын» дейді. Бірақ өте жақсы оқиды. Интернеттен қа­жет­ті деректер тауып, өзінің көрген-білгендерін қосып жур­нал­ға тәп-тәуір мақала жазаты­н­ын қайтерсіз? Дүниетанымы кеңейсін деп шетелдік сапарларға бірге алып шығамын. Алдыңғы жылы ежелгі Трояны көрсеттім. Оның алдында Османлы им­пе­рия­­сының тарихи орындарымен таныстырдым. Соның арқасында Мысыр, Қытай, Моғол, Османлы тарихын жетік біледі. Оқулықтан алған дәрісі өз алдына, оны көз­бен көріп қолмен ұстағанға не жетсін.

– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары халықаралық эс­пе­­ранто тілі­мен айна­лыс­қа­ны­ңыз, осы тіл бойынша оқу­лық әзір­легеніңіз есімізде. Осы тіл­дің Қазақстандағы ары қа­рай­ғы тағ­дыры не болды?

– Біз мектепте жүрген шақта шет тілі дұрыс үйретілмеді. Бо­йымда тіл үйренуге деген құш­тар­лық бар еді. Кездейсоқ эсперантомен айналысатын жастар кез­десіп, әлгі тіл қатты ұнады. Қол­данылуы оңай, грамматикасы қарапайым. Еуропаның кең тараған сегіз тілінің негізінде жаса­лынған эсперанто менің дүние­танымымды кеңейтті. Үйге әлем­нің әр түкпірінен эсперан­то тілінде жазылған хаттар келе бас­тады. Бойда буырқанған энер­ге­ти­калық күш-қуат бар, эсперантомен қатар үндінің хатха-йогасымен айналыстым. Бір ғасыр бұрын поляк дәрігері Лазарь Замен­гоф ойлап тапқан бұл тілде 2015 жылы 2 млн үстінде адам сөйле­ген. Ал мен 80-ші жылдың басында Қазақстанда ол тілді тұңғыш қолданушы санатында алғаш рет көпшілікке арнап оқулық жаздым. Оны өзім қызмет істейтін «Білім және еңбек» журналында үзбей жарияладым. Эсперанто БҰҰ-ның құжаттық мәртебесі үшін таласқан емес. Бірақ оны оқып үйренудің, сатылап дамытудың өз қызығы жеткілікті. Осы эсперанто тілінің арқа­сында бірқатар шет- елдерге шықтым, халықаралық сим­по­зиум­дар мен форумдарға қа­тыс­тым. Басымда әлеуметтік, эко­но­ми­калық салыстырмалы ой­лар пайда болды.

Балаларым мектепке баратын кезде Алматыда қазақ мектебі жоқтың қасында екенін көрдік. Ана тіліміздің мүшкіл халі мені қат­ты ойландырып, ақыры 1984 жылы эсперантодан саналы түр­де қол үздім. Жазушылар ода­ғы­­ның жанынан ұлт жанашыры, сатирик, қоғам қайраткері Шона Смаханұлы құрған мектеп кеңе­сінің жауапты хатшысы, төрағаның орынбасары ретінде қазақ тіліндегі балабақша мен мек­теп ашу қозғалысына білек сы­бана атсалыстық. Қазақ мек­те­бі мәселесімен барлық облыс орталықтарында болдым. Жер­­­гілікті журналистер назарын қазақша білім ошақтарын ашу ісіне аударуға ұмтылдық. Партия­лық биліктің түкірігі жерге түспей тұрған 1984-85 жылдар емес пе, бірқатар жағдайда әңгіме ауа­нын естіген соң облыстық га­зет­­тің редакторлары жиын өткізу үшін бөлмесін беріп, өзде­рі сылтаумен кетіп қалатын. Көк­шетау облыстық газетінің редак­торы Жанайдар Мусин ғана Алматыдан келген біздің «шаруа­мыз­ға» ашықтан ашық қолдау білдіргені есімде. Қазақ мектебін ашу туралы сөз қозғау ол тұста Кеңес мемлекетінің саясатына тіке­лей қарсы шығумен тең. Ол заман­ның да артта қалғанына шүкір!

– Қазақ қоғамы ана тілі үшін күрестің басында 1989 жылы әйгі­лі тіл жанашыры, ака­де­мик Әбдуәлі Қайдар аға­мыз тұр­ғанын біледі. Қазақ журна­листер қауымы осы отыз жыл­дың ішінде ана тілі дегенде бір сәт те қалғыған емес. Әлі де ат үстінде. Осы екі арада орыс тіл­­ді қазақтардың жаңа буыны өсіп жетілді...

– Дәл осы тақырып жүрек сыздатады. Көп уақыттан бері қатты ойланып жүрмін. Бұл қалай? Қадам басқан жеріңнен орыс тілі шығады. Қазақ тілі­нің мемлекеттік тіл екендігі Кон­­ституцияда жазулы тұр. Бірақ ол орындалар емес. Оны қой, өзіміз арқамызға салып, ая­лап өсірген балаларымыздан туған немерелерімізді көре қалайын деп елордаға барсаң, туған немерең атасына орысша шүлдірлейді. Қазақ қоғамы үшін осынау теріс құбылыстың көп ойланып ақыры шешуін таптым. Бұл ең алдымен 261 жылға созылған бодандықтың, санаға сіңген құл­дық психологияның салдары. Орысша сөйлеуді өркениет көрі­ні­сі сияқты сезіндік. Одан бұл қасі­рет көптеген отбасының өмір­лік нормасына айналып кетті. Ауылдан келген қазақ қыз­дары тұрмысқа шыққан соң өз перзенттерімен бөтен тілде сөй­лесетін дағды тапты. Бұған би­лік органдарының орысшаға бейім­ділігін қосыңыз.Билік ор­ган­­дарының заң актілері бала­ла­рын орыс тілінде тәрбиелеп отырған қазақ әйелдерінен әлде­қайда қауқарсыз болып шық­ты. Бұл қасіретті жою үшін біз отаршылдық кезеңінде құл бол­ға­нымызды мойындауымыз керек. Ең өкініштісі – құл адамның өзінің құл екенін мойындамауы. Елде­гі сорақы жағдай содан туын­дап отыр.

– Сіз майдангер офицердің ұлы­­сыз: қатар жүрген көбі­міз бай­қай бермейтін бойыңыз­да­ғы асқан тәртіптілік сол ата­ның қанынан жұғысты болған қасиет те шығар деп ойлаймын.

– Әкем Бәйділдәның тағдыры қызық, 22 жасында, 1938 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын абыроймен орындап жүргенде фин соғысына қатысуына тура келеді. Әскери борыш мерзімі аяқталып, үйге әне-міне ораламын деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қанды шайқаста әлденеше рет жараланып, кеудесін орденге толтырған әкеміз – капитан Бәйділдә Жаныс­баев (менің қазіргі фамилиям наға­шыларымнан жазылып кеткен) өзінің танк ротасымен Қиыр Шы­ғысқа аттанады. Жапон мил­ли­таристерін талқандауға қаты­­сады. Туған жерге 1947 жылы оралады. Қазіргі Абай атын­­дағы педуниверситетте оқып жүрген кезінде 1948 жылы сол институттың студенті Күл­ша­рия анамызбен танысып, екеуі дәм-тұз жарастырады. 1949 жылы мен дүниеге келіппін. Үш соғысты бастан өткерген, от пен оққа оранып, бірнеше рет жара­лан­ған әкеміз соғыс жара­қа­ты­нан менің кішкентай кезім­де дүние­ден өтіпті...

– Осыдан бір апта бұрын Жеңіс тойы тойланды. Сіздің «Жеңіс қайғысы» деген кітап жазғаныңызды білеміз. Же­ңіс­тің қайғысы дегеніңіз қалай?

– Мен ұзақ уақыттан бері 1941-1945 жылдардағы соғыс тақы­рыбымен айналыстым. Сөйт­сек кеңестік идеология бұл тақы­рыпты өрескел бұрмалап ке­ліп­ті. Ең сұмдығы Екінші жаһан соғысын тек Германия емес, Кеңес Одағы да бірге бастаған. 1939 жылы 23 тамызда Германия мен КСРО арасында бір-біріне ша­буыл жасамау туралы келісімшарт жасалған. Риббентроп пен В.Молотов қол қойған келісімнің «Қосымша хаттама» деп аталатын құпия бөлігінде Германия мен КСРО Польша елінің аумағын бөлісіп алуды ұйғарыпты. Сол құжаттың негізінде 1939 жылы Германия 1 қыркүйекте, КСРО 17 қыркүйекте Польшаға басып кірген. Яғни, Екінші жаһан соғысының басталуы­на тек Гер­ма­ния ғана емес, КСРО да жа­уапты. Кеңес Одағы бұдан кейін 1939 жылы желтоқсан айының соңында Финляндияны басып алмаққа ниеттенеді. Бірақ финдер өз Отанын қорғап қалды. Есесіне КСРО 1940 жылы Балтық жағалауы елдерін өзіне қаратты. Яғни, «Ұлы Отан соғысы» деген соғыс өтірік. КСРО 1939 жылдан тоқ­таусыз соғыс жүргізіп жатты. Сондықтан бұл тұста КСРО қатысқан ұрыс қимылдарының бәрі Екінші жаһан соғысына жатады. Сталин заманында кеңес әскер­лерінің мықтылығын көр­се­ту үшін шығын Германия шы­ғыны­нан да аз, 7 миллион деп көрсе­тілді. Брежневтің заманын­да соғыс шығыны 20 миллион делінді. Горбачев заманында ақи­қат­тар ашылып, шығын көлемі 27 миллионға дейін ұлғайды. Ал таяуда КСРО Мемлекеттік жос­пар­лау комитетінің құпиялық режімінен шығарылған деректері бойынша Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы шығындары 42 миллион екендігі анықталды. Оның 19 миллионнан астамы әскерилер, 23 миллионы қара­па­йым азаматтар. Фашистік Гер­мания бүкіл Екінші жаһан соғы­сының барысында ең көп деген­де 8,3 миллион адамынан айырылған. Оның 4,7 миллио­ны әскерилер, 3,6 миллионы жай адамдар. Арақатынасына қарасаңыз өлтірілген бір фашис­ке бес кеңес солдаты жанын берген (кейбір авторлар шығын 1:10 болғанын да айтады). Бұл цифрлар нені біл­ді­реді? Бұл цифрлар орыс қол­бас­шыларының топастығын, соғыс жүргізу тәсілдерін жет­кі­­лікті меңгермегендігін, коман­дир­лердің тактикалық және стратегиялық ойлаудан мақұрым екен­дігін, өз жауынгерлерін ажал­ға көзсіз айдай бергенін, қынадай қырылған халқына қыл­шығы да қисаймағандығын көрсетеді. Жеңіс ақиқатында кеңес адамдарының жойдасыз құрбандықтары арқасында келген. 42 миллион өмір! Неміс пулеметшілері оққа айдалған Қызыл Армия жауынгерлерін қатар-қатарымен қырғанда қаза тапқандардың көптігі соншалық, кейбір пулеметшілер есінен адасып жынды боп кеткен...

– Сіз еңбек жолыңызды қатар­дағы журналистік қыз­мет­­­тен бастап, бірқатар бұ­қа­ралық ақпарат құ­рал­да­р­ын­­да басшылық қызметтер атқар­ды­ңыз. Үнемі қоғамдық ойдың ұшы­нан көрінесіз...

– Иә, бірнеше басылымдарға басшылық еткенім рас. Бірақ өмірі басшы болсам деп ұм­тыл­ған емеспін. Әйтеуір реті солай келген сияқты. Ең қызығы, мен сол газет-журнал, телеви­зия саласындағы басшылық қыз­метімді партия қатарында бол­май басқардым. 1990 жылы Қаз­ақстан Компартиясының 2-хатшысы Ануфриевтің ана тілі­міздің мемлекеттік тіл мәрте­бе­сін алуына қарсы болғаны үшін «Халық Кеңесі» газетінде наразылық мақала жазып, партия мүшелігінен шығып кеткенмін. Мұндай қадамға бару бір күнде пайда бола қалған өжеттік емес. Сонау бір жылдары «Білім және еңбек» журналында алған тәрбиенің жемісі. Онда қатып қалған партиялық формат бол­ған жоқ. Журнал басшысы Ахаң­ның-Ақселеу Сейдімбектің бір кереметтігі сол – ол өзін партия­ның идеологиялық деңгейінен жоғары ұстады. Сондай мектептен өткендіктен болар мен де өзімді партиялық темір жақтау­дың ішінде сезініп көрген емеспін.

– ХVІІІ ғасырдан бері оқыр­ма­ны іздеп жүріп оқитын газет атаулының басына бұлт үйі­ріліп келеді. Интернет жуық арада газет атаулыға тиіс­ті үл­есті түп-түгел «жеп» қой­мақ екен. Ресейлік сарап­шы­лар­­дың «мерзімді баспасөз құрал­дарының 3-4 жылдық қана өмірі қалды» деген сәуе­гейлігімен келісесіз бе?

– Келіспеймін! Журналистік іссапармен әлемнің қырықтан астам елін араладым. Өзім бас сұғып көрген «Вашингтон пост» газеті интернет заманының өзін­де 500 мың, жексенбілік сан­дары 800 мың данамен тарайды. «Нью-Йорк таймс» газетінің күнделікті таралымы 900 мың, жексенбілік сандары 1 млн 300 мың. Жапонияның ұлттық бас газеті «Асахи симбун» дәл бүгінгі күні 8 млн данамен тарайды. Қиын кездердің өзінде 7 миллионнан төмен түскен емес. «Иомиури симбун» газетінің таралымы 9 миллион. Таңғы және кешкі басылымдарын қосқанда таралымы 13 мил­лион­нан асып кетеді. Күншығыс елі қолға шытырлатып ұстайтын қағаздық газеттерден қол үзер емес. Басқаны қойғанда өзіміздің «Egemenniń» таралымы 200 мың болып отыр емес пе! Ресейлік сарапшылардың тұжырымы әлемге қағида емес. Мұндай желсөздер дүниеге радио, телевизия келгенде де айтылған. Қазір әлеуметтік желілер ықпа­лы күшейген тұста айтылуы заңды­лық. Алайда, қалтафонның да теріс жақтары бой көрсетуде. Біздің газет журналистерінің сарап­тамалық зерттеулеріне қара­саңыз төбе шашыңыз тік тұра­ды. Алматыдағы Көз аурулары институтында, Онкология институтында 10 жасқа дейінгі балалардың арасында қауіпті дерт­тердің үлес салмағы күрт артып кеткен. Демек, елі­міз бойынша гаджеттерді, элек­трон­ды құрылғыларды пайда­ла­ну­дың өзіндік нормативтері енгізілуі тиіс. Еліміздің жаңа тағайындалған Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова айт­қан­­дай, «Жас өскінді жаттауға емес, ойлауға дағдыландыруымыз қажет». Ол үшін интернет басы­лым­­дардан гөрі қағаз басылым­дардың атқаратын рөлі ерекше зор.

– Рахмет, Марат аға. Әдетте сұхбат соңында тілші ретінде «менің сұрақтарым бітті, енді өз тарапыңыздан алып-қоса­ры­ңыз болса мархабат» деуші едік қой: ендеше, мархабат...

– Мені қазақ публицисі ретінде қазақ халқының, қазақ мем­ле­кеттігінің тағдыры қатты алаң­датады. Кеше де. Бүгін де. Ертең де... Қазақтың Алашорда қоз­ғалысынан жалғасқан ұлт­жан­ды­лық, ұлтшылдық ұшқындары 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жалын атып лаулады. Соның бәрін көзімізбен көрдік. 90-шы жылдардан басталған демократиялық өзгерістер мен жаңарулар бізге өте қымбат. Соңғы отыз жылдық кезеңде қазақ халқының тағдырлы сәттерінің бә­ріне куә болыппын. 1990 жыл­дың 25 қазанындағы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның мем­­лекеттік тәуелсіздігі тура­лы конституциялық заң қабыл­дан­ғанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің залында депутаттармен бірге отырдым. Ол кезде «Халық Кеңесі» газетінің журналистеріне сондай құқық берілген. Өмірімнің ең жарқын сәті сол шығар деп ойлаймын. «Білім және еңбек» журналында (таралымы 180 мың) жүргенде көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың, әйгілі академик Әлкей Марғұланның санадан өшпес әңгімелерін тыңдадық. Кезінде Мәскеуде ұлт азаттығын аңсап құрылған «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері Советқазы Ақатаев, Мақаш Тә­ті­мов, Марат Сембин, Мұрат Әуезов секілді ұлт зиялы­ла­ры­ның материалдарын журнал нөміріне әзірлеу барысында ой-пікірлеріне қанықтық. Айта берсе ондай әңгімелер өте көп...

Әңгіменің тоқ етері ұлтым, елім, жерім деген әрбір қазақ тарихи тәуелсіздігіміздің мәнін жүрегімен ұғынуы тиіс. Мемлекет тағдыры өз қолымызда.

Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»